Қашықтан оқыту – сындарлы сынақ алаңы

Коронавирус пандемиясына байланысты елімізге енгізілген төтенше жағдай кезінде білім беру саласының қалыпты тыныс-тіршілігі желісін үзбей, ары қарай да жемісті жалғастыру ең өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінде тұрды. Оны оңтайлы жүзеге асырудың арнайы жоспарлары жасалды.

Осы міндетті мүлтіксіз орындау үшін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Білім беруді жаңғырту орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны да тың ізденістер негізінде жұмыс жүргізді. Бұл орталық әдіскерлері үшін нағыз жауапты әрі сынақ кезеңі болды. Қашықтан оқыту нысанына көшуде ұстаздарға әдістемелік көмек көрсетуде жоспардан тыс ауқымды жұмыстар атқаруға тура келді.

Білім және ғылым министрлігі тарапынан барлық білім беру деңгейіндегі педагогтер, білім алушылар және ата-аналар үшін әзірленген әдістемелік нұсқаулықтар негізінде елордалық білім беру процесінің қатысушыларына Орталық қызметкерлерімен толықтай түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек оқy прoцесін ұйымдaстыру үшін педагогтер мен барлық білім алушыларға электpондық платформаларға кіруге жағдай жасaлып, оқытy құралы ретінде бейнесабақтар, дeрбес онлайн жұмыс, онлайн курcтар пaйдаланылуда. Ал қашықтан оқыту барысында қолданатын интернет платформаларды пайдалану туралы онлайн вебинарлар өткізіліп, сабақтардың жоспарлары, кестесі жасалып, онлайн режимінде телеарналарда сабақ беретін ұстаздардың құрамы жасақталды.

Қашықтан оқыту процесіне ауыртпалықсыз және тиімді көшу мақсатында қысқа мерзімде жұмыла кірісіп, бар мүмкіндікті ұйымдастырған Білім және ғылым министрлігінің қызметкерлері мен барлық әріптестерімізге Білім беруді жаңғырту орталығының ұжымы және елорданың білім беру саласының жанашырлары алғыстарын білдіруде. Бүгінде бір қалыпқа түскендей болған жұмыс ағымы ұтқыр ұйымдастырушылықтың және ұжымдық ұтымды еңбектің арқасында ғана жүзеге асып отыр. Орта білім беретін мектептер қашықтан оқыту платформалары ретінде «Daryn.online», «MicrosoftTeams», «Zoom», «BilimLand», «Kundelik.kz», «CamStudio», «Google Classroom» бағдарламалары арқылы өз жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруда. Сондай-ақ мұғалімдер үшін бастауыш мектептердің толық курсын қамтыған iMektep.kz интернет-платформасы және мобильді қосымшасы, Kitap.kz – ауқымды әрі тегін онлайн-кітапханасы, Academia.kz – білім беру платформасы, TED-Ed – білім беру мәселелері және тест тапсырмалары үшін оңтайлы бағдарламалар ұсынылды.

Оларды пайдалану жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, әдістемелік көмектер тұрақты көрсетіліп келеді. Оқушының өздігінен орындауға арналған оқу тапсырмасын электрондық журналдар жүйесінде, интернет-платформада, электрондық пошта, WhatsApp, басқа мессенджерлер арқылы ұсынуға болады. Кері байланысты Kundelik.kz арқылы, электрондық журнал болмаған жағдайда мұғалімнің қалауы бойынша байланыстың қолжетімді түрлері арқылы жүзеге асыру ұсынылады. BilimLand-те барлық пәндерден бейнесабақтар тест тапсырмалары, түрлі анықтамалар, аударма сөздіктер, есептерді шығару үлгілері ұсынылған.

Аталған шаралардың барлығы қалыпты өмір кезіндегі оқыту желісін үзбей, керісінше жаңа сипатта сапалы білім беру мақсатында жүзеге асырылып жатқан ізгі істер екендігі анық. Елімізге енгізілген төтенше жағдай қалыпты тіршілік ырғағын бір-ақ сәтте басқа арнаға аударып жіберді. Ғарышты меңгеріп, айға ауыз салып отырған адам баласының бұған дейін қол жеткізген жетістіктері тәжді-тажал алдында дәрменсіздік танытып, асқақ көңіл, пенделік пішіндер тәубенің тасасына тығылды. Көзге көрінбейтін коронавирустан жан сауғалап, төрт қабырғаға тығылдық.

Бүкіл әлемді шарпыған індет экономиканың еңсесін түсіргенмен, табиғат ананың тынысын ашқандай. Ауа тазарып, су тұнып, шулы қаладан іргесін аулақ салған құстар да қайта оралып, өмір өзегіне жаңаша леп енді. Үйіне еріксіз қамалған адамдар тіршілік мәнін басқаша ұғынып, бір-бірін іздеп, бауырмалдыққа ден қойды. Өткен-кеткен істеріне есеп беріп, адамдардың бір-біріне деген құрметі арта түсті. Дәл қазіргі сәтте дәрігер мен мұғалімге деген көзқарас мүлде өзгерді. Өзгенің өмірі үшін өз өмірін қауіпке тігіп, ем іздеп жатқан ақ желеңді абзал жандардың еңбегін ешнәрсемен бағалауға келмейді. Бұдан кейін де дәрігерге деген қоғам құрметі артпаса, кемімейді.

Ал «Басты байлық – білім» екенін де жұрт енді ғана жете түсініп, мұғалімдердің еңбегіне бас ие бастады. Мектеп – мемлекеттің іргетасы. Бұл сөз бұған дейін жалаң ұран сияқты қабылданып келсе, дәл қазір өмір шындығы екендігіне көпшіліктің көзі жетіп отыр. Құдайдан қалап алған қарақтарын қашықтан оқыту барысында ата-аналар мұғалімдердің 30 балаға бір сәтте қалай сабақ беретініне таңдай қағып, бас шайқап, жарты өмірі мектепте өтетін мұғалімнің қадіріне енді жетіп, алғыстарын айта бастады. Өз балаларын оқытуда дәрменсіздік танытып жатқан ата-аналардың ұстаздарға деген ниеті өзгерді. Қит етсе ұстазды кінәлап, бар бәлені мектептен көретін ата-аналар, оқушылар беймезгіл уақта көшеде жүрсе, тәртіп бұзса, ең бірінші сынып жетекшісін жауапқа тартып жататын құзырлы органдар енді ойланатын шығар.

Мектептің жас ұрпақ тәрбиесімен қаншалықты байыпты айналысып жатқанына қоғамның көзі енді жетті. Бір-екі баласын үйде, қасында ұстап отырып тәрбиелеуден, оқытудан жандары ширығып, миларынан маза кеткен ата-аналар мектепті оқушылардан бұрын сағынып отырғандай. Ұстаздардың да отбасы, бала-шағасы бар. Алайда, бірінші кезекте олар да дәрігерлер сияқты өз жұмысына адалдық танытып, қиын кезде сіздің балаңыздың жан-жақты білім алуына, үйде бос уақытын танымдық-тәрбиелік тұрғыда тиімді өткізуіне баса мән беріп, түрлі жаңаша озық технологияларды пайдаланып, күн-түн талмай жұмыс істеуде. Ұлтымыздың ұлағаты жолында дамылсыз еңбек етіп жүрген парасатты педагогтердің еңбегі қашан да құрметке лайық.

Ерғазы МАНАПҰЛЫ, 
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Білім беруді
жаңғырту орталығының әдіскері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий