Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дайындау
Mектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дайындау қазіргі таңда психология мен педагогика ғылымдарында өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Оқыту мен тәрбие мазмұны терең ғылыми негізде бола отырып, көп қырлы дәстүр мен халықтың ұлттық психологиясын бейнелеуі қажет. Бұл көптеген жұмысты талап ететін өте ауқымды мәселе. Яғни балабақша мен мектеп арасында өзара байланысты орнату қажет. Себебі мектеп жасына дейінгі балаларды психологиялық тұрғыда дайындап, мектепті алдын ала экскурсия жасау арқылы көрсету керек.
Көптеген ата-аналар балаларының мектепке баруы үшін тек әріптерді танып, санай алса болғаны деп тұжырымдайды, әрине бұл да маңызды фактор. Алайда, баланың мектепке психологиялық жағынан дайындығына назар аудармайды. Бұл кезең балалар үшін өте ауыр. Сондықтан балабақшада мектепалды даярлық топ тәрбиеленушілеріне өзіндік әдіс-тәсілдерін қолданады. Барлық оқу ұйымдастырылатын қызмет барынша мектепке дайындалуға бағытталып, педагог-психолог балалармен жұмыс жүргізеді. Баланың жан-жақты дамуына, мектепке бейімделуіне ата- аналардың да қосар үлесі мол. Балаға әрдайым екі жақты көмек қажет. Мектепке алғаш бару бала өміріне үлкен жаңалық, өзгеріс енгізеді, қоғамдағы жаңа орынға бейімделуі мен өсіп-жетілуінің алғашқы бастамасы болады.
Оқу бағдарламасы бойынша тапсырмаларды жақсы меңгеру үшін, іс-жүзінде жазу мен оқуды біліп барғаны дұрыс. Оқу-жазуды меңгеру тез бейімделуіне жақсы көмек болады. Балаға жазу-сызу барысында қарындашты немесе қаламды дұрыс ұстап үйрету жақсы нәтиже береді. Баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы шарт, сөйлеген сөзінің мағынасы өзіне түсінікті болу керек, өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Жазып-санаумен шектеліп қана қоймай, салыстыра білуді және талдауды, ойлай білуді меңгеруі тиіс. Өздігінен қорытынды жасай білсе, көп нәрсені жақсы түсінеді. Көрнекі әрекет ойлау қабілетінің жоғары болуына ықпал етеді. Кез-келген ата-ана баласының өсіп-жетілуіне, рухани тәрбие беруде алуан түрлі қуаныш пен қиыншылықтарды бастарынан өткізеді.
Мектепке дейінгі балалардың негізгі іс-әрекеті ойын болғандықтан, оларға бірден оқу әрекетіне ауысу біршама қиындықтар туғызады. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған бала педагогтермен және басқа балалармен кезіккенде мазаланады, оқу үрдісінде жағымсыз эмоциялық сезіну, қорқыныш пайда болады. Сондықтан балалардың көңіл күйі болмай, себепсізден жиі ауруын «мектеп неврозы» деп сипаттайды. Сол себепті ата-аналар балаларына мектепке дейін және алғаш кезеңде психологиялық қолдау білдіріп, оларды үнемі демеп, қанаттандырып, жігерлендіру отыруы қажет.
Асемгүл Серікқызы АЛИЕВА,
МКҚК №50 «Жұлдыз» балабақшасына қарасты
шағын орталық тәрбиешісі, Нұр-Сұлтан қаласы
Загрузка...