Өзіне қол жұмсау – тығырықтан шығу жолы емес

Құндылық «адамның өмірді бағалауы», – дейді Сократ. Суицид– қазіргі қоғамдағы ең үлкен дерттің бірі. Адамның өз-өзіне қолсалуы жан түршігерлік іс. Өз-өзіне қол жұмсау – үлкен күнә. Әлем бойынша өз-өзіне қол сұғудан Жапония бірінші орында тұрса, Қазақстан үшінші орында тұр. Ал, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында Ресей бірінші тұрса, еліміз алғашқы үштікті аяқтаған. Соған сәйкес мемлекетімізде суицидті екі топқа бөлсе, оның екеуі де Қазақстанда көрініс тапқан.

Суицид адамның жасына, жынысына, қызметіне қарамайды. Статистикаға сүйенсек алты күн ішінде бір суицид болады екен. Осылай жалғаса берсе демографиялық ахуалға әсер етері анық. Мамандар суицид оқиғасының жиiлеуiне әртүрлi себептердi алға тартады. Соның ішінде әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, моральдық және физикалық зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, жоғары сынып оқушыларының төменгi сынып балаларының намысына тиетiн әрекеттер жасауы сияқты жағдайлар негізгі факторлар.

Бұл мәселені талқыға салғанда психолог мамандардың тікелей қатысы бар. Қазақтың менталитетіне “психолог” деген ұғым жат. Қоғамдағы басты кемшілігіміз де осында. Сол себепті бір қазақ қанша жерден депрессияға ұшырап, күйзеліске түссе де психологқа бармайды. Оған бар десең “Мені жынды санайсың ба” деп өзіңе зекіп тастайды. Капиталистік қоғамда өмір сүіп жатқаннан кейін, тығырыққа тірелгенде көмек ұшын тигізетін психолог мамандарға жүгінуге бірте-бірте үйреніп, сананы қалыптастырған жөн. Психологтар адамдармен тығыз байланыста болып, жұмыс жасау керек.

Осы қоғамда баланың психологиясы төмендеп кеткен. Бұл баланы өбектей бергеннің жемісі. Осыдан барып оның өзіндік “мені” пайда болады. “Мені” пайда болған соң, оның айтқаны міндетті түрде орындалу керек. Орындалмай қалса, өмірін қия салады. Өз-өзіне қол салумен мәселесін шешемін деп ойлайды. Діни тұрғыдан қарағанда, суицид мәселесі толық зерттелген. Өз-өзіне қол жұмсау қаралып, алдын алу жолдары көрсетілген. Ал ғылыми тұрғыдан әлі де болса көп зерттеуді қажет етеді.

Біздің агротехникалық колледжге келетіндердің біраз бөлігі мектептен қашып келгендер. Оның ішінде әлеуметтігі төмен отбасылардың балалары, білімі нашарлары да бар. Оларды келмейді деп ұрсамыз, жазғырамыз. Артынан “қатты айтып қойдым ба” деп ойланып та қаламыз. Ата-ана кінәсі де жетерлік. Мектеп тәрбиелей алмаған оқушылар бізге келіп жатқандықтан біз олардың білімін арттырудың орнына, олардың тәрбиесімен қайтадан айналысуға тура келеді.

Бірақ оның түп негізіне қарап жатқан адам жоқ. “Бұл неден болды, туғаннан бастап тәрбиесімен кім айналысты” деп бағдарлап жатқан, байыбына барып жатқан ешкім жоқ. Оған қарап жатқан қоғам да жоқ. Қазіргі кезде ел болашағы – жастар, Қазақстанның келешегін көркейтетін білімді ұрпақ. Адам баласының тура жолдан адаспай, толық, кемел, ақыл-есі түзу азамат қатарына жетуі оның жас шағында алатын тәрбиесіне, ата-анасының мейірім көрсете алуына байланысты. Халқымыз сырт көзбен емес, жүрекпен ұғатын адамгершілік құндылықтарды жоғары дәріптеген. Имандылық, әдептілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын терең игеруге күш салған.

Бұл проблемада ата-ананың кінәсы басымырақ секілді. Ата-ана «баламды жұрттың баласынан кем етпеймін» деп тек тамағын тауып, киім кешегін бүтіндеумен әлек болудың салдары. Баласының киімі көк болғанымен көңілі күпті, жаны құлазып ата-анасының мейіріне мұқтаж күй кешуде екендігін көп жағдайда ұғына бермейміз. Одан да сіз балаңызды тыңдауыңыз керек, бойындағы таланттардың барлығын ашуға тырысу керек және оларды күшейту үшін сіз балаңызды тыңдауыңыз керек.

Олардың қызығушылығы қандай екенін, қандай ойын ойнағанды ұнататындығын білу немесе сыныптан тыс жұмыстарды таңдауға мүмкіндік беру сізге көмектеседі. Балаларыңыздың талғамымен жақсырақ танысыңыз. Сол сияқты, сіз оларға сол таланттарды сау және табиғи түрде дамытуға көмектесе аласыз. Сондықтан, ең алдымен, баланың тәрбиесіне аса сақ болуымыз керек. Балаларға өз таланттарын көрсетуге мүмкіндік беру үшін, олар барлық мүмкіндіктерді ашуы керек.

Осылайша, баланың шектеулері болмайды және барлық қабілеттерін жас кезінен бастап дамыта алады. Әр түрлі ойындар мен әрекеттер арқылы сіз балаңызға қолынан келетін барлық нәрсені ашуға мүмкіндік бере аласыз. Балалардың сабақтан тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру қажет. Қызығушылықтар сферасын кеңейту. Жасөспірімдерге өздерінің жағдайын ұмытып, одан алшақ кетуге көмектесетін іс – әрекет түрлерін табуға көмек беру қажет: спорттың белгілі бір түрлерімен шұғылдану, түрлі үйірмелердің жұмысына қатынасу, ұжымдық – қоғамдық іс – шараларға қатынасу және тағы да басқалар.

Бос уақытты тиімді өткізу бала тұлғасының қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді. Әр үйірменің үйретері, балаға берер білімі, тәрбие мен тағылымы бар. Тек баланың бейіміне қарай бетбұрыс жасаған жөн. Мақаламда айтайын деп отырған басты мәселе, білім ордаларында үйірмелерді көбірек ашсақ, балаларымыз  құр бос көшеде жүрмейді. Бос уақыттарын, пайдалы іске жұмсайды. Оларды зиянды әдеттермен айналысып кетуден сақтаймыз.

Өсіп келе жатқан балалардың ой – өрісінің, дене құрылысының дұрыс жетілуіне, мінез – құлықтарының жас ерекшеліктеріне сәйкес қалыптасуына кері әсерін тигізіп отырған факторлар аз емес. Бұған мысал ретінде қазіргі бей – берекет көрсетіліп жатқан шетелдік сериалдар мен компьютер ойындары, бұзақылыққа бет бұру сияқты келеңсіз көрністерді атап айтуға болады. Жас ұрпақты осындай өрескел қылықтардан сақтандыра отырып тәрбиелеу, салауатты өмір сүру қағидасын үйрету қазір бірінші кезекте тұрған мәселе екендігі айдан-анық.

Осыған орай ата-ана, білім ордалары, қоғамдық ұйымдар, мекемелер бірлесе жұмыс жүргізуі қажет деп есептеймін. Бүгінгі әлеуметтік желінің зиянын пайдаға, жақсы ниетке пайдалануға бағыттау керек. Қазіргі таңда халық игілігіне жарарлық қалада, аудандарда спорт мектептері баршылық. Біздің колледжде де бірқатар спорт үйірмелері жұмыс істеуде: волейбол, баскетбол, теннис, футбол, жеңіл атлетика, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат.

Біздің мұғалімдердің басты міндеті оқушылардың спортқа деген қызығушылығын арттырып және икемділігіне қарай өз таңдауын жасауға бағыттау. Колледж ұжымы мақсаты: салауатты өмір салтын уағыздап, спортпен шұғылданған адам ұзақ өмір сүретінін дәлелдейтін негізгі тұжырымдарды оқушы жүрегіне ұялату. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, Аздырар адам баласын» (Абай) демекші, түрлі жаман әдеттер баланың селтеңдеп бос жүргенінде үйір болады ғой.

Бос уақыты жоқ үнемі пайдалы дүниеге әуес жасөспірімнің түрлі зиянды әдеттерден аулақ болып, тұлғалық қасиеттері қалыптасады. Қоғаммен араласып, өзін сол қоғамның бір мүшесі екенін сезініп, елдің дамуына үлес қосуға, адал еңбек етуге дағдыланады. Ондай баланың болашағы жарқын болары анық. Өзіне де, өзгеге де пайдалы атпал азамат болып қалыптасады. Оқу-тәрбие жұмыстарын кешенді түрде жүргізіп отырған дұрыс. Оқушыларды қызықтырып, олардың қажеттілігін, шығармашылығын дамыту жорлында әртүрлі қозғаушы, бағыттаушы әдіс-тәсілдердің комплекті түрін пайдаланып отыру керек.

Өмір – күрес, сын. Түн артынан күн шығатыны секілді, қиыншылық арты жақсылыққа ұласатынына сенімді болу керек. “Сабыр түбі – сары алтын” деп бабамыз бекер айтпаған ғой. Өмірімізді өзіміз қадірлейік, бағалайық, осы үшін қажымай жұмыс жасап, өз оқушыларымызға қол ұшымызды аямайық. Сондықтан Алланың берген сыйын медет тұтып, өмірдің бағытымен ғұмыр кешіп, күйзеліске түскен жандарға көмектесу қажет.

Суицидтің алдын алу жұмыстарын жүргізген жөн. Оның емі – иманда. Жүрекке имандылық ұялату басты шарт. Бұл тақырыпты бір жерде, бір мақаламен шешіп тастай алмаймыз. Мұны жан-жақты талқылап, көптің жұмылуымен шешу керек.

Лаззат Есимовна БАЗАРОВА,
Қарағанды агротехникалық колледжі
директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий