Жаратылыстану пәнінде критериалды бағалау жүйесін қолданудың ерекшеліктері
Тәуелсіз Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, рухани өміріндегі ұлттық мәртебемен білім беру жүйесін ғаламдық модернизация кеңістігіне сабақтастыра ізгілікті мазмұнда дамыту ұстанымы көзделіп отыр.
Бүгінгі күні оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау — оқу үдерісінің маңызды да салмақты бөлігі болып табылады. Сол себептен, зерттеу іс-әрекеттерін кеңінен қолданып, оқушылардың жетістіктерін бүгінгі күннің талабына сай жаңаша бағалау жүйесі қажет етіледі. Бұл жерде оқушылар өзін-өзі бағалау, бірін-бірі бағалау, топтық бағалауда оқу үдерісінің белсенді қатысушысы бола алады. Өйткені, дәстүрлі бағалау процесінде мұғалім оқушыға жауап бергені үшін немесе сабақ оқымағаны үшін және оқушы жетістігі басқа оқушы жетістігімен салыстырмалы түрде бағаланып келген болатын.
Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында «Формативті бағалау – сабақта және/немесе үйдегі күнделікті жұмыс барысында білім алушылардың меңгерген білімдері мен қалыптасқан дағдыларының ағымдағы деңгейін айқындайтын және ол оқыту барысында білім алушылар мен мұғалім арасындағы жедел өзара байланысты жүзеге асыратын, білім алушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын және оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін түсінуге мүмкіндік беретін бағалау» – деп анықтама берілген.
«Бағалау» терминінің өзі «жақын отыру» дегенді білдіреді. [1,7 б.].
Ал, бағалаудың жаңа әдісінде оқушы бағаны қандай критерийлер бойынша алғанын, келесі сабақтарда қандай критерийлерге көңіл бөлу керектігін ұғынады. Бұл жүйеде оқушының нәтижесімен бірге іс-әрекеті де бағаланады. Одан басқа оқушыларды бағалауда мұғалім түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана алады. Біріншіден, оқушының қызығушылығы артады, екіншіден, мұғалімнің жұмысы да жеңілдейді (оқушылар бірін – бірі бағалау, топпен бағалау, топты бағалау әдістерін қолданғанда)
Критериалды бағалау мәселесімен Р.Ю.Глейзер, Бойл және Чарльз, Уильям және Томсон т.б айналысты. Бұл бағытта критериалды бағалау жүйесі нәтижесінің теориялық негіздеріне қарай т.б. ғалымдардың соны да тұғырлы ой-тұжырымдары бар.
Қазіргі мектеп тәжірибесінде оқушының білімін бағалауда қолданылып жүрген «5» балдық жүйе оқушының қандай да бір құзіреттілігін қалыптастыру үшін жеткіліксіз. Айталық, берілген тапсырманы тексеру кезінде (бақылау, тест, жазба жұмыстары т.б.) нақты бағалау критерийлерінің болмауы, мұғалімнің тек жіберілген қатені іздеуі, оқушыны басқа оқушымен салыстыру арқылы бағалауы оның жеке тұлғалық қасиеттерін дамытуға, қоршаған ортамен дұрыс қарым-қатынас жасауына, өзін-өзі дұрыс бағалауына кері ықпалын тигізеді. [2,46 б.].
Әлемде білім беру ісінің нәтижесін бағалаудың өзіндік тәжірибесі қалыптасқаны белгілі. Айталық, шетелде әр түрлі бағалау жүйелері бар: 7-балдық, 10-балдық, 11-балдық, 12-балдық, 100-балдық, рейтингтік және т.б. Мысалы, Бельгия мен Люксембургте 60 балдық жүйе пайдаланылса, Данияда 13 балдық бағалау жүйесі кең пайдаланады (0 – «нашар», 13 – «өте жақсы»). Швецияда төрт балдық бағалау жүйесі «өте жақсы тапсырылды», «жақсы тапсырылды», «тапсырылды», «тапсырылмады» деген сөзбен жүзеге асырылады. Бұл ретте шетелде көбінесе оқушының қаншалықты білім алғандығы емес, оның алған білімін өмірлік тәжірибеде қаншалықты пайдалана алатындығы ескеріледі. [3, 8 б.].
Ал еліміздегі білім жүйесінде басым жағдайда оқушылар өздерінің алған теориялық білім деңгейімен бағаланып, сонымен ғана шектеліп жататыны белгілі. Осы орайда оқушы білімін критериалды бағалау педагогтарға нақтылық алып келетін бірден-бір жүйе болып табылады. Қазақстан Республикасының Назарбаев Зияткерлік мектептерінде енгізілген критериалды бағалаудың түрлері «формативті бағалау», «суммативті бағалау» жүйелері білім алушының құзіреттілігін дамытуға, тұлғаның қалыптасуына бағытталған.
«Критериалды бағалау» терминін алғаш Роберт Юджин Глейзер (1963) қолданған, ол әдеттегі мінез-құлық моделінің жиынын анықтау үдерісін, білім алушылардың оқу жетістігі деңгейінің шамасы мен қолжетімділігінің арасындағы сәйкестікті сипаттады. Бұл білім алушы әрекетін алдын ала анықталған критерийлерді тіркеп жинақтау арқылы бағалауды білдіреді.
Көп жылдар бойы бағалау оқушының жетістіктерін басқа оқушының нәтижесімен салыстыру арқылы жүзеге асырылып отырды, ал бұл бағалаудың бірқатар қарама-қайшылықтар бар: жалпы сыныптың орташа білім деңгейіне қарап бағалайды; оқушыларға қойылған баға білімді, білікті, дағдыны көрсете алмағандықтан, әр оқушының жеке білім алу траекториясын анықтауға мүмкіндіктің болмауы; қорытынды баға қоюда ағымдағы бағалар есепке алынады, бірақ ол оқытудың қорытынды нәтижесін әділ бағалау болып табылмайды және оқыту процесінде мұғалім мен оқушы арасында тығыз байланыс болмағандықтан, оқушының білім алуға деген белсенділігі төмендеуіне және оқытудың ерекшеліктерін ескеретін жүйеліліктің жоқтығының арасында қарама-қайшылықтар бар екенін көрсетеді. [4, 11 б.]; [5, 2 б.].
«Жаратылыстану» пəні негізгі мектептегі «Биология», «География», «Химия», «Физика» пəндерін зерделеу негізін қалауға, алған білімдерін күнделікті өмірде (үйде, мектепте, табиғат əлемінде) кездесетін табиғат құбылыстары мен үдерістерін түсіндіру, сипаттау, болжау үшін қолдану білігін дамытуға бағытталған.
Пəн бағдарламасы келесі міндеттерді шешуді көздейді:
– əлемнің қазіргі заманғы жаратылыстану ғылымы тұрғысынан қалыптасқан бейнесі мен жаратылыстану ғылымдарының əдістері туралы білім негіздерін қалыптастыру;
жаратылыстанудың техника мен технология дамуына елеулі ықпал еткен маңызды идеяларымен, жетістіктерімен таныстыру;
– қоршаған əлемнің құбылыстарын түсіндіру, БАҚ, интернет ресурстары, арнайы жəне ғылыми-көпшілік əдебиеттерден алынған жаратылыстану ғылымы тұрғысынан жəне өмірлік маңызды мазмұны бар ақпаратты қабылдау біліктіліктерін қалыптастыру;
– зияткерлік, шығармашылық қабілеттерді, сын тұрғысынан ойлау қабілетін
қарапайым зерттеулер, құбылыстарды талдау, жаратылыстану ғылымдық ақпаратты қабылдау жəне түсіндіру барысында дамыту;
– табиғат заңдарын тану жəне жаратылыстану ғылымдарының жетістіктерін
өркениеттің дамуы мен өмір сапасын жақсарту үшін пайдалану мүмкіндігіне сенімділікті тəрбиелеу;
– күнделікті өмірде тіршілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заманауи технологияларды сауатты пайдалану, денсаулық пен қоршаған ортаны қорғау үшін жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін қолдану. [4, 7 б.].
Экспериметтік бөлімде тапсырмалар жүйесі дайындалды.
Кесте-1.
Тапсырма |
Мазмұны |
Бағалау өлшемі |
1 |
Суретке мұқият қараңыз. Күз мезгіліне тән белгілерді сипаттап айтыңыз |
-күз мезгіліне тән белгілерді атайды; -күз мезгіліне тән белгілерді сипаттайды
|
2 |
Берілген суреттерді адам өмірінің жас кезеңдерімен сәйкестендіріп сызыңыз. Адам өмірінің жас кезеңдерінің ерекшелігін әңгімелеңіз. |
адам өмірінің жас кезеңдерін (сәби, азамат, қарт) атайды; суреттерді сәйкес сөздермен сәйкестендіреді; -адам өмірінің негізгі кезеңдерінің ерекшелігін әңгімелейді.
|
3 |
Глобус пен Жердің ұқсастығы неде? Глобус деген не? Глобустың көмегімен Жер туралы айтып беріңіз.
|
– глобус пен Жердің ұқсастығын айтады; – глобусқа анықтама береді; глобусқа сүйеніп, Жер туралы әңгімелейді |
4 |
Суретке мұқият қараңыз. Магнитке тартылатын заттардың суреттерінің тұсына (P) белгісін қойыңыз. Олар магнитке неліктен тартылады деп ойлайсыз? |
– магниттік қасиеті бар заттарды белгілейді; -дененің магнитке тартылу себебін түсіндіреді.
|
5 |
Берілген суреттерді қиып алыңыз. Оларды қозғалысына қарай сәйкес ұяшыққа желімдеңіз.
|
-суреттегі жануарларды атайды; -суреттегі жануарларды қозғалысына қарай сәйкес ұяшыққа орналастырады.
|
6 |
Қардың еруі мен алғашқы өсімдіктердің өсуін бақылаңыз. Суреттегі бос орындарға табиғаттағы өзгерістердің ретін санмен белгілеп жүріңіз. Бақылау нәтижесін әңгімелеңіз.
|
қардың еруін бақылайды; -табиғат өзгерістерін реттілікпен белгілейді. |
Осы тапсырмалар арқылы бақылау, зерттеуді жоспарлау, деректерді жинау және жоспарлау, нәтижелерді түсіндіру дағдылары бойынша қалыптасады. [6,12-13 б.]; [7,18 б.].
Зерттеу нәтижелері бақылау топтарына қарағанда жоғары деңгейдегі оқушылар санының өсуінің жағымды динамикасын көрсетті. Алынған мәліметтер оқушылардың жаратылыстану пәнінен зерттеу дағдылары: бақылау, зерттеуді жоспарлау, деректерді жинау және жоспарлау, нәтижелерді түсіндірудің тиімділігі айқындауға мүмкіндік берді.
Қасымова Надира Мұратқызы,
№ 3 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі,
Алматы қаласы,
Жетісу ауданы
Әдебиеттер:
- Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты, ҚР Үкіметінің қаулысы №327, 25.04.2015 ж.
- Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. Оқу-әдістемелік құрал. /«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ/ О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциясымен/ – Астана, 2016.- 48 б.
- Өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне арналған критериалды бағалау бойынша нұсқаулық. Оқу-әдістемелік нұсқаулық /«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ/ О.И.Можаева, А.С.Шилибекова, Д.Б.Зиеденованың редакциясымен/ – Астана, 2016.- 46 б.
- Оқу бағдарламасы. (орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында). Бастауыш мектеп (1-4 сыныптар). наурыз 2016 ж. (сауат ашу, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, дүниетану, жаратылыстану).
- Оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау жүйесін енгізудің әдіснамалық және оқу-әдістемелік негіздері. Әдістемелік құрал. –Астана: Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, 2015. – 58 б.
- Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы. Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Астана, 2016. (сауат ашу, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, дүниетану, жаратылыстану)
- Жиынтық бағалауға арналған тапсырмалар жинағы, Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ. Астана, 2016. (сауат ашу, математика, қазақ тілі мен әдебиеті, дүниетану, жаратылыстану)
Загрузка...