Мәдениет және руханият

ҚР Президенті Қасым – Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 – қыркүйегіндегі Қазақстан халқына  «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі»  атты Жолдауында биылғы жылы ел болғанымызға 30 жыл толып отырғанын, біздің ең қастерлі құндылығымыз тәуелсіздік екенін  атап көрсетіп, «Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. 

Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда»  деп,  қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңіндегі халықтың жәй – күйі мен жастардың болашағына аса мән бере отырып, әр адамның жан –дүниесіндегі тыныштық тұрақты болғанда ғана тәуелсіздіктің дәмін сезе алады деп тұжырымдайды. Олай болса «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру бағдарламасының негізіне алынып отырған  жалпыадамзаттық құндылықтар  Жолдаудың бағытымен үйлемділік тауып отырған жоқ па.   Жолдауда айтылған жаһандық өзгерістердің белгісінің бірі – бүкіл жер бетіндегі бірыңғай өркениеттің  қалыптаса бастауы, бүкіл адамзаттың тағдырының ортақтығы.

Сондықтан жалпыадамзаттық білім кеңістігінде  тұлға  мәдениетін қалыптастырудың  қажеттілігі туындап  отыр.  Олай болса  қазіргі жастар ұлттық мәдениетпен қоса, жалпы адамзаттық мәдениетті игеруі міндет. Сол  себепті  Қазақстанның білім беру жүйесінің басым бағыты  мәдениетті  тұлға қалыптастыру болып табылады. Неге  мәдениетті тұлға  қалыптастырамыз? Себебі жеке тұлғаның өлшемі, тәрбиелік деңгейі мәдениет арқылы көрініс береді. Олай болса, «мәдениет» ұғымын талдап көрейік. Батыс ғалымдары (Э.Тейлор, Эванс-Притчард, А.Кребер тағы да сол сияқты мәдениеттің ауқымы кең, күрделi, көпқырлы құбылыс екендігіне, оны кең мағынада құндылықтар жүйесi деп түсiнуге болатындығына тоқталады.

Ал қазақстандық ғалымдар (Ә.Хасенов, Н.Құрманбаева, Ж.Алтаев, Т. Ғабитов, А.Қасабеков, А.Сейдiмбек)  мәдениеттi философиялық, антропологиялық, әлеуметтану, этнологиялық тұрғыдан  анықтаған. Тәрбиені мәдениет тұрғысынан қарастырған В.А.Сластенин, И.В.Исаев, Е.Н.Шиянов, С.Қ Қалиев және басқа да танымал ғалымдардың  классификасын негізге алып «мәдениет» ұғымын сараласақ «Мәдениет дегеніміз тарихи даму барысында адамдар жасаған материалдық және рухани  игіліктердің жиынтығы. Мәдениет  – адам әрекетінің саналы қызметінің көрінісі».

Мәдениеттанушы ғалым Л.Уайт мәдениеттi бiртұтас жүйе ретiнде қарастырып, оны технологиялық, әлеуметтiк және идеологиялық салаларға бөледi. Оның пайымдауынша технологиялық саланы табиғат игiлiктерiмен, оны жасайтын құралдар арқылы адамдар бiр-бiрiмен және адам-табиғат өзара қатынасқа түседi. Әлеуметтiк салада адамдар арасындағы туыстық, экономикалық, саяси, этникалық, әскери, кәсiби қарым-қатынас қалыптастырылады. Ал идеологиялық салаға идея, дiни сенiм, бiлiм, нышанның түрлерi, мифология, ғылым, халық даналығы жатады.

Сонымен, осындай жүйелеу бойынша мәдениет – материалдық және рухани құндылықтардың жиынтығы болып табылады.  Мәдениет латын тілінде «өңдеу»,  «баптау» дегенді білдіреді. Оның екінші мағынасы «рухты дәріптеу». Қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе – мектеп оқушыларын рухани дамыту.  Рухани даму тұлға мәдениетін қалыптастырудың өзегі болып табылады. Даму  дегеніміз адамның тәндік, жандық және рухтық сипатының біртұтас үйлесімділікте өрбуі. Сондықтан қазіргі адам танымының жаңа кезеңінде адамзаттың тәжірибесімен байытылған «рух-жан-дене» үштігі қалпына келуде.

Академик Ә.Нысанбаев “Егер де қоғамдағы жеке тұлға ұғымын айқындауда руханилық негізгі мәнге ие болса, рух басымдылығын мойындау мемлекеттің зайырлы сипатына сәйкес келе ме?”, – деген сұраққа төмендегідей тұжырым жасайды: – Руханилық адамның абсолюттiк Ақиқатқа сөзсiз қатыстылығы ретiндегі осы ақиқатты мойындауды бiлдiредi. Тек Адам ғана Ақиқатқа ұмтылыс жасайды. Рухпен, Құдыреттi Жаратушымен үндеспеген руханилық өзiнiң мәнiн жоғалтады. Дүниеге материалистiк көзқарас руханилықты Рухтан ажыратуға тырысып, оны тек потенциалды шексiздiк аясында түсiндiредi, яғни руханилық, ол дүниеге этикалық, эстетикалық, танымдық көзқарас.

Осындай көзқарастағы адамның iзгiлiк пен сұлулықтың Ақиқатын түсiнуге, шынайы мейiрiмдiлiк пен рахымдылыққа, ақиқатқа ұмтылуға, өз өмiрiн Жаратушыны тануға бағыттау қабiлетi болар ма екен?». Ал рухани ұстаздар мәдениет туралы:  «Мәдениет – жалпыға бірдей руханият ұғымының бөлігі немесе екеуі Ақиқаттың ажыратуға келмейтін екі жағы» дейді. Мәдениет пен руханият  түсінігін көпшілік әртүрлі ұғым түрінде қабылдайды. Керісінше мәдениет дегеніміз, руханияттан туындайтын түсінік. Әртүрі тәтті тағамдардың барлығына ортақ қант секілді, руханият та сан алуан халықтар мен елдердің мәдениеттеріне ортақ.

Біз пендешілік және руханилықты екі бөлек және бір-бірімен байланыспаған нәрсе деп емес, бөлінбейтін реалдылықтың немесе Ақиқаттың екі жағы деп түсінуіміз керек. Мысал ретінде бұршақ өсімдігінің ортақ қабықшасының ішіндегі  екі жарты құраушыдан тұратын тұқымының мысалын қарастырсаңыз, сіз оңай біле аласыз. Оның  бір құраушысында болашақ бұршақ туралы ақпарат бар. Адам бұршақты қалыптастырмайды, оның тұқымының екінші құраушысында оны қалыптастырып дамытатын ішкі күш бар. 

Себілген тұқымнан  өскен бұтақ сол екі жарты тұқымнан бірдей нәр алатын ортақ өсімдік, сол секілді адамзат та өсіп жетілу үшін тіршіліктің материалдық әлемі мен рухани әлемін бірге пайдалануы міндет. Өмірдің бұл екі аспектісі бір-бірінен оқшауланып тәуелсіз өмір сүре де  немесе өркендей де алмайды.  Өзара  тығыз байланыста болатын, ажыратуға келмейтін бұл екі аспект мәдениет деп аталатын құдыретті ұғымды құрайды. Олай болса «Өзін – өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру Бағдарламасы  негізінде тұлға мәдениетін қалыптастыру үшін оның бойындағы бар жалпыадамзаттық құндылықтарды  жарыққа шығару керек.

Ал мәңгілік жалпыадамзаттық құндылықтар әр адамның бойында және әлемнің материалдық құрылымында болмысынан бар. Жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі білім мазмұнындағы интеграциялық ұстанымның негізі болуы қажет. Бұл жағдайда материалды іріктеу кезінде материалдың танымдық мәні ғана емес, оның тұлға мәдениетін қалыптастыруда ықпалының қаншалықты екені назарға алынады. Сонымен білім берудің мазмұнының негізін құрайтын жалпыадамзаттық құндылықтар  оның өзегі болуы керек.

Сара Алпысқызы Назарбаеваның «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының ұлтымыздың тіршілігі үшін  маңызы айрықша екендігін, адамгершілігі жоғары, еліміздің шын мәніндегі азаматын даярлау мақсатында құрылғанын айта келіп,  рухани-адамгершілік тұрғысынан білім берудің  барлық деңгейлерінің үздіксіздігін және сабақтастығын қамтамасыз ете­тіндігіне  көзіміз жетті.

Р. МҰРАТХАНОВА, АҮДҰИ-ның
жетекші ғылыми қызметкері, п.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий