Үздіксіз білім беру жүйесінде педагогтің рухани-адамгершілік мәдениетін дамытудың маңызы

Қоғам өміріне рухани-адамгершілік дағдарыс (әсіресе, жасөспірімдер мен жастар арасында) әкелген қайта құру кезеңі мен әлемдік жаһандану үдерісі тұлғаның рухани-адамгершілік дамуы мәселесінің өзектілігін арттырды. Қазіргі қоғамның бұл дағдарыстан шығуы үшін білім беру үдерісіндегі рухани-адамгершілік бастауларды қайта жаңғырту қажеттігі айқын. Бұл мәселенің шешім табылуында мұғалім жетекші рөл атқарады. Білім алушылардың дүниетанымдарының қалай қалыптасатындығы, қандай рухани құндылықтарды меңгеретіндігі, олардың рухани әлемінің қандай болатындығы тікелей мұғалімге байланысты. Сондықтан да мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесінде оның рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту маңызды болып табылады.

Қоғам дамуының қазіргі кезеңінде кез келген қоғамдық іс-әрекет формасына қойылатын талаптар тікелей мәдениетпен байланысты. Оның жоғары деңгейі кез келген еңбектің тиімділігінің қажетті шарты болып табылады. Мұғалімнің рухани-адамгершілік мәдениеті белгілі дәрежеде оның кәсіби іс-әрекет жағдайындағы педагогикалық дайындығының деңгейімен, өзін-өзі жетілдіруге деген талпынысымен айқындалады.

Күнделікті тәжірибе көрсеткендей, мектеп мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық жоғары оқу орындары негізінен студенттерді кәсіби білімдермен, іскерліктермен ғана қаруландырумен шектеледі, ал мұғалімнің тұлғалық кәсіби маңызды қасиеттерін қалыптастыруға лайықты назар аударылмайды. Тәуелсіздіктің соңғы онжылдығында білім беру үдерісінің мазмұны гуманитарлық пәндерге қарай бағыттала бастады, алайда бұл жеткіліксіз және мұғалімнің рухани-адамгершілік мәдениетінің жоғары деңгейге көтерілетініне, оның балалармен тәрбие жұмысын жүргізу дайындығына кепілдік бере алмайды.

Мемлекеттік білім құжаттарында сипатталған жоғары рухани-адамгершілік мәдениеттілік деңгейіне ие мұғалімге қойылатын талаптар мен осы мәселенің педагогикалық ғылымда жеткіліксіз деңгейде зерделенуінің арасында сәйкессіздік орын алды. Осының нәтижесінде педагогикалық жоғары оқу орындарында жүйелі тәрбие жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік болмай, болашақ мұғалімнің интеллектуалдық дамуына бағытталған білім беру үдерісіне басымдық беріледі.

Қазіргі ғылыми білімдер жүйесінде мәдениет феномені түрлі аспектілерде қарастырылады. Көптеген тұжырымдамалардың мазмұнынан мәдениеттің ортақ анықтамасын байқауға болады: ол адам іс-әрекетінің тәсілі және нәтижесі, себебі оның дамуының негізгі бастауы адамның жасампаз қоғамдық іс-әрекеті болып табылады; ол күрделі, алуан қызметті әлеуметтік құбылыс және қоғамдық өндіріске, қатынастарға, тұлғаның қалыптасуы мен дамуына маңызды ықпал етеді. Мәдениеттің болмысы тұлғаның әлеуметтену үдерісі кезіндегі меңгеретін қоғамдық құндылықтарына бағытталған ізгіліктік, жалпыадамзаттық болып табылады.

Осылайша, мәдениет адамдардың өзін және қоршаған әлемді меңгеруі бойынша белсенді шығармашылық іс-әрекеті болып табылады, оның нәтижесінде әлеуметтік нормалар мен құндылықтар өндіріледі, сақталады, таратылады және қолданылады. Мәдениет феноменін қарастырудың бұл бағыты мәдениеттің іс-әрекеттің болмысын негіздейді және мәдениет субъектісі ретіндегі адам туралы көзқарастарды нақтылайды. Тиісінше, тұлғаның мәдениеті деп адамның физикалық, интеллектуалдық және рухани күштерінің жоғары дәрежеде дамуын және ол күштерді рухани және материалдық құндылықтарды жарыққа шығару бойынша шығармашылық іс-әрекетінің тәсілдерін түсінеміз.

Сондықтан тұлға мәдениеті оның білім деңгейінен, рухани күштерінің дамуын, оның белсенді ұстанымдарын, өзін және қоршаған әлемді қайта құру қабілетін қамтиды. Тұлға мәдениеті – адамға өз-өзімен, табиғатпен және қоғаммен үйлесімді өмір сүруге мүмкіндік беретін сипаттамалардың кешені (білімдер, қасиеттер, әдеттер, құндылық бағдарлары). Әлеуметтік орта мен объективті жағдайлар ғана тұлғаны қалыптастырмайды, сонымен бірге адам өзінің тіршілік ортасын, өмір сүру формасын өзгерту арқылы өзі де өзгереді және дамиды. Осылайша, тұлға мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы – нақты кәсіби және әлеуметтік талаптарға негізделген, басқарылатын үдеріс.

Мәдениет адамның материалдық және рухани салалардағы шығармашылық іс-әрекеті тәсілдерінің, сондай-ақ осы іс-әрекеттің нәтижелерінің жиынтығы болатын болса, онда тұлғаның рухани мәдениеті – бұл қоғам мәдениетінің бейнесі. Рухани мәдениет қоғам өмірінде негізгі, әлеуметтік-адамгершілік құндылық ретінде ізгілік қағидаларының жүзеге асырылуының көрсеткіші болып табылады. Адам рухани мәдениеттің субъектісі мен объектісі ретінде өзінің мүдделері, құндылықтары, бағдарлары, қажеттіліктері мен әрекеттері арқылы өзі өмір сүретін қоғамның рухани мәдениетінің деңгейін сипаттайды.

Қоғамның рухани мәдениетіне адамның қосылуы оның рухани қажеттіліктерін дамытады, интеллектуалдық, адамгершілік және эстетикалық қызығушылықтарын қалыптастырады, ішкі рухани байлығын, рухани кемелділік дәрежесін бейнелейді, яғни «руханилық» деп атауға болатын тұлғаның рухани қасиеттерінің көріну деңгйін сипаттайды. Руханилық дегеніміз тұлғаның рухани құндылықтарды меңгеру дәрежесі және оның интеллектуалдық, шығармашылық және этикалық әлеуеттерін ашатын дамыған саналы адамның қасиеті.

Адам руханилығының негізі оның дүниетанымы болып табылады, себебі ол әлеуметтік-мәдени дүниелерге баға беріп, іріктейді және оны тұлғаның рухани тәжірибесіне, белгілі бір мұраттарға негізделген жасампаздық іс-әрекетіне ауыстырады. Қоғамның рухани мәдениетіне ене отырып адам рухани құндылықтардың, дүниетанымдық идеялардың жалпыадамзаттық және нақты тарихи мазмұнын меңгереді. Сол тәжірибені ескере отырып өзінің жеке құндылықтар, мұраттар, көзқарастар, қағидалар, нормалар, сенімдер жүйесін қалыптастырады және оған өзінің өмірлік тәжірибесінің, қатынастарының, іс-әрекеттерінің нәтижесін енгізеді.

Адам тарапынан меңгерілетін қоғамның рухани мәдениеті рухани құндылықтармен айқындалатын тұлғаның рухани әлемін, оның адами қасиеттерін дамытады. Тұлғаның руханилығы мәдени қажеттіліктерден, оның салаларының кеңейюінен, жаңа рухани сұраныстардың қалыптасуынан көрінеді. Мәдени қажеттіліктер бір жағынан тұлғаның рухани дамуының жемісі ретінде көрінсе, екінші жағынан тұлғаның шығармашылық жасампаз іс-әрекеттерге шабыттандыратын интеллектуалдық талаптар формасында көрініс табады.

Руханилық тұлғаның өзекті қасиеті бола отырып адамның ммәдениет субъектісі және әлеуметтік-мәдени қауымдастық мүшесі ретіндегі қажеттіліктерін көрсететін адамгершілік, идеологиялық, интеллектуалдық, эстетикалық мүдделері мен құндылықтарын сипаттайды. Қорыта айтқанда, тұлғаның рухани мәдениеті белгілі бір білімдер мен мәдени ақпараттардың көлемін, рухани қажеттіліктердің жүйесін, рухани құндылықтармен үздіксіз байланысқа бағдарланған кемел сананы, рухани құндылықтар негізінде жасампаздық-шығармашылық іс-әрекет қажеттілігін қамтиды.

Рухани мәдениет тұлғаны жалпыадамзаттық құндылықтармен сусындата отырып оның рухани әлемін ғана емес, қоғамдық адамның өмірлік іс-әрекетінің моральдық жақтарын сипаттайтын оның көзқарастар жүйесін, бағыт-бағдарын, рухани қажеттіліктерін де дамытады. Адамгершілік қасиеттер адамның руханилығының маңызды көрсеткіші болып табылады, өйткені солардың арқасында тұлғаның білімі мен білігі әлеуметтік салмақты, қоғамдық маңызды және пайдалы болады, себебі оларды тәжірибеде жүзеге асыру қоғамдық мораль ережелеріне негізделеді.

Тиісінше, тұлғаның адамгершілік мәдениеті оның рухани мәдениетімен, меңгерген жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесімен айқындалады және тұлға руханилығының маңызды көрсеткіші болып табылады. Рухани мәдениет деңгейі тұлғаның білім-білігімен ғана емес, оның талпынысымен, өмірлік талабымен және келешек бағдарымен анықталады. Бұл үдеріс толығымен тұлғаның адамгершілік санасына, ар-ұжданына, моральдық жауапкершілігіне байланысты болғандықтан рухани және адамгершілік мәдениет – тұтас, жоғары адамгершілік қасиеттер мен рухани әлеуеттің органикалық синтезі болып табылады.

Әлеуметтік дамудың өнімі бола отырып тұлға өзінің адамгершілік қасиеттеріне қоғамдағы рухани және моральдық мәдениеттің деңгейін шоғырландырады және өзінің мінез-құлқын қоғамдағы қабылданған талаптар мен ережелерге сійкес іске асырады. Осының негізінде педагогтың рухани-адамгершілік мәдениеті оның жалпыадамзаттық рухани құндылықтарды, қоғамның моральдық мәдениетінің ережелерін, кәсіби этикалық талаптарды меңгеру нәтижесі болып табылатындығын тұжырымдауға болады.

Педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті оның жалпы мәдениетінің бөлігі ретінде тұлғаның педагогикалық санасының, рухани келбетін, адамгершілік қасиеттерінің жоғары даму деңгейін сипаттайды. Бұл – жүйелі білім, оның сапалы мазмұны кәсіби іс-әрекеттің ерекшеліктерімен және мазмұнымен айқындалады. Педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті оның кәсіби іс-әрекетінде, әлеуметтік байланыстар мен қатынастарда ғана емес, сонымен бірге кәсіби сипаттамалардың, тұлғалық қасиеттердің үйлесімді өзара әрекеттесуінен, кәсіби іс-әрекетті жоғары адамгершілік пен жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде ұйымдастыру талпысынан көрінеді.

Біз педагогтің рухани-адамгершілік мәдениетін өмірлік мәнді кәсіби маңызды мақсат-мұраттарды қамтитын, құндылықтар жүйесін құратын, кәсіби әс-әрекеттегі және қоршаған ортадағы қатынастар жүйесін орнататын тұлғаның күрделі интеграцияланған қасиеті ретінде қарастырамыз. Ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді зерделеудің негізінде педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті тұлғаның өзара байланысқан интеллектуалдық, эмоционалдық-сезімдік және іс-әрекеттік әлеуеттерін қамтитындығы туралы тұжырымдауға болады.

Интеллектуалдық әлеует тұлғаның бағытталған танымдық іс-әрекетінде қалыптасса, эмоционалдық-сезімдік әлеует тұлғаның рухани әлемін, оның адамгершілік және рухани құндылықтарын, көзқарастарын, түсініктерін, қызығушылықтарын бейнелейді. Ал, іс-әрекеттік компонент педагогтың мінез-құлық нәтижелерін, кәсіби біліктілігін сипаттайды. Педагогтің рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту – күрделі, көп факторлы және қарама-қайшы үдеріс, сондықтан педагогты жоғары оқу орындарының аясында даярлаумен ғана шектелу қисынсыз болып табылады. Кәсіби педагогикалық даярлаудың барлық сатыларын іске қосу қажет: ЖОО-ға дейінгі, ЖОО кезеңі және ЖОО-дан кейінгі.

Үздіксіз педагогикалық білім берудің басты қағидасы – бұл барлық кезеңдерде даярлаудың сабақтастық сипаты, ол даярлаудың әрбір кезеңінің алдыңғы кезеңнің мазмұнына қызмет етуді қамтамасыз ететін тетік саналады. Үздіксіз педагогикалық білім берудің ЖОО-ға дейінгі кезеңінің басты мақсаты болашақ педагогтің рухани-адамгершілік мәдениетінің негіздерін қалыптастыру. Болашақ педагогті даярлаудың бұл кезеңінің ерекшеліктері оның негізгі міндеттерімен негізделеді.

Біріншіден – жағымды талаптану мен таңдаудың моральдық негізделуінің негізінде педагог мамандығын саналы таңдауды қамтамасыз ету;  оқушылардың тұрақты кәсіби қызығушылықтары мен ниетін, педагогикалық ойлау бағыттылығын қалыптастыру; оқушылардың педагог мамандығына бейімділігі мен қабілеттілігін диагностикалау және дамыту. Даярлаудың ЖОО кезеңі – бұл болашақ педагогтің кәсіби қалыптасуы, қажетті білімдерді, іскерліктер мен дағдыларды, тәжірибе мен шеберлік жинақтау үдерісі.

Оқу пәндерінің мазмұны моральдық және рухани құндылықтарды меңгеруге, кәсіби білімдерді, дағдылар мен іскерліктерді меңгеруге жағымды шабыттандыруға бағытталатын болса болашақ педагогтің рухани-адамгершілік мәдениеті тиімді қалыптасады. Педагогикалық білім берудің негізгі мазмұны адамның рухани табиғаты, оның рухани-адамгершілік мұраттары, құндылықтары, бағдарлары туралы, адамның, әсіресе мұғалімнің  рухани-адамгершілік кемелдену қажеттілігі туралы мәліметтермен толықтырылуы керек.

Үздіксіз педагогикалық білім берудің ЖОО-дан кейінгі кезеңі – бұл жоғары білімі бар педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесі. Мазмұны бойынша негізінен терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді көздейді. Педагогтердің рухани-адамгершілік мәдениетін дамыту міндеті «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы арқылы үздіксіз білім беру жүйесінде шешіліп келеді. Бүгінде адамның жеке тұлғалық әлеуетін мақсатты түрде және кеңінен ашуға бағытталған рухани-адамгершілік білім беру ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басты бағыты болып отыр.

Жеке тұлғаның психологиялық, рухани, тәндік, әлеуметтік және шығармашылық дамуының үйлесімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін рухани-адамгершілік тәрбие білім беру жүйесінде өзін-өзі тану пәні арқылы жүзеге асып келеді. Үздіксіз білім берудің ЖОО-ға дейінгі және ЖОО кезеңінде «Өзін-өзі тану» пәні білім берудің құндылықтық мәнін күшейте отырып, адамгершілік мұраттар мен жақсы іс-әрекеттер, көркем амалдардың рухани азығын жанына серік еткен, өнегелі тағылымдарды өркениетті өмірде жалғастыратын рухы биік, жаны таза, білімді, білікті, ұлтжандылық қасиеті мол  тұлға қалыптастыруға ықпал етуді, тұлға санасын руханилыққа бағыттауды, жалпыадамзаттық  құндылықтар жүйесіндегі ұлттық асыл рухани мұраларын білуге, сақтап-дамытуға, қоғамның өркендеп дамуына азаматтық үлес қосуға баулуды көздейді.

«Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру курстары педагог тұлғасының рухани-адамгершілік тұрғысынан қайта өзгеруіне, оның ішкі әлеуетінің ашылуына мүмкіндік туғызып, жоғары рухани-адамгершілік мәдениетке ие, тәжірибелі мұғалімдерді даярлауды мақсат тұтады. Педагог – біздің тәуелсіз мемлекетіміздің болашағын қалап  жатқан маман. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткеніндей, «Тек жоғары сауатты, дарынды, дана әрі отансүйгіш мұғалім ғана лайықты ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Бүгінде, мұғалім балаларға білімдер жиынты­ғын беріп қана қоймай, сонымен бірге, ең бас­тысы – оларды өмір бойы үйренуге үйретулері керек».

Бүгінгі заман талабына сәйкес педагог тек кәсіби білімдерді меңгерген маман ғана емес, өзін өзі жетілдіруге үнемі ұмтылып отыратын рухани дамыған, әлеуметтік жағынан жетілген шығар­машылық тұлға болуы шарт. Әрбір мемлекеттің  өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – осы ұстаз берген білім. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен  көрінгісі келетін кез келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді.

Бақыт ӘЛИЕВ,
Адамның үйлесімді дамуы ұлттық
институтының с
тратегия және корпоративтік
басқару бөімінің басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий