Студенттерді ғылыми – зерттеушілік қызметіне дайындау жолдары
Білім – асыл қазыналы сандық,
Оны ашатын кілт – еңбек, – дейді П. Буаст . Жеке тұлғаны дамыту мен оған жан-жақты терең білім беру мақсатында оның еркіндігін, белсенділігін қалыптастыра отырып, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру жолында неғұрлым тиімді шараларын енгізу бүгінгі ұстаздың жауапты істері болып табылады. Жұмыстың басты мақсаты да осы болмақ.
Қазіргі әлемдік өркениетте әлеуметтік-экономикалық жағдайға сәйкес білім берудің бағыты тұлғаның құзыретін жалпы дамыту үшін, ең алдымен студенттерді дайындауда ғылыми – зерттеу жұмыстарына икемді етіп тәрбиелеу айқындалып отыр. Бүгінгі ұрпақ – қоғамның ертеңгі мүшесі. Сондықтан студенттердің ғылыми-зерттеушілік қызметін қалыптастыру уақыт пен зор еңбекті талап ететін, жауапкершілігі мол жұмыс.
Соның негізінде студенттерге жоғары сапалы білім беру – ол ізденіс арқылы, білім алушының құштарлығы мен қызығушылығы арқылы, сабақта жаңашылдық әдістерді пайдалану арқылы өздігінен еңбек етуге, алған білімін жаңа материалдармен ұштастыра білуге дағдыландыру. Ғылыми жұмыс жазу барысында студенттің бойында ізденіс әрекетін ұйымдастыру, проблеманы тану және оны шеше білу дағдысын қалыптастыру керек.
Жалпы ғылыми – зерттеушілік жұмыстарға қабілетті, көбінесе шапшаң, тез ойланатын, көп көлемде білім меңгеретін, оны ұзақ уақыт ұмытпайтын және олардың түсінігі өте жоғары, сезімтал, ойға алған нәрсесіне, алдына қойған мақсатына қалай да жетуге тырысатын, адамгершілік құндылығы дамыған, моральдық қасиеттерге өте бай, қиял күші басым студенттермен жұмыс жасалады.
Студенттердің ғылыми – зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін басты мына мәселелерге тоқталған жөн: әрбір студенттің жек-дара ерекшеліктерін ескеру; студенттердің қабілеттері мен шығармашылықтарын арттыру; студенттердің өз бетінше жұмыс істеу, іздену дағдыларын қалыптастыру болып табылады. Қабілеттілерді ерте айқындау, оларды тәрбиелеу білім беру жүйесін жетілдірудегі негізгі міндет болып табылады.
Арнайы бағдарда оқыту тәсілінің негізінде зерттеуші студенттерге практикалық көмек көрсету, психо-диагностикасын жүргізу, қабілеттерін зерттеу арқылы жақсы нәтижелерге жетуге болады. Студенттердің дүниетанымын кеңейту, зерттеушілік қызметке баулу, ізденушілік қасиеттерін жетілдіруде сыныптан тыс жұмыстарды жүргізу; үйірме, клубтар жұмыстары; олимпиадаға дайындау; конференция; КТА; дәстүрлі емес сабақ түрлерін жүргізуді ұйымдастыру жұмыстарын өзін-өзі басқару әдісі бойынша жүргізу керек.
«Ғылыми–зерттеу» түсінігі «Үлкен кеңес энциклопедиясында»: «жаңа білімді өңдеу процесі және таным қызметінің бір түрі болып есептеледі» деп түсіндіріледі. Студенттерді ғылыми-зерттеушілік, ұйымдастырушылық қызметке дайындауда, «Өзін-өзі тану» гуманитарлық колледжінде «Жас ғалым» атты элективті курсы жұмыс жасайды. Бұл курстың негізгі мақсаты – ғылыми – педагогикалық зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында рухани – адамгершілік құндылықтар мәселесіне мән бере отырып, студенттердің теориялық ойлауы мен шығармашылық зерттеу, жобалау қабілеттерін дамыту.
Негізгі міндеттері: студенттерді ғылыми – зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздерімен таныстыру; зерттеу жұмысының ғылыми аппаратымен (өзектілігі, нысаны, пәні, мақсаты, міндеттері, болжамы, ғылыми жаңалығы және тағы да басқа) таныстыру; студенттерді ғылыми-зерттеушілік қасиеттерін дамыту; студенттерді өз бетінше ізденуге дағдыландыру; студенттердің ғылыми сөйлеу мәдениетін қалыптастыру; студенттер бойына құндылық қасиеттерін жетілдіру.
Курстың сабақтары студенттердің зерттеу жұмыстарын белсенді түрде меңгеруіне бағытталған. Зерттеу – өз бетімен іздену, баяндама дайындау, таңдаған тақырыптарға жобаны жасау арқылы білімдерін толықтырады. Зерттеу барысына қойылатын талаптар: студенттердің пікір білдіре алу қабілеттері мен ойларын еркін жеткізе білуге көмектесу; студенттердің ой-пікірлерін айғақтармен ұштастыруға үйрету; алдын ала болжау, түрлі нұсқауда түсінік бере білуге үйрету; студенттерге зерттеу жұмыстарын еркін және оңаша жағдайда, әсіресе, шағын топтарда талқылау арқылы жүргізуге мүмкіндік беру; студенттерге алған мағлұматтарын кеңінен пайдалануға және оларды қолдану мүмкіндігін бағалай білуге мүмкіндік беру.
Белгілі психолог Л.С. Выготский: «Дұрыс ұйымдастырылған оқыту процесі ғана баланың жеке басының дамуын ілестіре алады,»- дейді. Сондықтан осындай мақсат пен міндеттерді, талаптарды алдына қойып отырған бұл «Жас ғалым» элективті курсы да студенттердің жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, соның ішінде ғылыми-зерттеушілік қызметке дайындауда өз үлесін қосуда. Ол курстың бағдарламасында қарастырылған әрбір тақырып осы мақсатқа бағытталуда.
«Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек қана оқуменен өнер білмек…
Жалғыз ғана оқуменен теңделмейсің,
Алты ауыз азғын болсаң қоян жүрек», – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай әрбір білім алушының танымдарын кеңейту біздің қолымызда. Ал білім алушыға дәл осындай тәрбие беру үшін міне, осы «Жас ғалым» элективті курсының пайдасы ұшан теңіз. Сонымен, жеке тұлғаның рухани – адамгершілігін дамыту тәрбие мен оқытудың бірлігін сақтай отырып, сабақты шәкірт жанының ішкі қуатының оянуына ықпал жасайтындай етіп ұйымдастыру, сыныптан тыс жұмыстар барысында бойындағы жалпыадамзаттық құндылықтарды қарым – қатынасына түсіру арқылы дамыту және оларды білім, білік, дағдылар негізінде қалыптастыру.
Қорыта келе, жалпы студенттердің ғылыми – зерттеушілік қызметке дайындауда жұмыс жасап жатқан «Жас ғалым» атты элективті курсының бағдары мен бағыты дұрыс жолға қойылған деп есептейміз. Гуманист –педогог Я. Корчактың сөзімен айтқанда «Оқушыны ең алдымен көруге, түсінуге және сүюге үйрету қажет, оқуға үйрету одан кейін келеді». Ақиқатында, егер оқу мен тәрбие процесі үйлесімді ұштасқанда ғана шәкірттеріміз жеке тұлға ретінде дамитын болады.
Акмарал Идирисовна ЕСЕНТАЕВА ,
«Өзін-өзі тану» Адамның үйлесімді дамуы
гуманитарлық колледжінің арнайы пәндер
оқытушысы, педагогика және психология
ғылымдарының магистрі