Ұстаз – ғалым және ұлттық тәрбие мәселелері

Ұстаз! Осынау қастерлі де қасиетті атқа лайық мамандар көп болса, Қазақ елінің болашағы жарқын болары анық. Тек, ұлтым деген ұстаздар ғана «қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болып» (С.Торайғыров), қазақ баласының санасына білім мен тәрбиенің нәрін құйса ғана келешегіміз кемел болмақ. Иә, кәсіби білікті, нағыз ұлтжанды ұстаздар ғана намысшыл ұрпақ, білімді шәкірт тәрбиелейді, ол – мемлекетшіл тұлға қалыптастырудың алғышарты. Тіршілікте ғұмыр кешіп, өмірде де, ғылымда да өз орныңды табу – үлкен бақыт. Қарымды еңбек етіп, өз жөніңді, өз жолыңды білу – ол да бір берекелі іс.

Адам болып аяқ басқан соң, азамат боп қалыптасу – əркімге парыз. Тек ізденіс пен күрескерлік, талап пен табандылық қана адамды парықты істің парасатына бөлейді. Міне, осындай ізгі мұрат жолында іргелі іс атқарып, ел ағасына айналған ғалым, əрі ұстаз – Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы, әдебиеттанушы-ғалым Ахат Нұртас Ахатұлы.

Нұртас Ахатұлы 1982-1987 жылдар аралығында Көкшетаудағы байырғы жоғары оқу орны Ш.Уәлиханов атындағы педагогикалық институтының қазақ филологиясы факультетінде білім алып, өзінің әдебиетке, білім мен ғылымға деген құштарлығын сол студенттік кездің өзінде көрсете және дәлелдей білген ұстаз. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей оның білім мен ғылымға деген құштарлығының жоғары болуы дәріс берген ұстаздарына байланысты ма деп те ойлаймын. Өйткені, институт қабырғасында Нұртас Ахатұлының дәріс алған ұстаздары өте тәжірибелі, әрі тіл білімі мен ғылымының майталмандары еді.

Оған дәлел ретінде салмақты да, байсалды, өмірге сергек, ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтын жұмысын тыңғылықты, тиянақты атқаратын аса бипаз, қой көздерінен ерекше нұр, мейірім төгіп тұратын, қиын жағдайлардан шығуда тәжірибесі жетіп артылатын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Жағыпар Мұсаұлы Мусинді, сондай-ақ, салмақты, қоңыр үнді, мейірімді, жылы жүзді, бар тұлғасынан аса тәрбиелік пен бекзаттық есіп тұратын зиялы жан, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Нарбай Сафиянұлы Ыбыраевты, шұрайлы сөздің шебері, филология ғылымдарының докторы, профессор Оғаз Арыстанғалиұлы Сұлтаньяевты, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы Есмағұлов Аманжол Ыдырысұлын және тағы да басқаларды айтуға болады.

«Болмасаңда, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз»-деп Абай атамыз айтқандай осындай ғалым ұстаздардан дәріс алған Нұртас Ахатұлының ғылым жолын таңдауы заңды да. Нұртас Ахатұлының ғылыми ізденістерінің негізгі өзегі – ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық педагогика мәселелері. Оның тырнақалды еңбегі 1996 жылы республикалық баспа кабинетінде (Алматы қаласы) басылып шыққан «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері» деп аталады. Шағын ғана бұл еңбек мынадай тақырыптарды қамтиды.

Ер бала тәрбиесіндегі ұлттық бағыт; ұлттық педагогиканың тұрмыс-салт жырларындағы көрінісі; бесік жыры және бесік тәрбиесі арасындағы байланыс; тұсау кесу жырындағы тәрбие көрінісі. Автор бұл еңбегінде қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының философиялық мәнін терең ашып, олардың халықпен, ұлтпен ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқанын тілге тиек етіп, бала тәрбиесіндегі алар орны мен маңызын жан-жақты баяндайды. Кеңестік кезеңде осы бір маңызды философиялық категорияны жоғалтудың аз-ақ алдында қалғанымызға өкініш білдіріп, келешектен үлкен үміт күте отырып, ұрпақ тәрбиесінде халықтық педагогиканы қолданудың тиімді жолдары мен әдістерін ұсынады. 

«Ер бала тәрбиесіндегі ұлттық бағыт» тақырыбында қазіргі жылдам өзгермелі заманда ұлтымыз үшін атқарылар игілікті істердің бірі – келешек ұрпақты ұлттық дәстүрде тәрбиелеудің кешенін (комплексін) жасау екендігін ұсына отырып, бүгінгі күні өзекті болып отырған ер бала тәрбиесін халықтық педагогика негізінде жүзеге асырудың ғылыми тұжырымдамасын жасау, шешімін күтпес істердің бірі екендігін қадап айтады. Сонымен қатар ХХІ ғасырда басқа ұлттармен тең дәрежелі өмір сүру үшін ер бала тәрбиесін жүргізудің бағыттары мен атқарылуы тиіс жұмыс түрлерін нақтылайды.

Автор ер бала тәрбиесін үш бағытта жүргізіуді ұсынады. Олар: жанұяда, балабақшада және мектепте. Осы бағыттардың әрқайсысында жүргізілетін жұмыс түрлерін жүйелейді. Мәселен, «жанұя» бағытында әлемдік өркениетте көшбасшы болып отырған Жапондардың тәрбиелік үлгісін қолдануды ұсынса, «балабақша» бағытындағы бағдарламаның көңілден шықпайтынын сынға ала отырып, оның себебін ашып көрсетеді. Ол: қазақ тілді балалар мен орыс тілді балалардың бір топта тәрбиеленетіндігі.

Бұл үрдіс әрине, баланың ұлттық санасының қалыптасуына кері әсер ететіні шындық. «Мектеп» бағытында халқымыздың «Он үште – отау иесі» деген нақыл сөзінің мағынасын философиялық тұрғыдан түсіндіре келе 13 жастан бастап ер бала бір шаңырақтың жүгін көтере алатын, ел қорғауға даяр, ой-өрісі жетілген, ақыл-парасаты өрбіген азамат болып есептеледі, сондықтан ата-бабамыздың ер бала тәрбиесіндегі игі дәстүрін қазіргі заман талабына сай дамытып, жетілдіру қажет екендігін ұсынады.

Осы орайда бастауыш сатыда берілетін білім мазмұнында тек ұлттық бағдарламаның жүйесі болу керектігін және бастауыш сатыдан бастап үш тілділік білім беру ұлттық тәрбие берудегі үлкен тосқауыл екендігін ғылыми дәйектермен дәлелдейді. Сондай-ақ бұл еңбекте қосарлама тәрбие ұғымына анықтама беріліп, оның бала тәрбиесіндегі атқаратын рөлін ашады. «Қосарлама тәрбие дегеніміз – отбасындағы, туған-туысқан, ағайын-жегжат арасындағы еңбектеген жастан еңкейген кәріге дейінгі барлық адамдардың тұрмыстағы күнделікті рухани рәсімдерінің барлығының көз алдында ортақ өткізілуі», – дейді.

Әрі баланың жас сәбиден бозбала, бойжеткенге дейінгі аралықтағы өткізілетін ұлтымыздың салт-дәстүр, әдет пен ғұрыпқа байланысты барлық рәсім түрлерін ересектермен бірге көріп, бірге араласып, тең дәрежеде бөлісетін болса, баланың санасына берік сіңіп, оның мәні мен мағынасын жақсы түсініп, болашақта осы дәстүрді жалғастырып, ұлтжанды азамат болып қалыптасуына зор ықпал етер еді деген ойын білдіреді. Осыған орай автор әдебиет сабақтарында «Тұрмыс-салт жырлары» тақырыбын өткенде пәнаралық байланыс тұрғысынан осы мәселе терең түсіндірілуі қажет, тіпті интеграцияланған сабақтар (әдебиет – педагогика – тәнтану) өткізілсе тиімді болар еді деген әдістемелік жолын да ұсынады.

Нұртас Ахатұлы өзінің көп жылғы ұстаздық жолында білім мен ғылым саласындағы өзекті мәселелерді дөп басып, оларды шешудің конструктивті жолдарын көре білетін стратегиялық тұрғыда ойлайтын ғалым-ұстаз ретінде көпшілікке әлдеқашан танылған. Енді кейіпкеріміздің ұстаздығы жайлы көкейге түйгендерімді, өзіндік байқауларымды ортаға салайын. Менің ұғымымда жақсы ұстаз – ең алдымен, жақсы «лектор» деген бағамен астасып тұрады. Ол бәрінен бұрын өз пәнінің керемет білгірі болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Нұрекеңнің дәрісі несімен ерекшеленеді? Дәріс оқудағы шеберлік сыры неде?

Дәрісхана – білімнің қасиетті ұстаханасы. Онда әрбір ұстаздан өзінің балаң ойын жетілдірер, жанына рухани азық берер деп үміт күткен келешек отыр. Сондықтан, оған қалай болса солай, ойыңа не келсе соны айту үшін емес, үкілеген үмітті ақтау үшін кірген жөн. Аудиторияға кіргеніңнен шыққаныңа дейінгі әр қимылыңнан, әр ісіңнен өнеге, үлгі шашылып, әр сөзіңнен шәкірт санасына шапағатты нұр құйылуы керек. Әйтпесе, дәрісханаға жолаудың қажеті шамалы. Нұрекең – осыны терең түсінетін, жете ұғынатын жан. Ғалымның дәрістері мазмұн тереңдігі және материалды түсіндіру ерекшелігімен айырықша болып, студенттерінің арасында ерекше ілтипатпен қабылданады.

Меніңше, ұстаз деген ұлы ұғымға сай болу үшін, осы жолды мұрат тұтушының бойында бірін-бірі толықтырар үш қасиет тоғысуы керек. Біріншісі – білім, екіншісі – білік, үшіншісі – жауапкершілік. Міне, осы үшеуі бар жерде ұстаз бар, ал осы үшеуі болмаған жерде ұстаз да жоқ. Нұрекеңнің бойында осы үш қасиет біте қайнасып, бөлінбес бүтіндік құрайды. Бірге жүріп, қатар еңбек еткен 30 жылдан аса уақытта біздің бұған көзіміз әбден жетті.

«Ұстаз деген өз уақытын аямау, өзгенің жанын аялау» деген қанатты сөз – Нұртас Ахатұлының жанымен рухани үндестік тапқан ұғым. Ол кісі шәкірттерге дәріс оқыған кезде өзгеше бір рахат күй кешіп, жүзі нұрланып, көзі оттай жанып, жаны жадырап, шабыты келіп, дүниені ұмытып кетеді. Берілген 90 минутта ол кісі өзгеше әлемге енеді. Таптаурын болған, кітаптан кітапқа көшіп жүрген, жауыр болған тіркес, жадағай тұжырымдар емес, иі қанған, жөнді қисындар, өзгелердің ойына келмес өзіндік түйіндер. Міне, студенттің санасын байытып, көкейіне қонып, жүрегіне ұялап, жанына дәру болып құйылып жатқан білім нәрі дәрістегі осындай қасиеттерден студент білімге қанып шығады ғой.

Шәкірт кеудесіндегі үміт отын жаға білген оқытушы ғана нағыз ұстаз. Нұрекең шәкірт бойындағы жылт еткен көмескі ұшқынды көре білетін ұстаз. Ұқыптыны ұнатып, зеректіні әспеттейді. Қыңыр мінездіге қырсығып қалып, кер жалқауды жаны жаратпайды. Несін жасырайық, кейбір ұстаздардың лекциясын оқып, сабағын беріп, одан өзге іске мойын бұрмайтыны рас. Нұрекең ондайлар санатынан емес. Басшылық қызметте жүрсе де шәкірт баулу ісінің қандайынан болмасын тыс қалмайды. Бәріне қатты көңіл бөледі. Бұған дәлел ретінде ауылдан келген жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді, жастардың бойына ұлттық ар-намысты сіңіру мақсатында жеке бастамасымен құрылған «Ар-Намыс» жастар клубының жұмысын өзінің жүргізуін айтуға болады.

Қандай қауырт жұмыстары болып жатса да клуб жұмысы аптасына бір рет өткізіледі. Нұртас Ахатұлы бүгінгі мерейлі тойына қомақты қоржынмен келіп отыр десем қателеспеймін деп ойлаймын. Өйткені, оның қаламынан осы уақытқа дейін ұлттық құндылықтарды халықтық тәлім-тәрбиені зерттеп саралаған, Ел мен жер тағдырын, білім беру саласындағы ойландарып жүрген өзекті мәселелерді зерделеген «Тұрмыс-салт жырларындағы ұлттық педагогика мәселелері», «Орынбай ақынның әдеби мұрасы», «Алаштың Алмас ақыны», «Қос арна», «Қазақтың Ары – честь казаха», «Сөз және сурет», «Ел» сияқты ғылыми-сараптамалық және монографиялық еңбектері жарық көрді.

Бұл еңбектер болашақ ұрпақты тәрбиелеуде және оқытуда маңызды оқу құралдары ретінде қолданылып келеді. Менің ойымша, алпыс жас адам өмірінің айтулы бір белесі, яғни осы жасқа дейін халқым үшін не іс тындырдым, деп есеп беретін, болашаққа жоспар жасайтын кезең. Ендеше, Нұртас Ахатұлының есебі – оның еңбектері, болашағы – балалары мен немерелері. Нұртас Ахатұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, қиындығы мен қызығы мол қызметіне шығармашылық табыс, қаламына қарым, ойы орамды, рухы асқақ болсын деген тілек білдіремін.

Өмірбек Шаймұратұлы ТӨЛЕГЕН,
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ
педагогикалық колледжінің оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі,
Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері,
ҚР білім беру ісінің үздігі, Ақмола облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий