Ұстазға сағыныш
Ұстазым… Бағасы алтыннан да қымбаттырақ ұстазым. Мектепте өткен әр күнімді сағына еске аламын. Әсіресе, ұстаздарымның сабақ түсіндіргені, сабақты шатасып айтқан кезімдегі қабағын түйгені, жақсы жетістікке жетсем балаша қуанғаны көз алдымда. Әттең-ай, әттең… Ұстазым, қадірің мен нарқыңды білмеппін ғой…
Жансыз телефонның маған ұстаз болғанына да бір айдың жүзі болды. Жансыз… Тек қана сіздің тапсырмаңызды жеткізуші. Түсінбеген тақырыпты сұрай алмайсың, түсінген нәрсені айта алмайсың. Сіздің нұрлы жүзіңізге қарап, білім алғанға ешнәрсе жетпейді екен. Еліміздегі төтенше жағдай маған ұстаздың ұлық екенін түсіндірді. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді», – деп бекер айтпаса керек.
Ұстаздың еңбегі ерен екеніне көзім жетті. Сыныптағы әр балаға жеке-жеке сабақ түсіндіріп, басымыздан сипап, тентектігімізді кешіріп, мейірімге бөлеп жүргеніңізді де кеш түсініп жатырмын. Әр мереке сайын: «Ұстазым» деп шырқап жүрген әнім мен оқып жүрген монологтерімнің мазмұнын енді түсінгендеймін. Сабақ басталса ең үздік оқушыңыз атанар едім. Иә, үздік оқушыңыз боламын. Абайдың 45 қарасөзінің барлығын дерлік жаттап болып қалдым. Мектепке барсам құшақ-құшақ гүл апарамын. Сіз бәріне лайықсыз…
Иляс МЫҚТЫБЕК,
Абай Құнанбайұлы атындағы № 87 мектеп
гимназиясының 6-сынып оқушысы, Нұр-Сұлтан қаласы