Шоқанның публицистикалық мұрасының маңызы

Аяқ-қолға қыл бұрау түскен күйіме дәл үшінші күн. Тұңғиыққа әкеткен ой құдіреті болар, сірә. Сол бір ойлар жетегімен бір нүктеге қадалсам, ұзақ телміретінім тағы бар. Тіршіліктің желпініп, желкілдеп өсер бастауы – көктем таяған сайын Абайды еске алатынмын. Бұл жолы мүлде бөлек арда жан үнсіз ой қудыртып отыр. Қазақтың ескі мен жаңа күресінде көгіне жайма шуақ нұр шашқан жұлдыз – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов (шын есімі Мұхаммед Қанафия).

Алайда, сол бір көктемді қазақтың көлеңке бейнесі ретінде сипаттап жүрген пікірлер де жоқ емес. Сондай дәлелсіз пікірлердің бірі Шоқанның исламға көзқарасы. «Қазақтардағы шамандықтың белгілері» еңбегіндегі ойларға үңілсек, пікірлердің екі жарылары нақ анық. Дегенмен, еңбекте айтылған ойларға сол заманның көзқарасымен қарайтын болсақ, жасырын ойдың бір ұшының қылтияры анық. Шоқанның дінге деген көзқарасы қазақ халқының сол уақыттағы рухани мәдениеті мен діндегі ескі нанымдарына байланысты туындаған секілді.

«19 ғасырда ислам діні қазақ халқының жүрегіне терең бойламаған еді», – деген Шоқан пікірі де осының нақ дәлелі. Ал, енді «Қазақтың білімі мен мәдениетін арттыруына ислам діні кедергі келтіреді»,-деген пікіріне үңілсек Шоқан бейнесіне қарсы ойдың жетегіне еретініміз рас. Алайда, бұл пікірдің түпкі мәні дінге не болмаса мұсылмандықтың тазалығына қарсы бағытталған жоқ. Біріншіден, ислам діні мен қазақ мәдениетінің ұқсас тұстары мол болған.

Оған қоса, біздің ескі наным-сенімдеріміздің исламның құрамдас бөлігі ретінде араласып кеткені тағы бар. Яғни, 19 ғасырдағы исламды жете түсінбеген халықтың шариғат пен ескілікті шатастыруы осы пікірді туындатқан секілді. Екіншіден, патша ағзамдық дәуір де би, болыстан тарта дін жолындағы имам қарияларға дейін биліктің сойылын соққаны бәрімізге мәлім. Яғни, ол діннің өзіне қарсы шығып тұрған жоқ.

Діннің атынан құйтұрқы әрекеттерге  барған дүмше молдаларға қарсылық танытқан сыңайлы. Ал, Шоқан құпиясының әлі де толық зерттелмеген сыр сандық екенін ескерер болсақ, бұл пікірдің ауыз әдебиетіндей өзгеріске ұшырамағанына кім кепіл?! Шоқанның орыс зиялыларымен достығы дүйім жұртқа мәлім. Шоқанды «Европаға ашылған терезе» деп түсінген Потанинмен болған арадағы хат-хабардың бірінде үйлену мәселесі қозғалған. Орыстың қызын алсаңшы деген орыс досына: «Мен халқым үшін қызмет етемін. Ол үшін мен мұсылман болып қалуым қажет», – деген.  

Дильназ Марленқызы

Яғни, бұл бір тұлғаның қос пікірі қайшылықты дегенге саймай ма?! Қазіргі мектеп қабырғасында орамалды оқушының білім алуына қырын қарап жүргеніміз тағы бар. Бұл, әрине, ғылым мен дін қақтығысының көрінісі. Дегенмен, Шоқанның сол пікірін сынап жүріп, өзіміз де сол пікірді ұстанып жүргеніміз қалай?! Шоқан – қазақтың ақ қағазға суреттелген бейнесі. Жас ғұмырында өз заманының саяси-мәдени, әлеуметтік бейнесін жасады.

Цензураның шығармашылық еркіндікті айналсоқтауы сол заманға тән құбылыс. Осы тұста Ресейге ант беруі мен өз еліне адал ниетте қызмет етуінен Шоқанға Абылайдағы ұлы қасиеттің дарығанын аңғаруға болады. Ресей мен Қытай арасындағы саясатта ел мүддесі үшін алғырлық танытқан Абылай болса, патша өкімі мен ел тағдыры тартылған таразыны тең ұстай білген Шоқан болатын. Оған қоса, халықтың мәдениеті һәм білімін  дамыту жолында отырықшылыққа көшуді құп көрген Абылай әрекеті Шоқанның өмірлік еңбегінде жалғасын тапты.

Халқымыздың «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады»,-деген асыл сөзінің мәнісі де осы болса керек. Сот – бағзыдан мәселеге толы қатерлі алаң. Сол алаңдағы Патшалықтың сот реформасынан әділеттілікті талап еткен тұлға Шоқан еді. Патша ағзамның меңдеген сұм саясатын қайсарлықпен әшкерелеген де сол тұлға.Бұл пікіріме Колпоковскийге жолдаған хаты айғақ. «Орыс пен қазақ соғысса, мен қазақтың жағындамын»,- деп өз халқын жан-тәнімен сүйген Шоқанның «өзімде қазақ болғандықтан азап шегіп жатқан қандастарым туралы бір-екі ауыз сөз айтпай кете алмадым», – деген сөзі Шоқан өмірінің соңғы хаты боларын кім білген?!

Шоқан дегенде кеуденің көк түкпірінен бас көтеріп, сұлулық пен астасқан үрейлі суреттердің туындайтыны да содан болар. Ынтызар жас жігіттің ел тағдыры үшін қауіп-қатерге бас тіккен мәрттігін  қазақтың «шын тектілер халқы үшін, өлімге басын қияды» деген ата сөзі сипаттап кеткен бе қалай?!

Дильназ Марленқызы БИШЕР,
ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің
студенті, Алматы облысындағы Талғар
ауданының Тұздыбастау ауылы

Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
ҚазҰУ-дың оқытушысы, филология ғылымдарының
кандидаты, доцент, Алматы қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий