Ұстазым – менің ұстыным

Араб, парсы тілдерінде «білім иесі» және «білім беруші», «тәлімгер» мағынасын білдіретін «ұстаз» сөзі қазақ тілінде де әдепкі мағынасына сай жұмсалады. Халқымызда ұстаз адамға деген құрметтің о бастан ерекше болу себебі осында жатыр. Ұстазымен мақтану дәстүрінің төркіні де түсінікті. Білім іздеген әр адам атақты ұстаздан оқуды мақсат еткен. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегенді айтқан қазақ «ұстазы жоқтың ұстазы – шайтан» дегенге иланды. Себебі ұстаз – білім мен тәрбиені тел дарытудың шебері. Ал «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы».

Кім-кімнің де шебер маман болмағы, ұлы дүниеге «кірпіш боп қаланбағы», қала берді, жақсы адам болмағы ұстазына байланысты. Ендеше «ұстаз» ұғымының тамыры тым тереңде. Ол – білім беруші ғана емес, қоғамда орныңды тауып додаға қосылуыңа бағыт сілтеуші тәрбие кеніші. «Жақсыменен өткізген жарты сағат жаманның өтіп кеткен өміріндей» деген тәмсіл шын ұстазбен бір сәтке жол түйістірудің өзі үлкен мәртебе екенін аңартады десек, оған шәкірт болудың қандай бақыт екенін оқырман өзі салмақтай жатар.

…Мен бақытты адаммын. Себебі шын ұстаздарға шәкірт болдым. Қазақ ұлтының біртуар перзенттерінің мектебін көрдім. Олардан алған ғибрат бүкіл өміріме жетерлік азық болды. Олар берген тағылым бүкіл өмір жолыма құйылған құдіретті нұр болды. …1989 жылдың күзі. Әсери борышымды өтеп келген сәт. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтындағы дайындық факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін дайындайтын бөліміне оқуға түстім. Гүлшат Уәбиденқызы Ахметалиева ұстазбен алғаш жүздесу осылай басталған-ды.

Гүлшат Уәбиденқызы Ахметалиева жұбайы Советхан Баянұлы Тілеубаев

Ол кісі бізге куратор болды және қазақ тілінен дәріс оқыды. Ал жұбайы ф.ғ.к., доцент Советхан Баянұлы Тілеубаев – қазақ әдебиетінің маманы. Екеуі де 1980 жылдың аяғында ҚазМУ және ҚарМУ-дан Көкше институтына қызметке келген таңдаулы бір топ жас маманның бірегейі еді. Бұл мамандардың қатарында ф.ғ.к., доцент Сәбит Нұрмұхамедұлы Жәмбек, ф.ғ.к., доцент Раушан Жексенбайқызы Қияқова, белді әдіскер Жұпар Рысқұлқызы Жақанова, майталман ақын Ләйлә Кәкенқызы Жұмекен және тағы да басқалар болды.

Арқаның желіндей жұлқынған жиырмадағы жігіттің желігін басып, зейінін ашқан ұстаздардың нар қайысар жүк арқалағаны әлі күнге көз алдымда. Советхан Баянұлынан әдебиеттің саф әуезін тыңдауды үйренсек, Гүлшат Уәбиденқызынан лингвистика әлемінің мұхитына малтуды меңгердік. Күнделікті оқыған дәрістері мен өлшеусіз ғақлияларын айтпағанда, ұстаздарымның өмір мектебінің өзі – бір дастан. Сондай жарқын шақтардың бірді-екілісіне тоқталмақпын.

…Сәкен ағай (Советхан Баянұлын көпшілік Сәкен деп атайды) бізге әдебиеттен қосымша тапсырма берген болатын. Ертең – сабақ, ал мен әлдебір сапардан кеп тұрмын. Қыс мезгілі, кешкі жетінің шамасы. Кітапхана атаулы жабық. Ал маған кітап керек. Семинар сабағына дайындықсыз барып көрмеген шәкірттің студенттік шақта шын қысылған сәтінің бірі осы еді. Қайтпек керек? Не де болса Сәкен ағайдың өзінен сұрамақ боп үйіне келдім. Ол кезде о кісілер – жас отбасы, институт оқытушыларына арналған жатақхананың бір бөлмесінде тұратын. Есікке дейін келуін келіп, енді кірер-кірмесімді білмей екіойлы боп аз-кем тұрдым да, ақыры батылсыздау қимылмен ақырын ғана тықылдаттым. Есік ашқан Гүлшат апайым алабұртқан көңілді бір-ақ сәтте жадыратып жіберді.

– Өй, айналайын, Нұрлыбекжан, кіре ғой, төрлет, – деп тап мені күтіп отырғандай рай танытты. Сәкен ағай кітап оқып отыр екен. Мені көрген бойда ол да: – Бәрекелді, Нұрлыбекжан, кел, жоғары шық! – деп жік-жапар боп жатыр. Асығыс екенімді, жолдан келгенімді, кітап қажет екенін түсіндіріп тұрған маған: – Кітап ешқайда қашпас, әуелі Гүлшат апайыңның кешкі асын ішіп алайық. Жолдан келген екенсің, өз үйіңдей жайғас, – деді қазақы кеңдікке салып. Содан, не керек, беймезгіл келген студент екенім өзімнің де есімнен шықты. Апайым мен ағайым мені көптен күткен қадірлі қонағындай күтті. Жылы-жұмсағын алдыма тосып, ауыл-үй жайын сұрасты. Соңынан Сәкен ағай өз орындығын маған ұсынып, кітабын алдыма жайды.

Түн жарымынан ауғанда алғысымды жаудырып, енді кетпекке ыңғайланғанымда: – Тым кеш боп кетті, қонып кет. Таңертең бірге шығамыз, – деп қоярда-қоймай және алып қалды. Сөйтіп, жиырма жасыма дейінгі өмірімде өзімді ең алғаш рет қадірлі қонақ сезінген күнім ұстаздарымның шаңырағында өтті. Ұстаздарымның мейірі тасыған дарқан көңіліне куә болуым бұл ғана емес-ті. Әсіресе кураторымыз болған Гүлшат апай топтағы әр студентті көрген сайын ауыл-аймағы, әке-шешесі, ағайын-бауыры, тіпті бота-тайлағына дейін сұрап біліп бәйек боп тұратын. Әр студентті бауырындай көріп маңдайынан сипады, перзентіндей көріп бауырына басты.

Осындай асқақ қасиеттері, сөз жоқ, әр шәкіртінің жүрегіне ұялады, сенімін нығайтты, қанат бітірді, қазақы дарқан мінезін қалыптастырды. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұранның ұлағатын ұқтырды. …Бірінші курс аяқталар кез. Сәкен ағай мен Гүлшат апай оқуымды өздері білім алған ҚазМУ-да жалғастыруыма жолдама әперді. Диплом алып келген соң Көкшетау пединститутында оқытушы болатынымды айтты. Мұны естіп көңілім марқайған мен Алматыға билет алдым. Сол кезде ағайым мен апайым бұрын-соңды Алматыға бармағанымды, ол жақта күтіп алар ешкімім жоғын сұрап біліп:

– ҚазМУ-дың тарих факультетінде Шәмек деген бауырым бар, пойыздан түскен бойда соған жолық. Онан арғыны уақыт көрсетеді, – деп аттандырып салды. Айтқанындай, Шәмкеңе мен жолда бара жатқанда хабарласып ескертіп қойған екен, бір-бірімізді тез таптық. Шәмкең салған жерден филология факультетінің деканатына апарды. Алайда оқыған пәндеріме қатысты айырмашылық көп боп, соған байланысты декан 1-курстан бастап қана қабылданатынымды айтты. Осыған дейінгі 1-курсты әскерден кейін оқыған мен бұл ұсыныстың тиімсіз екенін, Көкшетауда оқи беретінімді жеткіздім де, қайтадан вокзалға бармақ болып едім, Шәмкең ештеңеге қаратпастан тұп-тура туған ауылына ала жөнелді.

Алатау баурайындағы желекті ауыл екен. Сәкен ағайдың әке-шешесі де дала көңілді ақжарқын жан боп шықты. – Ассалаумағалейкүм! – деп қазақы жолмен сәлем бере кіргенімде: – Уағалейкүмассалам! – деп жауап қатқан әкесі мен тұрған босағаға ұмтыла берді. Шәпектің: – Әке, бұл жігіт – Көкшетаудан келген мейман, Сәкен ағамның шәкірті, – дегені сол еді, құдды Сәкен баласының өзі кеп тұрғандай қуанды. Менің оқуымды, ұлы мен келінінің хал-жағдайын, жалпы есендік біліскен соң: – Шешеңді шақыр, Арқадан келген құтты қонағымызға қазан көтерсін, – деп жатты.

Семіз тананың еті піскенше, шай ішілді. Сәкен ағайдың кенже егіз інісі бар екен, шай үстінде олар жарыса тақпақ айтып, мәре-сәре күйде дуылдасып отырдық. Осылай Сәкен ағаның өз отбасында ғана емес, ата-анасының кие қонған қара шаңырағында да қонақ боп қайтқан мен Көкшетауға кәдімгідей есейіп оралғандай болдым. «Алтыдағы бала ауылға келсе, алпыстағы ата алдынан шығады» деген сөздің салмағын шын түсініп, өмірлік ұстанымымның бірі ретінде бекітіп оралдым. «Кең болсаң – кем болмайсың» деген ұлағаттың темірқазығын өзіме аманат ретінде арқалай оралдым.

Сонымен, 1989-1990 жылдары Көкшетау пединститутының дайындық факультетінде, 1990-1995 жылдары филология факультетінде оқып, «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі» мамандығын алдым. Сәкен ағай мен Гүлшат апайдан тыңдаған көл-көсір дәріс әлі күнге дейін санамда жаңғырығып тұрады. Олар сіңірген тәрбие, олар артқан сенім мені үнемі алға ұмтылуға, үнемі жаңарып отыруға құлшындырумен келеді. Гүлшат апайдың лингвистика саласы жөнінде берген ұшан-теңіз білімі кейін кемеңгер лингвист, құрметті ғалым, профессор Жантас Алтайұлы Жақыповқа шәкірт болуыма ықпал етті.

Нұрлыбек Маманұлы ӘУБӘКІРОВ

Сөйтіп, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғадым. Мен бақытты адаммын. Азғантай уақыт ішінде гуманизм өнегесін айналасына нұрдай шашқан шын педагогтерге шәкірт болған менің талайым зор-ақ. «Ат тұяғын тай басар» демекші, 2018 жылы «ҚР ЖОО үздік оқытушысы» атағын иеленіп, 2019 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да QS бойынша халықаралық жиынға қатыстым. Бұл кезде Сәкен ағай мен Гүлшат апай Алматыда еді. Гүлшат апайдың ҚазҰУ-да еңбек етіп жүргеніне 20 жылға жуықтаған. Алайда ес жиған шағымда алғаш ұстаздық еткен Гүлшат апайымды 1996 жылы Қарағандыға қоныс аударып келгелі көрмеген болатынмын. Ұстазыма деген 23 жылғы сағыныш бар.

Сол жолы арнайы сәлем бермек боп филология факультетіне бардым. Деканатта алғаш жолыққан адам Гүлшат апайдың жұмыс телефонына қоңыраулатып шәкіртінің іздеп кеп тұрғанын жеткізді де, апайым отырған ғимаратқа жол сілтеп жіберді. Сілтенген ғимараттағы аталған кабинетке кірсем, Гүлшат апай қасындағы әріптесіне: – Міне, осы жігіт! Көрдіңіз ғой! – деп жатыр. Сөз төркінінен ұққаным – менің келе жатқанымды алдын ала сезген Гүлшат апай әріптесіне мен жайлы баяндап отырған екен. Әлгінде деканатта телефон соққан адам менің аты-жөнім жайлы тіс жармаған еді.

Соған қарамастан келе жатқан Нұрлыбек шәкірті екенін Гүлшат апайдың қалай түсіне қойғаны – мен үшін әлі жұмбақ. Шәкіртін емес, сағынысқан бауырын көргендей шаттанған апайым сөз арасында бірге оқыған студенттердің бірін қалдырмай сұрап шықты. Және таңғалғаным – әр студенттің аты-жөнін әлі күнге дейін ұмытпапты. Сол бір аз ғана уақыттың өзінде қаншама өнеге, қаншама тағылым айтып үлгерген, ақ батаның түр-түрін беріп үлгерген Гүлшат апай соңында ағынан жарыла: – Үйге жүр, дәм татып кет. Сәкен ағаң жұмыстан келеді, әңгімелесесіңдер, – деді баяғы кеңдігінен танбай.

Өкінішке орай, уақытым тығыз болып, құт дарыған шаңырақтарына бара алмадым. Ризашылығымды білдіріп, кейін арнайы келетінімді айтып аттандым. …Сәуір айының 24-і күні Гүлшат апайым 60-қа толды. Гуманистік идеямен ғана өмір сүрген, ұстаздық мәртебесі асқақтай түскен абыройлы алпыс жас. Қырық жылға жуық білім беріп, мыңдаған шәкірт тәрбиелеп шыққан ұлағатты ұстазымыз кешегі күнгідей тың. Талай жыл атқарған есепсіз еңбегі арқылы Отан алдындағы азаматтық борышын адал әрі табысты орындап келеді. Ұлттық саясаттың жүзеге асуына қосқан үлесі – кімге де болсын үлгі.

Рухани жаңғыру жолына түскен жаңа Қазақстанның, ұлт ұрпағының болашағына берері әлі де көп. Осындай кәсіби әлеуетті әрі қажыр-қайраты тасыған ұстаздар барда елімізде педагог мәртебесі тек қана биіктей түсеріне сенім мол. Қазақ көшінің ғасырдан-ғасырға осындай ұстын етер ұстаздар арқасында жете береріне кәмілмін. Сәкен ағай мен Гүлшат апайдың тәлімін алған ұл-қыздарымыз қазірде бір-бір мамандықтың тізгінін ұстап, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін тер төгуде.

Гүлшат апайды мерейлі 60 жасымен құттықтаймын! Алдағы уақытта да қазақ лингвистикасы ғылымының өрісін кеңейте береріне күмән жоқ, сондықтан Сәкен ағай екеуі құрған ұстаздар отбасына амандық, мықты денсаулық, сарқылмас қажыр, кемел шығармашылық тілеймін. Перзенттеріңізбен мың жасап, шәкір ықыласына тоймаңыздар!

Нұрлыбек Маманұлы ӘУБӘКІРОВ,
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды
техникалық университетінің профессоры,
ф.ғ.к., Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы
“Тілдердің үштұғырлығы” орталығының басшысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий