Дарынды оқушылар бас қосқан «Дарын»

Баланың талантты боп туылуы бөлек те, оның қабілетін дер кезінде байқап, қолдау көрсете білу бөлек әңгіме. Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім орталығы осы тұстан келгенде шәкірттеріне үлкен жағдай жасап отыр. Өнер мен білімді қатар ұштастырған оқушылардың ортасы қашан да береке мен мерекеге толы екен. Орталық мектеп оқушыларын облыстық, республикалық және халықаралық жалпы білім беретін пәндер бойынша олимпиадалар мен ғылыми жобаларын өткізу, интеллектуалды жарыстарды ұйымдастырумен қатар, облыс көлеміндегі дарынды балаларды анықтаумен айналысады. Жобалық сыйымдылық 90 орынды құраса, жылына қамтылатын оқушылар саны 18 мыңға дейін барады. Орталықтың директоры Гүлсін Дүйсенғалиева мұндағы қайнаған өмірдің жай-жапсарын өзі баяндап берді.

– «Дарын» қосымша білім орталығы – Батыс Қазақстан облысы әкімінің  2003 жылғы қаулысының негізінде құрылған. Ол республика бойынша ең ерте ашылған орталықтардың қатарына кіреді. Біздің басты миссиясымыз – дарынды және білімді балалардың ерекше қабілеттерін дамыту мен оны іске асыруға оңтайлы жағдай жасау. Сондай-ақ біз оқушыларымыздың жетістіктерін облыстық, республикалық, халықаралық деңгейге көтеруге үлес қосамыз. Қазір орталығымыз бір жылда 18 000-ға жуық баланы қамтып отыр. Ал мұнда қызмет ететін педагогтардың жалпы саны – 21. Оның ішінде 3 мұғалім педагог-модератор, 2 педагог-сарапшы, 1-екінші санатты, 2-бірінші санатты басшының орынбасарлары. Оқушыларымыз бастауыштан бастап, жоғары сыныпқа дейін жас ерекшеліктеріне сәйкес түрлі олимпиада, ғылыми жобалар мен байқауларға қатысып, бақтарын сынап жүр. Оның ішінде «Зерде», «Дарын» республикалық олимпиадалары, фестивальдер мен жиындар, пікірсайыс турнирлері де бар. Мұның бәрі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – мектепішілік іріктеу. Одан жеңіп шыққандар облыстық жарысқа аттанады. Ал облыстан оза шапқандар республикалық деңгейде бір-бірімен бақ сынасады.

Осы тұста Гүлсін Ғабдулғазизқызы орталықтың алдындағы тақтада орналасқан жеңімпаздармен таныстырып өтті. Құрмет тақтасына ілінген оқушылардың суретімен бірге олардың марапат атаулары да жазылған екен.

–Биыл біздің халықаралық деңгейдегі үш жүлдегеріміз бар. Информатикадан XIV Еуразиялық олимпиададан III орын жеңіп қайтқан Санжар Марс, Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар конкурсынан ІІІ орын иеленген Аида Сағынтаева мен Гүлназ Биғали.  Былтыр бір оқушымыз Индонезияда өткен сайыста 2 дүркін жеңімпазы болған еді. Қазір ол Назарбаев университетінің бірінші курсында оқып жатыр. Одан кейін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсының жүлдегерлерінің суреттерін көре аласыздар. Оған бізден отыз жеті оқушы қатысты. Ал президенттік олимпиадада бес оқушымыз бақ сынауға аттанып, бір оқушымыз олжалы боп оралды. Бастауыш сыныптардың арасында өтетін «Зерде» байқауында төрт шәкіртіміз марапат биігінен көрінді. Сондай-ақ жеті мен сегізінші сынып оқушыларына арналған жаратылыстану мен математика бағытындағы республикалық жасөспірімдер олимпиадасы на бізден сегіз оқушы қатысып, оның үшеуі жүлдегер атанып келді. Жалпы есептегенде біз жыл сайын 16 мыңға жуық конкурсты қабылдап алады екенбіз. Оның ішінде слеттер мен тренингтер, «Жас ұлан» мен «Көшбасшы»  сияқты т.б. көптеген байқаулар бар. Оған білім сайыстары мен спорттық жарыстарды қосыңыз. Әрбір мектептің үздіктерін біз кезең-кезеңмен жинап отырамыз.

«Дарын» орталығының мақтанып айтар шәкірттерінің көп екеніне көзіміз жетті. Білім мен ғылым саласында ғана жетістікке жетіп қана қоймай, шығармашылық пен өнер бағытында да жарқырап жүрген жұлдыздары да баршылық. Оған орталықта ұйымдастырылатын байқаулар дәлел.

– Қосымша «Театр – ғажайып әлемі», «Бояулар құпиясы», «Жұлдызай» сияқты бірнеше тәрбиелік бағытта өтетін конкурстарымыз бар. Оның өзі осындай бір тақтаны алады. Бұл талантты да талапты оқушылардың бәрі – біздің мақтаныштарымыз. Облыс әкімі оларды осы жылы екі рет қабылдап, жүлделі орын алған балалардың барлығына сыйлық пен әрбіріне 50 мыңнан сыйақы берді. Сонымен қатар жүлдегерлердің ата-аналары мен мұғалімдеріне де алғыс хаттар табыстады.

Орталық басшысының сөзінше, олимпиада кезінде оқушылар бес мезгіл тамақтанады. Ол қаражат бюджеттен бөлінеді екен. Ал жазғы мезгілде үш-төрт ауысымды қамтитын демалыс ұйымдастырылады. Оның ішінде «Жас эрудит», «Жас тілші» аталымдары бойынша олимпиада мен байқау жеңімпаздарын кезек-кезек жинайды. Біріншісі жаратылыстану мен математика бағытында, ал екіншісі қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша. Оларға күндіз сабақ, оқу-жаттығулары жүргізіледі, ал түстен кейін демалыс шаралары ұйымдастырылады. Бұл балаларға жазғы уақытта жыл бойы алған білімдерін ұмытпай, оны бір формада ұстауға мүмкіндік береді.

–Сондай-ақ биыл біз орталық ішінде резервтегі олимпиада мектебін аштық. Ол төрт сессиядан тұрады. Яғни жылына төрт рет бірнеше байқаудан өтіп, іріктелген балалармен олимпиадаға даярлық оқу-жаттығуларын жүргіземіз. Мұның барлығы бюджет қаражатынан есептеледі. Осы тұста соңғы екі жыл көлеміндегі шәкірттеріміздің жетістіктерін айтып өтсем деп тұрмын. 2021 және 2023 оқу жылдарында  жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде көрсеткен үздік нәтижелері үшін оқушыларымыз ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда» атағына ие болды.  Ал былтыр балаларымыз  ІІІ дәрежелі «Ең үздік олимпиадалық команда -2022» марапатын иеленіп қайтты. Міне, кеше ғана келесі жылы олимпиадаға қатысатын 36 оқушымыз Астана қаласына аттанды.

Қорыта айтқанда, дарынды балаларды тану мен қабілеттерін дамытуға жағдай жасау және олардың потенциалдық-әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз ету ұзақ мерзімді, үлкен жұмысты қажет ететіні белгілі. Осы тұрғыдан келгенде «Дарын» қосымша білім беру орталығы еліміздің ертеңі үшін ерен еңбек жасап отыр. Білім мен өнерді ғана емес, тәрбие бағытын да ұштастыра отырып, бала болашағына инвестиция жасап отырған орталықтың ұжымына тек сәттілік тілейміз.

 

Әсем Бектемірқызы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий