“Қазақ әдебиеті” пәні бойынша білім алушылардың білімін толықтырудың маңызы

2021-2022 оқу жылының басты міндеттерінің бірі – шектеу шаралары кезіндегі оқу жылдарында жіберілген білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды анықтап, олардың орнын толықтыру және жаңа оқу жылының оқу бағдарламасын меңгерту. Оқу жылының басында «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша өткен оқу жылдарында жіберілген білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру және жаңа оқу жылының оқу бағдарламасын меңгерту бағытында мақсатты шаралар жыл бойы жүргізілуі тиіс.

Соған байланысты пән мұғалімдеріне білімдегі олқылықтарды толықтыру жұмысының бірнеше кезеңдері ұсынылады: кешенді диагностикалық жұмыс жүргізу; жұмысты жоспарлау; жүзеге асыру; мониторинг жүргізу. Диагностикалық жұмыс: Пән бойынша өткен оқу жылдарының оқу бағдарламасындағы тақырыптар мен оқу мақсаттары бойынша диагностикалық бақылау жұмысы жүргізіледі. Ол үшін алдымен күрделі деген оқу мақсаттарын іріктеп алып, сол бойынша тапсырмалар әзірленеді. Жүргізілген диагностикалық бақылау нәтижесі бойынша өткен оқу жылдарында оқытылған тақырыптар мен оқу мақсаттарынан білімінде олқылықтары бар білім алушылардың саны арқылы күрделі тақырыптар мен оқу мақсаттары анықталады. Егер тапсырманы өз деңгейінде орындай алмаған оқушылардың саны көп болса, онда сол оқу мақсаттары күрделі болып есептеледі.

Жоспарлау кезеңі: Жаңа оқу жылында іске асырылатын оқу мақсаттарына өткен оқу жылдарының сәйкес келетін оқу мақсаттарын кіріктіре отырып, қысқа мерзімді сабақ жоспарларын құрастыруға болады. Ал сәйкес келмеген оқыту мақсаттары бойынша білімдегі олқылықтардың орнын толықтыру үшін жеке немесе топтық жұмыс жоспарларын әзірлеу ұсынылады. Жүзеге асыру кезеңі: Жаңа сабақты жоспарлаудың алдында өткен оқу жылдарындағы оқу мақсаттары бойынша білімінде олқылығы бар оқушыларға алдын ала тапсырмалар әзірленеді.

Оқу мақсаттарын жаңа сабаққа кіріктіру мүмкін болмаған жағдайда ата-аналары немесе заңды өкілдерінің келісімімен білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру бойынша жаңа сабақтың алдында, каникул күндері (күзгі, қысқы, көктемгі), жазғы мектеп кезінде консультациялар/жеке консультациялар, қосымша сабақтар ұйымдастыру арқылы жүзеге асыруға болады. 

Мониторинг жүргізу кезеңі. Бұл кезеңде пән бойынша білім алушылардың біліміндегі олқылықтардың орнын толықтыру мақсатында жүргізілген жұмыстарға әр тоқсанның соңында талдау жасалады. Сондай-ақ білімдегі олқылықтарды толықтыру бойынша қарастырылған оқу мақсаттарын формативті бағалауда, БЖБ және ТЖБ тапсырмаларын құрастыруда ескерген жөн. Қысқа мерзімді сабақ жоспарын әзірлеуде үлгі ретінде кіріктіріп өткізуге ұсынылатын күрделі оқу мақсаттарына тоқталсақ.

4-сыныптың «Әдебиеттік оқу» пәнінің оқу бағдарламасындағы «4.1.3.1 шығарманың тақырыбы және қорытынды бөлімі негізінде сюжеттің дамуын болжау, оның себебін түсіндіру» деген оқу мақсатын 5-сыныптағы «5.1.1.1 әдеби шығарманың жанрына қарай фабуласы мен сюжеттік дамуын сипаттау» деген оқу мақсатымен кіріктіруге болады. 5-сыныптағы «5.2.3.1 шығармадағы тілдік бейнелеу, суреттеу құралдарының (теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы) мағынасын анықтау» деген оқу мақсатына сабақ жоспарлау кезінде 4-сыныптағы «шығармадан әдеби көркемдегіш құралдарды (теңеу, кейіптеу, эпитет, аллитерация, әсірелеу) табу және оларды қолдану» оқу мақсатын кіріктіру арқылы 4-сыныпта жіберген білімдегі олқылықты толықтыруға болады.

5-сыныпта бастауыш сыныптан келген оқушылар эссе жазуды бірден меңгеріп кете алмайды. Сондықтан 4-сыныпта өткен «4.1.5.1 өз ойын, сезімін, көзқарасын өмірде болған, өзге шығармадағы ұқсас оқиғалармен салыстыра отырып білдіру» деген оқу мақсатын қайталап, сол бойынша жұмыс жүргізу арқылы эссе жазуға үйреткен дұрыс. 5-сыныпта «5.2.3.1 шығармадағы тілдік бейнелеу, суреттеу құралдарының (теңеу, эпитет, ауыспалы мағынадағы сөздер, қайталау, өлең құрылысы) мағынасын анықтау» деген күрделі оқу мақсатын 6-сыныптағы «6.2.3.1 шығармадағы көркем ауыстыруларды (троптарды: метафора, кейіптеу, метонимия, гипербола, литота, аллегория, антитеза, градация, арнау) анықтау» оқу мақсатымен біріктіріп, тапсырмалар ұсыну;

«5.3.2.1 кейіпкерлерді шынайы өмірмен салыстырып бағалау» деген оқу мақсатын 6-сыныпта «6.3.1.1 шығармадағы кейіпкерлерді өзара салыстыра отырып, тарихи және көркемдік құндылығына баға беру», «6.3.2.1 кейіпкерлер жүйесінің заманауи жаңашылдығын өзара салыстырып баға беру» деген оқу мақсаттарына жаңа сабақты жоспарлау кезінде кіріктіру; 7-сыныпта «7.2.4.1 шығармадағы оқиға желісін өзіндік көзқарас тұрғысынан дамытып жазу» деген оқу мақсатын 8-сыныптағы «8.2.4.1  шығармадан алған үзінділерді қайта өңдеп  креативті жазу» оқу мақсатымен;

«7.3.1.1 кейіпкерлердің іс-әрекеті мен автор берген портреттік мінездемені салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығына баға беру» деген оқу мақсатын «8.3.1.1 шығарманың тақырыбы мен идеясын осы тектес басқа шығармалармен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау» оқу мақсатына кіріктіріп, сабақ жоспарлау ұсынылады. Жаңа оқу жылының бағдарламасына сәйкес келмейтін күрделі оқу мақсаттары бойынша жеке консультациялар өткізуге ұсынылатын күрделі тақырыптар мен оқу мақсаттары:

6-сыныпта: «6.1.3.1 әдеби туындыдағы кейіпкердің типтерін тек тұрғысынан сипаттау»; «6.3.4.1 шығармада көтерілген мәселенің әлеуметтік рөлі туралы сыни хабарлама жасау»; 7-сыныпта: «7.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлердің типтерін жасалу тәсілдері тұрғысынан анықтау», «7.3.4.1 әдеби шығарманың эстетикалық құндылығы туралы шағын сыни шолу жазу»; 8-сыныпта: «8.1.3.1 көркем шығармадағы кейіпкерлерді сомдауда тура және жанама мінездеулерді жіктеу», «8.3.4.1 шығарма бойынша  жазылған әдеби сын-пікірлерге сүйене отырып, өзіндік сыни пікір жазу;

9-сыныпта: «9.3.4.1 әдеби шығарманы  қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдап, шағын сын мақала жазу». 5-9-сыныптарда «Қазақ әдебиеті» пәнінен оқытылатын шығармалардың ішінде өткен оқу жылдарында толық оқуға мүмкіндік болмаған немесе оқушыларға қол жетімсіз болған шығармаларды қосымша сыныптан тыс не каникул кездерінде оқуға ұсыну қажет. Білім алушылардың біліміндегі олқылықтарды толықтыру жұмыстарында.

1) пәнді оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін (саралап оқыту, кейс-стади, тақырыптық талқылау, іскерлік ойын, жобалық және зерттеу жұмыстары, модульдік оқыту және т.б.) қолдану; 2) білім алушылардың білім сапасына жүйелі мониторинг жүргізу кестесін әзірлеу және талдау жұмысын жоспарлау; 3) БЖБ, ТЖБ нәтижелері негізінде білім алушылардың білім сапасына жүйелі мониторинг жүргізу және талдау; 4) білім алушылардың білім сапасына жүргізілген мониторинг жұмысының нәтижесін әдістемелік бірлестікте, әдістемелік кеңесте, педагогикалық кеңесте талқылау ұсынылады.

Мұғалімнің сабаққа әзірлейтін тапсырмалары келесі критерийлерге сәйкес болуы қажет: тапсырманың, оның мақсаты мен орындалуының қолжетімділігі; сараланған тапсырмаларды ұсыну; сын тұрғысынан ойлауды дамытуға мүмкіндік беру; проблемалық оқытуға негізделуі; бағалау мүмкіндіктерінің бар болуы. Эссе, шығарма жазу, презентация жасау және тағы да басқа тапсырмалар беру барысында мұғалімге оқушыларды тапсырманың критерийлерімен таныстыру ұсынылады.

«Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» пәндері бойынша бір сабақта бірнеше оқу мақсатын кіріктіріп алуға болады. Ол үшін мұғалім оқу мақсаттарының комбинациясын шебер пайдалана білуі керек. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері оқушыларды өздігінен білім алуға, шешім қабылдауға қабілетті ынталы, қызығушылығы жоғары, өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары, өзінің және өзгенің іс-әрекетіне талдау жасай алатын жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталған қағиданы ұстанады.

Мұғалімдер оқушылардың бойында бұл қасиеттерді әртүрлі оқыту тәсілдерін қолдану арқылы тәрбиелейді және дамытады: сенімді қатынас пен ынтымақтастық ахуалын қалыптастыру үшін жағдай жасау; әрбір оқушының жеке пікірін тыңдау және алынған білімдер мен түсініктерді қолдану, оларды дамыту маңыздылығына мән беру; іс-әрекеттердің белсенді түрлерін ұйымдастыру және тиянақты сараланған тапсырмалар мен жаттығулар арқылы ынталандыру және дамыта оқыту; оқушылардың сабақта зерттеу жұмыстарын жүргізуін қажет ететін проблемалық жағдаяттар туындату және проблемаларды шешу стратегияларын модельдеу және көрсету; «оқу үшін бағалауды» қолдану арқылы оқушылардың оқуына қолдау көрсету.

Белсенді оқуға және зерттеу жобаларын орындауға негізделген оқушылардың зерттеу іс-әрекеттерін қолдау; оқушылардың сын тұрғысынан ойлау дағдыларын дамыту; өз ойын жеткізе білу және дәлелдер келтіре алу, мәселелерді анықтау үшін өз пікірлерін жеткізу, болжам құру және ұсыныс жасау қабілетін дамытуға ынталандыратын жағдайлар жасау; оқушылардың жеке мүмкіндіктерін және жас ерекшеліктерін есепке ала отырып, сараланған тапсырмалар әзірлеу; жеке, жұптық, топтық және ұжымдық оқыту әдістері белсенді қолданылатын жалпы сыныптық жұмыс түрлерін ұйымдастыру.

Оқушыларды оқытудың ең жоғары стандарттарын қамтамасыз етуде мұғалімдердің қолданатын оқыту тәсілдері (яғни, педагогикалық әдістемелер) маңызды болып табылады. Оқытудың барлық аспектілері сындарлы оқыту теориясымен үйлеседі. Сындарлы оқыту тәсілдері білім берудің «дәстүрлі» әдістерімен салыстырғанда, оқыту кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сындарлы оқыту тәсілдері оқушылардың алдыңғы білімдерімен ұштастырыла отырып, жаңа білім алуы туралы тұжырымдамаға негізделген. Бұл жерде ең маңыздысы: оқушылардың алдыңғы алған дағдылары жаңа дағдыларды меңгеруге ықпалын тигізеді, ал егер ол ескерілмесе, онда білім тереңге бармай, үстірт меңгерілген таяз білім болады.

Мұндай үстірт білім оқушыға қазіргі әлемде жетістікке жету үшін қажетті жоғарыда аталған сын тұрғысынан ойлау, рефлексия және басқа да дағдыларды, алған білімін өмірде қолдануына кері әсерін тигізеді. Оқушылар білімді толықтай меңгеру үшін ақпаратты енжар қабылдамай, сабаққа белсенді қатысуы керек. Оқушылардың алған білімдерімен жұмыс істеуіне, оны әрі қарай өңдеп, өз дағдыларын арттыруға мүмкіндік беретін тапсырмалар орындауға жағдай жасау маңызды.

Жанбота ЕСЕПБАЙ,
Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық

білім Академиясының аға ғылыми
қызметкері, педагогика ғылымдарының
магистрі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий