Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы әдістемелік сүйемелдеулердің маңызы

Әдістемелік жұмыс – оқу орнындағы оқу-тәрбие жұмысын басқарудың негізгі саласы. Сондықтан да қазіргі білім жағдайында білім беру ұйымдарының әдістемелік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру басты міндетіміз. Өйткені қазіргі заманғы педагогтардың кәсіптік құзыреттіліктеріне қойылатын басты талап – өз мамандығының әлеуметтік маңыздылығы мәнін түсіну, Қазақстан Республикасы білім саласындағы нормативтік құқықтық актілер мен заңдарды білу, педагогикалық қызметін ұтымды түрде ұйымдастыра білу.

Әдістемелік жұмысты ұйымдастыруға әдістемелік жұмысты жоспарлау, ұйымдастыру, әдістемелік көмек көрсету, басшылық және бақылау жатады. Оқу орнында әдістемелік қызметті ұйымдастыруда «Оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру Ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 29 қарашадағы № 583 бұйрығы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 шілдедегі өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы № 488 бұйрығын) басшылық алынады.

Жастарға кәсіптік-техникалық білім беру, нарық қатынасын орнықтыру, шағын және орта бизнесті дамыту, заман талабына сай бәсекелестікке төтеп бере алатын, жан-жақты іскер жұмысшы мамандарын даярлау – бүгінгі күннің басты талабы. Осы талапты орындауда техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына үлкен міндеттер жүктелген. Білім саласына дуальды оқыту жүйесіе енгізіле бастағаны белгілі. Еліміздегі компаниялар мен кәсіпорындардың бұл бағыттағы қызығушылықтары байқала бастады. Оны іске асыруда «Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы № 50 бұйрығына сүнеміз. 

Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында дуальды оқыту технологиясының элементтерін енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп, насихатталуда. Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде алты мамандық бойынша дуальды оқыту жүйесінің элементтері жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, «0508000 Тамақтандыруды ұйымдастыру», «1114000 Пісіру ісі (түрлері бойынша)», «1201000 Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «1402000 Жол құрылыс машиналарын техникалық пайдалану (түрлері бойынша)», «1501000 Ауыл шаруашылығы техникасын техникалық қызмет көрсету және жөндеу», «1513000 Ветеринария».

Қазалы аграрлы – техникалық колледжінде дуальды оқыту жүйесі 2012 жылдан бастап қолға алынып, бұл күнде дуальды оқыту жүйесі оқу процесінде толық қалыптасты. Студенттердің өндірістік практикасы өткізілетін әлеуметтік әріптестермен, кәсіпорындармен, жұмыс берушілермен төрт жақты келісім – шарттар жасалып, меморандумдарға қол қойылды. Олардың қатарында «РЗА» АҚ, «Рза – Асыл – түлік» ЖШС, «РЗА-Агро» ЖШС, «Рза – Транс» ЖШС, «Сыр маржаны» ЖШС, «Жылу-ХХІ» ЖШС, «Мерей» ЖШС, «Қазалы-Сәулет» ЖШС, «Қазалы-құрылыс» ЖШС, «Асыл-Ғани» ЖШС, «Намыс-Құрылыс» ЖШС, «Қазалы-Жолшы» ЖШС бар.

Жеті жылға жуық уақыттың ішінде бұл серіктестіктермен байланыс өзінің оң нәтижесін көрсетті. Техникалық және кәсіптік білім беруде жаңа технологиялармен қамтылған, жоғары дәрежеде жұмыс ұйымдастыруды және қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік серіктестік мекемелермен бірігіп, тығыз байланыста жұмыс жасауымыздың маңызы зор. Колледждің арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлері дуальды оқыту жүйесін іске асыра отырып, білім алушылардың құзіретін негізгі білім беру нәтижелері түрінде бағалауды әзірлеу мақсатында жұмыс оқу жоспарларын, күнтізбелік – тақырыптық оқу жоспарларын әзірлеуді толық меңгерді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласына модульдік құзіреттілік, модульдік кредиттік технологиялар талаптарына сәйкес техникалық және кәсіптік білім берудің мазмұнын жаңарту енгізілуде. Бұл технологияларды меңгертуде «Кәсіпқор» Холдингі» КеАҚ түрлі курстарды ұйымдастырып, оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлеріне курстар өткізіп келеді. Біздің арнаулы оқу орнынан 41 педагог «Білім беру ұйымдары, оқу – әдістемелік орталықтар әдіскерлерінің және облыстық білім басқармаларының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімдері қызметкерлерінің қызметіне инновациялық білім беру технологияларын енгізу», «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқытудың кредиттік технологиясына ауысудың ұйымдастыру-әдістемелік аспектілері», «Модульдік – құзіреттілік тәсілдеме негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру», «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жаңа формациядағы педагогі», «Өндірістік оқыту шеберінің педагогикалық құзыреттілігі: дамыту және жетілдіру», «CLIL (КЛИЛ) әдістемесі: арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқыту процесінде пәндік тілдік интеграцияланған оқыту», «Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім беру процесіне IT-технологияларды енгізу» тақырыптарында 54 білім жетілдіру курстарына қатысып, білімін жетілдірді.

Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарына енгізіліп жатқан технологияларды игеруде әдістемелік қызметтің ролі қандай? Әдістемелік кабинет барлық педагогтар мен өндірістік оқыту шеберлеріне әдістемелік сүйемелдеу жасайды. Яғни, нормативтік – құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып жоспарлауды, қолдануды, инновациялық білім беру технологиялары негізінде әзірленетін білім беру бағдарламаларын жасау әдістемесін түсіндіреді, білімін жетілдіріп келген педагогтарға өз пәні, мамандығы бойынша курстан кейінгі сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

Модульдік құзіреттілік тәсіл негізінде әзірленген білім беру бағдарламаларын іске асыруда «Кәсіпқор» Холдингі» КеАҚ әзірлеген төмендегідей нұсқаулық әдебиеттер пайдаланылуы аса қажет: «Модульдік құзіреттілік тәсілдеме негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыру» бағдарламасы бойынша техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының инженерлік –педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының тыңдаушысына арналған нұсқаулық. Астана, 2017; екінші – Техникалық және кәсіптік білім беру мамандықтары бойынша модульдік-құзыреттілік тәсіл негізінде оқу жұмыс бағдарламалары мен оқу жоспарларын жөніндегі әдістемелік ұсынымдар. Астана, 2016; үшінші – Оқудың сабақ кестесін құрастыру жөніндегі əдістемелік ұсынымдар (модульдік оқу кезінде). Астана, 2016; төртінші – ТКББ оқу орындарының перспективті – тақырыптық жəне сабақ жоспарларын жобалау бойынша əдістемелік ұсынымдар. Астана, 2016; бесінші – Техникалық және кәсіби білім беретін оқу орындарының оқыту өндірісін дамыту жоспарын жасау бойынша әдістемелік ұсыныстар (модульдік оқу кезінде). Астана, 2016.

Модульдік – құзіреттілік тәсіл негізінде әзірленген білім беру бағдарламаларын құру әдістемесін және принциптерін іске асыруда әрбір педагог мыналарды білуі тиіс: ТжКБ жүйесін жаңғырту жағдайындағы білім беру жүйесінің қызметін реттейтін нормативтік құжаттарды қолдануды; инновациялық білім беру технологиялары негізінде әзірленген білім беру бағдарламаларын құру әдіснамасы мен әдістерін; оқу жоспарының құрылымын, пәндерге (модульдерге) шолуды; жұмыстық оқу жоспарларын пайдалану мен модульдің оқу жұмыс бағдарламасын әзірлеуді, перспектиалық тақырыптық жоспарды құрастыру мен сабақ жоспарын құруды; оқу жетістіктерін бағалау мен бағалау әдістерін; оқу – әдістемелік кешендер құруды; арнайы пәндерді оқытуда оқыту әдістемесін пайдалануды. Техникалық және кәсіптік білім беру саласын жаңғырту мақсатындағы жаңа білім бағдарламаларын іске асыру арқылы әрбір педагог төмендегідей нәтижеге қол жеткізеді. ТжКБ ұйымының қызметін реттейтін заң құжаттарын игереді; білім беру бағдарламаларының принципі мен механизмін толық меңгереді; бағалау түрлері мен формаларын біледі және толық түсінеді; оқу – әдістемелік кешен әзірлейді; әріптестерімен іс – тәжірибесін бөлісе алады және шеберлік сыныптарын көрсете алады; модульдік – құзіреттілік тәсіл негізінде стандартты, жұмыс оқу жоспарларын, білім беру бағдарламаларын әзірлеуді толық игереді; әрбір оқытушының көшбасшылық қасиеттері қалыптасады;

Педагогтардың кәсіби шеберлігі мен құзыреттілігі – білім сапасын арттырудың алғы шарты. Педагогтардың мамандықтарына қатысты оқулықтармен, оқу – әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету және кәсіби тұрғысынан өз білімдерін көтеруін қамтамасыз етуде әдіскер ретінде үнемі http://kasipkor.kz/ сайтындағы оқулықтар бөліміндегі қазақ тіліне аударылған аударма оқулықтарды жүктеп алып, жұмыс компьютерлері мен смартфондарына көшіріп алып пайдалануды, әрі топтағы барлық студенттердің смартфондарына көшіріп беру арқылы үй тапсырмасын беруді, https://www.twirpx.com/ сайтын үнемі пайдалануды нұсқап отырамын. Бұл өз кезегінде арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің қазақ тіліндегі оқулықтарға, оқу құралдарына деген сұраныстарын біршама төмендетеді.

Әдіскер әрі үйретуші, әрі үйлестіруші менеджер болуы қажет. Менеджер – бұл педагогтармен жұмыс істейтін жетекші. Әдіскердің әрбір педагогпен жұмыс істеуі арқылы оқу орындарындағы әдістемелік жұмысқа қатысты проблемалар өз шешімін табады. Білім, тәрбие және тұлғаны дамыту сапасы – бұл проблема емес. Бұл барлық проблемаларды шешу нәтижесі.

Шәрбану Толыбайқызы БАЕКЕЕВА, 
Қазалы аграрлы – техникалық колледжінің
әдіскері, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий