Нанотехнологияны пайдалану арқылы киіз үйді жылыту

Ғылыми жұмыстың тақырыбы: Нанотехнологияны пайдаланып киіз үйді жылыту. Мақсаты: Ата-бабамыздан қалған ұлттық құндылық – киіз үйдегі физикалық құбылыстарды зерттеу. Міндеті: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықты сақтай білу арқылы ұлттық сананы жаңғырту. Тақырыптың өзектілігі: Киіз үйдің тарихы, құрылу технологиясы және табиғи киіздің ерекшеліктерімен таныстыра отырып, халқымыздың ұлттық құндылығын қастерлеу, оның өшуге, жоғалуға жатпайтынын жас ұрпаққа дәріптеу.

Жоспары: Кіріспе. Киіз үйдің шығу тарихы, құрылысы. Зерттеу бөлімі: Киіз үйдегі физикалық құбылыстар. Киіз үйдегі астрономияның заңдылықтары. Нанотехнологияны пайдаланып киіз үйді жылыту. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Тұңғыш Президент бұл аталмыш тұғырнамасында білім, ғылымға ерекше басымдық берді. «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі», – деген Нұрсұлтан Назарбаев «Мәңгілік ел» болуға қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның ендігі жаһандану алдында ұлт ретінде жойылып кетпеуі үшін ұлттық кодын сақтаған, терең білімді, бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңірген ақыл-ойы кемел тұлға болуына маңыз береді. Осы бағдарда ол бабалар ұлағатымен астасып жатқан зерделі ойы мен парасатты пайымын білдіреді.

Ғылыми танымдық жобада ұлттық құндылығымыз киіз үйдің тарихымен, құрылу технологиясымен және табиғи киіздің ерекшеліктерімен таныстыра отырып, халқымыздың ұлттық құндылығын қастерлеу, оның  өшуге, жоғалуға жатпайтынын жас ұрпаққа дәріптеуді жөн көрдім. Киіз үйдің қазақ өмірі мен әлеуметтік жағдайына үйлесімдігі сондай, оны үлкейтіп, кішірейтіп, тіпті бір-біріне қосып, екі-үш бөлмелі етіп тігуге де болады. Туырлықтан жазда ыстық, қыста суық, жауында су өтпейді. Кейде қыстан киіз үймен шығатын қазақтар туырлықты екі қабат етіп жабады. Үй іргесін шөппен бітеп, айналасын қамыспен шалылап, қоралайды. Көбінесе қопалы, қамысты жерді паналайтындықтан, жел де көп болмайды.

Міне, осындай үйде ел даңқын асырып, намысты қолдан бермеген данышпандарымыз бен батырларымыз туып-өскендігін мақтанышпен айтуға болады. Керей хан мен Жәнібек сұлтан, Кенесары батыр, ұлы Абай; ғұламалар Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезовтердің кіндігі осы киіз үй ішінде кесілген. Әрқашан қоныс аударғанда таза жерге тігілген үйдің саф ауасы аспан, жер, сумен астасып, қасиетті қара шаңырақтың киесі, мүмкін, осындай ұлылардың көкірегіне нұрлы сәулесін құйған болар. Қазақ өмірі мен мәдениетінің, әлеуметтік жайының бір түйіні киіз үй мен төрт түлікке байланысып жатады.

Киіз үйдің іші 4 бөлімге бөлінеді: Төр. Үй ішіндегі ең құрметті орын, мұнда жүк жиналады, қонақтар отырады. Бұл – киіз үйдің жоғарғы әрі сыйлы орны. Жас келіндер төрге шықпайды. Сол жақ (кіргенде оң жақ)– үй иесінің отыратын және жататын орны. Босаға жақта азық-түлік, ыдыс-аяқтар тұрады. Оны шимен жауып қояды. Оң жақта (кіргенде сол жақ)– балалар орналасады. Босаға жаққа қарай ер тұрмандар, киімдер ілінеді. От орны қасиетті орын болып саналады. Мұнда от жағылады, қазан асылады. киіз үй негізгі үш бөліктен құралады: үйдің сүйектері (ағаштан жасалатын бөліктері); киіздері (ши де осыған кіреді); бау-шулары (баулары мен басқұр, арқандары). Елбасымыз ұсынған «Жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерімізді қайта түлетуіміз керек»

Ұлттық жаңғыру дегеніміз – ұлттық санамен тығыз байланысты. Оның түпкі мақсаты – ұлттық бірегейлікті сақтап, ел ішінде бейбітшілік пен келісім үйлесе отырып, ұлттық береке, бірлік салтанат құрған бәсекеге қабілетті, табысты ел болу. «Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді» , -дейді Н.Ә.Назарбаев. Сондықтан рухани жаңғыру үдерісін дер кезінде қабылданған оң шешім деп танимыз.

Зерттеу бөлімі. Киіз үйдегі физикалық құбылыстар. Киіз үй материалдарының физикалық қасиеттері. Киіз үй қаңқасын түгел ағаштан – берік ағаштан (қайыңнан, талдан) жасалады. Киіз үйдің ағаштарын (уық, кереге, шаңырақ, күлдіреуіш) деформациялайды. Деформация – дене пішінің немесе көлемінің өзгеруі. Қайын мен тал басқа ағаштармен салыстырғанда деформациялауға, яғни июге, бұруға, қысуға, созуға ыңғайлы, бір жағынан берік, қатты жақсы материал болып табылады. Үйшілер кептірілген ағаштарды алып қидың малмасына (диффузия процессі жүреді) немесе ыстық шоқ араластырылған күлге (жұмсарту, балқыту) салып балқытады, яғни ағаштарды пластикалық деформацияға ұшыратады. Пластикалық деформация сыртқы күштердің әсері тоқтағаннан кейін жойылмайтын деформация, яғни ағаш берген қалыпты сақтап қалады.

Үйшілер ағаштарды тезге салып түзетіп алады, кейін морға салып кереге, уыққа, күлдіреуішке лайықтап ырғаққа салынып, белгілі бір үлгі, жобаға келтіреді. Ағаштардың қызыл түсті жосамен бояйды және өсімдік майымен майлайды. Ағаш – кеуек дене, суды, ылғалды жақсы сіңіреді. Ылғалданған ағаш беріктік қасиетін жоғалтады. Судың жұғу қасиеті ағашқа зиян. Май қабаты ағашты судың ылғалдықтың сіңуінен сақтайды. Қазақ бабаларымыз судың майлы беттерге жұқпайтынын білген. Судың майлы бетке жұқпау себебін ғылыми түрде былай дәлелдейміз: сұйықтың молекулалары бір – біріне майдың молекулаларынан гөрі, күштірек тартылады. Қайынға, талға, құрт түспейді, басқа ағаштар сияқты тез шірімейді, мұны ағашта арнайы шірітпейтін және құрт жолатпайтын ерекшелігі бар зат болжам айтуға болады.

Киіз үйдің негізгі құрылыс материалы – киіз болып табылады. Синтетикалық материал айналасына оң зарядталған өріс тудырады. Ол өріс адамның ағзасына қолайсыз әсер етеді. Ал киіз – табиғи материал. Қой жүнін сабалап, біріктіріп жасайды. Жүннің бір талшығын микроскоп арқылы қарастырғанда, қылдың қуыс каналы бар екенін анықтауға болады. Жүнге ыстық су құйып және механикалық әрекет нәтижесінде ширатады, көлемі V кішірейеді, тығыздығы артады. Киіз басудың ең жоғарғы тығыздығы р =0,55 г/ см3

Енді киіздің жылу өткізгіштігіне тоқталайық. Жүннің жылу өткізгіштігі нашар, өйткені қалай сабаласа да ,жүн талшықтарының арасында бірталай ауа болады. Ауаның жылу өткізгіштігі нашар болады,өйткені ауа молекулалары бір – бірінен алыс орналасады да, энергияның бір молекуладан екіншісіне берілуі қиынға соғады. Сондықтан киіз үйдің аптап шілдеде сая, ызғырықта жылы баспана болады.

Киіз үйдегі астрономияның заңдылықтары. Қазақтың материалдық мәдениетін қалыптастыруының негізі болған қазақтың дәстүрлі қолөнері жөнінде сөз қозғар болсақ, сонау ықылым замандарды басынан кешіріп, қазірге дейін мал шаруашылық аудандарда баспана ретінде қолданылып отырған қазақ киіз үйінен аттап өте алмаймыз. Ата-бабаларымыз таулы өңірде мекенденгендіктен, орман мен тоғайдың ен байлығын тұрмыс тіршіліктің игілігіне жаратқан. Қауымдық қоғам кезіндегі ата-бабаларымыздың алғашқы баспаналары тас үңгір, күрке, жер үй – лопы, балаған, қақыра, қалытқы, саргер, шарбақ үй болғаны шындық. Шаруашылықтың шалқуына ілесе тас үй, тасқора, тас үңгірлерді тастап, дөңбек үйлері, дөңбек қоралары, кірпіш үйлері бар тұрақты қоныстар құрып мекенденумен бірге көшпенді тұрмысқа лайықты киіз үй қаңқасын, киізүй жамылшыларын жарыққа шығарған.

Демек киіз үй – көшпенді тұрмыстың төл туындысы. Халқымыздың үйағаш басатын шебер үйшілері, ша­ңы­рақшылары, үйдің ағаш мүкәмәлін, ағаш ыдыс-аяғын жа­сайтын даңғайыр ағаш шеберлері артына ағаш ісмер­лігінің мол қазынасын қалдырды да, үйағашылық, үйшілік өнері – дара ұлттық ерекшелігімен бүгінге жетті. Киізүй мал­шаруашылық өңірлерінде қазір­ де пайдаланып отыр. Жүйеден, киізүй көшпенді тұрмыстың жемісі болғандықтан, орталық және Орта Азианы қоныстанған басқа да мал өсіруші тайпалар қырғыз, тәжік, өзбек, моңғол және тағы да басқа халықтар «киіз туырлықтылар» атанды. Алайда, әр ұлттың ұлттық салт-сана, діни наным-сенім­деріндегі, тұрмыс мәдениетіндегі өзгешеліктеріне қарай киіз үй­лерінде айқын парықтар болды.

М: қалмақ үйі – (моңғол халқының «гер» деп аталатын киіз үйі) сүйегі кереге – «терім»; уығын –«унын»; шаңырағын – «харач» деп атайды. Шаңырағы шағын, уықтары түзу ағаштан жасалады. Сондықтан үй төбесі қиық конус тәрізді, еңсесіз, аласа. Қазақ үйінен тар келеді. Уықтарына бау орнына бүлдірге тағылады. Туырлықтары кереге бойы келеді де, жоғарғы жағына үзік жабылады. Үзік етегі жайылып тегіс түседі. Туырлық үзіктерінің пішіліп тігілуі қазақ киізүй жамылшыларындай күрделі болмайды. Бұл моңғұл халқының тігетін баспанасы болып – қытай тілінде мыңгу бау қалмақ үйі делінеді. Ал қазақ киіз үйлерінің уық балағы кереге басынан жоғары отызда елу сантиметірдей сыртқа тебіңкі, доғалана иін жасап керегемен қосылады да, табиғи биіктеп еңселі көрінеді. Сондықтан, қазақ киізүйі моңғол үйінен биік те, еңселі кең келеді. Қазақ киізүйінің уығының иінделіп жасалуына байланысты үйдің сыртқы пішіні дөңгеленіп, келісті көрінеді.

Осыған сай үзік етегі кең пішіліп, бүріле тігіліп уық иініне бөрікше киіліп келеді. Үзік ішінен жабылатын туырлықтары шаңыраққа жеткізіле, яки жете қабыл етіліп қарақас салып жабылады. Жұлдызды аспан картасы арқылы. Жер шары өзі эллипсоид формалы. Ол күнді эллипс бойымен айналады. Ортадағы ошақ күнді бейнелейді эллипстің бір фокусы. Күн /ошақ,от/- тіршілік көзі, өмір тынысы. Ендеше аспан әлемінің кішірейтілген бейнесі киіз үй болмақ. Үй сыртынан айналдыра тартылған белдеу, аспан белдеуі, зодиактык шеңбер. Әдетте шаңыраққа бақан көлбей тігіледі. Ол үйдің тірегі. Бақанның бағыты жердің осіне сәйкес, темірқазық жұлдызын нұсқап тұрады. Ол галактика экваторының аспан экваторына көлбеу бұрышын 62 көрсетеді. Шамамен күн сәулесі екі уықтың арасын 20, үш уықтың арасын 40 минутта жүріп өтеді немесе бие сауым уақыт.

Дұрыс тігілген киіз үйдің әдемі көрінуі оның пропорцияларына байланысты, биіктігі диаметріне қатынас жуық шамамен 0,62-ке тең. Қорыта келгенде осынау халқымыздың асыл мұрасын математиканы, физиканы оқыту барысында негізге алу ұлттық дүниетанымдық көзқарасын қалыптастырады, халықтың астрономиялық, математикалық, физикалық және тағы да басқа өмірлік тәжірибесіндегі білімдер жиыны ұдайы жетіле отырып, киіз үйде ұштасып өрнек тапқандай.

Нанотехнологияны пайдаланып киіз үйді жылыту. Көшпелі халықтар киіз үйді тек жаздық үй ретінде ғана қолданбайды. Ол тұрғындарды қысқы боран кезінде және суық дала түнінде де жылытады. Бүгінде барлық жерде киіз үйді жылытудың заманауи технологиялары қолданылады. Олар дәстүрлі және заманауи материалдарды қолдануға негізделген. Киіз‒көптеген көшпелі халықтар қолданатын, қой жүнінен жасалған киіз үйге арналған жылытқышты осылай аталады. Жаз мезгіліне арналған қалыңдығы 5-6 мм, ал қыс мезгіліне арналған қалыңдығы 8-9 мм кілемшелер жасалады. Қатты аяздардарға төзімді болу үшін киіз үйді табиғи киіздің екі-үш қабатымен қаптайды. Оларды сондай-ақ ағаш едендерге төсейді.

Табиғи киіздің негізгі артықшылықтары: Қой жүні артық ылғалды жұтуға және оны қоршаған орта көрсеткіштерінің өзгерісіне қарай бөліп отыруға қабілетті. Бұл жағдайды жылытқыш киіз үйде оңтайлы микроклиматтық орта тудыруға қатысады. Дәл осылай киіз «артық» жылуды сіңіріп алып, ауа температурасы төмендегенде жылу бөледі. Материалдар уақыт өтуіне байланысты үгіліп түспейді және бастапқы қалпын өзгертпейді. Қой жүні формальдегидтерді, азот пен күкірт диоксидін жұтып алатын ерекше қасиетке ие. Жылытқыш талшықтары адам ағзасына қауіпті заттарды аластайды. Табиғи материал экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Оларда жасанды қоспалар жоқ, адам өміріне қауіпті емес.

Оқшаулағыш жұқалтыр (Фольгоизолон).Бір немесе екі жағынан металданған жұқалтырмен қапталған пенополиэтилен.Жұқалтыр инфрақызыл сәулеленуді өткізбейді. Жалпы құрылымда ИҚ-сәулелердің шығыны жылу энергиясының жартысынан көп болмайды. Электр жылытқыштарды пайдалану кезінде бұл көрсеткіш 75%-ға жетеді. Оқшаулағыш жұқалтырдың артықшылықтары: экологиялық және гигиеналық қауіпсіздік; жылу өткізгіштігі төмен: 0,034Вт/мК. Қалыңдығы 4мм материалдың бір қабаты қалыңдығы 6 см-шыны мақтаны алмастырады. Материал ылғал өткізбейді. Киіз үйде бу оқшаулағыш қабат жасаудың қажеттілігі жоқ. Оқшаулағыш жұқалтыр шірімейді.

Оның бетінде ылғал сүйгіш бактериялар мен саңырауқұлақтар көбеймейді. Материал‒60-тан +100 Цельсий градусқа дейінгі аралықтағы температураға шыдамды. Материал мотор майы мен бензин сияқты агрессивті сұйықтарға төзімді. Оқшаулағыш жұқалтырдың бірегейлігінің арқасында оны қабырғаларды жылытуда ғана емес, еден жылыту үшін де қолданады. Қаптама жасау өте оңай және арнайы дағдының болуын талап етпейді. Стиплер (сұйық шегелер) және бөліктерді өңдеу үшін металдандырылған желім болса жеткілікті.

Холофайбер. Климаттық зонада киіз үйде жыл бойы қолайлы жағдайларда өмір сүруді қамтамасыз ететін жаңа кезең оқшаулағышы. Қолданыстағы холофайбер өңдеу және қалпына келтіру-реттеу жұмыстарын қажет етпейді. Оның бірегей қасиеттері тұрғын үй-жайларға арналған ҚНжЕ талаптарына сай келетін төсемдердің жылулық кедергісін қамтамасыз етеді. Киізбен салыстырғанда холофайвердің артықшылықтары: бөгде иістерді жұтып алмайды және өзінің де иісі жоқ; гигроскопиялық қабілеті болмағандықтан, кептіріп отыруды қажет етпейді; күйе көбелек және басқа да жәндіктермен бүлінбейді; барлық бетінің қалыңдығы бірдей, ал құрылымы біртекті; материал гсаңырауқұлақтардың көбеюі мен көгеруге қарсы тұра алады. Осы қасиетінң арқасында ұзақ қолданылу мерзіміне ие.

Сырттай синтепонға ұқсас материал 100% полиэстерден (мата өндіруде, қаптама жасауда қолданылатын синтетикалық материал) тұрады.Оның құрамында токсинді немесе аллергия тудыратын қосылыстар жоқ. Холофайбер кез келген пішінге оңай түседі және жуудан кейін өз қалпына келеді. 2010 жылы материал әлемдегі ең жақсы жылытқыш деп танылды. Жылу оқшаулайтын қабатты жасау қиындық тудырмайды, ол ағаш негізді жылытқышпен қаптау болып табылады. Жылытқыш негізгі конструкцияға таспамен байланады немесе металл қысқыштармен бекітіледі. Жапсарлар көбінесе жабысқақ таспалармен бекітіледі. Барлық жұмыс санаулы сағаттарда ғана аяқталады, ал тәжірибелі қолданушылар бұл жұмысты 2 сағаттан аспайтын уақытта бітіре алады

Қорытынды: халықтың бүкіл мәдени, шаруашылық және тұрмыстық болмысы оның этнографиясында көрініс табады. Ұлттық этнографиясын білмей оны тану қиын. Сондықтан бүгінде ұлттық құндылықтарға бет бұру жағдайында халықтың дәстүрлі мәдениетіне үлкен мән беріліп отыр. 

Перизат Сайфуллақызы КҮЗДЕУБАЕВА,
Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық
техникалық жоғары колледжінің физика
пәні оқытушысы, Қызылорда қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий