Мектеп жасына дейінгі баланы мектепке дайындаудың оңтайлы жолдары

Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттырудың өзектілігі бастауыш мектеп пен бала бақша арасындағы сабақтастықты қамтамасыз етумен сипатталады. Жаңа әлеуметтік ортаға енетін баланы мектептің оқыту жүйесіне бейімдеу – мектепалды даярлықты жүзеге асырудың маңызды алғышарты. Атап айтар болсақ, сынып-сабақтық үрдіске төзімділігі, мектеп ережесі мен мұғалім талаптарына бағыну, ауызша нұсқауларды түсініп, оған тиісінше жауап беру, оқу-жазу дағдылары, сыныптастарымен түсінісу тағы да басқа.

Баланы мектепке дайындаудың психологиялық-педагогикалық мәселелері осы ғылым салаларында едәуір зерттелген. Мектепке дайындықты «мектептік кемел» ұғымы аясында қарастырған ғылыми еңбектерде, жоғарыда айтылған алғышарттардың көрінуі «мектепалды дағдарыстың» өтуімен сипатталады. Мәселен, ойын баласының жаңа әлеуметтену сатысына аяқ басуы ересектену, яғни есеюдің ішкі тетіктерімен өлшенеді. Мінез-құлқындағы бұған дейінгі еркелік, қиқарлық көріністерінің орнын ұстамдылық, байсалдылық басады.

Мектепке бару, оқушы атану жауапкершілігін түйсінген бала портфель, кітап, дәптер, қалам және тағы да басқа сынды сыртқы атрибуттарға қызығушылықпен емес, шын мәнінде оқуға құлшынысымен, беймәлім өмір сырларын меңгеру баспалдағына ынталылығымен танылады. Мектепке даярлықтың психологиялық аспектілері танымдық, еріктік, эмоциялық, мотивтік және әлеуметтік үрдістердің өлшемдері арқылы қарастырылған зерттеулерде 5 пен 6 жас аралығындағы балалардың даму көрсеткіштерінің жалпыға ортақ (стандарт) нормативтерге сәйкестігі талданады.

Психикалық процесстердің тұрақтылығы, мәселен, зейіннің ырықтылығы, қабылдау көлемінің артуы, көрнекі-бейнелік ойлаудан біртіндеп логикалық ойлаудың басым болуы, қиялдың ұшқырлығы, есте сақтау және қайта жаңғырту теңгерімі, ойлау мен сөйлеудің өзара байланысының тереңдей түсуі – эксперименталды түрде зерттеліп, ғылымға теңдессіз үлес қосты.

Сала мамандарының ғылыми ізденістерін зерделеу барысында түйгеніміз, мектепалды даярлық үрдісі зерттеу пәні ретінде қарастырылғандықтан, қысқа мерзімді сипат алатынын аңғаруымыз; сондай-ақ, зерттеулердің дені мектептік талаптар аясында талданатындықтан, мәселенің нақтылығынан да, болжамды жақтарының басым боп келетіні. 

Ұсынылып отырған тақырып шеңберінде, біз мектепалды даярлық үрдісін басқа қырынан қарастыруды жөн көрдік. Оған себеп – қазіргі балалардың даму ерекшеліктері.. Ғалам қарқынды түрде дамып, жаһандануға бет алған заманда, ақпараттық үрдістің бала психикасына әсері орасан зор жылдамдықпен, өз дегенін жасауда. Балалар айналасындағы адамдармен емес, қолдарындағы гаджеттермен араласуды артық көреді.

Олардың танымдық қызығушылықтары мен рухани сұраныстары, өкінішке орай, басқа әлеуметтік-мәдени ортада дүниеге келген контенттермен қанағаттандырылуда. Z-буынның ДНК құрылымындағы өзгешелік – нәресте жаңа дүние есігін ашқанда-ақ өзі туралы дайын білімдер жиынтығымен туылатынын негіздейді. Жаңа буын балаларының ерекшеліктерін күнделікті өмірде және кәсіби тәжірибеде жиі ұшыратамыз.

Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарының біліктіліктерін арттыру курстарында тәрбиешілерден түсетін сұрақтардың дені – балалардың тілін қалай дамытуға болатындығы. Психологияда сөйлеу мен ойлаудың өзара байланысы 1-сигнал жүйесі (ойлау), 2-сигнал жүйесі (сөйлеу) деген шартты атаулармен беріледі. Демек, мектептегі оқуға қажетті алғышарт – таным баспалдағының дамуы туралы мәселе көтеру керек пе, әлде сөйлеу тілімен байланысты мектептік әлеуметтену үрдісі туралы мәселе қойған дұрыс па?

Біз өз зерттеуімізде осы екі үрдістің де даму қажеттілігі факторын қарастыруды жөн санадық. Осылайша, баланы мектепке даярлауды ұзақ мерзімді, кешенді, біртұтас үрдіс деп болжап, оны мақсатты түрде, жүйелі жүзеге асыру қажет деп таптық. Бала бақша педагогтарының қызметтік борышы бала өмірін сақтау және денсаулығын нығайту, негізгі міндеті оларды жан-жақты әрі үйлесімді дамыту болса, келешекке бағдарланған кәсіби парызы – мектепке даярлау.

Сондықтан, бала мектепке дейінгі білім беру ұйымына түскен сәттен бастап-ақ, оның жақын арадағы даму аймағымен жұмыс жасаумен қатар, ұзақ мерзімді болашақтық бағытты стратегиялық бағдар ретінде әрдайым нысанада ұстау аса маңызды. Ол үшін педагогикалық ықпал ету тәсілдері мен дидактикалық әдістерді ұтымды қолданудан да бұрын, бала дамуына әркез үздіксіз, бірде тікелей, бірде жанама әсер ететін қолайлы ахуалды қамтамасыз ету тиімді әрі орынды.

Мұндай ахуал – заттық-кеңістіктік дамытушы орта деп аталады. Мектепке даярлауды жүзеге асырудың үздіксіз әрі бірден-бір оңтайлы жолы ретінде осы айнымалылықты кеңінен қарастырайық. Жалпыға міндетті білім беру стандартында заттық-кеңістіктік дамыту ортасы деп, мектеп жасына дейінгі баланың тұлғалық, танымдық, әлеуметтік және психологиялық дамуын қамтамасыз ететін жағдайлар кешені аталады.

Олай болса, әуелі заттық-кеңістіктік орта жабдықтарына сипаттама жасап, одан кейін барып, оның баланы мектепке даярлау үрдісіне қатынасын дәйектелік. Мектепке дейінгі ұйымның білім беру ортасы үш айнымалылықты біріктіреді: кеңістікті (оқу-ойын жиһаздары мен дамытушы жабдықтар); уақытты (күн тәртібі және еркін әрекеттер); өзара әрекеттесуді (балалардың өзара қарым-қатынастары және ересектер мен балалар тобы арасындағы араласу сипаттары).

Заттық-кеңістіктік ортаның (ЗКО) маңызына зерттеушілердің сенімі зор; олар ЗКО-ны балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз ететін және даму мүмкіндіктерін арттыратын құндылық ретінде қарастыра отырып, оны мектепке даярлаудың белсенді жүруіне мүмкіндік беретін «қоршаған орта рухы» деп атайды. Баланы мектепке даярлау үрдісінде заттық-кеңістік ортаның ішкі мазмұнын құрылымдар болсақ, күнделікті күтімге, ойындарға және оқуға арналған жиһаздар, демалу мен жайлылық ауанын қамтамасыз ету мүліктері, ойын аймақтары, балалардың оқшаулануына арналған орындар және қимыл-қозғалысты дамытатын ойындарға арналған кеңістік пен жабдықтар.

Ал, денсаулық факторын қамтамасыз ету үшін, балалар күтімі дұрыс (сауатты) тамақтану үрдісі мен құнарлы да жұғымды тағамдарды, уақтылы ұйқы мен демалысты, дене күтімі мен мәдени-гигиеналық талаптардың сақталуы мен орындалуын міндеттейді. Сөйлеу мен ойлауды дамыту мақсатында, кітаптар мен иллюстрациялардың болуымен қатар, балалар арасындағы өзара қарым-қатынастарды ынталандыру, күнделікті сөйлеуді белсендендіру, ойлануға баулуға ден қойылады.

Баланың белсенділігін дамыту қозғалғыштық пен саусақтардың ұсақ моторикасына ғана емес, сонымен қатар бейнелеу өнері, музыка, би, рөлдік ойындар, теледидар, бейнефильмдер және компьютерлерді қолдануға бағытталады. Мектепалды даярлықтың әлеуметтік аспектісін арттыратын заттық-кеңістіктік орта факторы – балалардың бірлескен әрекеті. Ол зерттеушілер тарапынан «өзара әрекеттесу» деп атала отырып, бала бақша персоналы мен балдырғандар арасындағы өзара іс-әрекетті, балалардың бір-бірімен араласу белсенділігін сипаттайды.

Атап өтетін жайттардың бірі – инклюзивті білім беруге байланысты, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған жағдайлар. Топтағы «ерекше» баланың диагнозы мен науқастың көріну дәрежесіне орай, тиісінше (сәйкес) арнайы жабдықтар қамтамасыз етіледі. Заттық-кеңістіктік ортаның қызметі дамытуға бағдарланған оқытумен қатар жүргенде нәтижелі болады әрі жоғары тиімділік береді. Ал оны жалаң сөз емес, арнайы сапаны бағалау құралдары арқылы тексеру қарастырылады.

Мәселен, АҚШ-тың Солтүстік Каролина штатында жасалған ECERS-R шкаласы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы қоршаған ортаны бағалаудың сенімді құралы деп танылды. Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалау үшін ECERS-R әдісін қолданудың заңдылығын талдағанда, оның мектепке дейінгі білім беру сапасын бағалаудың перспективалық тәсілдеріне және ECERS-R шкалаларына – білім беру ортасының параметрлеріне сәйкес келетіндігі анықталды.

Баланы мектепке даярлау үрдісін оңтайландыру жолы ретінде қарастырылып отырған заттық-кеңістіктік дамыту ортасы мектепке дейінгі білім беру стандартымен айқындалған бес білім саласын қамтиды: денсаулық, танымдық, шығармашылық, қатынас және әлеуметтік. Осылардың әрқайсысы болашақ мектептік оқудың алғышарттары болып табылады. Мәселен, денсаулық сақтау саласы баланың «биологиялық кемел» деп аталатын жеке-тұлғалық дамуының негізі болса, таным саласы мектептегі оқу әрекетінің іргетасын қалайды; шығармашылық сала баланың әсемдікті сезінуін, эстетикалық талғамын қалыптастыра отырып, оның психоэмоционалды дамуына ықпал етеді.

Мектептің оқу шарттарын орындаудың басты нысаны коммуникация болатын болса, ол қатынас саласының көмегімен белсендендіріледі. Мектеп пен бала бақшаның қазіргі өзекті мәселелерінің біріне айналып отырған байланыстырып сөйлеу, диалогтық қатынас, сөздік қор, ана тіліндегі дыбысталу сауаты, мәнерлеп оқу, дикция, қатынас саласының заттық-кеңістіктік ортасының инновациялық сипатына да байланысты. Ал, әлеуметтік сала мектеп деп аталатын жаңа ортаға балалардың жылдам әрі қиындықсыз үйренуіне жағдай жасайды.

Сыртқы ортамен қатар, бала өзінің ішкі әлеміне үңіліп, өзін-өзі тануға талаптанады. Жеке әлеуеті мен өзіндік мүмкіндіктерін ерте білген бала қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас орната біледі. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту үрдісі тәрбиеленушілердің рухани, зияткерлік және тұлғалық әлеуетін арттыруға; денсаулық сақтау, ақпараттық-оқыту ортасын құруға, балалардың жаратылыс сырларын ұғу үшін ізденіс-жоба жұмыстарын ұйымдастырып, басқаруын міндеттейді.

Өз функцияларын табысты орындауы үшін, мектепке дейінгі білім беру ұйымының педагогы, кәсіби стандарт талаптары аясында, психологиялық-педагогикалық зерттеу элементтерін қалай диагностикалау керек; білім беру практикасының ойластырылмаған проблемаларын емес, нақты маман үшін шын мәнінде маңызды мәселелерді шешу үрдісінде кәсіби жобалау құралдарын қалай пайдалануға болады; рефлексияны ұйымдастырудың ең тиімді әдістері және сонымен бірге үздіксіз дамып-жетілу үстіндегі ғылыми тәжірибені жүйелеуді меңгеруі тиіс.

Сонда ғана тәрбиеші кәсібилігінің жемісі тәрбиеленушілер жетістігіне айналу әлеуетіне ие болады; сонда ғана мектепке даярлық үрдісі жоспарлы, мақсатты, саналы түрде жүзеге асырылады. Сондықтан, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының заттық-кеңістіктік ортасын заманауи үлгіде құруға ден қою керек. Бұл мәселеге ата-аналар қауымдастығымен қатар, жалпы жұртшылықты да сауатты тарта білген жөн. Бала дамуына қазір құйылған инвестиция – болашақ кепілі.

Сапалы да сауатты құрылған заттық-кеңістіктік даму ортасы тәрбиеші жұмысы жүктемесінің азайып, жеңілдеуін тудыра отырып, есесіне балаларды жіті бақылауын, әрбір ерекше жағдайды назардан тыс қалдырмай, есепке алуын, тәрбиеленушілердің қажеттіліктеріне көңіл аударып, сұраныстарын қанағаттандыруын, әр баланың танымдық қызығушылықтары аясында жеке-дара қатынас жасауын қамтамасыз етеді.

Мектепке даярлау үрдісін бір мезеттік диагностикалық іс-шаралар кешені ретінде қарастырмай, оны жүйелі түрде жүргізілетін, үздіксіз кешенді үрдіс деп тану – бала бақша әлеуетін бір нүктеге бағыттайды.

М. САДИБЕКОВА,
«Өрлеу БАҰО АҚ – Жамбыл облысы бойынша

кәсіби даму институты, Тараз қаласы
М. ОСПАНБАЕВА,
М.Дулати атындағы ТарӨУ Педагогикалық

психология кафедрасының қауым.профессоры, пс.ғ.к.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий