STEM – әлемдік білім беру технологиясының жаңа тренді
Қазіргі уақытта әлемде ақпараттың қарқынды дамуы, жоғары технологиялық инновациялар мен әзірлемелер – біздің өміріміздің барлық салаларын дамытуда. Қоғам сұранысы да, жеке тұлғаның қызығушылықтары да өзгерістер үстінде. Ғылым, математика, технологиялар, өнер және инженерия сияқты басты академиялық салаларда бір мезгілде даму керек. Оларды STEM деген бір сөзбен біріктіріп атауға болады. Бұл бағдарлама – ақпараттық технологияларды тиімді қолдану және сандық үлгіде көрсетілген әртүрлі ақпараттың түрлерімен жұмыс істеу үдерісін тездетеді және жеңілдетеді.
«STEM» мақсаты – балаларға білім беру робототехникасының әртүрлі бағыттарын және STEM меңгеруге, сонымен қатар күрделі тәжірибелік тапсырмаларды шешуге мүмкіндік беретін ашық және тұжырымдамалық жиектемені әзірлеу. Жобаның шеңберінде білім беру робототехникасынан бес мемлекетте 4000 астам бала үшін семинарды өткізу қарастырылған. Оқушылардың қызығушылықтарын әрі қарай дамытып, баланың өз бетінше ойлап, теорияны практикамен ұштастырып, келешекте мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру мақсатында 2018-2019 оқу жылынан бастап мектебімізде STEM лаборатория кабинеті жұмыс жасап келеді. STEM– физика, математика, информатика, технология пәндерін біріктіру нәтижесінде пайда болған және қарқынды дамып келе жатқан пән.
Оқытудың біріктірілген тәсілі шеңберінде академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдар шынайы өмір контексінде зерттеледі. STEM лаборатория кабинеті ашылғаннан бері оқушыларымыз робототехника, инженерлік, STEM олимпиадаларына үзіліссіз қатысып келеді. Осы аз уақыт аралығында оқушыларымыздың жеткен жетістіктері де жетерлік. Атап айтар болсақ, ғылыми шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен инженерлік сайыста «әскери техника» бөлімі бойынша жүлделі ІІІ орынды, Оқушылар сарайының ұйымдастыруымен өткен робототехника жарысында «сумо» бөлімі бойынша ІV орынды, STEM академиясының ұйымдастыруымен Н.Назарбаев университетінде өткен республикалық тұңғыш «STEM олимпиадасы» инженерия бөлімі бойынша ІІ орынды иелендік. Қарағанды облысы «Дарын» орталығының ұйымдастыруымен Жезқазған қаласында Ө.А.Байқоңыров атындағы «Төртінші өнеркәсіп революциясы жағдайындағы адам капиталының рухани даму мүмкіндіктері» атты мұғалімдер арасында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында бірінші орынмен марапатталдық.
STEM кабинеттерінің материалдық базасы заман талабына сай жабдықталған және оқушылар қауіпсіздігі барынша сақталған. STEM кабинеттерімен еліміздің барлық мектептері жабдықталатын болса, бұл мемлекетіміз үшін инженерлік, машина жасау, ғарышты игеру, мұнай өндіру т.б. техникалық мамандықтардың дамуына өз үлесін қосып және ірі кәсіпорындарда, Байқоңыр ғарыш айлағында, мұнай өндірісінде жүрген шет елдік мамандардың орнын өзіміздің отандық мамандар алмастырар еді. Сондықтан, болашақта оқушыларға STEM арқылы әлемдік білім беру технологияларымен үздіксіз оқыту – заман талабы.
Серік Дүйсенбекұлы АУҒАНБАЙ,
№53 мектеп-лицей КММ-нің физика және STEM,
робототехника пәнінің ұстазы, Нұр-Сұлтан қаласы
Загрузка...