Астана қаласының білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді дамыту туралы

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВтың төрағалығымен осы бейіндік ведомстваның дәстүрлі түрде әр аптаның сейсенбі күні ұйымдастырылатын аппараттық жиналысының бүгінгі кезекті басқосуында Астана қалалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенгазыев “Астана қаласының білім беру ұйымдарында инклюзивті білім беруді дамыту туралы” тақырыбында баяндама жасады.  

Астана қаласында жыл сайын инклюзивті білім беру жүйесі жетілдірілуде, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеу жөнінде жағдай жасалуда. Бүгінгі таңда 1496 мектепке дейінгі ерекше білім беруді қажет  ететін балалары бар 3 арнайы балабақша, 48 арнайы топ және 51 балабақша жұмыс істейді, сондай-ақ 3 арнайы мектеп, 114 арнайы сынып және 89 мектеп бар, онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 3460 оқушы білім алуда. Елордада ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13 597 бала бар, бұл жалпы балалар санының 3,2% – құрайды (425 132),  – деді Қасымхан Сенгазыұлы.

Қазіргі уақытта балалар кешенді түзету психологиялық-педагогикалық көмекті 2 оңалту орталығында, 4 психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде, “Асыл Мирас” аутизмі бар балаларды қолдау орталығында, 26 инклюзияны қолдау кабинетінде, мектептер жанындағы 12 логопунктте алады. Түзету қызметін алу кезегінде 1400 бала тұр. Инклюзивті білім алу үшін 64 балабақшада (65 %) және 89 мектепте (94%) жағдай жасалған. 2025 жылға қарай барлық білім беру ұйымдарында жағдай жасалатын болады. Қазіргі таңда 25 ТжКБ ұйымында мүгедектігі бар 305 студент оқиды, оның ішінде 175 адам ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар.

2013 жылдан бері арнайы (түзету) білім беру ұйымдарының бітірушілері үшін әрлеу құрылыс жұмыстарының шебері мамандығы бойынша Құрылыс-техникалық колледжінде қысқартылған білім беру бағдарламалары бар түзету топтары ұйымдастырылған (жыл сайын 12 студент қабылданды). Ағымдағы жылдан бастап 5 колледжде 97 орынға арналған инклюзивті топтар ашылып (Құрылыс-техникалық колледжі, Қоғамдық тамақтану және сервис колледжі, Қазақстандық Швейцария-американдық колледжі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ колледжі, Астана қаласындағы Д.А. Қонаев атындағы колледж) 5 мамандық бойынша (интерьер дизайны, тігін ісі, нан пісіру өндірісі, бағдарламалық қамтамасыз ету, ғимараттар мен құрылыстар салу) ерекше қажеттіліктері бар балалар қабылданды.

Қазірігі таңда каламыздың колледждерінде 175 ерекше білім беру қажеттілігі бар бала білім алуда. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру және тексеру қызметін 6 ұйым (ПМПК) көрсетеді, бірақ баланың көптігіне байланысты барлық баланы қамту мүмкін болмай отыр (1 ПМПК – 70 мың бала). Сондықтан 2023 жылы тағы бір ПМПК ашу жоспарлануда. 2025 жылға дейін 4 ПМПК ашылатын болады, ПМПК санын 10-ға дейін жеткіземіз.  

Жыл сайын аутизммен ауыратын балалар саны артып келеді. Егер 2021 жылы олардың саны 1624 баланы құраса, 2022 жылдың 1 қазанына есепте осы диагнозы бар 2 256 бала тұр. Бұл мәселені шешу үшін түзету кабинеттерінің филиалдары ашылып, “Болашақ”, “Дара”, “Қадам” қоғамдық қорларымен бірлесіп мектептерде инклюзияны қолдаудың 26 кабинеті ашылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін аутизм спектрі бұзылған 1000-ға дейін баланы түзетумен қамти алатын тағы бір аутизм орталығын ашу жоспарлануда.

Білім алудың маңызды шарттарының бірі – кедергісіз білім алуға қол жетімділікті ұйымдастыру. Сол орайда № 65, 83 мектеп-гимназияларына лифт салуға 58 млн. теңге бөлінді. № 65 мектеп-гимназияда есту қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы сыныптар жұмыс істейді. Қала мектептерінде және арнайы білім беру ұйымдарында 117 арнайы педагог (дефектологтар, логопедтер) жұмыс істейді, 1544 педагог инклюзивті білім беру бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті.

Алайда, бүгінгі таңда логопед, дефектолог, сурдопедагог кадрлар тапшылығы бар, кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстары жеткіліксіз. Бүгінгі таңда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 13597 баланың 40%-да мүгедектігі жоқ, ол 5600 баланы құрайды. Бұл сөйлеу қабілеті бұзылған, психикалық дамуы тежелген балалар. Түзету кезінде бұзушылықтардың бұл түрлері уақытша болуы мүмкін. Сондықтан бұндай жағдайда балаларға абилитация көмектеседі. Абилитация – балалардағы патологиялық жағдайларды ертерек алдын-алып, емдеу мақсатында жұмыс істейтін емдеу-педагогикалық шаралар жүйесі.

Сол себепті «Абилитация» ұғымын «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларына енгізуді сұраймыз. Бүгінгі таңда қалада мектеп жасындағы тірек-қимыл аппараты бұзылған 1126 бала тіркелген, оның ішінде – 1027 мүгедек бала. Алайда, тірек-қимыл аппараты бұзылған, өз бетінше жүріп-тұра алмайтын мүгедек балалар үшін білім беру ұйымдарында жеке көмекші қарастырылмаған.

Осыған байланысты «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы» Заңның «жеке көмекші» ұғымы бөлігіне жүріп-тұруы қиын балалар үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсету бойынша, сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 22 қаңтардағы № 26 бұйрығының мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер үшін жеке көмекшінің әлеуметтік қызметтерін көрсету қағидаларына өзгеріс енгізуді сұраймыз.

Осы міндеттерді шеше отырып, біз әрбір балаға, оның қажеттіліктеріне және басқа да жағдайларына қарамастан, өз әлеуетін толық іске асыруға, қоғамға пайда әкелуге және оның толыққанды мүшесі болуға мүмкіндік бере аламыз, – деп қортындылады өзінің сөзін баяндамажсаған білім басқармасының басшысы.

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий