Динара ЖҰМАШЕВА: Облыстық білім беру жүйесін дамытудың стратегиясы әзірленді

Өткен аптаның сәрсенбі күні Ақтау қаласында Маңғыстау облысындағы педагогтердің «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» тақырыбында жергілікті тамыз конференциясы ұйымдастырылған еді. Жыл сайынғы жүздесуде облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек ТНАЛИЕВ сөз сөйлеп, облыстық білім басқармасының басшысы Динара ЖҰМАШЕВА баяндама жасады.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Динара Нағимоллақызы «Білімді ел – Образованная страна» газетіне сұхбат беру барысында

Алқалы басқосудың барысында отандық білім беру саласының танымал сарапшысы, «GL talimger» білім беру жобасының жетекшісі Ләззат БУЛЕБАЕВА, «MUGALIM» республикалық қоғамдық қордың басқарма төрағасы, педагог- психолог, математика пәні мұғалімі Арофат НУРЛАКОВ, Samruk Ziatkerlik Mektebiнің негізін қалаушы Айгүл ИСМАИЛОВА және тағы да басқа танымал тұлғалар ойларын ортаға салып, пайымды пікірлерін білдірді.

Биылғы дәстүрлі жиынға аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, еліміздегі және шетелдегі білім саласының эксперттері, облыстық мәслихат депутаттары, ардагерлер, мемлекеттік органдардың және аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің, «НЗМ» дербес білім беру ұйымы педаггикалық шеберлік орталығының және «Өрлеу» БАҰО акционерлік қоғамы филиалының басшысы, облыстың білім беру ұйымдарының басшылары мен мұғалімдері, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, белсенді оқушыларға қоса көшбасшы студенттер де арнайы шақырылған болатын.

Шара мұғалімдер мен ата-аналар қауымдастығының облыс бойынша 12 мыңға жуық өкілдерін қамти отырып, республикалық деңгейде Facebook, YouTube-те тікелей трансляция жүргізілді. 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын облыстың білім саласын дамытудың стратегиялық басым бағыттарын жиналған жұртшылыққа таныстырған білім басқармасының басшысы Динара Жұмашевамен сұхбаттасқан едік. Оқырмандардың назарына аймақтың білім саласына қатысты осы ашық әңгімені ұсынамыз.

– Динара Нағимоллақызы, әр жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылатын облыстық тамыз конференциясында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалатындығы белгілі. Сіздің баяндамаңыз облыстық білім басқармасы тарапынан ұзақ мерзімді стратегиялық бағыттардың белгіленуімен ерекшеленді. Сөзіңізді осы басымдықтардан бастасаңыз?

– Дұрыс айтасыз, тәуелсіз мемлекетіміз жалпы білім берудің жүйесі жетілдірудің жаңа кезеңіне аяқ басты. Бүгінгі таңда білім берудің сапасы мен деңгейін жан – жақты дамытып, жаңаша ойлайтын, оқыту мен тәрбиенің жаңа технологиясын күнделікті жұмысында қолдана білетін педагогтер қатарынан көріну – әрқайсымызға жүктелетін жауапкершілік. ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Қанатұлы Аймағанбетов осыған байланысты әр облыстың білім саласының даму стратегиясы болуы қажет деген болатын.

Расында, әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер еліміздегі білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін көрсетті. Облыстық білім басқармасы осы тұрғыда 2030 жылға дейінгі білім беру жүйесін дамытудың аймақтық стратегиясын әзірледі. Стратегияға сай білім беру жүйесін дамытудың мақсаты – білім сапасын диагностикалау, сапаны бағалаудың жаңа рейтингтік формулаларын енгізу арқылы жан-жақты білімді, өмір сүруге бейім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу.

Стратегия білім саласын басқарудағы және дамытудағы әлемдік озық тәжірибелерді саралай отырып және өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктеріне сәйкес жасалған.

– Осы орайда облыстық білім беру жүйесінің миссиясы мен күтілетін нәтиже қандай? – Басты миссия: заманауи ұлттық және халықаралық талаптарға сай, зияткерлік және жалпы мәдени дәрежелері жоғары, бәсекеге қабілетті өңірлік білім беру жүйесін дамыту. Күтілетін нәтиже – әр оқушы, әр мұғалім, әр көшбасшы және әр мектеп жыл сайын жақсара отырып, үш саланы – оқыту, білім беру және көшбасшылықты дамыту арқылы 2030 жылға дейін еліміздегі өңірлік білім беру жүйесінің үздік ондығына ену.

Білімділік өңірде бірден-бір маңызды басымдыққа айналуы тиіс, ол үшін келесі құндылықтарды насихаттау маңызды: ұлттық код; әрбір оқушының құндылығы; сенім мен сапа; даму; денсаулық және әл-ауқат. Стратегияда білім жүйесін дамытудың сегіз бағытына (мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту; орта білім; қосымша білім; арнайы білім; техникалық және кәсіптік білім; адами капитал; білім саласын басқарудың жаңа форматы; инфрақұрылым) басымдық бердік.

Сонымен қатар еліміз орындауға міндеттелген Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасының 17 негізгі бағыты белгіленген болатын. Оның ішіндегі біздің білім саласына тікелей қатысты басымдығы төртіншісі – «Сапалы білім беру» бағыты. Оның басты ұстанымы – әлеуметтік мәртебесіне, денсаулығына, мүмкіндігіне, тегіне қарамастан ешкімді шеттетпей, білім берудің барлық деңгейінде тең, сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.

– Бұл бағыттарды жүзеге асыру арқылы стратегияның түпкі мақсатына қол жеткізудің қандай мүмкіндіктері қарастырылған? – Бала өмірінің алғашқы бес жылы оның денсаулығы, дамуы және оқуы үшін өте маңызды. Бұл мидың, физикалық, тілдік, әлеуметтік, эмоционалдық және когнитивті дамудың ең жылдам уақыты. Мектепке дейінгі мекемелердегі балалар дамуының негізгі векторлары ретінде физикалық денсаулық пен әл-ауқатының жақсаруы; әлеуметтік құзыреттер; эмоционалды интеллект; тілдік және когнитивті құзыреттіліктер; коммуникациялық дағдылар мен жалпы білім деңгейі басты назарға алынған.

Ғылыми тұрғыда дәлелденген орта білім саласының негізгі бағыттары: интеллекттің IQ, EQ – эмоционалдық, рухани, физикалық 4 түрін дамыту; өмір бойы білім алу дағдыларын меңгеру; функционалдық сауаттылығын дамыту; оқушының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін ашу; жеке білім беру және тұлға ретінде қарау; ерте жастан кәсіптік бағдар беру.

– 2030 жылы орта білім жүйесінде облыстың барлық мектептері интеллектің төрт түрін дамытуға және толық инклюзияға көшірілетіндігін айрықша атап айтуыңыздың себебі неде? – Ия, шынымен де, аймақтағы отыз білім беру ұйымында үздік мектептер желісін құру көзделіп отыр. Ол үшін халықаралық аккредитациядан өткен 1 мектеп, он физика-математика бағытындағы, 10 химия-биология бағытындағы, жеті STEAM бағытындағы, 2 базалық IT мектеп құруды және оларды дамытуды жоспарладық.

Оқушыларға кәсіптік бағдар беруге «Қабілет» жобасы, мектептерде оқушылар мен мұғалімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Қауіпсіз мектеп» жобасы, балалардың тәрбиесіне ата-аналарды тарту бағытындағы «Саналы ата-ана» жобасы, мұғалімдердің цифрлық құзыреттілігін арттыру бағытындағы «Онлайн ұстаз» жобасы басталады. Бұл ретте ҚР Оқу-ағарту министрлігімен және оған қарасты мекемелермен, Есенов университетімен, «Өрлеу», Назарбаев Зияткерлік мектебі, Педагогикалық шеберлік орталығы, педагогикалық колледждер, «Білім-инновация» қоры, ЕСРМ және «Медиана» ІТ-компанияларымен бірлесіп жұмыстар атқаратын боламыз.

– Динара Нағимоллақызы, қосымша білім беру мен арнайы білім беру және техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың негізгі бағыттарына тоқталсаңыз? – Осы орайда барлық оқушыларды қосымша білім берумен қамту; оқушылар орталығы, мектептерде қосымша үйірмелер мен секциялар, сыныптар ашу арқылы әрбір бала өзінің табысты және шығармашылық даму жолын таба алатын заманауи, ашық, икемді қосымша білім беру жүйесін құру қажеттілігі тұр.

Әлеуетті кәсіпорындардың демеушілігімен озық сәулет тәжірибесі мен инновациялық шешімдерді пайдалана отырып, оқушылар сарайын салу жоспарланған. Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында, мүмкіндігінше барлық аудандарда оқушылар сарайы ашылатын болады. Арнайы білім беру жүйесінің негізгі бағыттары: дамуындағы бұзылыстарды ерте анықтау және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың психофизикалық дамуын уақытылы кешенді коррекциялау, әлеуметтік бейімдеу.

Ол үшін 2 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, үш психологиялық-педаго-гикалық түзеу кабинеті, 1 аутизм орталығы ашылатын болады. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың негізгі бағыттары санатында «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, бизнес орта мен техникалық және кәсіптік бі-
лім беруді интеграциялау; халықаралық деңгейдегі кәсіби мамандар даярлау; білім беру мазмұнын өзектендіру; техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту бар.

– Қай саланың болмасын ілгері дамуы кадр сапасына тікелей байланысты. Сондықтан адами капиталды дамыту мен жаңашыл басқару үлгісіне де ерекше еркін берілетін шығар? – Әрине, адами капиталды дамытудың келесі бағыттарын негізге алдық, Ең алдымен, әр оқушының дарындылығын басқару принциптерін қолдану. Екіншіден, диагностикаға негізделген әдістемелік қамтамасыз ету. Үшінші – білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз ету. Төртіншіден, кең ауқымды оқыту курстарын ұсыну арқылы кадр әлеуетін үздіксіз жетілдіру және дамыту.

Білім саласын басқарудың жаңа форматының негізгі бағыттары: қоғамға ашықтық; басқарушы компания моделіне көшу; білім беру мекемелерінің дербестігін кеңейту. Білім беру жүйесіндегі инфрақұрылымды дамытудың негізгі бағыттарына келсек, білім алушыларға және педагогтерге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ сенімді және қауіпсіз орта құру.

Осы стратегияны жасау барысында білім басқармасы жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды, білім саласындағы тәжірибелі сарапшылар, педагогтердің біліктілігін арттыру орталықтары тартылды, білім бөлімдерінің және білім беру ұйымдарының басшылары мен мамандары тікелей қатысқандықтан, барлық әріптестеріме алғыс білдіремін!

– Ашық әңгімеңізге көп рақмет. Сізге және маңғыстаулық педагогтер қауымына жаңа оқу жылында шығармашылық жетістіктер тілеймін!

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА,
Нұр-Сұлтан – Ақтау – Нұр-Сұлтан

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий