Ауылдың парасатты абызындай

Ұл-қыздарына ардақты әке, немерлеріне аңыз ата, шәкіртеріне ұлағатты ұстаз, құрдастарына адал дос, жерлестеріне қамқор бола білген ұлағатты ұстаз, білікті басшы Қодаров Аманқос Қалиұлына жергілікті жұрттың құрметі ерекше. Шебір жерінде 1948 жылы тамыздың тамылжыған алғашқы күні, Қали мен Ақарудың тұла бойы тұңғыштары Аманқос дүниеге келген.

Кіндік шешесі – Тастемір Күзембайдың кемпірі – Қани. Бұлар, арғы бабасы Жүзбай байдан жұғысты болып келе жатқан жомарттықпен, кіндік кесерге анау-мынау емес, білдей түйе беріпті. Оны Бибі шешесі (кәкесі Қодардың екінші ағасы Найзабектің әйелі) бауырына басып, алты жастан асқанша бағып қаққан. Ата-анасы Бибі шешелерінің қас-қабағына қарап, қашан көзі жұмылғанша жағдайын жасап, күтімде ұстады.

1967 жылға дейін үш жыл қатарынан, қыста шопан болып, жазда трактор жүргізіп жүріп, мектептегі тоғызыншы, оныншы, он бірінші сыныптарды сырттай, еңбектен қол үзбей оқып бітірді. 1971 жылы оқу орнын үздік бітіргеннен соң, елге оралысымен совхоз орталығы Шайырда физика пәнінің мұғалімі болды. Содан да болар, физика олимпиадасына, техникалық көрмелерге қатынасқан талапты балалар өздерінің білім деңгейлерінің биіктігін көрсете білді. Жүлделі орындарға ие болды.

1981 жылы Қызан ауылындағы Әліби Жангелдин атындағы орта мектепке директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1984 жылдан 1996жылдың қарашасына дейін сол мектепте директорлық қызмет атқарды. Осы уақыттар аралығында Ә.Жангелдин мектебі, Маңғыстау ауданы бойынша алдыңғы қатардағы мектептердің біріне саналып, көш басынан көріне білді. СССР оқу министрлігінің марапатын алып, КСРО-ның Құрмет грамотасы табысталған Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздік қызметкері.

1996 жылдың қарашасынан бастап, аудан басшысының өкімімен Тұщықұдық селосына әкім болып тағайындалды. Ол кезде Шебір ауылы да Тұщықұдық әкімшілігіне қарайтын. Туған ауылы Шебірдің көп нәрседен кенжелеу қалып жатқандығын көріп жүріп қол қусырып қарап отыруға дәті шыдамады. 1999 жылы орта мектеп есігін айқара ашып, көп ұзамай 2002 жылы Шебір ауылы өз алдына әкімшілік округі болып құрылды. Бұл да күш жұмсаған жемістің нәтижесі әрине.

Ол басқаратын Тұщықұдық ауылы аудан аумағындағы үздік әкімшілік дәрежесіне жетті. Ол өзінің қойған талаптарының орындалуын ауылды аралай жүріп, жіті бақылайтын. Қазіргі кезде құрметті демалыстағы аға буын ардагер ағамыздың үлгілі ісі жас ұрпаққа үлкен өнеге. Бақытты жанұяның отағасы немерелерінің тәтті қылықтарына тамсанып, аталық ақылы мен керек кеңесін айтудан жалыққан емес.

Гүлсара МАМБЕТАЛИЕВА,
Шахмардан Есенов атындағы Каспий
мемлекеттік технологиялар және инжиниринг
университетінің аға оқытушысы, магистр,
Маңғыстау облысының Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий