Әр географ – өлкетанушы

Бүгінгі таңда жас адамның өмірінде оқытудың жетпіс пайызы формальды емес білім беру жағдайында: отбасында, құрдастар тобында, жастар ұйымдарында, үйірмелерде өтуде. ЭЫДҰ-ның 22 елінде және ЭЫДҰ-ға әріптес он төрт елге сыныптан тыс ғылыми іс-шаралар көп өткізетін мектеп оқушыларының осындай іс-шара аз өткізілетін мектептің оқушыларына қарағанда PISA-дағы жаратылыстану-ғылыми сауаттылық деңгейі анағұрлым жоғары екенін көрсетті.

Аймақтағы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығы тарапынан Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» бағдарламасын және отандық білімді беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған иемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында «Әр географ-өлкетанушы»  жобасы   құрылды. Жоба бағдарламасы тікелей мұғалімнің зерттеушілік құзіреттілігін арттыру арқылы оқушылардың жаратылыстану-ғылыми сауаттылығын дамытуға бағытталған. Жоба сегіз зерттеу бөлімдерінен тұрады. 

«Туған ауылым» бөлімінде әр географ өзі тұрып жатқан ауылының  географиялық орнын, жер көлемін, атауының шығу тарихын білу үшін зерттеу жұмысын жүргізеді.  Сол арқылы  туған жердің географиялық жағдайы, жер атауының шығу тегі, жердің  шаруашылықтағы маңыздылығы анықталып, тың материалдар жинақталады. Зерттеу барысы түрлі дерек көздерімен қатар, далалық, картографиялық әдістерді қолдану арқылы мұғалімнің ізденушілік құзіреттілігі мен оқушылардың танымдық көзқарасын арттырады. Бұл бөлім «Таныс, менің  ауылым» бейне таныстырылым байқауымен  толықтырылды.

«Жетісу сулары» бағыты жергілікті жердің өзеніне, көліне, жер асты суларына өзіндік зерттеулер жүргізуге  негізделеді. Жетісу жері сулы өлке болғандықтан табиғаттағы судың барлық түрлері кездеседі. Әр мұғалім өзінің тұрған жеріндегі су көздеріне ерекше көңіл бөліп қана қоймай, қорғау шараларын ұйымдастыруы қажет. Бұл жұмыстар оқушылармен бірігіп атқарылатындықтан, олардың су көздерін зерттеу мен қорғау шараларын  жүргізуіне жағдай жасалынады. Мұғалімдердің «Сулар салған сұлулық» тақырыбындағы фотоэссе байқауы өзінің тұратын жеріндегі көл, өзен, жер асты суларының ерекше сәттерін, әсем көріністерін фотосуреттер мен қысқаша ақпараттық мәтінмен жеткізуі, табиғатты тереңнен танытуда үлесі зор.

Жергілікті жердің табиғи ресурстары мен қоры, шаруашылықта пайдалануы, экологиялық жағдайына зерттеулер жүргізуге «Жер байлығы – ел байлығы» бағыты арналған.  Бүгінгі таңда адамның табиғатқа түсіріп жатқан салмағы артқан сайын жеріміздің әр шаршысы құнды бола бермек. Осы тұрғыдан оқушылардың туған жерін зерттеп, танып білуі міндетті болмақ. Осы орайда, «Жергілікті табиғи ресурстар» тақырыбында ғылыми мақала байқауы ұйымдастырылып, мұғалімдердің  өз өңіріндегі табиғи ресурстарға өзіндік зерттеу жүргізуіне, зерттеушілік, әдістемелік құзіреттілігін оқыту процесінде пайдалана алуына жағдай жасалынады. 

«Жер-ана» бөлімінде өз өлкесінің ең негізгі байлығы болып саналатын топырақтың түрлері, құнарлылығы, олардың сипаты және маңызын зерттеу арқылы оқып үйренеді. «Табиғат тынысы» зерттеуінде туған өлкенің флорасы мен фаунасына    жан-жақты зерттеулер жүргізіп, табиғат кешендерінің өзара байланысындағы ерекшеліктері мен ауытқушылықтарын анықтайды. «Өңір систематикасы»  атты кітапша дайындау әр мұғалімнің өзінің тұрған жеріндегі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін жинақтауына себеп болып,  олардың түрлері, атаулары және  маңызына тереңірек үңілуіне оң әсер етеді.

«Табиғат тылсымында» атмосфералық құбылыстарды оқып, зерттеумен қатар, халық шаруашылығы үшін қолайсыз болып есептелетін климат пен ауа-райын алдын ала болжап, оны болдырмаудың шараларына сипаттау жүргізеді. «Ұлттық  ауа-райы танымы» байқауында жергілікті ауа-райының  құбылыстары мен сипатын айқындайтын халықтық болжамдармен қатар өзінің зерттеу нәтижелерін ұсыну арқылы ерекше тұстарын анықтайды. Табиғат сөз жетпес сұлулық, баға жетпес қазына, көз тоймайтын әсемдік, айтып жеткізе алмайтын қыры мен сыры мол құбылыс болғанымен, бүгінгі күнде нашарлап, ластануда. Соның салдарынан тірі табиғатқа қауіпті жағдай туып отырғанына мұғалімдер жете зерттеу жүргізеді.

«Ең таза ауыл» байқауында туған жер табиғатын қорғау жұмыстарына ерекше мән беріліп, оның жарқын болашағын жоспарлауын 3D модельдеу арқылы ұсынып, ұйымдастырушылық, ақпараттық құзіреттіліктерін дамытады. «Туған ел» бөлімінде жергілікті жердің демографиялық көрсеткіштерін анықтау, оның қаланың немесе ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына демографияның қаншалықты әсер ететіндігін зерттей отыра, сол жердегі халықтың тұрмыс тіршілігіне баса назар аударылады.

«Ауылымызға  ғана тән дәстүр»  байқауында әр мұғалім өзінің  ауылына ғана тән құндылықтар мен дәстүрлерді анықтап, ұсынады. Туған өлке – әрбір жан үшін жүрек түкпірінен орын алар киелі мекен. Оның ішінде нағыз құндылықтың бұлақ басы, қайнар көзі саналатын ауыл жайлы әңгімелеу бөлек бір іс іспетті. Ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтардың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы екені даусыз. «Туған жер» бөлімінде тұрғылықты жердің, аймақтың  шаруашылық құрылымдарын, аймақтық ерекшеліктерін, еңбек пен өндірісті ұйымдастыру бағыттары бар.

Және нарықтық экономика қатынастарының дамуын нақты жағдайда  зерттеуге шақырып, мұғалімдер мен оқушылардың экономикалық білімі мен біліктілігін арттыруға ықпал етеді. «Өлке экономикасы» байқауында жергілікті жерді экономикалық дамытудың жолдарын әр мұғалім географиялық біліміне сүйеніп,  бизнес жоспар арқылы ұсынады. «Қандай көркем туған өлкем»  тақырыбындағы облыстық географ-өлкетанушылар форумы арқылы жобаның үш жылдық жұмысы қорытындылау жоспарлануда. Қорыта келгенде, жоспарға енгізілген іс-шаралардың жас ұрпақты тәрбиелеуде, пәнге деген қызығушылығын арттыруда, мұғалімдердің іс-тәжірибесін таратуда үлкен үлес қосатынына сенімдімін.

Заман талабына сай білім беру – бұл оқушылардың адамгершілік, интеллектуалдық, мәдени дамудың жоғарғы деңгейі мен білімін қамтамасыз етуге бағытталған тәрбие беру мен оқытудың үздіксіз үрдісі десек, оның тиімділігі мен сапасын арттыру мұғалімнен оқу процесінің ғылыми теорияға, оқушының қабілеті мен бейіміне негізделген оқытудың таңдамалы, белсенді әдістеріне көшуді талап етеді. Ондағы негізгі мақсат оқушының барлығын және әр біреуін жақсы оқыту болып табылады. 

Ғалымжан Төртбайұлы ДИХАМБАЕВ,
Алматы облыстық білім беруді дамыту
оқу-әдістемелік орталығының жалпы
орта білім беру бөлімінің әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий