Мектептегі инновациялар: Мұғалімнің психологиялық және педагогикалық дайындығы

Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер кең ауқымды инновациялық процестердің пайда болып күнделікті өмірімізге толық енуіне алып келді. Өміріміздің әр саласына ене бастаған инновациялық өзгерістер бірте-бірте жаппай сипатқа ие болып, еліміздің білім беруді дамытудағы жетекші стратегияларының біріне айнала бастады.

Білім берудегі инновациялық процестерді түсінудің, игере отырып тиімділігінің шешімін іздеу – олардың мәнін, құрылымын, жіктелуі мен ерекшеліктерін зерттеудің қолда бар нәтижелерін талдаумен, сондай-ақ орта мен инновацияға қатысушылардың инновациялық әлеуетін зерттеумен тікелей байланыстылығын байқатады. Соңғы уақытта аталған мәселемен теориялық және тәжірибелік тұрғыда айналысатын мамандар жаңалықтармен тікелей айналысатын адамдардың жеке тәжірибесімен қатар, инновацияларға, шығармашылық педагогикалық іс-әрекетке және мұғалімнің жеке басына қатысты теориялық және әдіснамалық сипаттағы мәселелерді зерттеуге деген ұмтылысының ашық байқалатындығын және инновациялық қызмет пен оған психологиялық дайындықтың арқасында жүзеге асырылатындығын дәлелдеп отыр.

Қоғамның білім берудің жаңа мүмкіндіктері мен сапасына деген өсіп келе жатқан қажеттілігі зерттеушілерді жаңа жағдайда инновациялық мәселелермен айналысуға итермелейтін қуатты және серпінді фактор болып отырғандығы байқалуда. Қазіргі заманауи жағдайлар әлеуметтік үдерістердің тез, ауқымды өзгерістерімен және алдыңғы қатарлы шығармашыл мұғалімдердің осы өзгерістерге жылдам бейімделуімен сипатталады, бұл өз қызметінде бұрынғы қалыптасқан сенімдер бойынша жұмыс жасап, дамыған технологияларды қолдануға сене қоймайтын мұғалімге ерекше, жаңа талаптар қояды.

Ең оптимистік бағалаулар бойынша алдыңғы қатарлы шығармашыл мұғалімдердің үлесі он пайыздан аспайтындығы анықталған. Инновациялық қызметке психологиялық дайындық дегеніміз когнитивті (инновацияларды білу, оларды қолдану тәсілдері және сол сияқты) аффективті (педагогикалық инновацияларға оң көзқарас, эмпатия, кәсіби қызметте жағымды эмоциялардың басым болуы және тағы да басқа) және конативті (белсенді) компоненттердің бірлігін білдіретін тұтас психологиялық құбылыс.

Іс-әрекетке психологиялық дайындықтың барлық дерлік түсіндірмелерінде авторлардың оны ерекше психикалық жағдай деп санайтындығы туралы ортақ пікірде екенін көреміз, яғни психологиялық дайындық белгілі бір жағдайда іс-әрекетке дайындықтың көрінісі ретінде түсініледі және функционалды деңгейде қарастырылады, яғни бұл үрдіс педагогтің жұмысқа дайындығын күрделі, адам бойындағы өзіндік жеке білім, өзіне ғана тән жүйе ретінде анықтайтындығын байқауға болады.

Зерттеушілер психологиялық дайындықтың үш негізгі түрін – ситуациялық, салыстырмалы тұрақты күйін және педагогикалық жағдайдың кең ауқымында тұрақты сипаттамасы ретінде қарастыруды ұсынады. Инновациялық қызметке психологиялық дайындықты дамыту педагогикалық өзара әрекеттесуді ұйымдастыру мен диалогтық қарым-қатынасқа, ізгілік пен сенімділік атмосферасын құру сынды басқа да жағдайларды талап етеді.

Амантай Сериккалиевич ТУЛЕГАЛИЕВ,
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы»
АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша
«Кәсіби даму институты» бас әдіскері, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий