Абай мұраларының мемлекетке қызметі
Абай адамзат руханиятының асыл мөрі мен тұрақты темірқазығы екендігін өзгелерден бұрын өзіміз мойындасақ, алып игіліктің иірімі болар еді. Ұлылық ұлы ұғым. Оның адамзаттық деңгейдегі құбылысы рухани биіктік. Таулар жақындаған сайын асқар, биіктік таянған сайын заңғар. Абай руханиятыда маңайлаған сайын зерделі, жуықтаған сайын зиялы, түйсінген сайын зәулім.
Сол бастама негізінде Республика президенті Қ. Тоқаевтың “Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан” атпен мақаласы жарық көріп, 175 жылдық мерейтойы аталып өтілгелі тұрған ақынның мерзімді даталы жылының теориялық бағдарламасы мен жол бастар нұсқаулығындай болып тұр. Сондықтан, осы айдары тағылып, атауы бекіген жыл аясында біз қандай амалдар атқарып, нәтижесі жемісін жылдар бойы рухани азық боларлық әрекеттер жасай аламыз деген сауалдың мағынасын аша білсек, қайыры қаша қоймасы анық.
Бос жиындар мен дөңгелек үстелдердің сарнауы мен өтіп кетпеген жыл болмауы үшін, облыс көлеміндегі айтулы Абайтанушы ғалымдардың пікірлерін негізге ала отырып, облыс шеңберінде жүзеге асуы тиіс іс-шаралардың жоспарын нық бекітіп алған дұрыс деп санаймыз.
Президент мақаласының аясында данышпан ақынды «Ұлттық болмыстың үлгісі» ретінде қарастырады. Және бұл нақтылыққа негізделген орамды ой мен тұжырымды теңеу. Осы орайда, қазақы болмыстың паспортын айшықтап берер ақын руханиятын білім беру саласындағы жетекші арна ретінде бекітіп, жоғары оқу орындарының барлық мамандықтарына «Абайтану» курсының жүргенін ұсынамын және керек деп санаймын. Себебі, біздің оқу жүйесінде Абайды филология факультеттерінде ғана оқытып, сол шекарада ғана поэтикалық тұрғыдан насихаттап, оқытады. Елімізде, қаншама оқу орындарын да жыл сайын мыңдаған студенттер маманға айналып, қазақстанның құрылымына жұмыс атқарып жүр, сол барлық мамандықтар да Абайды оқытпайтыны анық. Абай тек әдебиетшілерге ғана керек деген тар түсініктің қоғамға бошалап кеткенін реттеп, барлық мамандықтардың оқу бағдарламасына енгізсек, президент жазған ұлттық болмыстың үлгісін» жастар санасына сіңіруді бастаған болар едік. Және бұл Абайды оқыту тек қазақ тіліндегі оқу бөлімдеріне емес, орыс, ағылшын тілдеріндегі оқу бөлімдеріне де оқытылуы керек деп есептейміз. Бүгінгі, жаһандану заманын да техникалардың көкпарға көк серке болып түскені ғана емес, идеологияның шайқасы да жүріп жатқаны мәлім. Айнадан гөрі телефонға көп қарайтын заманда президент жазған ұлттық болмыс атауын қазірден сіңіріп, идеологиялық үлгі мен нысана ретінде осыдан бастасақ та, кенже қалған тұстарымыздың өркені қарыштап кетпегенімен, өртеніп кетудің алдын алатынымыз анық.
Президент мақаласында: «Мемлекет ісінің мүдделесі тақырыпшалық бетбұрысында,біз егемен ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін мемлекеттілігімізді нығайтуымыз керек» деп шегеленген сөйлемдер жазады. Иә, Абай жазған руханият мемлекет мүддесіне толық қызмет ете алады. Тек сол негізгі мемлекет идеологтары дұрыс жолға қоя білсе. Кешегі күн көсемге табындырған орақ пен балғаның үкіметінің қолдан көсем жасап, миллиондаған адамды шоқындырып, табындырып жібергенін осы жерде отырған сол үкімет үстемдік құрып тұрған кезеңде тәрбиеленген адамдар жақсы біледі. Қазіргі жасампаз, азат, ұлттық болмысты насихаттауға толық құқығы бар тәуелсіз елде Абайды неге рухани көшбасшы, мәдениет пен әдебиеттің темірқазығы санатында идеологиялық тұрғыда қоғамдық сана, ұлттық болмыс діңгегіне сіңірмеске. Сонда ғана данышпан ақын мұрасы мен мұраты мемлекет мүддесіне толық қызмет етеді.
Жалпылдақ дүниеге құмар заманның жел өкпе пейіліне заңғар алыптың болмыс дүниесін тыңнан, балабақшадан, мектептен бойлап дарытсақ, ешбір елдің жымысқы, астарлы, дүбара қылуды дүрбілеп көздеген, діттеген ақпараттары жаулап та, жалмап та алмас. Сондықтан, Абай қай қоғамда да оқылуы керек, әр қазақтың рухани кемел көсемі, мәдени төлқұжаты.
Алматы қаласы, Алатау ауданы,
№114 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Байгонусова Фарида Анарбайқызы