“Атамұра” баспасы: Ахмет Байтұрсынұлы “Әліппесінің” алтын белдеуі – дыбысты әдіс

Ахмет Байтұрсынұлы туралы сөз айту үшін биік сенім тұрғысынан, адами тұрғыдан, ғалымдық тұрғыдан, ұлтжандылық тұрғыдан, шәкіртін адалдықпен құрмет тұтатын ұстаздық тұрғыдан ерекше дайындық болуы керек екен. 1993 жылы Алматыда аспирантурада оқып жүргенде Рабиға апай Сыздықовадан бата алып, «Ахметтану» деген арнаулы курсын құрастырып, қазақстандық жоғары оқу орындарындағы алғашқылардың бірі болып Ақтөбе педагогика институтында қазақ филологиясы студенттеріне арнап оқыған едік.

Содан бастап, жыл сайын Ахмет Байтұрсынұлы туралы конференцияларға қатысу, мақала жазу қалыпты дәстүрімізге айналды. Бірақ, дана адамдардың әр сөзі гауһар, жақұт сияқты. Оған жарық түскен сайын соншалықты жаңа, бай түстермен жарқырай бермек. Ахмет Байтұрсынұлы туралы тек конференцияларда, аудиторияларда мінберден айтып, шыға бере мақтаудан аспай, нақты бір іс жасалмайтыны да өзекке түскен оттай болатын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің Ахмет Байтұрсынұлы логикасымен «Әліппе» жазуды ұсынғанын естігенде «Ахметтанудың» жаңа деңгейі басталғанына қуандық. Ақынның бақытын іздеп шаршағанда айтқан «Бақ» өлеңіндегі:

«Қашан жанып шамшырақ,
Сәуле беріп жарқырап,
Болар жарық төрт тарап?
Қашан маған іздеген
Келіп жылы жүзбенен,
Болар серік бақ қарап?!», –деген жолдарды оқығанда, әрдайым ұлы ұстаз алдындағы борышымыз өтелмегендей көрінеді. Өзі қараңғылық заманында жүрсе де, халқын алға, алыстан көрінген жарық сәулеге қарай жетелеген Ахмет Байтұрсынұлының атын «Әліппесі» арқылы шамшырақтай жаға біліп, қалғып кеткен ұлттық сананы қайта жаңғырту – тарихи ерлік те, алғыс та, халықты ағарту жолында жанын салған адал перзентіне берген серттей уәдеміздің орындалғаны да.

Жақсылықтың, адамшылықтың дәнін бала жанына еккен Ахмет Байтұрсынұлының еңбегін ертегі сияқты тек баяндап қана қоймай, қазақ мектебінің оқу бағдарламасы мен оқулығы етіп, тамырына қан жүгіртіп тірілту игі іс болды. Осы мақаламызда Ахмет Байтұрсынұлының психологиясына қатысты, «Әліпбиге» және «Әліппе» мен әдістемелік пайымдауларына байланысты данышпандығын сөз етуді мақсат етіп отырмыз. Сондай-ақ осы шартты бөлімдердің ішкі логикасын бірімен екіншісін үндестіріп отыратын «алтын белдеуді» (золотое сечение) тануға ұмтыламыз.

Ахмет Байтұрсынұлы өз заманының озық ойлы данышпаны болғаны соншалық, біздіңше, ол Фибоначчидің алтын белдеуі туралы өте жақсы білген және оны қолдаған. Ол алтын белдеудің керемет сәнді де әсем, берік те сенімді алтын қазықтардан құралғанын зерттей келіп, танып-білу арқылы рухани дүниеңді байытатын нәтижелерге қол жеткізеді. «Әліппе» – білім берудің, білім алудың ең алғашқы оқыту жүйесі, алғашқы сатысы. Жазу пайда болғаннан оқыту, үйрету басталса, оның бастау қайнары да «Әліппе» болғаны анық. 

Біздің қолымызда Күлтегін ескерткішінің мәтіні болғанымен, соған дейін жеткізген өркениеттің әріптерді үйрету жүйесі жоғы терең өкініш сезімін тудыратыны рас. Сабақтастық сақталмаса, үзіп-жұлып таныған таным нысандарының қай жерінен логикалық шешім іздеуге болады? Күлтегін ескерткішіне дейінгі өркениеттік жетістігіміз айтылмаған соң, ол жастарға бір жұмбақ ескерткіш күйінде қалады. Сосын амал жоқ, барлығын мән-маңызы сақталып отырған орыстың немесе Еуропаның жүйесімен салыстырып, өзімізді-өзіміз басқа деңгейде тани бастаймыз. Сөйтіп, өзіміздің болмысымыздан алыстап кете барамыз.

Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» де бірден жазыла салған жоқ. Ол да өзіне дейінгі өркениеттердің белгілі бір квинтэссенциясы және соның даму желісі ретінде жасалған ағартушылық жолы, белгілі бір таным сатысы еді. Ахмет Байтұрсынұлының ұлылығы сонда, ол бір кітапта қазір үш түрлі болып сараланып, танылып отырған ұғымды бір аяда қарастырды: әліпби (орысшасы – алфавит); әліпбидің есте сақтаудың, сауат ашудың алғашқы қадамдары, әдістері берілген түрі (орысшасы – азбука); әліппе – әріптерді дыбыстық және буындап, сөз түрінде қосып оқу дағдыларын меңгертуге арналған оқу құралы (орысшасы – букварь).

Ахмет Байтұрсынұлы осы үш ұғымды кезек қолданып, бірақ оларды араластырмай, саралау жолымен қазіргі біз қолданып жүрген «Әліпбиді» (алфавит), «Суретті әліппені» (азбука), «Әліппені» (букварь) аса терең ойшылдығының, дидактикалық заңдылықтарды шебер қолдана білуінің арқасында бір аяға сыйғызды. «Қазақ тілін оқыту әдістемесінің» кенжелеп қалғаны себепті, «Әліппені оқыту әдістемесінің» тарихын жүйелеу, зерделеу ісі де осы кезге дейін қолға алынбай келді. Сондықтан да қазіргі латын қарпіне ауысуға байланысты туындап жатқан пікірталастарда «Әліпби» (алфавит) мен «Әліппені» шатастыру, тіпті екеуін бір ұғым ретінде қарастыру, тіл жүйесі мен дидактиканы мидай араластырып жіберу жиі кездесіп жүр.

Латын графикасына көшуге байланысты мәселелер талқылану барысында «Әліпби» түзуші ғалымдардың «балаға қиын, балаға оңай» деген сөздерді айтуы олардың «Әліпби» мәселесін «Әліппені» оқытумен шатастырып, лингвистикалық проблема мен дидактикалық мәселенің аражігін айырмай отырғанын, сонау Ахмет Байтұрсынұлының айтқан кезеңінен алыстамағанын нақты аңғартады. Тағы бір өкінішті тұсы – теориялық та, практикалық та жағынан «Әліпби» түзіп, тұтас бір ұлттың жазу жүйесін құрастырудың заңдылықтарын толыққанды игермей тұрып, іске кірісу байқалады.

Әрине, Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми таным тұңғиығы толық ашылмағандықтан, кешенді зерттеулер жүргізілмей, бөлек-бөлек тұжырымдар жасалып, ғұламаның «Қазақ әліпбиін түзудегі білімнің бастау көздерінде нақты қандай ғылым мен ілімдер орын алды?» деген сұрағына жауап беру өте қиын. Кириллицаны жасаған Кирилл мен Мефодийдің кириллицаны жасау ерекшеліктерінің осы кезге дейін үздіксіз зерттеліп, онда да түрлі қырынан болжамдар айтылып жатқанын ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлының бір өзі қандай жұмыстарды жалғыз атқарғанын түсінеміз. Сонша еңбекті ол тек санасына берілген нұрлы дарын арқылы ғана жасап шыққан деп бағалау керек.

Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпбиді» түзіп, «Әліппені» жазып, қазақ тілінің 300-ден астам терминін жасап, тілімізді жүйелеп сипаттап берді. Әдебиетімізді терминмен байытып, жүйелі ғылым курсына айналдырды, одан басқа педагогика, дидактика, әдістеме ғылымдарын орын-орнына қойып, кеңестік жүйенің тегеурініне шыдас беретін, сөйтіп Ана тілімізді сақтайтын Темірқазықты орнықтырып кеткен еді. Біз өз тарапымыздан Ахмет Байтұрсынұлының тұлғасын дарындылықтан жоғары тұратын «данышпандық кодтарды шешу» деңгейінде қарастыру керек деп ойлаймыз.

Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының бір ғана қазақ тілі бойынша әліпби түзуден бастап, тілдің фонетика, морфология, синтаксис саласын түгел зерттеп, 300-ден астам термин жасап беруі, тұтас тілдің барлық ішкі жүйелерін бір арнаға түсіріп, ұлттық нұсқа беріп үлгеруі – жалғыз адам жасайтын іс емес. Қазіргі дамыған психологиялық-тарихи аспект тұрғысынан талдау арқылы Ахмет Байтұрсынұлының данышпандық қызметінің шығу көзі мен күш-қуатының тек күткен нәтижеге қарай бағытталып, бірден көздеген жетістікке жеткізетін ерекше мүмкіндіктерді қолдану жолы болғанын тануға болады.

Ерекше тілмен айтсақ, бұл – замана зырылдауығы шыр айналғанда кейбір мемлекеттер, елдер, ұлттар тарих сахнасынан түсіп қалмауы үшін Жаратушының өзі таңдаған асылтекті адамдарын өз ұлтының аман қалуы үшін Тұлға етіп жарататын ерекше құбылыс екенін мойындағың келеді. Ахмет Байтұрсынұлының данышпандық кодының бағыты соншама ауыр жүкті жалғыз өзі арқалап, уақытында қалыпқа түсіріп, еліне, ұрпағына аманат етіп тапсырып үлгеру болған еді. Ахмет Байтұрсынұлының данышпандығын мойындататын оның істері – кодтары десек, оны танып-талдайтын да өзіндік жолдары бар.

Данышпандық ойлау тетіктері тұтас бір өркениет мойындап, қабылдайтын ерекше туындыларды жасауға негіз болады. Данышпандықтың келесі қыры – иррационалдық шабыт және оның Жаратушының ғана берген сыйы екендігі. Данышпанды әлеуметтік-мәдени контекст тудырады. Әрине, данышпандық психологиясы тұрғысынан қарайтын болсақ, Ахмет Байтұрсынұлының жан-жақты таным иесі екенін мойындаймыз. Тұтас болмыстың сандаған қырын біртұтастықта, өзара байланыста көре білуге, сондай-ақ сол танығанын бай біліммен және қазыналы тілімен жеткізе білуі көкірек көзінің, таным қуатының «Адам-табиғат-қоғам» жүйесін бірден көріп-білуге қабілетті болғанын айқын көрсетеді.

Данышпанның дүниетанымы өмірдің сандаған қырын бөлшектеп емес, өзара тығыз байланыста және олардың барлығын даму үстінде, динамикалық қозғалыс үстінде тани алатындай ерекше дарынды болып келеді. Зерттеуші ғалымдардың айтуынша, данышпандардың әмбебаптығы негізгі екі өлшемге ие болады. Бірінші өлшемі – ол сан қырлы саланы аса тереңдей тануға ерекше қабілеттілігі.

А.Байтұрсынұлының қоғам қайраткері ретінде танылуы, газет шығаруы, ұстаздық қызмет атқаруы, тілді және әдебиетті түптамырына дейін жете зерттеуі, дидактика мен әдістеменің заңдылықтарын ұлттық дүиетаным болмысына бейімдей келе, жалпыадамзаттық құндылықтарға жеткізуі, арабтың тек арабтарға ғана арналған графикасын қазақ дыбыстарын еркін сөйлеуге мүмкіндік беретіндей етіп реформалауы осыны айқын көрсетеді.

Патшалық Ресей мәдени жүйесінің қазаққа қарай бет алған алапат арынын бірден сезген А. Байтұрсынұлы қазақ халқын сақтап қалудың бір жолы – осы жадид жазуын жасау деп түсінгені анық. Араб тілі – Алла Тағала түсірген Құранның тілі. Қазақтың есінен мұсылмандық құндылықтарды шығармайтын алтын қазық керек еді. «Өзге жұрттың әліппелерін қазақ қабылдай алмайды. Араб әліппесі қазақ арасына дінменен бірге таралған, сіңген. Дінменен бірге байласқан әліппені алып тастап, басқа әліппені алдыру қиын жұмыс. Бұлай болған соң араб харіфлерін қазақ дыбыстарына жеткізу амалын табу керек», – деген сөзінен Ахмет Байтұрсынұлының дүниетанымдық өлшемдері ислам дінінің аса мықты да қасиетті қазығына өріле дамығанын айқын көруге болады.

Бірақ арабтың ұлттық сөйлеу тіліне бейімделіп, оның ішіне еніп, оған еріп кетпеуі үшін, қазақы әр дыбысқа, араб сияқты тек дауыссызға ғана емес, қазақтың барлық дыбысына – дауыссызына да, дауыстысына да амалын тауып, таңбаларын белгілеп, еркінше кең арналы әліпби жүйесін жасап үлгерген еді. Ахмет Байтұрсынұлы әліпби түзуде ұстанған принципі туралы: «Хасыл кәләм, менің ойым: сөз жазылу керек айтылатұғын түрінше, яғни сөз ішінде қай дыбыс естілсе, сол дыбыстың әріпін жазу, естілген дыбыстың әріпі жазылмай, басқа әріп жазу керек болса, не үшін ол керекті … ғылым сарф жолыменен ыспат етілсін», – деп әр дыбыстың таңбасының неліктен солайша алынғанын ғылыми түсініктеме және практикалық тиімділік арқылы дәлелдеп береді.

Данышпандық әмбебаптықтың екінші өлшемі – ол данышпандардың әлем құрылымы мен тынысын дөп басып тани білуі, келе жатқан жаңа заман ырғағының, қарқынының қуатын өз ақылымен, сезім қуатымен үйлестіре отырып көрсетуі. Ахмет Байтұрсынұлы патшалық жүйенің ғана емес, оның арғы жағында америкалық, ағылшындық, арабтық, парсылық саяси діңгектердің қазаққа, қазақ жеріне қатысты ұстанымын саясаткер ретінде көре білді. Ол қазақ халқының нақ сол кездегі саяси-әлеуметтік, сондай-ақ тұралап қалған көшпелі ұлттық экономикалық жүйесі қасиетті елдің шыңын да, шыңырауын да қопаруға келе жатқан капиталистердің ықпалына еш төтеп бере алмасын да жақсы түсінді.

Қазақ халқының тарих сахнасында қайта-қайта жоқтан пайда болатындай ерекше болмысын атақты нейропсихолог Лурия бастаған психологтердің 10–15 жыл зерттеп, қазіргі күнге дейін сол бағытта қазақтардың ұлттық қасиетін, табиғатының ерекшелігін таңғалыспен сөз етіп келе жатқанын біріміз білсек, біріміз білмейміз. Тарих үшін өте жас Қазақ хандығының және өмірлік ерекше таза ұстанымдардан құралған қазақ ұлтының ұрпағы болғандықтан, еуропалық және шығыстық мемлекеттердің бас шайқай тамсана танығысы келетін, әлі келсе, тек екі шайнап бір жұтатындай «тәбетпен» қарап отырған барлық көрші мемлекеттердің саяси көзқарастарын А. Байтұрсынұлының әбден білгені де анық. Оның жер туралы толғаныстарға баруы да сол себепті еді.

Жас ұлт болғандықтан және отырықшы елдің әдет-ғұрпынан ада, көшпелі өмір сүрген, жас баланың қылығындай, еркіндіктің тамаша батылдығы мен өрлігінен тұратын өмірлік көзқарастары қай елдің болмасын көзін қызықтырып келгені рас. Ол – Құран Кәрімнің тек қазақ елінде ғана Қожа Ахмет Ясауи сияқты киелі адамның қолымен жырға айналдырылғаны, ол – Құран Кәрімнің философиялық деңгейде тек Әбу Насыр әл-Фарабидің трактатында ғана ғылыми дәлелденгені, ол – Қазақ деген ұлттың жасөспірім шағынан ар мен намыс, рух тазалығына ұмтылатыны. Бұл айтылғандар – метафора емес, нағыз шындық.

Сол шындықтардың, сырт қарасаң, босбелбеу сияқты жүрген қазақтың әрқайсысының, ұлының да, қызының да ішкі жан дүниесіне айрықша қуат беріп жатқанын шетелдіктердің білмейтіні еді. Мұны А.Байтұрсынұлы жақсы түсінді. Өйткені ол мектеп мұғалімі ғана емес, тұтас ұлттың ұстазы болатын. Өз ұлтының ерлігінің де, өкінішінің де, мақтаншақтығының да, шешендігінің де, байлығының да, кедейлігінің де – барлығының тетігін ұлттық философиялық-психологиялық тұрғыдан әрі жақсы көре отырып, таныған еді.

Елінің жанашыры болған Ахмет Байтұрсынұлы нұрлы да биік санасының өзіне жоғарыдан берілген сый екенін түсінгендіктен, жеке басының өмірін халық үшін арнады. Ахмет Байтұрсынұлы осындай ерекше болмыстағы қазақ деген ұлттың алдау мен арбауға еріп, ескішілдік шапанын киіп, жайбарақат жүргенде басқа елдің мәдениеті қазақтың санасын басып-жаншып кетпеуін ойлаған болатын. Сондықтан түркітілдес елдердің ішіндегі өз перзентінің қолымен жазылған әліпби де, әліппе де, грамматика да, әдебиет теориясы да жалғыз қазақтан шыққан еді. Ал барлық басқа түркітілдес елдердің грамматикалары мәскеулік не ленинградтық өзге ұлт өкілдерінің жазып берген сипаттама немесе формалды грамматикалары болатын.

Түркістан Республикасы құрылып, секторлар жұмыс жасағанда, тек «Қазақ» секторының ғана барлық пән бойынша оқулықтар жазып, ерен еңбек еткенін орыс ғалымдары атап жазғаны бізге 1918 жылғы журналдардан белгілі. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ рухани әлемінің (мүмкін тұтас түркі әлемінің де) тізгіні болған Ана тілімізді зерттеп, тіл қазынасындағы қыруар «кенді» аударып, тапқанының барлығын ғылыми тілдік тұрғыда жүйелеп, тілдік құбылыстарға түгелдей атау беріп, ғылыми термин етіп қалыптастырып, бұзылмас жүйе жасап кеткенін қалай бағалауды ашық айтуымыз үшін, ғұламаның білім алған қайнар көздерін тануымыз қажет. Ол үшін «Ахметтанудың» жаңа арнасын бастау керек.

«Ахметтанудың» бастауы – әліпбитану мен әліппетану. Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбиінің» құрылымдық-мазмұндық жүйесіне заманауи көзқарас тұрғысынан қарайтын болсақ, ғұлама бабамыз өз кезінде-ақ көптеген теріс айтылған пікірлерге тойтарыс беріп отырған. Өзінің оппоненттеріне: «Араб әліппесі өз дыбыстарына арнап шығарылған. Олардың дыбыстарының арасында «о», «ы», «э»پ) (п)) дыбыстары болмаса, бұл дыбыстарға тура келетін хәріптері де болмасқа керек. Сіз қалай ойлайсыз? Араб әліппесіне тура келетін хәріпі жоқ дыбыстарымызды тіпті жоқ қылу керек пе? Негізінен, ойлаңызшы, тіл хәріп үшін шығарылған нәрсе ме? Болмаса хәріп тіл үшін шығарылған нәрсе ме? Әлбетте, хәріп – тіл үшін шығарылған нәрсе. Олай болса, хәріпі жоқ деп, тілдегі дыбысты жоғалту емес, ол дыбысқа жоқ хәріпті іздеп табарға керек», – деген ұстанымынан қазақ әліпбиін түзуде біржақты арабшылдықтың байқалмайтынын да анық көреміз. Басты мақсат – қазақ тіліндегі бар ұлттық дыбыстарымызды жоғалтып алмауды ойлау.

Ахмет Байтұрсынұлы «Әліпбидің» болмысы туралы мынадай пікір айтады: «Әліп-би деген асылына адам арқылы жетпейтін нәрсе емес. Әліп-биде бірден мәдениет түрінің төбе басына шығарып жіберетін, адам білместей айрықша қасиет те, жасырын сыр да болмасқа тиіс. Әліп-би деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, заманындағы өнер құралдарына орнатуға қолайлы болса, соғұрлым Әліп-би жақсы болмақшы. Олай болса, Әліп-би сынға түсіп, жақсы-жаман тексеруге әбден келетін нәрсе болып шығады».

Барлап қарағанға Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөздерінің мағынасы дәл бүгінгі күнгі латын қарпіне ауысуға байланысты науқанды да ескергендей, соған қатысты көп даурықпай, не істеу керектігін айтып кеткендей танылады. Осындай «Әліпби» түзумен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының орасан еңбегі қазақ фонетикалық жүйесінің ішкі терең тұңғиықтарына дейін қарастырып кеткендігімен бағаланады. А. Байтұрсынұлы әрбір қазақ дыбысын таңбалар алдында олардың қыр-сырын рентген сәулесінен бетер талдап сипаттаған. Бұлай айтуға бір себеп ғұлама ұстазымыз А.Байтұрсынұлының «Дыбыстарды жіктеу туралы» мақаласында қазіргі фонетикалық ойлауға мүлде дерлік ақылға сыймастай болған керемет ой түйіндерін жинақтаған.

Бұл мақаласы, шындығында, Н.Трубецкойдың фонология туралы теориясынан асып түспесе, кем емес. Өйткені Н.Трубецкойдың үндіеуропалық тілдердің фонологиялық түптамырын зерттеу әдісі қазақтың дыбыстық жүйесін зерттеуге құрал бола алмайды. Сондықтан да Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған «дыбысты әдіс» жолы Н.Трубецкойдың орыс тілінің фонологиялық теориясы сияқты қазақ тілінің табиғатын толыққанды танытатын теориялық бағыт болып табылады. Бұл ретте ғалым Әлімхан Жүнісбековтің түркі тілдері фонетикасының теориясы мен практикасын жаңаша зерделеп, талдап-саралаудың уақыты жеткені жөніндегі пікіріне келісе отырып, біз де қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен оны оқыту жүйесіндегі үндестік заңын тірек етіп негіздеуге бетбұрыс жасауымыз керек.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ жазуын реформалау және «Әліппе» мен «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» оқу құралдарын жазу арқылы қазақы ұлттық мәдени болмысты жаңа заманға аз уақытта қайта бейімдей алған феномен. А.Байтұрсынұлының бұл қызметін Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Бақытқа жетуге көмектесетін еркін әрекет – тамаша әрекет. Мұны туғызатын әдет-ғұрып – қайырымдылық. Қайырымдылық дегеніміз – оның өзі белгілеген, бірақ бақытқа жету мақсатынан туған жақсылық», – деген философиялық пайымы арқылы түсінуге және бағалауға болады деп ойлаймыз.

А.Байтұрсынұлының рухының ерекше менталды болмысын азды-көпті тануға мүмкіндік беретін құндылықтар жүйесі, ғұламаның білімімен, наным-сенімімен, қазақы қалпымен, өмір сүрген ортасымен, атқарған қызметімен бірге оның қоғамдық үдерістерге араласуына ықпал етті. А.Байтұрсынұлының қызмет еткен жүйесінің қай компонентін қарасақ та, ұлттық аксиологиялық кодтардың алтын қазықтай болып, қадау-қадау айқын көрініп тұрғанын көреміз.

Көзіміз жеткен жерге дейінгі керемет те әсем пропорция құрып қадалып тұрған алтын қазықтарды А.Байтұрсынұлының «алтын белдеуі» деп атар едік. Сол алтын белдеу қазақ халқының асыл тілі мен ділін айналасына үйіріп сақтап қалған болатын. Осындай алтын белдеу арқылы ғұлама бабамыздың ойлау деңгейінің қаншалықты биік те терең, кең құлашты екендігін танимыз. Ал ұстаздың біз танымай жатқан басқа салалар бойынша қалдырған қаншама жәдігерлері бар! Мемлекетіміз ұстанып отырған бағыт пен соның нәтижесінде болып жатқан, болады деп күтілетін қоғамдағы өзгерістер А.Байтұрсынұлының алтын белдеулерін қайта жарыққа шығаруға әсер етіп жатса, заманның қазақ үшін жақсылықтар мен игіліктер болып орнауының басы деп қабылдайық, соларды қабылдауға өзімізді де, жас ұрпағымызды да бейімдейік.

Білім және ғылым министрі бір қадам жасаса, қалғанымыз қолдап, бар қолдан келген үлесімізді қосайық. Ахмет Байтұрсынұлының тұлғалық болмысын жаңа деңгейде, жаңа әдістер арқылы зерделеп, жаңа деректерді ашып қана қоймай, ол деректердің себебін ғана емес, жетелеп апаратын салдарының да болмысын зерттеу керек. Соның бірі – «Әліппе» оқулығының құрылымын А. Байтұрсынұлы тәжірибесімен жаңалау және соған сай «Әліппені» оқытудың жаңа технологиясын жасау дер едік. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» бойынша осы кезге дейінгі зерттеулер құнды болғанымен, біріншіден, олар – өзара байланыссыз, шашыраңқы зерттеулер, екіншіден, қолда бар деректерді эмпирикалық тұрғыдан жинақтау мен бағалаудан аспай келеді.

Ал ендігі кезектегі қолға алынуы тиіс маңызды іс – қолданыс дәуірі қысқа болған Ахмет Байтұрсынұлы жасаған «Әліпби» мен «Әліппенің» теориялық деңгейдегі табиғатын зерттеу және орнықтыру. Содан соң «Ахметтану» жүйесінде аса қажетті компонент ашу – «Әліппені» оқытудың Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған «Дыбыс технологиясы» тақырыбын зерттеу. Ғалымдардың айтуынша, тіл білімі тұрғысынан қарайтын болсақ, әліпби-алфавит дегеніміз артикуляциямен шартталған, акустикалық параметрлерге ие, яғни сөйлеу мүшелері арқылы айтылатын немесе сөйленетін тіл дыбыстарының фонетикалық диапазонын құрайтын фонемалардың таңбалануы болып табылады.

Түптеп келгенде, адамның сөйлеу тілінің фонемалары – физика ғылымындағы дыбыстық толқын. Сондықтан да олар физикалық сипатқа ие болып, математикалық заңдылықтарға бағынады. Осыдан келіп, әріптердің болмысын тек тілдік деп жеке-дара бөліп алмай, дыбыстық толқынды таңбалайтын математикалық таңба деп те қарастыруға болады. Бұл сөз неліктен қозғалып отыр? Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбиі» де, «Әліппесі» де уақыт дөңгелегі айналған сайын спираль бойымен қайта айналып келуінің себебі неде? Біздің ойымызша, «Әліпбиді» де, «Әліппені» де Ахмет Байтұрсынұлы тек қазақтың ұлттық дыбыстық жүйесін сақтау үшін, артикуляциялық (дыбысталу) жүйенің ұлттық кодтары бұзылмауы үшін жасағанын, сол үшін өмірін де қиғанын ашық айтуымыз керек.

Өйткені сталиндік-кеңестік жүйеде Байтұрсынұлы ұсынған қазақша сөйлеуге орын болмағаны анық. Тіпті «сал, бер, йон, рош деген 4 сөз арқылы әлемдік тілдердің түп атасы біреу» дегенді дәлелдемек болған атақты Маррдың өзінің ашқан жаңалығын «тілдердің түп атасы – картвель немесе грузин тілі болсын» деп, жалған теорияға бұрғысы келген заманда қазақ тілінің араб жазуымен жүруі қаншалықты дұрыс болар еді? Әрине, араб жазуы сияқты адамзаттық сакралдылыққа кеңестік жүйеде орын жоқ болатын. А.Байтұрсынұлының қазақ тілін, қазақы сөйлеудің үндестік заңын бұздырмау үшін жасаған барлық күресі, тартысы – қазақтың ерекше келбетін тарих сахнасында бұзбай алып қалудың қамы.

Мұның барлығы сол кездегі өз айналасымен, күнкөрісімен, саяси күреспен, жүрегіндегі ұлтының жоғалып кетуін сездірген жалғыз Жаратушының алдындағы жауапкершілігімен астасып, қаншалықты ауыр жүк көтергенін көрсетеді. Осыдан келіп, таңғалыс емес, тәубе мен шүкірлікке негізделген бағалау туындайды. А.Байтұрсынұлы әліпби жасауда дыбыстардың айтылуы мен артикуляциялық аппарат мүшелері қатысуына қарай жіктей келе, қазақ дыбыстарын жүйелеуде өз заманы үшін теңдесі жоқ жаңалық жасайды.

Дыбыстардың айтылуына қарай жіктелген жүйесін мүшелер қатысу жүйесімен байланыстырсақ, былай түйіскенін көреміз. Ахмет Байтұрсынұлының дыбыстарды жіктеуі.

Дыбыстық жіктеме жасаудағы Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі – нағыз данышпанның жұмысы деп бағалаймыз. Өйткені қазіргі заманның тұтас бір эксперименталды фонетикалық лабораториясының қызметін бір өзі атқарған. Қолданған терминдері: «өткелді», «өткелсіз», «еркін өту», «қақтыға өту», «толық», «шала», «аңғал», «қымқырулы», «босаң», «қысаң», «ашық», «тұйықтау», «тұйық», «қамалатындар», «ерінге қамалу», «тіске қамалу», «тамаққа қамалу», «қымқырынды», «именішті», «қақтықпалы», «бөгелісті», «бөгеттісі», «сүзілулер» тағы да басқалар.

Қандай әдемі?! Ең бастысы, табиғи ұлттық қалпымызды бұзбайтын, айту жағынан да қандай көркем, эстетикалық әрі ұғынықты терминдер! Қазіргі қазақ филолог-студенттеріне «лабиаль», «альвеол», «билабиаль» тағы да басқа деп күштеп айтқызатын терминдерден мың есе таныс, айтуға оңай және түсінікті. Сондықтан, біздің ойымызша, «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасын» жазудың міндеті де айқындалып отыр. Ондағы маңызды міндеттердің бірі – фонетикалық терминдерді А.Байтұрсынұлының жасап берген анықтамасымен үйлестіре отырып, толық қазақыландыру. Дыбыстарды дұрыс айту, ұлттық артикуляциялық базаны сақтау болып табылады.

Ахмет Байтұрсынұлынан басталған қазақтың дыбыстық жүйесін тану мен оқытуды фонологизациясыз және тұтас сөзді оқыту әдісінен бөлек, сингармонизм заңына лайықтаудың жолын, жаңа лингвистикалық, лингводидактикалық әдіснамалық жүйе құрудың жолына түсіру керек. Мақсат – «Әліппені» меңгерту жолында дыбысты әдісті басымдық орында ұстану. Осыны ұмытпау керек. Егер дыбысты әдісті негіз етіп алмасақ, жаңа «Әліппенің» жаңалығы да, Ахмет Байтұрсынұлының негізгі ұстанымы да ескерілмей қалады.

Бұған көпе-көрінеу жол беруге болмайды. Жаңа «Әліппеде» дыбысты әдістің технологиялық деңгейге көтерілуі осы мақсаттан келіп туындайды. Төменде Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппедегі» әріптерді ұсыну логикасын кестемен, әріптерді әдейі кириллицамен таңбалап беріп отырмыз. Мұндағы мақсатымыз – А.Байтұрсынұлының әріптерді оқушыға ұсыну логикасын түсіну. 

Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесіндегі» әріптердің ұсынылу жолы.

(Байтұрсынұлы Ақымет. «Сауат ашқыш». Дыбыс әдіс жолымен тәртіптелген қазақша әліпби. 1926 ж. кітабындағы әріптердің берілу жолдары).

Әліпбидегідей «А» дыбысының жалғыз өзін емес, «А», «Р», «З» деп, бірден үш дыбысты ұсынуында Ахмет Байтұрсынұлының «Суретті әліппенің» (азбуканың) рөлінен бірден жоғары, яғни «Әліппеге» өтіп кететінін көреміз. Ахмет Байтұрсынұлының заманында сауат ашу мен оқуға деген талаптар күн сайын күшейе түскені белгілі. Ұстаз ретінде, кітап құрастырушы ретінде ол «Әліппедегі» алғашқы дыбыстардың орналасу тәртібін сөйлеудің психологиялық негізі етіп қалауды ұсынады, яғни өзінің жіктемесінде көрсеткеніндей:

Айтылуына қарай:
«А» – дауысты – толық – кең шығысты – аңғал.
«Р» – дауысты – шаласы – ауыз шығысты – босаң жолды.
«З» – дауыссыз – босаң жолды – ашығы.
Дыбыстау мүшелерінің қатысу түріне қарай:
«А» – өткелді, ауыз арқылы өтеді, еркін өтеді.
«Р» – өткелді, ауыз арқылы өтеді, тілге қақтығып өтеді.«З» – өткелсіз, сүзілулі: тіл ұшы мен таңдайдан сүзіліп шығады.

Біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппені» бастауда осы үш әріпті бірден үйретуге алуы – оның бірнеше оқу мақсатына жетуді көздегенін анық көрсетеді. Біріншіден, бұл үш дыбыстың артикуляциялық сипатынан көріп отырғанымыздай, балаларға айтуға оңай әрі жеңіл. Осылайша, балаларды ана тілінде сауатты сөйлеуге үйретудің алғашқы физиологиялық базасын қалыптастыру мүмкін болады. Екіншіден, баланың өзі де сөздерді қайталап айту кезінде оларды қызықтыратын амалдардың өте көптігінен әрі қарай үйренуге ынталана түседі. Сөйтіп бала саналы түрде күнде өзі айтып жүрген сөздерден іштей осы дыбыстарды іздеуге қарай бет бұрады.

Үшіншіден, балалардың қайталап айтатын амалымен жаңылтпаш сияқты ойнап отырып, есте сақтау қабілеті қалыптаса бастайды. Осылайша фонематикалық қабылдау, дыбыстық талдау әдістерін меңгере бастайды. Төртіншіден, мысал сөздер мен арнайы тапсырмаларды үзбей орындауы арқылы сөздік қоры дамытылып, тілі мен ойлауы дамиды. Ахмет Байтұрсынұлы дыбысты әдіске аса мән бере қарайды. Өйткені дыбысты әдісті қолдану негізінде, оқушылар ана тіліндегі әрбір дыбысты анық айтуға, сөздер мен сөз тіркесі, сөйлемдерді дұрыс және нақты айта білуге, біртіндеп қазақы сөйлеудің бірқалыпты ырғағын игеруге, содан кейін ойын білдірудің интонациялық мәнерлілігіне назар аудара алатын болады.

Дыбысты әдісті қолдану оқушыларды алғашқы күннен бастап, сауат ашудың қарқынмен даму жолына түсіреді. Сөйлеу барысында дұрыс тыныс алуға жаттықтырады, артикуляциялық және дыбыс жасау аппараттарының жұмысын жақсартады. Дыбысты әдісті қолданудың нәтижесі біртіндеп сөйлеудің дыбысталу мәдениетінің қалыптасуына алып келетіні белгілі. Осылайша, А. Байтұрсынұлының қолданған «дыбысты әдіс» жүйесі тек қазақ тіліндегі дыбыстарды дұрыс, сауатты айтуға ғана үйретпейді, есесіне дыбыстық сөйлеу тілінің тұтастай жақсы да мәнерлі, мағыналы да, мәнді болуына іргетас болып қаланады.

Ахмет Байтұрсынұлы өзі де былай деп атап көрсетіп өтеді: «Сөз – дыбыстың мағыналы болып тізілгені. Сөз айту – дыбысты ауызбен тізу. Сөз жазу – дыбыстардың белгісін қағаз бетіне тізу. Оқуға келген балалар сөйлей білсе де, дыбыстарды тізіп, сөз шығаруды білмейді. Себебі олар сөздің дыбыстан тізілетінін білмейді. Дыбыспен жаттықтыруға көп уақыт кетпейді, ал онан келетін пайда көп. Өйткені дыбыстарды тізіп үйренсе, хәріптерді тізіп үйрену қиын болмайды. Сөздің ішінде қанша һәм қандай дыбыс барын білсе, орнына хәріптерін қою қиын болмайды». 

А.Байтұрсынұлының дыбысты әдісті қолдану логикасы келесі алгоритмдерден құралатынын байқауға болады. Әліппеге дейінгі кезеңде: мұғалім бір дыбысты созып айтады, балалардан қандай дыбыс екенін сұрайды; балалардың жауабынан соң, мұғалім тағы бір дыбысты айтады да, «Ал мұнда қанда дыбыс естілді?» деп сұрайды. Осы ретпен бірнеше дыбыс сұралады; балалар дыбыстардың әртүрлі екенін түсініп білген соң, мұғалім енді бір буынды сөздерді алып, құрамындағы дыбыстарды ажыратқызады; одан соң екі буынды сөздерге сондай талдау жасайды; одан соң үш буынды сөзге дыбыстық талдау жасатады, буынға бөліп, әр буында неше дыбыс бар екендігі сұралады, оқушыларды бөлек-бөлек дыбыстарды тіздіріп, сөз айтуға дағдыландырады.

Әліппе кезеңінде: сюжетті сурет бойынша балалармен әңгімелеседі, сұрақтар қойып, оқушылардың жауабынан мәтін құратады; дыбыстық талдау жасайтын сөзі бар сөйлемді, оның ішінен өтілетін жаңа дыбысы бар сөзді бөліп алдырады; сөзге дыбыстық талдау жасатады, сөзді буынға бөліп, жаңа дыбыстың орнын анықтатады; дыбыстың айтылу ерекшелігімен таныстырады; енді мұғалім сол дыбыстың таңбасын жазуға үйретуге кіріседі; содан кейін барлық балаға «а», «р», «з» деп хормен айтқыздырады; осыдан соң А. Байтұрсынұлы комбинаторика әдісін қолдана отырып, «А», «Р», «З» дыбыстарының орнын алмастырып, олардан түрлі сөздер құратып, оқуға үйретеді; соңында үйренген сөздерін оқушының өзіне жаздырады; содан кейін кеспе әліппемен жұмыс жасатады; яғни әр жаңа қаріпті өткен сайын сол қаріп бар сөзбен көп жұмыс жасау көрсетілген.

А.Байтұрсынұлы көрсеткен «дыбысты әдіс» – бірнеше компоненттен құралған, алгоритмдері ашық жүйе, заманауи әдістерді қосу мүмкіндігі берілген, біртұтас дыбыстарды меңгерту жүйесі. Осы жүйені «Қазақ «Әліппесін» дыбысты әдіспен оқыту технологиясы» деп атап, осы бағытта, яғни жаңа арналы әдістемелік зерттеулер жүргізу керек деп ұсынамыз. Ол дыбысты әдіспен оқыту технологиясының жүйелік-құрылымдық моделі келесідей болуы дұрыс деп ойлаймыз.

«Әліппені» Ахмет Байтұрсынұлының «дыбысты әдісімен» оқыту технологиясының моделі:

«Әліппені» дыбысты әдіспен оқыту технологиясы» 

Дыбысты әдісті қолданудың психологиялық-педагогикалық негіздемесі

ЖОО бастауыш білім педагогтерін дайындау стандарты

«Әліппе» оқу бағдарламасы

Дыбысты әдіс бойынша арнайы жаттығулар жүйесі

Қазақ тілінің сингармонизм заңдылығы – лингводидактикалық тұғыр ретінде лингвистикалық негізі ретінде

«Әліппетану» арнаулы курсы

«Ахметтану» арнаулы курсы

Осы модельдің жүзеге асырылуы үшін мынадай алгоритм-қадамдар орындалуы тиіс: модельде көрсеткеніміздей, «дыбысты әдіс» ұғымы жоғары оқу орындарында бастауыш білім педагогтерін дайындау стандартына енгізілуі керек. «Әліппе» оқу бағдарламасының басты компоненті ретінде «дыбысты әдіс» алынуы тиіс. «Әліппетану» курсы құрастырылып, негізгі тарихи-әдістемелік материалдар жүйеленуі қажет. «Ахметтану» арнаулы курсы құралып, Ахмет Байтұрсынұлының лингводидактикалық мұрасы жүйеленгені дұрыс.

Қазақ тілінің сингармонизм заңы лингводидактикалық мақсатта сипатталуы қажет. Дыбысты әдісті қолданудың психологиялық-педагогикалық тұғыр-лары жүйеленуі керек. «Әліппені» дыбысты әдіс жүйесінде оқытуға арналған тапсырмалар мен жаттығулар жүйесі әзірленуі тиіс. Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, Ахмет Байтұрсынұлының «Әліпбиі» мен «Әліппе» құралдары – заманында ғана емес, қазіргі кезде де өзінің озық үлгі бола алатынын дәлелдеген аса қымбат мұра.

Әсіресе сауат ашу үдерісімен жарыстыра балалардың ойы мен тілін дамыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жоғары деңгейде қалыптастыру мәселелері дидактикалық және әдістемелік тұрғыдан жетік шешімін тапқан. Сондықтан саяси себептердің салдарынан ұзақ жылдар бойы тыйым салынған, елімен қайта қауышып отырған отандық «Әліппе» жасау ісіндегі мұндай озық үлгіні бүгінгі қажетімізге жарату, онда қолданылған әдіс-тәсілдер жүйесін қазіргі заманға лайықтап жаңартып пайдалану – кезек күттірмес міндет.

Әзия Елеупанқызы ЖҰМАБАЕВА,
педагогика ғылымдарының
докторы, 
профессор
Несібелі Жәкенқызы ҚҰРМАН,
педагогика ғылымдарының
докторы, 
профессор

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий