Тәуелсіздік жетістігі: Отандық білімнің өркендеуі

Тәуелсіздік … отыз жылдық өмір!  Білім саласының кешегісі мен бүгінгісі: жаңару мен өрлеудің баспалдағын басып келеді. Өткенді еске алсақ, Тәуелсіздікке дейінгі білім саласы қандай еді? – деген сұрақ туындайды. Әрине,  90- жылдарда ел қиыншылыққа тап болып, мұғалімдер өз мамандығын тастап басқа салаға ауысып жатты. Мектептерде оқытудағы олқылықтардың орнын толтыру үшін, өткеннен сабақ ала отырып алға қадам  басу қажеттілігі туындады.

Тәуелсіздігіміздің берік болуы үшін жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуда заман талабынан қалмау керек болатын. Мемлекетіміздің даму, жаңару жолындағы өзгерістер еліміздің білім беру саласына да  әсерін тигізе бастады. Міне, осы кезеңде білім саласында педагогикалық бірізділікті қалыптастыратын, білім берудің сапасын көтеретін ұлттық негіздегі бағдарламалар қабылданды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кезекті Жолдауында: «Болашақта өркениетті дамыған елдің  қатарына ену үшін заман талабын сай білім қажет»  деп баса айтқан болатын.

«Білім беру туралы» Заңға сәйкес бұрынғы нормативтік құқықтық негіз жаңартылып, мемлекеттік «Білім»  бағдарламасы жасалды. Бұл бағдарлама білім беру жүйесін реформалауды қазіргі әлеуметтік, экономикалық, саяси жағдайға сәйкестендірді. 1980 – 1990 жылдары елімізде халыққа жаппай орта білім беру саласында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның бірі 6 жастан бастап оқыту, бастауыш мектепке алдын ала даярлау, жаппай орта білім беруге көшу, мектепаралық оқу шеберханаларын ашу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мектептерді мемлекеттік білім стандартының талаптарына сай ұйымдастыру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу басшылыққа алынды. Оның бірінші кезеңі 1994 – 1997 жылдар еді. Жалпы білім беретін мектептерді толық білім стандартына көшіру ісін аяқтау 2001 –2002 жылдарды қамтыды. Жалпы білім беретін базалық мектептердегі оқу жүйесі – 11 жылдық болды.  Дарынды балаларға арналған лицей, гимназия, колледж, медреселер ашыла бастады. Тегін оқытумен қатар жекелеген ақылы мектептер ашу ісі де жүргізілді.

1990 – 1999 жыл аралығында отандық білім саласына қатысты оннан астам мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Соның бірі – “Дарын” мемлекеттік  бағдарламасы. Бұл бағдарлама «Дарынды» балалардың шығармашылығын қолдау мақсатында жүзеге асты. Осы бағдарлама шеңберінде 1997жылы республиканың сегіз облысында дарынды балалар үшін арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттары бар республикалық ғылыми-практикалық Орталық құрылды. Елдің болашағы, оның рухани дамуы оқу жүйесіне, білімнің сапасына, білім беру мекемелеріне тікелей байланысты екенін уақыт дәлелдеді.

Бүгінгі мектеп партасындағы оқушы, ертеңгі маман. Жаңа дәуірде бәсекеге қабілетті болу үшін, күрделі мәселелерді шешуде арнаулы білімнен өзге оқушының сыни ойлау, шығармашылық ойлау, қарым-қатынас жасай білу, топпен жұмыс істей білу дағдыларын дамыту қажеттігі де туындап отырды. Осыған орай, көшбасшылық қасиеттерді жетілдіру мақсатында жаңартылған  білім мазмұнымен қоса бес күндік оқу аптасына көшу де жүзеге аса бастаған болатын. Мұның өзі  отандық білім беру жүйесін қайта құрып, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді және заман талабына лайықты азаматтарды даярлауды қажет етті.

Жалпы орта білім беру саласында робототехника және инклюзивті білім берудің инновациялық жобалары жүзеге асты. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – «Ұлт жоспары» және «5 институционалдық реформа» бағдарламалық құжаттарында, сондай-ақ, “Мәңгілік Ел” идеясында білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес, нақты міндеттерді қойды. Білім беру сапасы жоғары деңгейдегі Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің барлық облыс орталықтарында ашылды. «Bilimland» барлық мектептер пайдаланатын сандық білім беру ресурстарына қол жеткізді.

«Бір жылдығыңды ойласаң, күріш ек, он жылдығыңды ойласаң ағаш ек, мың жылдығыңды ойласаң ұрпағыңды оқыт», – деген аталы сөз де білімнің ұрпақ үшін маңыздылығын айқындап тұр. 1997 жыл орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Оның мақсаты – республика мектептерін мультимедиялық- компьютерлік сыныптармен қамтамасыз ету, компьютерлік оқу бағдарламаларын, электрондық оқулықтар жасау, білім беруді басқару жүйесін ақпараттандыру. “Жалпы білім беретін мектептер үшін оқулықтар мен оқу-әдістемеліктер дайындау және басып шығару туралы” кешенді бағдарламалар дайындалды.

Экологиялық білім беру де қарқынды дамыды. Асхат Аймағамбетов 2019 жылы Білім және ғылым министрі болып тағайындалғаннан бері осы маңызды саладағы өзекті мәселелерді шеше білді. Мұғалім мәртебесі туралы жаңа заң жобасы қабылданды. Мұнда  педагогтарды қағазбастылықтан арылтып,  артық жұмыстан босату жағы да қамтылды. Ең бастысы ұстаздардың жалақысы өсіп, баспаналы болуға мүмкіндік туды. Оларға Үкімет тарапынан шынайы қамқорлық жасалды. Сондықтан ұстаздық мамандыққа көптеген талантты жастар келе бастады, әсіресе, ер- азаматтар бұл мамандыққа көптеп тартылды.

Үздік ғылыми зерттеу жұмыстарға сыйлық тағайындалды. Жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздік ғылыми зерттеу жұмыстар үшін Қ.Сәтбаев атындағы сыйлық, Гуманитарлық ғылымдар саласында  Ш.Уәлиханов  атындағы сыйлық, Педагогика саласында Ы.Алтынсарин атындағы сыйлық, Түркология саласында Күлтегін атындағы сыйлық, Жаратылыстану ғылымдар саласында Д. Қонаев атындағы сыйлық; Гуманитарлық ғылымдар саласында М. Әуезов атындағы сыйлықтар. Үздік ұстаздарды марапаттау ресми түрде жүзеге асты.

Орта мектепті бітіріп, білікті маман болғысы келген кез келген жастың арманы шетелдің беделді жоғары оқу орындарынан білім алу еді. Ал оқу ақысы ондаған мың доллар болатын. Оксфорд, Кембридж, ММУ сынды университеттерде баласын оқытуға ата-ананың жағдайы келмейтін.  Шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына ұлтымыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ұйымдастырылған «Болашақ» бағдарламасы мол мүмкіндік берді.

Бұл бағдарлама бойынша басым мамандықтар тізбесінде  «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты өзекті мамандықтар енді. «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар бүгінде жоғары атқарушы биілік құрылымдары мен аймақтардағы мемлекеттік орындарда жемісті еңбек етуде. Тәуелсіздіктің отыз жылында өскелең ұрпақтың білімі мен білігі мемлекеттің жан-жақты қолдауымен барынша арттырылып, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан айтулы тұлғаларының еңбегі тарих бетіне жазылды.

Заман талабына сай алдағы уақытта да білім саласындағы жетістіктер жаңаша жандана түсері анық. Қазақстанның ілгері дамуы білімді жастардың қолында, ендеше, біз мемлекетіміздің болашағы жарқын болатынына сенеміз.

Нұржан  Нығметоллаұлы АХМЕТҚАЛИЕВ,
№3 жалпы орта білім беретін мектептің
директоры, Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий