Өндірістік оқыту шеберінің педагогикалық құзыреттілігі

Өндірістік оқыту шебері – оқушыларды оқыту және тәрбиелеудегі басты тұлға. Оқу сабақтарында шебер оқушыларға жаңа технологияларды меңгертуде, өндірістік білік пен еңбек мәдениетін қалыптастырады. Жастарды оқытатын шебердің үлгілі жұмысы, өзінің білімін және тәжірибесін үйретуі, ұнамды қасиеттерді қалыптастыруы оларға үлкен әсерін тигізеді.

Педагогтың жас маман жұмысшыларды тәрбиелеудегі еңбегі адамдардың іс-қимылындағы негізгі жауапкершілік болып табылады. Сондықтан да өндірістік оқыту шеберіне көптеген талаптар қойылады. Идеялық-саяси дайындығы: қазіргі заман талабына сай маманды қалыптастыру, шебердің оқушыларды тәрбиелеудегі рөлі мен жауапкершілігі жоғары болады. Оның барлық жұмысы жастарды отаншылдыққа, достықты сезінуге, жолдастыққа, ұжымдыққа, тазалыққа, қарапайымдылыққа тәрбиелеуге, мақсатына берілуге, еңбекке саналы қатысуға бағытталады. Барлық іс-қимыл кезеңінде шебер бірбеткей, таза өз ісіне берілуі тиіс. Ол ғылыми және кәсіби білімін үздіксіз толықтырып отырады. Ол үшін өз бетімен оқып-үйренуі қажет.

Өз ісін терең білуі және мамандыққа сүйіспеншілігі: шебер өз пәнін толық білмесе, өз ісіне сүйіспеншілігі болмаса, оқушылар арасында беделге және сыйластыққа ие бола алмайды.Шебер әртүрлі тиімді оқыту әдістерін меңгеріп пайдалануы, өз пәні жөнінде шеберлігін көрсете білуі керек. Өндірістік оқыту шебері оқушылардың үлгерімін және сабақтарға қатысуын үнемі бақылап отыруы (оқу жұмыстарының орындалуы, ұқыптылығы, өз бетімен үй тапсырмаларын орындауы), оқушылардың жалпы дамуын, тәртіп ережелерінің орындалуын, оқушыларды қоғамдық оқиғаларға бей-жай қарамауын, міндеті мен жауапкершілігін сезінуін, тазалыққа, қарапайымдылыққа еркіндікке тәрбиелеу (шешімді болуы, батылдығы, ынталылығы, табандылығы және тағы да басқалар), оқушылардың материалдық – тұрмыстық жағдайын біліп отыруы қажет.

Шебер осы байқауларды есепке алады, оқушы істерінің жақсы және кемшілік жақтарын белгілейді, кемшіліктерінің себебін анықтап, әрбір оқушының оқыту және тәрбиелеу жұмыстарын жақсарту шараларын жүргізеді. Әрбір оқушыға педагогикалық мінездеме жүргізу шеберге оқу-тәрбие процесін саралап отыруға мүмкіндік береді және жақсы жақтарын дамытуға жағдай жасайды. Шебердің жалпы мәдениеті: ол оқушыларды тек белгілі мамандыққа оқытып қана қоймайды, оларды жан-жақты болуға тәрбиелейді. Оқушыларға шебердің жалпы мәдениетінің деңгейі, жеке тәртіп үлгісі үлкен әсерін тигізеді. Шебердің мәдениеті, білімі, адамгершілігі жоғары болғанда ғана, оның педагогикалық мақсаты тыңғылықты орындалады. Сонымен бірге шебер өз мамандығын басқа оқушылар ынта білдіретін ғылым салаларын да білуі керек (жаңа технологиялар).

Педагогтің мәдени элементтерінің бірқатарына тоқталайық: сырқы көрінісі сөйлеу мәдениеті, педагогикалық тактісі.Педагогтің эстетикалық тәрбиелі болу керектігін А.С.Макаренко жазған болатын. Шебер адамгершілігімен және ұқыптылығымен оқушыға үлгі болады. Жақсы шебер өзінің кәсіби жұмысына қалай қараса, өзінің сыртқы көрінісіне де солай қарауы тиіс. Педагогикалық такті – оқу жағдайында әртүрлі мәселелерді шешуге оқушыларға педагогтік әсер етудің маңызды шарты. Шебердің педагогикалық тактісі ұстаздық шеберлігінің бір белгісі болып табылады. Педагогикалық такті, біріншіден оқушыларға сыйластық білдіру және оларға талап қою, екіншіден, оқушыларға көңіл бөлу, үшіншіден, оқушыларға сенім арту және олардың әс-қимылын үздіксіз бақылап отыру.

Оқушылардың үлгірімі мен тәртібінің қорытындысын шығарып, шешім алуда асығыстықпен бағалау педагогикалық тактімен сәйкеспейді. Әрбір оқушыға ұқыптылықпен келудегі педагогикалық тактіні оқушылар өте бағалайды. Педагогтің тарапынан ұйымшылдық және шыдамдылық таныту оқушыларға қоятын талапты төмен түсірмейді. Керісінше, тәрбиеленушілердің жіберген қателіктерімен күресуге ұстамды және шешімді болуы керек. Сонда ғана тәрбие жұмыстарының нәтижесі оң болады. Өндірістік оқыту  шебері өз ісінің маманы болумен қатар, оның бойында баланы жақсы көру, баланың көзқарасы мен пікірін сыйлау, тыңдай білу қасиеттері болу керек. Білім беруде кәсіби құзырлы маман иесіне жеткен деп мамандығы бойынша өз пәнін жетік білетін, оқушының шығармашылығы мен дарындылығына жағдай жасай алатын, тұлғалық-ізгілік бағыттылығы жоғары, педагогикалық шеберлік пен өзінің іс-қимылын жүйелілікпен атқаруға қабілетті, оқытудың жаңа технологияларын толық меңгерген, отандық, шетелдік тәжірибелерді шығармашылықпен қолдана білетін кәсіби маман педагогті атаймыз.

Қазіргі таңда қалыптасып қалған білім берудің нәтижелері мен жаңа әлеуметтік экономикалық қоғам қажеттіктері деңгейі арасындағы қайшылықтар айқын байқалуда. Өйткені, заман талабы педагог мамандардың құзыреттілік сапаларын қоғамның жаңа құрылымына сәйкес белгілеп отыр.Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени үрдіспен қамтамасыз ететін жоғары құндылық. Осы жоғары құндылық сапасын көтерудің басты шарты – өндірістік оқуту шеберлерінің педагогикалық  құзыреттілігін дамыту болып табылады. Олай болса, білімге негізделген қоғам құрылысының негізгі басымдықтарын есепке ала отырып, педагог мамандардан аса жоғары кәсіби құзыреттілік талап етіледі.

Кәсіби құзыреттілік деп – педагогтың жеке бас сапалары мен оның психологиялық-педагогикалық және теориялық білімнің кәсіби біліктілігі мен дағдысының бір арнада тоғысуы. Болашақ маман өз ісінің шебері, жақсы шебер болу үшін мамандығына қажетті қабілеттерді және қарым-қатынас мәдениетін меңгеріп әлемдік білім кеңістігіне талпынуы керек. Студенттердің орындалатын жұмыс түрлерін шағымдап беру және қойылған мақсатқа жету үшін бағыт-бағдар беру, бұл – өндірістік оқыту шеберінің қызметі. Өндірістік оқыту шебері – ақпараттанушы емес, оқушының жеке тұлғалық және интеллектуальды дамуын жобалаушы.

Осы орайда атап өтер жайт, өндірістік оқыту шебері үздіксіз білімін жетілдіріп, әрдайым даму жолында болуы тиіс. Информатика пәні бойынша электронды оқулық және «ЭЕМ операторы» мамандығына арналған өндірістік жұмыс дәптерін құрастыруым – өндірістік оқыту шебері ретінде педагогикалық құзіреттілігімді дамыту жолында жасалып жатқан бастапқы әрекеттерім деп айтар едім. Себебі, электронды оқулықтарды білім үдерісіне қолдану – ол оқу процесін оңтайландыра түсері сөзсіз. Электронды оқулықты қолдана отырып студенттер төмендегідей жұмыс жасауға мүмкіншілігі болады: өтілетін материалдарды дұрыс әрі жеңіл түрде түсінуге; студенттің өздігінен дайындалып, жұмыстың барлық кезеңдерінде өзін – өзі тексеруге; жұмысты тиянақты түрде орындап, мұғалімге файл түрінде тапсыруға; түсінбеген тақырыптарды шексіз қайталауға; оқулықты сабақтарда қолданып, студенттің өз деңгейінде тапсырмаларды таңдауға; қажетті материалдарды жылдам іздеп табуға мүмкіндік туғызады.

Әсіресе аталған электронды оқулықты пайдалану студенттердің сабаққа деген ынтасын жоғарылатып, өздігінен шебердің нұсқауынсыз тақырыптарды игеруіне және зертханалық жұмыстарға алдын ала дайындалуларына мүмкіндік туғызады. Электронды оқулықты қолдану барысында графикалық безендірулер және сұқбат терезесі түрінде пайдаланушы интерфейсі оқушыларды бұл кітап пайдалануға деген қызығушылығын арттырады. Электронды оқулықты қолдану саласы өте кең: электронды – оқыту жүйесі қашықтан оқыту үшін, өздігімен ізденіс барысында, жалпы білімге деген талпыныс бар студенттерге өте тиімді. Қазіргі заман талабына сай мүмкіндігін көп дербес компьютерлерді өңдей отырып, тарау бойынша студенттердің дағдыларын қалыптастыру, білім бақылау жұмыстарын бағалауға мүмкіндік береді. Осы арқылы компьютерлік технологияның дамуының тереңдетілуі білім сапасын жоғарылата отырып, шебердің жұмысын жеңілдете түседі.

Мен өз сабағымда электронды оқулықтарды пайдаланып өтемін. Бұның тиімді жағы көп: сабаққа қажетті материалдар, кестелер мен сызбалар, анимациялық көріністер, студенттерді машықтандыру (практикалық және тәжірибелік) фильмдері, анықтама сөздік, оқушы білімін бекітетін дидактикалық материалдар бар. Әр тараудағы тест сұрақтары, әр тапсырманың өзіндік жұмыстары(есептер, диктант) оқушы білімін бақылауда және студенттердің өз бетінше ізденісін туғызуда көмегі зор. Электронды оқулықты пайдалану арқылы: сабақта техникалық құралдарды, дидактикалық материалдарды қолдану тиімділігі; студенттің пәнге қызығушылығы; алынған білім, дағды деңгейі; білімнің тереңдігі; тексеру түрлері, бағалау; практикалық дағдыларды игеру мүмкіндігі артады. Сабақ беру жүйесінде жұмыс дәптеріндегі жаңа материалды студенттерге меңгерту үшін әр түрлі деңгейдегі практикалық жұмыстарды жүйелі жүргізудің маңызы өте зор және оның ерекшеліктері: топ студенттерінен толықтай жауап алу; студенттің  компьютермен жұмыс істеу дағдысы мен жылдамдығын бақылау және жұмыс барысында кездескен қиындықтарды дер кезінде шешу; кейбір амалдар мен әрекеттерді студенттер өз бетімен орындайды; студенттердің өндірістік оқу сабақтарына деген қызығушылығы артады; студенттердің шығармашылық белсенділігі дамиды; жұмыс дәптеріндегі тапсырмалар қызықты мазмұндалған болса, студенттерде қызығушылық пайда болады.

Жұмыс дәптеріндегі практикалық жұмыс тапсырмаларын мазмұнына қарай төмендегідей түрлерге бөлуге болады: үлгі бойынша орындалатын; меңгерілген білімді пысықтау, жүйелеу; жаңа материалды меңгеруге бағытталған және өмірмен, басқа пәндермен байланысты; меңгерген алғашқы қарапайым білімді бекіту және жетілдіру; білімдерін толықтыра отырып, жаңа білім меңгеру, өзі үшін жаңалық ашу; ой қорытуға және дағды қалыптастыруға арналған (өмірден алынған мәліметтер бойынша график, диаграмма салу, көрнекі құралдар жасау); студенттердің шығармашылық деңгейі мен жеке басының икемділігін анықтайтын тапсырмалар жалпы сабақты түрлендіріп, қызықты өткізуге көмектесетін, жаңа білімді меңгеруде оқушылардың белсенділігін арттыратын жұмыс дәптерінде практикалық жұмыс тапсырмаларын пайдалану өте тиімді.

Қорыта келе айтарым, жиырма бірінші ғасыр компьютерлік ақпараттар заманы. Жер бетінде болып жатқан жаңалықтар мен өзгерістер туралы спутник арқылы, интернет арқылы күн сайын, сағат сайын мағлұмат алып отырған тұлғаларды басқа нәрсемен таңдандыру жаңа сабақты айтып, тыңдата білу оқытушыға оңай емес.

Қазіргі таңда жаңа әлеуметтік жағынан қорғанған адам – ол технология ауысуына және нарық талабына сай терең білімді, жан-жақты адам. Жаһандық дәуірде барлық адамға компьютерлік сауаттылық қажет. Ал бұл сауаттылықты қалыптастыру үшін кез-келген тұлға теориялық біліммен қатар практикалық білімнің алғы шарттарын меңгеруі тиіс. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін практикалық білімді игертуші өндірістік оқыту шебері педагогикалық құзіреттілігін дамыту жолында үздіксіз еңбектенуі тиіс.

Айшолпан Кеңесқызы НҰРМАШ,
Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің 
өндірістік оқыту шебері, Қызылорда облысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий