Ақселеу Сейдімбек – қазақ руханиятының жанашыры

Қазақ руханиятының ірі қайраткері Ақселеу Сейдімбек көзі тірі болғанда биыл мерейлі 80 жасқа толар еді. Ғалымның мерейтойын атап өту республикалық ауқымда өткен жылы басталып кетті. Саналы ғұмырын қазақ сахарасын зерттеуге арнаған Ақселеу Сейдімбектің есімі Алтынсарин академиясымен де тікелей байланысты.

Қазақ ғылымы мен әдебиетіне, мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан ғалым Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім проблемалары институтын 1998 жылы Ыбырай Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы етіп қайта құруға атсалысты және өзі оның алғашқы президенті болды. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасында төл оқулықтарды әзірлеу, басып шығару, қамтамасыз ету» туралы Мемлекеттік мақсатты бағдарламаны іске асыруға зор үлес қосты.

Елімізде алғаш рет авторлық топтар құрылды, Ақселеу Сейдімбек оларды ортақ мақсатқа жұмылдырып, төл оқулықтардың оқу үдерісіне енуіне аянбай еңбек етті. Белгілі этнограф-ғалым А. Сейдімбек басшылық еткен тұста Ы. Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында ауқымды жұмыстар атқарыла бастады. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы білім беру стандарты, үлгілік оқу жоспарлары, оқу бағдарламалары әзірленіп, отандық төл оқулықтарды дайындау қолға алынды.

Ақселеу Сейдімбек шығармашылғының негізгі нәрі, қайнар бастауы халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасымен біте-қайнасып, сабақтаса өріліп жататындығымен құнды деп айтуға толық негіз бар. Қаламгерлік жолын журналистикадан бастап, көркем шығарма кеңістігіне еркін қанат қаққан шешен Ақселеу кемел жасқа іліксімен ғылымның қиында күрделі күрең жолына түсті.

Қазақ руханиятына қатысты бірде-бір тақырып Ақаң назарынан тыс қалған жоқ. Қазақ іліміне кіргізген өзінің «көшпелілер өркениеті» ұғымы аясында қаншама қыруар жұмыс атқарды. Жер-су, елді мекен атауларының тарихы, қазақ ұлысының рулық-тайпалық шежіре-баяны, халықтың салт-дәстүрі мен көшпелі елдің тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру заңдылықтарының барлығына әдебиетші-ғалым, жазушы-этнограф, тарихшы-философ Ақселеу Сейдімбек өзіндік таным, ғылыми пайымдаулар берді.

Алаш халқының алты ғасырлық, туралап айтсақ түркі дүниесінің төрт мыңжылдық тарихын шола отырып, А. Сейдімбек ғылыми шығармаларын оқығанда жүрек шымырлатар шымыр сөздердің жаныңызға қуат беретіні де қатып қалған ғылыми стильге бағынбағанынан болар. Сейдімбеков шығармаларындағы парасатты пайымдаулар, дерек пен дәйекке, ұлы тұлғалардың ой орамдары, тұжырымдарымен сабақтаса отырып, қазақи тілдің қуаты мен нәрленіп, санаңызға сөнбес сәуле ұялатады.

Қазіргі уақытта Ақселеудің өнегелі өмірі мен шығармашылығын ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Қойлыбай Асан, жазушы, тарихшы Қойшығара Салғараұлы сынды тұлғалар зерттеп жүр. Ардақтайтын халық барда Ақселеу Сланұлының есімі ешқашан ұмытылмайтыны, ал тылсым ойларының «Жаңа  Қазақстанның» өскелең ұрпағын тәрбиелеуде  өзектілігі жалғасын табатыны  анық!

Исатай Өмірзақұлы САҒЫНДЫҚОВ,
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім
академиясы «Педагогикалық квалиметрия
және халықаралық зерттеулер» орталығының
/бас сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий