Мектебімді сағындым
Бүгінгі таңда барлық мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары қашықтан білім беруге көшірілді. Бұл шешім әлемді дүрліктірген «Covid-19» вирустық ауруының таралуына байланысты. Еліміздің білім және денсаулық сақтау министрліктері сақтық шараларын қолданып, көптеген мекемелердің жұмыс істеуін тоқтатып, мектептер карантинге жабылды. Біздің мектепте оқушылардың денсаулығы мен амандығын сақтау үшін карантинді ұстанды. Мектебіміздің оқушылары қашықтан білім алуға кірісті.
Қашықтан оқу бастапқыда оқушылар мен ата-аналарға оңай тиген жоқ. Бұл жағдай көптеген пікірталастар тудырды. Кейбіреулеріне осындай әдіс тиімді болса, кейбіреулеріне аса қолайлы болмай жатыр. Бірақ әр нәрсенің өзіндік жағымды және жағымсыз жақтары бар емес пе? Қашықтан оқудың тиімді жақтары: ұйқының қануы, өзіңе ыңғайлы киіммен сабақ оқуың, өзіңе ыңғайлы жеке жұмыс орныңда отыруың, жеңіл сабақтан бастап орындауың, тиімді тәсілмен тақырыпты ұғынуың, тыныштық пен мазасызданбау. Бұндай оқу әдісінде барлығы тек сенің өз қолыңда, яғни әр оқушы тек өзіне жауапты. Сонымен қоса қазіргі кезде интроверт адамдар көбеюде, бұл оқу оларға өте тиімді деуге де болады.
Ал енді қиыншылық туғызатын жайттарды айтар болсақ, ең біріншісі, әрине, сабақ оқуға арналған сайттардың (көбінесе kundelik-тің) баяу қосылуы. Интернет желісінің баяу жұмыс істеуі не болмаса мүлдем істемеуі. Кейбір күрделі тақырыптарды (физика, химия, геометрия, ағылшын секілді сабақтарда) мұғалім көмегінсіз меңгеру қиын. Оқушылар сілтемеде берілген мәліметтер мен кітаптарды оқығанымен, көптеген түсініспеушіліктерге кездеседі. Мұғалімнің қашықтан сабақ өткені мектепте бетпе-бет өткендей болмайды. Мұғалімнің сабақ түсіндіргеніне ештеңе жетпейді екен.
Екіншіден, қашықтан оқыту барысында өз мектебіңмен қоса жақын сыныптас достарыңды көре алмайсың. Бірге күліп, бірге мұңдас болған, екінші отбасың болып кеткен адамдарды ұзақ уақыт көрмесең, көңіл-күйің құлазып кетеді екен. Мектебімді сағындым. Әсіресе бітіруші түлектерге бұл ауыр тиюде. Сағыныш сезімімен бірге «енді оқу жылының соңына дейін көріспейміз» деген мұңлы ой басым. Қиын жағдайға қарамастан, барлығымыз бір-бірімізге дем беріп, қолдау көрсетудеміз. Мұғалімдер әрдайым көмек беруге, түсінбеген тақырыпты түсіндіруге дайын. Қосымша сілтемелер, бейнесабақтар мен тест парақшаларын жолдап, жеке кеңестер беруде. Осындай мүмкіндіктер бар кезде, неліктен оқымасқа? Бұл жағдай елімізге үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Техниканың дамыған заманында оны тиімді пайдалана білу керек екендігін аңғардық. Көптеген жаңа тәжірибе алдық. Алдағы уақытта біз барлығына да дайын боламыз.
Бекайым ДӘУІРОВА,
Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп гимназиясының
10-сынып оқушысы, Нұр-Сұлтан қаласы
Загрузка...