Профессор Б.С. Юнусов және Silkway Халықаралық университеті

Көп ұлтты кезінде халықтар достығының көрігі атанған қазак елі тәуелсіздік алғаннан кейін өз бетінше өркендеу жолына қадам басты. Бұл қадамның бастысы әрі ең маңыздысы білім жолы  болатын. Өйткені білімсіз ел жаһандану заманында алпауыттарға жем болып кететіні сөзсіз. Бұны Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев барша қазақстандықтарға арнған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында үнемі айтып, түсіндіріп отырды. Тәуелсіз мемлекетіміздің саясаты мен келешегін жақсы түсінген п.ғ.к., профессор Б.С.Юнусов бостандықтың алғашқы жылында-ақ білім ошағын ашуға қадам жасады.

Алдымен колледж болып құрылған оқу орнын Шығыстану институтына, содан соң Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне айналдырды. Ел болашағы жас ұрпаққа ұлттық рұхтағы білім мен тәрбие беру, ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, ұлттық әдет-ғұрып пен  салт-дәстүрді сақтау, заман талабына сай жаңғырту тек озық педагогикалық технологиямен қаруланған, соны жете меңгерген педагог мамандардың ғана қолынан келетінін білген профессор Б.С.Юнусов оқытушы-профессор құрамының біліктілігіне баса назар аударды.

Жұмысқа білікті оқытушыларды, ғылым кандидаттары мен докторларын тартты. Олардың еңбекақыларын мемлекеттік оқу орындарындағы айлықтардан жоғары етті. Оқытушы-профессорлар құрамына біліктіліктерін көтеруге, жазған еңбектерін баспадан университет қаржысына шығарып беруге, алыс-жақын шет елдерге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен баруына, еңбек демалысы кезінде түрлі шипажайлар мен курорттарда емделулеріне, демалуларына мүмкіндік жасады. Студенттерге де жағдай жасалып, осындай қамқорлықтар көрсетілді. Бұл игілікті іс бүкіл елге тез тарады.

Нәтижесінде жылдан жылға университетке түсүшілер саны артты. Бұған оқуға төленетін төлемақының басқа оқу орындарынан төмен болуы да жақсы әсерін тигізді. Египет, Пакистан сияқты мемлекеттердегі жоғары оқу орындарымен студент алмасуды бастады. Сөйтіп, сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының жастарына шет ел оқу бағдарламаларымен, олардың мәдени тұрмыс-тіршілігімен танысуға, дүниетанымын кеңейтуге жол ашты. Сол елдерден алған білімі мен қазақстандық білімді салыстыруға, соларды сараптап, зерделеуге мүмкіндік жасады. Бірақ, өкінішке орай, Б.С. Юнусовтың өмір жолы қысқа болды.

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген халықтың нақыл сөзін бойларына сіңіріп өскен перзенттері Ифтихар мен Мадияр әкелерінің салып берген сара жолын одан әрмен жалғастырды, дамыта түсті. Уақыт талабына сай Қазақстан халықтар достығы университетімен бірігуге мәжбүр болды. Талапты да іскер балалары әкелерінің соққан мұнарасының өз алдына биіктеуге, алыстан «мен мұңдалап» көрінуге тиісті екенін дәлелдеп, Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен өз алдына бөлек Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің шаңырағын қайта көтерді. Республикамыздағы атаулы жоғары оқу орындарымен байланыстар жолға қойылды.

Бір қалада екі бірдей педагогикалық оқу орнының болуы көптеген өсек-аяң мен кертартпалыққа, бақталастыққа соқтырмай тұрмады. Осыны жақсы түсінген ағайынды Ифтихар мен Мадияр Юнусовтар университетті өркендетудің жаңа жолын ойлап тапты. Ол, Халықаралық университет аталу жолы. Сөйтіп, Silkway Халықаралық университеті өмірге келді. Халықаралық атаққа ие болған оқу орнында тек қазақстандықтар ғана емес шет мемлекеттердің жастары да білім алуы тиіс.

Алғашқы жылы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан талай білімгерлер келді, университетте берілетін білім сапасы мен оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігі, студенттерге жасалатын қамқорлық (қол жеткізген жеңіс- табыстарына қарай төлемақыдан 100% босату, жарыстар мен олимпиадаларға тегін жіберу т.б.), шет елдерден келген студенттер арқылы алыс-жақын мемлекеттерге тарады. Қазіргі таңда Англия, Бельгия, Испания, Америка, Португалия, Қытай, Индия, Пакистан, Египет, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Тәжікстан және тағы да басқа көптеген елдермен келісімшарт жасалынып, студенттер алмасып, оқытушы-профессорлар бір-бірімен тәжирібе бөлісуде.

Білім мен ғылымның қарыштап алға басқан заманында, уақыт талабынан кеш қалмау үшін, ұлы көштің артында, шаңға көмілмеу үшін оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін көтеруге, олардың заманауи озық педагогикалық технологиялармен қарулануына барынша мүмкіншілік жасауда. Мысалы, жыл сайын, Білім бағдарлама құрамын Бельгия, Мәскеу және тағы да басқа қалалардағы жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмастырып, Түркия, Арыс, Сарыағаш курорт-шипажайларында ем-дом қабылдаулары үшін тегін жолдамалар беруде. 

Сонымен қатар, Silkway Халықаралық университетінде ағымдағы жылы ҚР БжҒМ-нен 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми және/немесе ғылыми-техникалық жобалар байқауының негізінде №6 “Білім және ғылым саласындағы зерттеулер” басымдығы бойынша педагогика ғылымдарының докторы, профессор Құлахмет Молдабек “Ақпараттық технологиялар арқылы бастауыш мектепте қазақ тілі сабақтарында оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыру” тақырыбында ғылыми жобаны іске асыруға грант ұтып алғанын атап өткен жөн. Жобаны іске асыру барысында ақпараттық технологиялар арқылы бастауыш сынып оқушыларының дұрыс сөйлеу және тіл мәдениеті дағдыларын қалыптастырудың ғылыми негізі анықталып, әдістемелік әдебиеттер талданады, сондай-ақ ауызша сөйлеу қызметін дамыту әдістемесі әзірленеді.

Құлахмет МОЛДАБЕК,
Silkway Халықаралық университеті
педагогика ғылымдарының докторы,
профессор,
Бибол Ермұратұлы ЖАҚЫПБАЕВ,
PhD, Silkway Халықаралық университетінің
ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий