Мектептегі тәрбие білімнің көлеңкесінде қалмауы керек

«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – дейді Әл-Фараби бабамыз. Әр мектеп қайнап тұрған қазан тәрізді. Әрқайсының қалыптасқан өзіндік дәстүрлері болады. Мектеп ұжымының арасындағы (педагогтар, ата-аналар, оқушылар, шағын ауданы) қарым қатынас та сырт көзге білінбегенмен, бірақ қатысушылар өзара сезетін белгілі бір тәртіптерге, әдеттерге, салттарға бағынатын орта құрылады. Ол, әрине, мектеп әкімшілігінің, педагогикалық ұжымның кәсіпқойлығына байланысты ұйымдастырылған оқу-тәрбие процесінің ажырамас бөлігі.

Мектептің деңгейлік дәрежесіне қарамастан, егер педагогикалық-психологиялық ахуал, жұмыс жоспары, даму жоспары неғұрлым мықты болса, соғұрлым білім мазмұнының сапалы қамтамасыз етілуі іске асады. Ол оқу мен тәрбие жұмысының шынайы, білім алушының көңілінен шығатын, қызықты және сұранысқа ие шараларымен сүйемелдеу негізінде қолжетімді. Оқу мен тәрбие жұмысын ажыратып алсақ, егер оқу процесінде білім мазмұнына қатысты наразылық білдіріп жатса, соңғы жылдары тәрбие жұмысының іске асырылуы да мектептегі өзекті мәселелердің біріне айналып барады. Себебі, тәрбие жұмысы жоспарлы түрде емес, көбінесе стихиялық сипат алуда.

Қалай? Өйткені, биліктің халыққа жолдаған әр идеологиялық мазмұндағы құжаттар уәкілетті ұйымдарға бағынысты мекемелердің және  жергілікті жердегі атқарушы биліктің тарапынан дереу әрекет ету үшін нұсқаулық ретінде қабылданып, білім беру ұйымдарына жедел жоспарлардың жолданатындығы жасырын емес. Және, ол ресми хаттарда көрсетілген орындалу мерзімі бойынша кейбір іс-шараларды «кеше» өткізіп, бүгін орындалғаны туралы есеп жіберу керек. Есепке қоса ол іс шараның әзірлемесін, хаттамасын және фото, видеоматериалдарын қоса тіркеу міндеттеліп, мұғалімдердің айтуынша, кейде осындай шараларды сабақ арасында да «өткізуге» мәжбүрлікке ұшырайды.

Иә, әріптестеріме сенемін, себебі өзім де мектепте істеп жүргенде осындай есептің талайын тапсырғанмын. Ойландырады ма? Иә. Қарап отырсаң, «мемлекеттік саясатты» орындап жатырмыз, ал екінші жағы?! Тәрбиелік шаралардың кереғар жақтарын ашып беріп отыр емес пе: біз, ересектерді былай қойғанда, ел үміті деген жасөспірімдерді де көзбояушылыққа, жалған көрсеткіштікке тәрбиелеп отырған жоқпыз ба?! Бұл мәселе әлеуметтік желідегі педагог қауымдастығының топтарында да жиі талқылануда.

Мысалы, Facebook желісіндегі Қазақстан ұстаздары тобында, мұғалім Юсуп Довлатов, өз мектебінде кезінде жүргізілген тәрбие жұмысының үлгісімен бөлісіп, қазіргі қалыптасқан жағдайды былай сипаттайды: «Қазіргі таңда мектепте тәрбие жоспары бір бөлек, атқарылып жатқан жұмыс бір бөлек, тапсырылып жатқан мәлімет (яки есеп) бір бөлек сияқты. Соңғы жылдары мектепте білімді реформалауға көп көңіл бөлініп жүрген сияқты: сол деңгейлік курстар, сол жаңартылған білім мазмұны, тағысын тағылар. Осылайша «тәрбие жұмысы білімнің көлеңкесінде қалып кетіп жатқан жоқпа?» – деп те ойланам кейде.

Мүмкін тәрбиені де бұрынғы жақсы әдістермен ұштастырып жаңарту керек шығар? Қалай болғанда да «Тәрбиесіз алған білім – тұл жетім» екенін ұмытпайық әріптестер». Төмендегі мұғалімдердің пікірлері әріптесінің айтып отырғанын растайды. Бірнешеуін осы жерде келтірейік. Ayan Abjapparov: «Қазір өзің жоспарлаған дүниеден гөрі, жоғары жақтың қазір орындауға, кешке дейін толық тиянақтап, фото есебін, анықтамасымен қоса жіберіңіздер деген тарсырмалары көбейіп кетті. Ал тексеруге келгенде, ысырылып қалған дүниеңді сұрайды. Сенің жарты сағатта, тез арада, кешке дейін, түске дейін орындаған жұмыстарың далада қалады…

Сырттан келетін толассыз хаттар тек білім саласы органдарынан болса жақсы ғой. Ақпараттық даму министрлігі, ішкі саясат бөлімі, аудан, облыс әкімдігі, мәдениет бөлімі, спорт, дене шынықтыру бөлімі, прокуратура, қоғамдық қорлар, ұйымдар білім саласына қатысы жоқ түрлі органдардың жоспарларына сай тапсырмалар, аудан әкімінің қадағалауында, облыс әкімінің бақылауында деген сыңайдағы хаттар да жеткілікті…». Серік Зиятов: «Қазір сапа емес, сан қуалап кетті. Неғұрлым көп шара өтсе, соғұрлым нәтиже болады деп ойлайды. Бұл қате ғой.»

Ерхан Рахымбаев: «Қазірде тәрбие жұмысының жылдық жоспары бар. Бірақ өкінішке орай мектепке сырттан келетін шұғыл тапсырмалар бекітілген шараларды уақытылы ұйымдастыруға мұрша бермейді. Міне осының кесірінен мақсатымыз орындалмайды. Біз осылай жоспарсыз жүре берсек ешқашан мемлекет дамымайды. Сондықтан сырттан келетін мән мағынасы жоқ хаттар мен тапсырмаларды тоқтату керек.» Осылай тізе беруге болады. Мектепке барсаң да, телефонмен қоңырау соқсаң да, желіде сұрасаңда – тәрбие жұмысының іске асырылуы туралы барлық мұғалімдердің жеткізері жоғарыдағадай.

Оның үстіне, сынып жетекшісі бола тұра алдына келген 20-30 оқушы, кейде 40-45 оқушы үшін де жауап беретінін айтып, әріптестер пандемия кезінде бұл жұмыстың одан әрі ауырлап кеткеніне назар аударды. Себебі, үйінде, ата-анасының қарамағында отырған бала үшін де жауап бересің дейді. Бәрінен де қынжылтатыны, іске асырған тәрбие жұмысы барысында әр басқан «қадамына» қағаз толтырып, есеп беру толастамайды. Тіпті, аптасына бір сағат «өткізілетін» сынып сағатының хаттамасын тапсыртқызады деп шағымданады сынып жетекшісі.

Сынып сағаты да мән-мағынасын жоғалтып, бүгінгі таңда өзектілігінен ажырағанын білдік. Екі ауысымның немесе сабақ арасында өткізу керек болған шараның құндылығы жоғалып, әбден қадірі кеткенін алға тартып, көзбояушы жүктемені алып тастаған жөн екендігіне тоқталды мұңайған мұғалімдеріміз. Жинақталған пікірлерді саралағанда мектептегі тәрбие жұмысы жүйесінің бұзылып, тіпті оның тұжырымдамалық негіздері де жан-жаққа шашырағаны аңғарылады.

Оның үстіне, «Педагог мәртебесі туралы» заңнама аясында бекітілген мұғалімді қағазбастылықтан босату туралы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы осы күнге дейін толығымен іске аспай тұрған сыңайлы. «Тәрбие, тәлім-тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін жүйелі процесс». Туындаған мәселе күрделілігіне байланысты жуық арада мектептегі тәрбие беру мәселесін бір жүйеге келтіріп, тұжырымдамалық негіздерін айқындайтын кез келгенін көрудеміз.

Әрі белгіленген басым бағыттар бойынша қалай және қандай іс-шаралар, пәндер, қосымша білім арқылы іске асырылатындығы нақтыланғаны дұрыс. Тәрбие жұмысы бойынша жүргізілетін құжаттар тізімі бекітілуі қажет. Әйтпесе педагогика шеңберінде сыныптағы балалармен және ата-аналармен жүргізілетін жұмыс жоспары, балалардың социометриясы мен психодиагностикасы, одан артық жұмыстың барлығы көзбояушылық пен уақытты зая кетіру болады.

Және, мектептің белгілеген өзіндік жұмыс және даму жоспарының іске асуына кедергі жасайтын,  қаптап кеткен мемлекеттік ұйымдарының араласуына заң шеңберінде тыйым салу  сұралады. Өйткені, мектептегі бала тәрбиесі тек іс-шаралар арқылы емес, сонымен қатар әр сабақта, әр алған дәрістен, тіпті қоршаған ортада қалыптасқан қарым-қатынас арқылы іске асатын үрдіс.  Құқық қорғау ұйымдарының «адал болыңдар» деп «жолдаған» қағазынан бойларына адалдық сіңіп кетпейді.

«Адамға ғылымнан бұрын тәрбие беру керек. Тәрбиесіз ғылым зұлымдыққа апарады». Дүние жүзін жайлаған індеттің салдарын ой елегінен өткізетін болсақ, тәрбие жұмысы да заман талабына қарай жаңаша бет бұруы кезек күттірмейтін маңызға ие. Себебі, техногендік апаттарға қосылған биогендік өзгерістер адамның психологиясына, мінез-құлқына, тұрмысына әсер етпей қоймайды. Әрине, бұл ертең отбасының, қоғамның, мемлекеттің, ұлттың тұрақтылығынан да көрініс табады.

Сондықтан, сапалы білім беру желеуімен саналы тәрбие беруді назардан тыс қалдырмай, ең басты адами құндылықтарға назар аударып, адамгершілігі мол, мейірімді, зерделі, отансүйгіш сияқты қасиеттерді бойына сіңірген тұлғаны қалыптастырумен қатар отбасы институтының нығаюын басшылыққа алуымыз қажет. Өйткені, Отан – отбасынан басталады. Ал, тұрақты отбасы – ол өркениетті мемлекет.

 Дана РАУ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий