“Шетел тілі” пәнін оқытуды өзін-өзі танумен кіріктіру

Әрбір оқу пәні жалпыадамзаттық құндылықтарды қалыптастыруға ықпал ететіні белгілі. Мұндай жағдайларда «Шетел тілі» пәнінің пайдасы орасан зор, өйткені шетел тілін оқыту үрдісі білім алушылардың адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беретін тұлғааралық қарым-қатынасқа негізделеді. Жалпыадамзаттық құндылықтарды шетел тілін оқытуға кіріктірудің негізгі мақсаты – білім алушылар мен оқытушыларды кәсіби және зияткерлік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге рухани тұрғыдан дамыту.

Шетел тілін оқыту барысын адамгершілік құндылықтармен біріктіру, білім алушыларды жеке тұлға ретінде, әрі әлеуметтік жағынан өсіруге мүмкіндік береді. Шетел тілін оқытуда ана тілі мен шетелдік мәдениеттерді салыстыру өте маңызды. Себебі, екі мәдениетті салыстыру арқылы шетел тілі мәдениетін зерттеуге рухани  көзқарастар мен қызығушылық қалыптасады. Шетел тілін оқыту мәдениетаралық сананы дамытуға көмектеседі.

Бұл қарым-қатынасты жақсартудың құралы ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемдегі өзара түсіністікке және мәдени айырмашылықтарды құрметтеуге ықпал етуде маңызды рөл атқарады. Білім алушылар шетел тілін үйрену арқылы адами құндылықтарды бойына сіңірсе, бұл олардың тілдік дағдыларын да нығайтуға септігін тигізеді. Осыған орай «Шетел тілі» пәнінен «Family» тақырыбын оқыту барысында сөздік бірліктер (father, brother, sister) ұсынылады, сызбалар, суреттер көрсетіліп, туыстар жайлы әңгімеленеді.

Адамдардың мінез-құлқындағы артықшылықтар мен кемшіліктерді бағалау қабілетіне баса назар аударылады. Таңдалған тақырып жағдайында рухани мазмұнға бағытталған тапсырмалар беріледі. Мәселен, бауырлардың мінезін сипаттауға көмектесетін сын есімдер жазылады (joyful, pretty, genius, grumpy, kind, easy-going, intelligent, broad-minded, polite). Сын есімдер меңгеріліп, адамдардағы жалпыадамзаттық құндылықтар сипатталып, нәтижесінде адамгершілік ұстанымдар білдіріледі. Адам бойындағы жеке қасиеттерді көрсету, білім алушылардың «Шетел тілі» пәнін «Өзін-өзі тану» пәнімен байланыстыра отырып  қабылдауға негіз болады.

Шетел тілін оқытуды «Өзін-өзі тану» пәнімен кіріктіру негізінде білім алушылар пәндік біліммен қоса, рухани білімді қатар меңгереді. Сабақ үстінде отбасы құндылықтары тек оқылып қана қоймай, ауызша талдау жасатылады, білім алушыларға тақырып төңірегінде өз ойын білдіруге мүмкіндік беріледі, тақырыптың төрінде жатқан маңызды адамгершілік құндылықтар ағылшын тілін меңгеруге одан да бетер өз септігін тигізеді.

Адам бойындағы мінезді сипаттау қабілетін көрсету үшін арнайы ойындар қолданылады, мәселен, анимациялық ойын. Сабақ барысында шетел тіліндегі сипаттамаларды қамтитын сызбалар бар тақырыптық карталар таңдалынады: “She is gentle” немесе “She is polite”. Оқылған сөздерді бекіту үшін және сөйлеудің жеңілдігін қамтамасыз ету мақсатында келесі лексикалық және грамматикалық тапсырмалар беріледі: берілген әріптерден сөздер немесе сөз тіркестері жазылады және олар адамдардың мінезін сипаттау үшін қолданылып, талқыланады.

Мысалы: “She is gentle”,“She is gloomy”. Шетел тілін оқыту барысында “Love” сөзінің мағынасын көрсететін пиктограмма ұсынылады. Берілген сөзге пиктограмма жасалынып, “I love my parents” сөйлемі қайталанады. Бұл білім алушыларға ата-аналарына өз көзқарастарын екі тілде (ана және шетел) білдіруге үйрету негізінде жасалады. «Family» тақырыбын оқу арқылы білім алушылар өздерінің мінез-құлқы мен қоршаған ортаға қарым-қатынасын жақсы жаққа қарай өзгерте алады. Сол арқылы өзгені де өз арнасына тарта алады.

Әлемде болып жатқан барлық жақсылыққа жаршы бола алады. Ал ол жақсылықты жасаған адам қалған мың адамға үлгі болады. «Шетел тілі» пәнін «Өзін-өзі тану» пәнімен ингерациялау білім алушыларды жүрегінде ішкі тыныштық орнату арқылы ешкімге, ешқашанда қиянат жасамауға, ақиқатқа, сүйіспеншілікке және дұрыс әрекетке  үйретеді.

Осылайша, шетел тілін оқыту білім алушылардың жеке басының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Жалпыадамзаттық құндылықтарды дәйекті, жүйелі пайдалану шетел тілін оқыту мақсатына қол жеткізуде маңызды болып табылады.

Назерке Ерғазықызы ТЫНЫМБАЙ,
«Өзін-өзі тану» АҮД гуманитарлық
колледжінің ағылшын тілі пәні оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий