Шеберлікке шыңдаған курс

Маусым айының 27-нен шілденің 8-не дейін «Өрлеу» БАҰО АҚФ Алматы қаласы бойынша кәсіби даму институтында «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курсынан өттік. Әрбір курстың өзіндік ерекшеліктері, қызықтары болатыны секілді бұл курстың да мұғалімдердің кәсіби құзыреттіліктерін дамытып, білім-білігін жетілдіруде көп пайдасы тиген, үлкен әсер қалдырған оқу болды.

Иә, білім беру саласында болып жатқан жаңалықтар, өзгерістер білім берудің сапасын арттыруды көздейтін бастамалар екені анық. Тек оқу, білім ғана алға қарай жылжуды, кемелденуді, адамдықтың шыңына жетуді үйретеді. Қазіргі мұғалім өз білімін жетілдіріп арттырып отырмаса, білім саласы ғана емес, жалпы ел мен мемлекеттің дамуы кешеуілдеп артта қалып қоюы мүмкін. Бұл заман білекке емес, білімге сенетін заман емес пе? Сондықтан да игі мақсаттарды көздейтін «Өрлеу» секілді ұлттық орталықтардың ұйымдастырып жатқан курстары мұғалімдер үшін пайдасы көп, нағыз шеберлікке шыңдайтын шеберхана іспеттес болуда. Біздің курсқа өз кәсібін жақсы көретін, оқуға құмар, береке-бірлікте әрекет етуге дайын жайдарлы, көңілі ашық әріптестер жиналды. Бұның өзін үлкен бір табыс деуге болады. Өйткені курстың нәтижелі өтуі көбінесе қатысушылардың бір-біріне қолдау білдіріп, ықпалдаса әрекет етуіне тікелей байланысты болып жатады. Топқа Ибраева Жанар  Мұхаметқалиқызы жетекшілік етіп, білім-білігімен, тәжірибесімен бөлісіп, бірнеше күндер бойы дәрістер оқыды. Бағыт-бағдар беріп отырды. Бұл кісі негізінен қазіргі заман талабына сай жаңашылдық пен оқу үрдісін үлкен шеберлікпен жүйелі түрде жүргізе білетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, әріптестерімен тіл табысып, оларды игі іске жұмылдыра алатын, нәтижеге қол жеткізуде тәжірибесі мен білімін үйретуден жалықпайтын, өзі де білуге, үйренуге құмар, жұмысын жетік меңгерген білікті маман, кәсіби аға оқытушы. «Білім берудегі нормативтік-құқықтық актілері және педагогика-психологияның заманауи әдістері», «Педагогтің кәсіби этикасы: мәдениеті және заманауи имиджі», «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәндерінің үлгілік оқу бағдарламасы және оқу жоспары. Жаңа буын теориясы және квалиметрия», «Жасөспірімдердің психикалық денсаулығы. Медиа және ақпараттық сауаттылық» секілді тақырыптардағы семинар сабақтары әрбір мұғалім үшін пайдалы, әрі білуге тиісті дүниелер. Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін тереңдетіп оқытуға қажет «Эссенің түрлері. Эссе жазудың әдістемесі», «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері бойынша қысқа мерзімді сабақты жоспарлау» сияқты дәрістері тіл мамандары үшін аса маңызды деуге болады. Инклюзивті балалармен жұмыс істеуге арналған дәрістері де өз құндылығымен ерекшеленді.

Теория мен практиканы ұштастыра отырып, оқыту барысында түрлі жаттығуларды орындату, әр қатысушының белсенді болуына, уақытты ұтымды пайдаланып, заманауи әдіс-тәсілдерді терең меңгеруіне жағдай жасау нағыз дарынды оқытушыларға тән қасиет. Міне, осындай дара қабілеттерге ие оқытушылардың бірі – Есентаева Айжан Ыдырысқызы. 2008 жылдан бері жаңартылған бағдарлама бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру саласында өнімді қызмет жасап, мол тәжірибе жинақтаған аға оқытушы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, тренер. Көптеген ғылыми-әдістемелік мақалалар мен нұсқаулықтардың, оқу құралдары мен элективті курстардың, сондай-ақ «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» бағдарламасының авторы. Үстіміздегі жылдың қаңтарында орталық ұйымдастырған байқау нәтижесі бойынша «Айдың ең үздік қызметкері» атанып, арнайы дипломмен марапатталған да. Айжан Ыдырысқызы өткізетін дәрістері аса белсенділігімен, нәтижелігімен ерекшеленіп тұрады. Оның дәрістеріне қатысқан тыңдарман, оқушы емін-еркін, жайбарақат отыра алмайды. Оқу процесіне бірден кіріп кетуіңді талап етеді. «Қазақ тілі және қазақ әдебиеті пәндері бойынша қалыптастырушы, жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды құрастыру», «Білім алушылардың азаматтық, тұлғалық болмыстарын қалыптастыру, отансүйгіштік қасиетке тәрбиелеу», «Білім алушылардың Soft Skills дағдыларын дамытуда белсенді әдістерді қолдану», «Сабақ жоспарының таныстырылымын дайындау және жоба қорғау» сынды сабақтары жоғары деңгейде өтуімен ерекшеленді. Әсіресе демосабаққа қатысты дәрістері қызықты өтті.  

«Әртүрлі жанрда мәтіндер құрастыру. Жазылым жұмыстарының түрлері. Тілдік бірліктерді пайдалануға арналған жаттығуларды дайындау» тақырыбы бойынша дәріс өткізген білікті тренерлердің бірі – Арзымбетова Салтанат Жақсылыққызы. Тәжірибесі мол, оқу мен оқытудың әдістерін терең меңгерген кәсіби оқытушы жазылым дағдыларын дамыту, «Ой қозғау» секілді әдістері мұғалімдерге оң әсер етіп, тіл білімі бойынша біршама сұрақтарға жауап алғандай болды. 

Иә, әр оқытушының өзіндік сабақ беру әдістері, сөйлеу мәнері, әріптестерімен жұмыс істеу тәсілі, қарым-қатынас жасау ерекшеліктері болатындығы анық. Бізге дәріс өткізген оқытушылардың бәрі дерлік ізгі мақсаттарды көздеген, еңбекқорлығымен, ізденгіштігімен ерекшеленген кәсіби мамандар. Бұндай мамандардан сабақ алу, дәрістеріне қатысу үлкен мақтаныш, зор мәртебе деуге болады. Осындай курстарды жүргізіп жүрген оқытушылардың қала мектептеріне жиі шығып, мұғалімдермен тығыз қарым-қатынаста болса, қолдаушылықпен бірге бақылаушылық қызметін де қоса атқарса екен деген тілектер бар. Өйткені курс барысында үйренген әдіс-тәсілдер күнделікті сабақ барыстарында қалай жүзеге асырылып жатқандығы да маңызды нәрселер емес пе?..

 Біз, курсқа қатысушы тыңдаушылар, Жанар Мұхаметқалиқызына, Айжан Ыдырысқызына, Салтанат Жақсылыққызына және осындай курстарды ұйымдастырып, қала мұғалімдерінің тұрақты өтіп тұруына жағдай жасап жүрген аталмыш орталықтың қызметкерлері мен директоры, педагогика ғылымдарының докторы Садвакасова Раиса Аждарқызына айтар алғысымыз шексіз әрине. Сапалы білім қалыптастыруға негіз болып отырған аталмыш орталықтың кәсіби шебер оқытушыларына ризашылық сезімдерімізді білдіре отырып, игі мақсат жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан осындай тамаша ұжымға шығармашылық шырқау мен биіктер, толағай табыстар тілейміз.  

Қанат Едігетегі,
Алматы қаласы
№59 мектеп-гимназияның оқытушысы

 

Курс тыңдаушыларының ізгі тілектері мен пікірлері:

Жаңабаева Жұмакүл Әбілқызы, ардагер-ұстаз.

«Екі апталық курс мен үшін өте пайдалы болды. Белсенді  оқыту әдістер, бағалау критерийлері, саралап оқыту, кері байланыс, курс тыңдаушыларымен тәжірибе алмасу өте жоғары деңгейде болды.

Ойда жүрген көптеген сұрақтарға жауап алдым. Алған білімімді тәжірибемде қолданамын. Тренерлерге шығармашылық табыс тілеймін!» 

Умарова Бибігүл Медиахунқызы,

№32 жалпы білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 «Жүсіпбек Аймауытов негізін қалаған оқыту әдісінде айтылған: «Бала әуелі өз бетімен сөйлеуге, жазуға төселіп, сонан кейін үлгілі сөздерге еліктеуге мүмкіндік берілсін» деген қанатты сөзін  курс тренерлері назарға алып, «тыңдалым», «оқылым»,  «айтылым» «жазылым» әдістерін сабақта қалай тиімді пайдалану жолдарын нақты теория және практикалық жұмыстарды өзімізге жасату арқылы ұғындырды.

Баланың функ­ционалды сауаттылығын қа­­лып­­тастыру, ойын еркін жет­­кі­зу­ге, өзін-өзі бағалауға  қалай үй­ре­туіміз керектігін, алған білімді  оқушы  өз өм­і­рінде пайдалана алуы тиіс екендігін, соған нақты қалай жету жолдарын бізге  түрлі әдіс-тәсілдер арқылы көрсетті. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан алған жаңа білім-білік, дағдыларымыз көп болды».

Айнабекова Айнагул Несіпханқызы,

 Наурызбай ауданына қарасты №15 мектеп-интернатының  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

27.06-08.07.2022ж. аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында «Қазақ тілі» және «Қазақ әдебиеті» пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбы бойынша курсқа қатысып,  нәтижелі білім алдық. Тобымызда бір-бірімізбен  ынтымақшылық көңіл-күйде болдық.  Дәріс беруші кураторымыз Ибраева Жанар Мұхаметқалиқызына шексіз алғысымызды білдіре отырып, үлкен шығармашылық табыс тілейміз!

Жұмағұлова Әсем Дүкенбайқызы,

№17 мектеп- интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

2022 жылғы 27 маусым-8 шілде аралығында «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығының ұйымдастыруымен  мектеп педагогтеріне арналған “Қазақ тілі» және “Қазақ әдебиеті” пәні мұғалімдерінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту” бағдарламасы бойынша біліктілікті арттыру курстары өтті. Бұл курстың ерекшелігі  қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушыларының кәсіби құзыреттерін дамыту және жетілдіру болып табылады. Жаңа білім мен практикалық материалдың құнды жүктері үшін, сондай-ақ менің жұмысымды талдауға себеп болған мотивация үшін көп рахмет. Мен не істеу керектігін,  кәсіби қызметімде нені өзгерту керектігін түсіндім. Осы курс бағдарламасының мазмұндылығы мен практикаға бағдарланғандығын, жанды диалог, толыққандылығы мен кері байланысты атап өткім келеді.

Оңғарбекова Ақерке Полатханқызы, жас маман.

Курс мен үшін керек нәрсе болды. Көптеген ақпараттарды алдым, әдіс-тәсілдерге үйрендім. Топқа жетекшілік еткен Жанар Мұхаметқалиқызына деген ризашылық сезімім үлкен. Аға оқытушы Айжан Ыдырысқызының дәрістері керемет екен. Оқушы жұмысының сапасын жетілдіру тәсілдері деген тақырыпта өтілген сабақтары өте танымды болды. Практикалық сабақтар көбірек қосылса екен деген тілегіміз бар.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий