Тәуелсіздік табысы: Түркі әлеміндегі бірегей университет

«Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады», – дейді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұғалімдер мерекесі мен ҚР кәсіподақтары күні қарсаңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева бастаған құрамындағы облыстық ұйым жетекшілері мен «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік, қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы Ләззат Түркістанова бар бір топ арнайы делегация мүшелері Түркістан облысына арнайы сапары барысында, облыс орталығындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне барған болатын (2-суретте). Осы жоғары оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев қонақтарға білім мен ғылым ордасының тағылымды тарихынан бастап, бүгінгі тыныс-тіршілігін кеңінен таныстыруы барысында көптеген сауалдарға да нақты жауап берді.

Бұл беделді де танымал жоғары білім ордасының ұйымдастырылуына ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамашы болғаны баршамызға белгілі, – деген Асқар Әбдуәлиұлы таныстыру бағытындағы өз әңгімесін тәуелсіздіктің отыз жылдық тағылымды тарихымен сабақтасқан құрылу кезеңдерінен қысқаша мәліметтер ұсынудан бастады. Бауырлас Қазақстан мен Түркия мемлекеттері арасындағы үкіметаралық келісім негізінде Мемлекет басшысының 1992 жылғы Жарлығымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Ахмет Ясауи университеті) — елімізде ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны, түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған, түркі әлемі жастарының басын біріктірген бірінші білім және ғылым ордасы саналады.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің келісімі (01. 05. 1992 ж) нәтижесінде оқу орнына «Халықаралық университет» мәртебесі берілді. Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында осы оқу ордасын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге (31. 10. 1992 ж) қол қойылған. Біздің универсиетет екі елдің мемлекеттік бюджетінен ортақ қаржыландырылып, қос мемлекеттің білім министрліктері тарапынан тең құқылы басқарылады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызмет шарттары хаттамасы» 2012 жылғы қаңтар айында ратификацияланып, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілді. Уиверситет Жарғысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметі арасында мақұлданған. Жарғыға сәйкес, 10 адамнан жасақталған Үкіметаралық Өкілетті Кеңес құрылды (Анкара). Оның ішінде 5 мүшесін, Президентті  (ректор) қосқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған 5 мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындау мүмкіндігі бар. Өкілетті Кеңес университет басқаруда екі жақты тепе-теңдікті қамтамасыз етеді.

Біздің елде білім алатын 10.500 студентімізден бөлек, бауырлас ағайынның жерінде он бес мың білімгер бар. Түрлі мамандықты таңдаған жастарымыздың 75 пайызы грант, квота арқылы оқуда. ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылған мемлекеттік білім гранты бойынша биылғы жаңа оқу жылында 556 студент бірінші курсқа қабылданды. Түркия мемлекеті тарапынан қосымша бес жүз білім гранты бөлінетіндігін айрықша атап айтқанымыз абзал.

Бұдан бөлек түркі тілдес елдердің талапкерлері үшін 250 грант қарастырылған. Бұл бағыттағы байқау әр елде ҚР Сыртқы істер министрлігінің үйлестіруімен шет мемлекеттегі ҚР елшіліктері арқылы жүзеге асырылуда. Ресей Федерациясында тұратын балқар, башқұрт, қарашай, құмық, якут ұлыстарының ұл-қыздарының осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, бізде жоғары білім алуына барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда бүкіл түркі халқын қамтитын бірден бір жоғары оқу орны. Ауғанстан мен Монголия елдері де қамтылған.

Түркия мемлекеті тарапынан үлестірілетін квота біздің ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан ұсынылған білім гранттары бөлініп болған соң, шекті ұпай саны жетпей қалған талапкерлердің таңдауы үшін ортаға салынады. Байқау осы университетте арнайы құралатын комиссияның сараптамасы бойынша ұйымдастырылады. Қос дипломды бағдарламалар бойынша студенттер өтініш беру арқылы екі жылын бізде оқып, екі жылын Түркияда жалғастыра алады. Әрине, мұндай мүмкіндік таңдаған  мамандықтарына да байланысты. Бұл – қос дипломды білім беру бағдарламасының көкжиегін кеңейту барысында іске асырыла бастаған нақты қадамдардың бірі.

Түркияның квотасымен оқуға түскен бес жүз студент бір жыл бойы тілдік (қазақ, түрік, ағылшын) курстан өтуі міндетті. Алыс-жақын шет елден жоғары білім алуға келген 250 білімгерге бір жыл бойы мемлекеттік тіліміз-қазақ тілін үйрену талабы қойылады. Сондықтан біздің университтегі шет елдік жастар ана тілімізде сөйлеп жүргенін көрсеңіздер таң қалмаңыздар. Университеттің ең басты миссиясы — түркі тілдес мемлекеттер мен туыстас ұлттардың жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беру және инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу.

Бұл түркі әлеміндегі бірегей университетте әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жұмыстары жүйелі түрде жосапрға сай жүргізіліп келеді. Қазіргі жаһандану жағдайында түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор. Әрі студент жастардың тұрмыстық жағдайына (жатақханамен қамтамасыз ету, әлеуметтік қамқорлықтар көрсету) ерекше көңіл бөлу ең басты мақсатымыз. Он мың бес жүз студентке түрлі мамандықтар бойынша дәріс беретін оқытушы профессорлардың қазіргі саны 1100-ге жуық.

 

Студенттердің шәкіртақасы да тиісті заңнамаларға сәйкес белгіленген мөлшерінде уақытылы төленуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен стипендия көлемінің артқанына ризашылықтарын білдіруде. Әлемдегі классикалық білім беру бағытындағы университеттердің бірі ретінде біз де медицина мен педагогикалық, құқықтануға және экономика және тағы да басқа түрлі салалардың бәсекеге қабілетті кәсіби мамандарын дайындап шығарудамыз.

Университет ректоры Темірбекова Жанар Амангелдіқызының бастамасымен алдағы уақытта сұранысқа сай басқа да мамандықтар бойынша жаңа заман кадрларын оқытудың мүмкіндіктері қарастырылуда. Солардың қатарында тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға қоса өнеркәсіптік кешендерді уақыт талабына сай жобалайтын сәулеткерлер де бар. Облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша келесі жылы ауыл шаруашылығына қажетті мамандықты таңдайтын талапкерлерді оқуға шақыратын жоспарымыз бар.

Себебі бұл өңірде осы саланың түрлі мамандарын дайындайтын жоғары оқу орны жоқ екен. Тағы бір мақтана айтуға болатын және бір ерекшелігіміз – біздің университеттің жанында арнайы клиника құрылған. Бұл заманауи медициналық орталықтың коронавирус індетімен күресуге бағытталған ауқымды шараларды жүзеге асыру барысында жергілікті тұрғындарды сауықтыруға, екпе салуға қосқан үлесі зор. Бұл ұйымшыл ұжымда Түркия мемлекеттінен оқып, білім алған немесе тәжірибесін жетілдірген отандық мамандармен бірге бауырлас елдердің кадрлары ортақ мақсатта жұмыла жұмыс жасауда.  

Жыл басында бір топ білікті дәрігерлер университеттегі өкілетті кеңестің қолдауымен, Ыстанбұл Медипол университетінің ынтымақтастық хаттамасына сәйкес, Медипол Мега университетінің аурухана кешенінде бір ай бойы біліктіліктерін арттырып қайтты. Оқу кезінде клиника дәрігерлеріміз түрлі хирургиялық оталарға, Da Vinci жүйесінің роботты хирургиялық қондырғыларын қолдану арқылы жасалатын оталарға қатысып, медицина саласындағы соңғы заманауи әдістерді бақылаған.

Мұндай роботты қолдану арқылы жасалатын оталар онкоурология, абдоминалдық хирургия, кардиохирургия, нейрохирургия және ортопедия салаларында жүргізіледі. Университет басшылығының ұсынысымен Түркияның мықты медицина мамандары арнайы шақырылып, бірнеше апта бойы біздің клиникада есепке алынып кезекте тұрған науқастарға медициналық тегін ота жасау үрдісі жолға қойылған. Мәселен, жуырда  жас балалардың құлағына түрік дәрігерлері 41 ота жасады. Бір отаны жасау ол жақта 10 мың АҚШ долларына бағаланады десек, бұл біздің бүлдіршіндерге көрсетілген қолдаудың көлемін бағамдай беріңіздер.

Көктем кезінде алғашқы рет артериовенозды мальформация диагнозы қойылған науқасқа күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жасалынды. Бұл отаны Түркия мемлекеті Стамбул қаласында біліктілігін арттырған клиника-диагностикалық орталығымыздың ІІ-санатты нейрохирург маманы Еркін Дүйсебеков қызметтес әріптестеріне шеберлік сағаты ретінде жасап шыққан болатын. Артериовенозды мальформацияны эмболизациялау жоғары технологиялық оталар тізіміне жататындықтан ол нейрохирургтер тәжірибесінде сирек кездесетін өте күрделі санатқа енген.

Біздің ботаникалық бағымыз дүние жүзіндегі университеттер бойынша көлемі жағынан төртінші орынды иеленсе, елімізде тұңғыш және әзірге жалғыз ғана. Бұл бақ университет кампусін көгалдыру жұмыстары аясында1994 жылы 100 гектарлық аумақта ашылған. Бақта жүз отыздан астам 60.000 мыңға жуық сан түрлі және көптеген жеміс ағаштары бар. Жүзім бауы мен гүлзардың құлпырған керемет көрінісін қызықтаушылар саны азайған емес. Биология мамандығының студенттеріне ботаникалық бақта практикалық сабақтар оқытылады.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) қолдауымен ботаникалық бақта аумағы 200 m2 жылыжай он екі ай бойы жұмыс жасайды. Нидерланды елінің ұлттық гүлі ретінде танымал қызғалдақтың Еуропадағы серуенінің тарихы Орталық Азия даласынан бастау алатындығы ғылыми негізде дәлелденгендігін білеміз. Қазақстан даласында жабайы гүл болып өсетін қызғалдақ алдымен Анадолыға, содан кейін Еуропаға керуендер арқылы жеткен. Нидерланды экономикасына үлкен үлкес қосқан қызғалдақ биылғы наурызда біздің жерімізге қайта оралғандығының куәсі ретінде біздің ботаникалық бақта бүр жарды.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2014 жылы сол елге кезекті сапары кезінде селекционер мамандар мемлекетіміздің басшысына «Назарбаев» қызғалдақтарын сыйлағаны белгілі. Осылайша әдемі, қызыл түсті қызғалдақ отанымызға оралып, былтыр үш мың данасы ботаникалық бақта өсіріле бастаған еді. Биылғы көктемде алғашқы гүлдерді университеттің зейнетке шыққан профессорларына тараттық, – деп қорытындылады сөзінің соңын Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий