Көркeм шығapмaдaғы  aнтoнимдepдiң қoлдaныc aяcы мeн тaнымдық қызмeтi

Антонимдік қатынастар – көркем шығарма тілінде қарама- қарсылық мағыналы жүк көтеріп, үлкен стилистикалық қызмет атқарады. Кез келген көркем туынды – қандай да бір тілдік құралдар арқылы жүзеге асып, оқырман сезіміне әсер ететіні белгелі жағдай. Тіл ғылымында соңғы кездері аса бір қызығушылық тудырып жүрген мәселелердің бірі- контекстік сөздер мен сөз тіркестерінің мәтін ішінде ұтымды, қисынды жұмсау жайы. Сол мағына қарама- қарсылығына негізделген контекстік (жеке қолданыстағы) антонимдердің өзін тілші- ғалымдар әр түрлі атап жүр: стилистикалық антонимдер (Ж. Мусин), сөйлесімдік (Р. Есболатова) және контестуалды/ стилистикалық (А. Жұмабекова) антонимдер.

Белгілі зерттеуші- ғалым А. Жұмабекова: «қазақ тіл білімінде антонимияны зерттеудегі аз қарастырылған аспектілердің бірі- контекстуалды антонимдер болып табылады. Антоним болмайтын сөздер мәтінде қарама- қарсы қойылып, олар стилистикалық антонимдер деп аталады», – дейді [1, 24 б]. Узуалды (тұрақты емес) және контекстуалды антонимияны белгілеу шартты түрде ғана және дәстүрлі болумен байланысты. Сөйлеу барысында белгілі бір жаңа құбылыс пайда болып бекиді, содан кейін ғана тілдік жүйеге көшеді. Антонимдерді тілдік және контекстуалды деп бөлудің басты себептері олардың негізінде жатқан қарама- қарсылық бірінші қатарға шығады. Үлкен- кішкентай, ауыр- жеңіл жұптары қисынды түрде ұғымдармен тез байланысып, әр түрлі контексте бірге болуының арқасында дәлме – дәл орнына келтіру дәрежесінің жоқтығын иемденеді. Ал сөйлесуде кездесетін антонимдерге келер болсақ, мұндай тілдік және ассоциативті қарама- қарсылық іске асады, ал қисындылық жағы келесі кезекте қалады. Осы сияқты оппозициялар белгілі бір контекске тән.

Контекстуалды антонимиялық оппозиция дегеніміз – екі және одан да көп лексемаларды қарама-қарсы қою және ассоциативті, тілдік қарама- қарсылықтарды іске асыру. Контекстуалды антонимдер-тіл жүйесінде бір-біріне қарама-қарсы семантиканы білдірмейді, әр алуан тілдік және тілден  тыс себептерге байланысты контексте бір-біріне қарама-қарсы қойылды. Бұнда  оппозициялар сөйлеу барысында бір рет ғана қолданылады, оларға қарама- қарсылықтың формалды құралдарының міндетті түрде болуы қажет [3, 26 бет]. Тілші- ғалым, академик М.С. Серғалиев антонимдердің стильдік қызметі жөнінде былай дейді: «Қазақ тіліндегі антонимнің стилистикалық қызметіне қатысты зерттеулер жоқтың қасы. Тілдік факторларға қарағанда, ондай қызмет баршылық» [4,15 б].

Алдымен, антонимдік құбылыстың өзі тілдегі қарама- қарсылыққа негізделгендіктен, контрасты айқын байқататыны белгілі: Жамандықты жасырса, жақсылықтан қасиет қала ма? («Қарағанды», 186 б). Екі құбылысты салыстырып, қарсы қою арқылы қайсыған ерекше мән беру керектігі түсінікті болады: Жаман жерде жел ескен. Жақсы жерге ел көшкен («Шығанақ»,175 б). Игіліктің ерте- кеші жоқ, жоспарыңызды қалдырып кетіңіз («Миллионер», 247 б). Антонимдік қатарлар кереғар іс-әрекеттердің пайда-зиянын айқын білдіреді: Ақымақ достан, ақылсыз дұшпан артық. («Шығанақ», 277 б). Ақылмен мыңды, ақырумен бірді ғана көндіресің («Шығанақ»,9 б). Қайшылықтың тереңірек ашылуына антонимдік қатардағы сөздердің эмоциональдық қасиеттері елеулі ықпал етеді: Асыл сөз нар кескен қылыштай, жаман сөз өтпес пышақтай. Сипалақтап көп сөйлегенше, аз сөйле де дәл айт («Шығанақ», 23 б).

Антоним мағыналас сөздердің келесі бір тобы адамды әлдебір қимылға, жақсы істі орындауға шақырып, соған үгіттейді: – Аз уақытта, көп өзгеріс болыпты,- деді Жақып, рюмкесін орталап қойып («Миллионер», 377 б.). Маусымбай көп біліп, көп айтса да аз түсінетін тәрізді («Қарағанды», 17 б.). Антонимдердің қолданысында кей реттерде қимыл-әрекеттерді, қимыл- әрекеттердің сын-сипаттарының немесе сол қимыл-әрекет иелерінің болып жатқан немесе болған оқиғаға мүмкіндігінше толық қатысатынын көрсетеді: – Сыртын өзің көрдің, мен ішін де көрдім («Дауылдан кейін», 404 б.). Сырты қиналғанмен іші күлімдеп тұр.- Әйеліңіз бүгін емес, ертерек бұзылған («Дауылдан кейін», 468 б.).

Антонимдердің қызметінен қарама- қарсы ұғымдағы сөздердің оқиғаға бірдей дәрежеде қатынасатынын байқауға болады: Ыстық-суыққа, аш- тоққа, қуаныш- қайғыға, ақылға ортақтаса білгенді айт («Шығанақ», 169 б.). Сөйлеу, жазу практикасында көрініп жүргеніндей, антонимдер шартты түрдегі қалыпты жайды танытады. Оның мәнісі – антонимдерді қолданғаннан кереғар әрекеттердің ешқайсысы байқала қоймайды деген сөз: Ол Шығанаққа түсінеді, дүлей машинаға түсінбейді («Шығанақ»,28 б.). Сөзін бітірер- бітірместен Ержан тұра жөнелді, Төкен қоса жөнелді («Шығанақ», 39 б.). Егер синонимдер үшін стилистикалық бояу негізі саралаушы бояудың бірі болып қызмет атқарса, антоним үшін стилистикалық бояу- ықпалдастырушы белгісі, себебі антонимдердің бірге қолданылады және сондықтан да олар мәтіннің  ортақ стилистикалық бояуын сақтап қалуы үшін, бір стилистикалық деңгейге жатуы керек.

Сөйлемнің түрлі стильдеріне қатысты қарама- қарсы сөздер антонимдік тізбе жасамайды, себебі олар бір антонимдік контектерде жүйелі түрде кездесе бермейді. Мысалы:  ақылды- ақымақ, мақтау- жамандау, өтірік- шындық, белгісіз- атақты, т.б. қарама- қарсы мағыналы сөздер стильдік бояулардың әр түрлі болуына байланысты антонимдік тізбеде дами қоймайды. Көркем шығарма – эстетикалық категория. Ол ең алдымен оқырман сезіміне, оның ой- санасына әсер етуі тиіс. Көркем әдебиет тілі- әдеби тілдің  негізі көрсеткіші. Шығарма тілінде көріктеуіш тілдік құралдардың көп кездесуі, алдымен, жазушы тілінің шеберлігін, орынды сөз оралымдарының ұтымды, қисынды жұмсау жайын көрсете, екіншіден, сол үйлесімді сөйлем үлгілері мейлінше мол аспектіде лингивистикалық талдау жүргізді қажет ететіндігін байқатады.

Тілдік деректерде мағына қарама-қарсылығы лексикалық немесе фразалық антонимдермен шектелмейтіндігін көрсетеді. Тілімізде жеке тұрғанда  антоним бола алмайтын сөздер де қолданылу ретінде қарай бір-біріне қарсы мағынада жұмсала алады. Ондай сөздердегі, мағына қарама-қарсылығы көбінесе мәнмәтінге байланысты болады, ондай антонимдер сөз мағынасының әр қырынан көрінуіне, сөздің стильдік мүмкіншілігіне байланысты болады.  Сондықтан оларды лексикалық немесе фразалық антонимдерден бөліп, стильдік (контекстік) антонимдер деп атаған дұрыс. Тіліміздегі мағыналары бір-біріне қарсы болсада үнемі жарыса, қатар қолданылып, антоним ретінде қалыптасқан кейбір сөздерді осы стильдік антонимдер қатарына жатқызуға болады. Стильдік антонимдер сөздің синонимдік қасиетін пайдалану арқылы да жасалады. Көркем әдебиетте стильдік антонимдердің мұндай түрлері жиі кездесіп отырады. Сөздің ауыс мағынада қолдану мүмкіндігін пайдаланып та стильдік антонимдер жасауға болады.

Сөздің синекдохалық қасиетін пайдаланып та стильдік антонимдер жасала береді. Стильдік антонимдер кейде, бірде, біресе, не немесе, яки сияқты сөздердің көмегі арқылы да жасалуы мүмкін. Стильдік антонимдер жасау үшін аталған сөздер сапалық ұғымдарды білдіретін сөздермен тіркесіп, бір сөйлем ішінде немесе көршілес сөйлемдерде қайталанып келулері тиіс. Бұлайша қайталап келу сапалық ұғымдарды білдіретін сөздер арасындағы азғана мағына қарама-қарсылығын күшейтіп жібереді. Сөйтіп, антонимдік мән береді. Антонимдер сапаның бағасын білдіргенде, олардың мағынасы объективтегі дүниедегі заттар мен құбылыстардың арақатысына байланысты болады. Егер бұл қатынас өзгерсе, антонимдердің мағыналары да өзгереді. Бұл өзгеріс антонимдердің қолданылуына тікелей әсер етеді.

Проф. Ғ. Мұсабаев қазақ тіліндегі антонимдік контестердің мына сияқты төрт түрін атап көрсетеді [2, 39 б]: 1) Антонимдердің бір сөйлем ішінде қатар қолданылуы; 2) Іргелес сөйлемдерде қолданылуы; 3) Бірнеше антоним сөздердің бір сыңарларын одан кейін беру; 4) Антонимдерді аралас қолдану. Ғалым Ә. Болғанбаев та антонимдік контекстерді осылай топтастырады. Зерттеуші  Айнұр Жамантай  тіліміздегі антонимдік контекстерді тұлғалық және мағыналық жағынан төмендегідей топтастырады: Жалпылық мәнде болатын антонимдік контекстер. Әдетте мұндай мәнмәтіндерде антоним сөздер көбінесе бір сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарады да, ыңғайлас жалғаулықтар арқылы байланысады.

Тікелей қарама-қарсылық мәнде болатын антонимдік контекстер. Мұнда антоним сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарады да, қарсылықты жалғаулықтар немесе болымсыздық мәндегі сөздер арқылы байланысады. Альтернативтік мәнде болатын антонимдік контекстер. Мұнда да қарсы мағыналас сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшесі қызметін атқарып, Мысалдар керек!талғаулықты немесе ыңғайлас жалғаулықтар арқылы байланысады. Философиялық ой түйіні, тұжырым, пікірменде болып келетін антонимдік контекстер. Антоним сөздер мұндай мәнмәтінде көбінесе сөйлемнің баяндауыш қызметін атқарады. Антоним сөздер жеке дара қолданылатын контекстер. Антонимдік контекстердің мұндай түрі тілімізде жиі қолданылады.

Антоним сөздер субъекті- предикаттық қатынаста болып келетін контекстер. Мұнда әдетте антонимдік жұптың сыңарлары әр түрлі тұлғада келеді. Сондықтан да олардың арасындағы мағына қарама-қарсылығы басқа мәнмәтіндердегідей айқын көріне алмайды. Тілімізде антонимдердің кейде өзінің негізгі мағынасына тікелей қарсы мәнде жұмсалатын да бар. Басқаша айтқанда, сөз өзінің антониміне айналып кетеді. Бұл әдетте мысқылдау, шенеу мақсатында әдейі, керісінше мағынада қолдану нәтижесінде жасалады да, ирония жасаудың қажетті құралы болады. Мәселен, біреудің жаман, жат қылығын көргенде, кекетіп «жақсы бопты» дейміз. Сол сияқты біреудің мысқылдап әжуалағанда қорқақ деудің орнына «батыр», олақ деудің орнына «шебер», қара кісіні «аппағым», пұшық кісіні «қоңқағым» дейміз.

Сөздер бұлайша қолданылғанда жағымды мәндегі сөздер кекесін, шенеу, ал жағымсыз мәндегі сөздер, керісінше, жағымды мәнге ие болады. Келтірілген антонимдік контекстердіәң көпшілігінде қарсы мағыналас сөздер сөйлемнің бірыңғай мүшесінің қызметін атқаратындығын байқатады. Қазақ тілінде ұғымдық қатынастағы тепе-тең, қарама-қарсы сөздер контекстуалды антонимдерге негізделеді. Мысалы: Сөзінен қуаныш, өңінен аяныш сезіледі («Шығанақ», 45 б). Қарсылығы ма, көнгені ме, әлде тіпті елемегені ме белгісіз («Қарағанды», 35 б). Өңі сынық, киімі түзік («Шығанақ», 175 б). Контекстік антонимдер сөйлем ішінде бірыңғай мүше ретінде келіп, динамикалық, қозғалысты орынды білдіреді. Мысалы: Осындай игілікті істі алға бастаудың орынан, кейін тартады («Шығанақ»,63 б). Олжабектің жанған ішін, алдағы өмірдің нөсері ғана сөндірді («Шығанақ», 57 б). Олжабекті осы елдің адамы деп «ауырғаны» екен, енді мүлде сауығып кетті («Шығанақ», 57 б).

Әр түрлі тілдік дерек көздері бойынша антонимдік тілдік және контекстуалдық деп бөлу орын алған. Тілдік антонимдер деп қарама- қарсы мағынасы антонимдік құрылымдардан тыс та сақталатын сөздерді атайды. Ал контекстуалды антоним деп қарама- қарсылық мағынасы тек сол мәтін ішінде ғана сақталатын сөздерді айтамыз. Оның үстіне олар сөздер белгелі бір дәрежеде  тілдік антонимдермен қатынаста болуы міндетті [5, 7 б]. Тілдік антонимдерді эмоцианалды-экспрессивті бояуы мен стильдік ерекшелігі, көркем мәтіндегі қолданысына қарай абсолюттік және варианттық антоним деп екі түрге бөлуге болады. Абсолюттік антонимдерге бейтарап стильге жататын және мағынаның кез келген бояуын анықтайтын сөздер жатады. Лингвистикалық әдебиетте антонимдердің бұл түрі «реттік», «меншіктік», «толық» антонимдер немесе «орталық», «жетекші топ»  (ұйтқы) болып анықталады. Бірақ, терминдік айырмашылықтарына қарамай, берілген антонимдер белгілерін бір түрлі антонимдер деп айтуға негіз болады:

Бұл антонимдердің мағынасы симметирялы болады; олар контекстке тәуелсіз; олар стилистикалық бейтарап; мұндай антоимдік жұптардың әр мүшесінің синонимі болуы мүмкін; олар өздерінің сөзжасамдық қатарындағы антонимдік мағынаны сақтай алады (яғни әр сөз таптарына қатыстылығы). Мысалы, абсолюттік антонимдер тобына мынадай сөздер жатады: келу- кету; ақ- қара; шын-өтірік тағы да басқа сөздер. Ал тілдік варианттық антонимдерді екіге бөліп қарастыруға болады: синонимиялық және прагматикалық. Синонимялық варианттық екі топқа бөлінеді: синонимиялық варианттық стилистикалық өңі (суық -ыстық, шындық- өтірік); 2) синонимиялық варианттың мағыналық реңкі (күлу-жылау, қуану-ренжу). Прагматикалық варианттар тілде жиі қолданылуына қарай, мынадай антонимдік үлгіде ұсынылады: қызыл-ақ, капитализм- социализм, ақыл-жүрек және т.б. сөздер. Барлық варианттың  ішінде, синонимиялық вариант- мағыналық реңкімен басым болады [3,129 б].

Контекстуальдық антоним қатарына мысалдар дәлелдегендей, әр түрлі сөздер қатысуы мүмкін. Мәтінде қарама- қарсы қойылған және шартты тілдік антонимдер. Сонымен, контекстуалдық антонимдер қатарынан мыналарды көре аламыз: 1) жеке семадағы шартты тілдік антонимдер (кеуде-арқа); 2) мағыналық сөз, тілдік антонимдерге мағынасы жақын (өлі-тірі); 3) синонимдер (сусып кету- жылт ету). Жинақталған дерек бойынша, бір түбірлі антонимдердің 60 пайызы контексуалды антонимдерді құрайды екен. Олар үлкен мәнерлілігі және экспрессивтілігімен ерекшеленеді. Шығарма тілін талдау барысында қарама-қарсылық етістік пен етістіктің жұрнағынан жасалған зат есімдерден жасалатыны анықталды. Бұл семантикалық қарама-қарсылықтың негізіне – бірдей екі, бірақ бағыты, іс-қимылы бөлек сөздер жатады. Антонимнің бұл тобын екіге бөлуге болады:

Бірінші – етістік-антонимдер, кеңістіктегі іс-қимыл орнының ауысуын көрсетеді. Олардың ішінде бір түбірлі антонимдер көп, бұл етістікті антонимдер өзіндік қосымшасымен түсіндіріледі. Мәселен: түсу- көтерілу, шығу- кіру т.б. сөздер. Екінші – етістік-антонимдер, қарама-қарсы іс-қимылды білдіреді, бірақ кеңістегі нақты ауысумен байланыста емес. Олар адамдардың әр түрлі жағдайдағы іс-әрекетін, сезімін, ішкі жағдайын береді. Мысалы:  күлу- қайғыру, жағу- сөндіру, бозару- қараю т.б. сөздер. Басқа тілдік құралдар секілді мәтін ішінде антоним сөздердің де бір сөз табына қатысы бірдей емес. Жазушы шығармаларында кездесетін қарама- қарсы ұғымға негізделген антонимдік жұптардың жасалу жолдары да әр сөз табынан болып келеді. Мәселен, шығарма тілінде қолданылатын зат есімді контекстік қарама- қарсы сөздер мынадай үлгіде жасалған:

Сонымен зат есімнің табыс септігінің –ды/-ді,-ты/-ті және жатыс септігінің –нда/-нде жалғауларының қатысуымен: Бірақ қырағылық жауды көруге ғана емес, досты көруге де керек («Қарағанды», 44 б). Қараңғы түнде оңаша қалған қыз бен жігітті де ақтағың келеді («Қарағанды»,184 б). Аяғында кісен, қолында домбыра, қияқ мұрт қарасұр кісі салдырап, домбырасы зарлап барады («Шығанақ»,55 б.); ә) ақтылы лексикалық мағыналы есімдерден абстракт ұғым тудырушы- дық/-дік жұрнағының көмегімен: Адамдық па, айуандық па? («Миллионер», 279  б), сондай-ақ тәуелдік жалғауының қатысуымен жасалады: Шығанақ пен Махмет әкелі-балалы екеуі бірі кітаптан, бірі өмірден ұзақ әңгімелер қозғап, кітап пен өмірді араластыра сапырғанда, екі ой бірде араласып, бірде түйіртпектеліп жүретін («Шығанақ», 162 б.). Қанша батыл болса да қазақы әдептілік, ата- анасымен арасындағы сүйіспеншілік шырмайберетін Жанатты («Миллионер», 265 б.).

 

Сапа- сындық ұғымда жұмсалатын қарама-қарсы сөздер: Әкем бірде қатал, бірде мейірбан. Қаталдығы да, мейірбандығы да мен күтпеген жерден кездесіп отырады («Шығанақ»,44 б.). – Махаббат нәзік нәрсе, домбайыңа көне бере ме?- Жоқ. Махаббат берік нәрсе, балталасаң да сынбайды («Шығанақ», 125 б). Ақшыл беті сұрғыт аспандай, қара көзі ойнап шыққан қара бұлттай («Миллионер», 379 б.). 2) Сандық мәндегі антонимдер: – Шырағым,- деді сақалды қазақ,- «мыңның түсін білгенше, бірдің атын біл» деген еді («Қарағанды», 15 б.). Ақылмен мыңды, ақырумен бірді ғана көндіресің («Шығанақ», 108 б.). Бірінің ойы да, бойы да ержетіп қалған. Екіншісі талпынған жас секілді («Шығанақ»,72 б.). 3) Жалаң туынды антонимдік үстеулер: Жоғары көңілге, қысқа жол жете алмай тұр!- дедің ғой («Шығанақ», 53 б.). Төбеден күн, төменнен жер қарығанда жіпсімесе де Шығанақ сөзі маңдайынан тер шығарды («Шығанақ», 29 б.). Ержанның сырты қалың болғанымен, іші тым жұқа еді («Шығанақ», 32 б.).

Әдетте, көркем шығарма тілінде халықтық мақал- мәтелдер мен қанатты сөздердің көрініс беруі заңды құбылыс. Жазушы Ғ. Мұстафин кейіпкерлер іс-әрекетін, олардың мінез- құлқын қатар қойып  шендестіруде мақал- мәтелдер мен нақыл сөздердің мынадай түрлерін контекстіктік негізде ұтымды пайдаланған: -«Ақымақ достан, ақылды дұшпан артық»,- деді де Жақып үзіліп қалған әңгімесіне қайта кірісті («Қарағанды», 274 б.). Маған «Ортақ өзгізден, оңаша бұзау» артық («Шығанақ», 11 б.). «Жақсы тәртіп әдетке айналса-ырыс. Жаман тәртіп әдетке айналса- қырсық», дейтін біздің командир («Қарағанды »,258 б.).  Еңкейген кәрі- еңбектеген жасты ержетеді деп қуанады («Шығанақ», 33 б.). Бәрі де көзінше жасалып, басшылығымен өнген дүниенің түймедейі-түйедей, көнесі-жаңадай көрінеді оған («Миллионер»,228 б.). Әне, үкімет солай, бетегеден биік, көдеден аласа болады («Дауылдан кейін», 54 б.). «Біздің жеріміз тым қатыгез, тым сараң. Бірақ бабын білгенге тым береген, тым мейірбан»,-деген Шығанақ («Шығанақ»,67 б.).

Біз мысал еткен бұл сөйлемдер көркем проза тіліндегі қарама-қарсы ұғымға негізделген жазушының мәтін түзудегі өзіндік ерекшелігі болып табылады. Қорыта келгенде, контекстік антонимдер арқылы сөз мағынасының әрі шебер, әрі анық айқындалатынын байқадық. Сондай-ақ, контекстік мағынаға түсетін антонимдік жұптарды мынадай бағыттарда көрсетуге болады: қарама-қарсы интонация әсерінен; «оның орнына» деген сияқты формалды қарама- қарсылықтың есебінен; узуальды оппазицияларға ғана тән оппозиция схемасын құру нәтижесінде; қандай да бір лексемалардың орнына баламалы сөздердің қолданылуы барысында жасалады.

Нұрбибі Нұрланқызы ТҰРҒЫНБЕК,
“Балдәурен” республикалық оқу – сауықтыру
орталығының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, Түркістан облысының Төле би ауданы 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий