Асыл мұраларамыз ата – бабаларымыздың өнерімен бағалы

Қазіргі таңда қазактың ұлттық аспаптары домбыра, шертер, саз сырнай, жетіген, сыбызғы, қобыз аспаптары ғалымдардың жіті зерттеу нысанына айналып, орындаушылығы мен педагогикалық әдістемесі арнайы білім беру бағдарламасының арқауына айналды. Қолданылуы біздің дәуірден де бұрынғы ғасырлардан бастау алатын қобыз тарту өнері де ғалымдарымыздың қаламына ілігіп, белсенді зерттелгендігі де қазіргі таңдағы ғылыми еңбектер мен ноталық жазба кітаптардан да анық байқалады. Қобыз тектес хордофонды аспаптар түркі тілдес халықтардың көпшілігінде кездеседі.

 

Қазақтар мен қарақалпақтар қобыз тарту өнерін VIII-IX ғасырда Қорқыттың есімімен тығыз байланыстырады. Түркі тілдес халықтардан бастау алатын қобыз тарту өнері сан ғасырлар бойы бізге жетіп, көптеген күйлер сақталып, қобызшылардың репертуар қорынан ерекше орын алды. Қобыз адамның нәзік сезімін, қуаныш – қайғысын, ой – қиялын музыка тілімен өте дәл, әдемі суреттейтін үнге аса бай, аса құнды аспап. Ойнауы қиын, қолына алған адамның еркіне тез көне қоймайтын күрделі аспап. Қобыз ішегі саусақтын сыртымен яғни тырнақтың көбесімен басылады.Ішекті теріс басып, тырнақпен ойнайтын тәсіл қазіргі заманда ешбір музыка аспабында жоқ, бұл қобыздың өзіне ғана тән ерекшелік.

Қобыздың өзі нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз болып бөлінеді. Қылқобыз – ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нарқобыз», «жезқобыз» деп аталатын түрі де бар. Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек. Қазақ музыкасына арқау болған әр түрлі музыкалық аспаптар заманымызға сай түрленіп, жаңа ұғымда, жаңа мазмұнда пайдаланылып, қазақ өнерін әлемге танытып келеді.
 
Демек, қазақтың музыкалық аспабының қай түрі болмасын көнермейді деген сөз, керісінше ол заман ағымына сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді. Қазіргі кезде музыка әрлеушілері түрлі музыка жанрларын домбыраға, қобызға және тағы да басқа музыка аспаптарына сәйкестендіріп, ұлттық нақышта, жаңа әр беріп, жоғары талғамда орындалуын көздейді. Бүгінгі таңда қайта көркейген, жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізден өзінің лайықты орнын алған бұл музыкалық аспап, өткеннің ескерткіші ғана емес, күнделікті мәдениетімізді дамытатын, ажарын ашатын, рухани құндылық ретінде сақтауымыз керек. 
 
Саналы адам баласы табиғи дарынымен ерекшеленсе, асыл мұраларамыз ата – бабаларымыздың өнерімен, өнегесімен бағалы. Тарихымыздың терең қойнауына көз жүгіртсек, сонау бағзы замандардан жеткен қобызымыздың небір қиыншылық-зұлматтарға тап келгенін, тіпті жоғалуға айналған кездері болғанын да байқаймыз. Осының бір куәсі ХХ ғасырда, Ресейдегі Қазан төңкерісінен кейін бақсы-балгерлер қудалауға ұшырап, олардың қолындағы қобыз да «ескіліктің қалдығы», делініп, қазақтың рухани өмірінен шеттетіліп, бірте-бірте ұмыт болуға айналған болатын.
 
Міне, осыдан соң, араға талай жылдар салып, атап айтқанда, 1968 жылы Құрманғазы атындағы консерватория ректоры, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері марқұм Еркеғали Рахмадиевтің бастамасымен тұңғыш рет қылқобыз класы ашылып, оған ұстаздық етуге Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртісі, белгілі қобызшы Жаппас Қаламбаев шақыртылған екен. Алайда, бір жылдан кейін Жаппас ағамыз дүниеден өтіп кетеді де ол кісінің ісін қорғалжындық әйгілі қобызшы Дәулет Мықтыбаев жалғастырды. Дәулет Мықтыбаев консерваторияда қылқобыз класынан сабақ берген кездері онымен қатарлас жүріп қызмет атқарған қазақ музыкалық аспаптарын зерттеудің негізін салған ғалым Болат Сарыбаевтың да есімін айрықша атап айтқанымыз абзал.
 
Болат Сарыбаев студенттерге қобызда күйсандықтың сүйемелдеуімен әртүрлі халықтардың шығармаларын орындатса, Дәулет Мықтыбаев Қорқыт, Ықылас күйлерін қолма-қол (слухпен) үйретті. Сөйтіп, 1968-1970 жылдары алғаш рет Құрманғазы атындағы консерваторияға қабылданған студенттер дайындық курсынан бастап осы екі ұстаздан жеті жыл бойы тыңғылықты сабақ алып, қылқобыздың ғасырлар бойы қалыптасқан орындаушылық әдіс-тәсілдерін меңгеріп, оған қоса кәсіби білім алып, аталмыш оқу орнын 1975 -1977 жылдары бітіріп шықты.
 
Олар белгілі қобызшылар Базархан Қосбасаров, сондай-ақ, Қуаныш Әжмұратов, Құдайберген Нұрманов және бүгінгі сөз етіп отырған оқулықтардың авторы Әбдіманап Жұмабекұлы. Әбдіманап Жұмабекұлы республикада тұңғыш рет қылқобызды мектеп қабырғасынан бастап оқыту ісін 1977 жылы Ахмет Жұбанов атындағы республикалық арнаулы музыка мектебінде (директоры – Пернебек Момынұлы) бастап, оны түбегейлі жолға қоя алды және өз жұмысын К.Байсейітова атындағы республикалық музыка мектебінде жалғастыра жүріп, әр түрлі дәрежедегі республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттарын дайындап шығарды. Олар қылқобызды әлемге әйгілеп келе жатқан Ә.Қазақбай, Р.Оразбаева, Ж.Жетпісова, Б.Байназаров, А.Омарова-Шәріпбаева, А.Итекеева, Д.Қабдырова, А.Сайжанов, А.Жұрбай, М.Ме¬деубек, Ж.Аманова, Ә.Әзбаев, М.Ер¬¬бол¬қызы, О.Құрманбекұлы сынды қазақтың ерекше дарын иелері арқылы қылқобызды бүгінде дүние жүзі мойындайтын болды.

Нургайша Олжабаевна АБИЛЬДИНА,
Жезқазған музыкалық колледжі коммуналдық
мемлекеттік қазыналық кәсіпорынының
арнайы аспап (қыл қобыз) оқытушысы,
Қарағанды облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий