Ұлттық мұраны жаңғыртуды бишілер үлесі

Ерте заманнан қалыптасқан, халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан қазақтың ұлттық би өнері – мәдениетіміздің асыл мұрасы. Бүгінде Қазақстандағы хореография – халықтың рухани байлығына айналған жаңа көркемөнер түрі. Көптеген өнер майталмандары осы саланы одан әрі дамытып,  ұлттық мұрамызды жаңғыртуда ат салысуда. Оралдық «Ғажайып» ансамблі де сол өнерпаздардың қатарында.

Негізі 2013 жылы Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында қаланған ансамбль 10 жылға таяған тәжірибесінде әртүрлі жанр, стиль, ұлттық және түрлі халықтардың билерін орындап, республикалық, халықаралық деңгейлерде, конференцияларда өнер көрсетті. «Ғажайыптың» мұндай дәрежеге жетудегі басты кілті – қазақтың ұлттық биіне ерекше назар аударуы болды, – деп хабарлайды осы білім ордасының баспасөз қызметі.

Соның арқасында ұжым тек хореографияға, эстетикаға баулып қана қоймай, биші-оқушыларды патриоттық, отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелейді, ұлттық сананы дамытады. Оған дәлел бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген жарқын биші түлектеріміз. Мәселен, Корей мемлекетінің белді университеті студенті Аружан Ерланқызы қазақ делегациясына ұлттық биімізді қоюға көмектесті, сонау АҚШ-та білім алып, қызметте жүрген түлектеріміз –Қайсар Пішенбаев мен Шымболат Тналиев әр жылда ұйымдастырылатын Наурыз мерекелерінде қазақ биінің шашбауын көтерді.

Европадан орын тепкен Мадина Мұратова мен Еділ Давлетьяров та өнерімізді әлемге паш етуден қалыспады, Еділ өзі жұмыс жасайтын Қазақстанның Финляндиядағы елшілігінде концерттер ұйымдастырудан алдына жан салмаса, Мадина өз қатарластары арасында қазақ биінің танылуына үлес қосуда. Ал Санкт-Петербургте оқып жүрген түлегіміз Светлана Мурзагулова әр мейрамда студенттерге қазақ биін үйретіп, ұлттық нақыштағы билерді қоюымен танылды.

Осыдан-ақ «Ғажайыптың» қазақ биін әлемге танытуда, ұлттық ерекшеліктер бен мәдениетімізді жаңғыртудағы толағай үлесін көруге болады. Қазір де хореография кабинетінің табалдырығын тоздырып, күнде тер төгіп билеп жүрген жас бишілеріміз де болашақта түлектердің жолын қуып, халық мұрасын одан әрі дамытары сөзсіз.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий