Ел болашағы – бақытты бала

«Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КеАҚ-ның ұйымдастыруымен «Балалардың әл-ауқаты – заманауи білім беруді дамытудың құндылықты-нысаналы бағдары» тақырыбында республикалық форум өтті. Форум жұмысына ҚР Оқу-ағарту министрлiгінің, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының, «Бөбек» ҰҒПББСО, «Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы», өңірлік білім басқармалары, үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер қозғалыстары, блогосфера, БАҚ, Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер, басшылар, педагог-психологтар, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының әлеуметтік педагогтары, қоғам қайраткерлері, ата-аналар қатысып, көкейде жүрген біраз мәселені ортаға салды.

Бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Паули Элина Сергеевна елдің ертеңі, мемлекеттің болашағы бала екенін, оның тәрбиесі мен сапалы білім алуына мемлекеттің ерекше назар аударып отырғанын, биылғы жылдың «Балалар жылы» аталуының өзі тегін емесіне тоқталды. Балалардың әл ауқатын жақсарту бағытында жасалып жатқан жұмыстар жайында айтып, бүгінгі форум жұмысына сәттілік тіледі. Қабылданған қарарды ескере отырып, алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстарға серпін беретіндері жайында айтты.

Шынынында да мұның бәрі мемлекет тарапынан балаларға жасалып жатқан үлкен қамқорлық. Балалары мектеп көрмейтін мемлекеттер бар, ал бізде мектепке бармайтын бала жоқ. ҚР конституциясы, Ата заңымыздың 30 бабында «Азаматтардың мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті» деп жазылған. Баланың саналы болуына, сапалы білім алуына қоршаған ортаның ықпалы зор. Бір сөзбен айтқанда баланың әл-ауқаты, жағдайы дұрыс болу керек. Балалықтың бақытын сезініп, алаңсыз өсуі керек.

Абай: «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын», – дейді. Балаларымыз ақылды, арлы, ғылымға құмар болсын десек, оған ең алдымен алаңсыз, уайымсыз білім алатындай жағдай жасауымыз керек. Бүгінгі форум жұмысында осы мәселе мамандар тарапынан жан-жақты түсіндіріліп, уақыт оздырмай қолға алынатын шаралар ортаға салынды. Алғашқы болып мінбеге көтерілген Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин адам капиталына салынған инвестицияның балалар әл-ауқатының кепілі екендігін дәлелдер келтіре отырып, жақсы түсіндірді.

Баланың 5 жасына дейін жақсы тамақтанып, ата-ананың назарында болуы, балабақшада мейірім мен шапағатқа бөленуі оның болашағына елеулі өзгеріс әкелетінін естіп, біліп жүрміз. Ондайды көрмеген баланың есейгенде табысты болуы екіталай. Баланы дамытуға салынған әрбір доллар болашақта ұлттық экономикаға 6-17 доллар көлемінде пайда әкеледі деген де мәлімет бар. Демек, болашағымыз жарқын болсын десек, өсіп келе жатқан әрбір бүлдіршін мемлекет назарынан тыс қалмауы керек.

Екінші боп сөз алған «Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институты» КЕАҚ Президенті Иманғалиев Есенғазы Нуртөлеуұлы, қазіргі қазақстандық қоғамның дамуында балалардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше басымдық беріліп отырғанын, соның аясында қазақстандық балалардың хал-ахуал индексі бекітілгенін, индекстің мақсаты балалардың жағдайын жақсарту, сонымен қатар өңірлерде әртүрлі салада балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған шаралардың іске асуына кедергі келтіретін факторларды уақытында анықтауға мүмкіндік беретінін, ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға негіз болатынын атап өтті. Осы тұрғыда жүргізіліп жатқан жұмыстардың мәні мен маңызы, күтілетін оң нәтижелер де спикер назарынан тыс қалмады.  

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері, қазақтың педагогика ғылымына елеулі еңбек сіңірген, осы саладағы ғалымдардың алдыңғы легінде жүрген п.ғ.д., профессор Қараев Жауынбай Амантұрлыұлы, «Заманға лайық білім берудегі құндылықты-мақсатты бағыт – балалар әл-ауқатының негізі» тақырыбында баяндама жасады. Өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды, жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру уақыт талабы екені бәрімізге аян, алайда оны қалай жүзеге асырамыз деген сұрақ талай адамның көкейінде жүр. Форумға қатысушылар осы сұрақтың жауабын Жауымбай Амантұрлыұлының баяндамасынан тапты деп ойлаймыз.  

Балалардың әл-ауқатын жақсартуда спорттың орны бөлек. Қала ішінде спорт алаңқайларының көптеп салынып жатқаны осы бағытта жасалып жатқан игі шаралардың бірі. Балаларымыз салауатты өмір салтын кішкене кезінен ұстанып, дағдыға айналдыруы керек. Сонда ғана денсаулығы мығым, жаман әдеттерден бойын аулақ ұстайтын ұрпақ қалыптасады. Мәңгілік елдің тұтқасын ұстайтын солар. Салауатты өмір салтын ұстану денсаулықты сақтауға, нығайтуға бағытталған іс-әрекет.

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының бас директоры Садықов Сағдат Кәбірұлы осы мәселе төңірегінде елімізде жасалып жатқан шаралар туралы, оны білім беру ұйымдарында тиімді жүзеге асыру жолдарын түсіндіріп өтті. Қостанай облысы Білім басқармасының «Психологиялық қолдау және қосымша білім беру өңірлік орталығы» КММ директоры, ғылым кандидаты, PhD, жоғары санатты педагог-психолог Петренко Елена Александровна аталмыш орталықтың суицидтік мінез-құлықтың алдын алу, педагог-психологтерге оқу-әдістемелік тұрғыда қолдау көрсету мақсатында 3 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын, осы уақыт ішінде өткізілген 184 іс-шараға 5 мыңға жақын маман, 57 мыңнан астам ата-ана қатысып, психологиялық сауаттылықтарын арттырғанын, баламен тиімді қарым-қатынас жасау жолдарын үйренгенін айтып өтті.

Бұл бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі, ата-ананың бәрі маман психолог емес. Соның салдарынан кейде алып-ұшып тұрған жасөспірім балаларымен тіл табыса алмай, тығырыққа тіреліп, түкке тұрмайтын мәселені ушықтырып алатын жағдайлар бар. Кейбір ата аналар осындай кеңес алатын орталықтар бар екенін білмей жатады. Қысқасы балалардың әл-ауқатын жақсарту үшін отбасында, мектепте, қоғамда, яғни барлық жерде өзін жайлы сезінетіндей жағымды орта қалыптастыруымыз керек.  Ол ұшін осындай орталықтардың пайдасы өте зор екенін айта кетуіміз керек.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, Оқушылардың әл-ауқаты департаментінің директорының орынбасары  Салимбаева Куляш Калимулдаевна балалардың әл-ауқаты 21 ғасырда білім берудің негізгі мақсатына айналып отырғанын айтады. Австралиялық ғалымдардың зерттеуіне қарағанда өзін жайлы сезінетін балалардың жақсы оқуға мүмкіндігі көбірек екен. Оның маңызын түсіндіріп, қалай ұйымдастыру, яғни балалардың әл-ауқатын жақсартуда жалпымектептік тәсілді қалай қолдану керегіне тоқталды. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді.

Тек психологтер, әлеуметтік педагогтер ғана емес, бүкіл мектеп ұжымы «бір жағдан бас, бір жеңнен қол шығарып», бір мақсатқа жұмылғанда ғана жұмыс нәтиже береді. Біліктілікті арттырып отыру, әлемдік тәжірибелерді білу ауадай қажет. Әсіресе психологтардың кәсіби маман болуы маңызды. Бұрын психологтерге жас ерекшелігі, девиантты мінез-құлық психологиясын білсе жеткілікті болатын, ал қазір уақыт ағымын, өзіміз тәрбиелеп отырған баланың ерекшелігін білуіміз, ескеруіміз керек.

Осы тұрғыда НЗМ «психологтер қоғамдастығы» құрылғанын, оның мүшелері жиі кездесіп тағылымды іс-шаралар өткізіп, тәжірибе алмасып отыратынын айтып, ой бөлісті. «Ы. Алтынсарин атындағы  Ұлттық білім академиясының Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының жетекшісі Сақтағанов Балабек Кеніштайұлы цифрлық білім беру кеңістігінде неге басымдық береміз, қандай қауіпсіздік шараларын ойластыру керектігіне тоқталды. Қазақстан адам ресурстарын дамыту институты» қоғамдық қорының президенті, п.ғ.к. Кудышева Ботагоз Кинаятовна ««Бақытты отбасы» әлеуметтік орталығы қызметінің негізгі бағдары – отбасының әл-ауқаты» тақырыбында баяндама жасады.

«Сенімен болашақ» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Исмагулова Жансая Бердімұратқызы отбасындағы тәрбиенің ерекшелігіне, «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры өмірде қиыншылыққа тап болған балаларға, отбасыларға психологиялық, заңдық, әлеуметтік тұрғыда көмек ұйымдастыратын орталық, оның директоры Есимбекова Айгуль Канатовна 2018 жылдан бері атақарып келе жатқан жұмыстары туралы айтты. «Just Support» қорының атқарушы директоры Богатырева Светлана мектептегі зорлық-зомбылық мәселесі, оны алдын алу шаралары жайында айтса, «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы зертханасының меңгерушісі Любчанская Татьяна Витальевна форум-театр тәсілімен оқушылардың саналы мінез-құлқын қалыптастыру мәселесін тілге тиек етті.

Балалардың әл-ауқатын арттыруда неге назар аударуымыз керек, оны қалай жүзеге асырамыз дегендей қордаланып қалған біраз мәселе бүгінгі алқалы жиында шешімін тапты деп ойлаймын. Бірақ бұл бір форуммен, бір жиынмен, бір мақаламен шешілетін мәселе емес. Ісім өнімді болсын дейтін маман өмір бойы ізденіс үстінде болуы керек. Жүсіпбек Аймауытов айтқандай: «құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы ешуақытта берекелі болмайды».

Амангали Хамидоллаулы МУХТАРОВ,
АҮДҰИ жетекші ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының кандидаты

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий