Монтессори әдісі – тәрбиенің тірегі

Нұр-Сұлтан қаласындағы №32 «Балдәурен» балабақшасында үш жас пен алты жас аралығындағы балаларға арналған Монтессори кабинеті жұмыс істейді. Монтессори педагогикасы білім беруде жас өркеннің болмыс-бітімі, талғам таразысы, талап деңгейіне өте жоғары мән береді. Бұл тәсіл дені сау балаларды оқытумен қатар дамуында шектеуі бар балалар үшін де пайдалы. Өйткені бала дидактикалық материалды өзі таңдап, жұмыс істейтін уақытын белгілейді, жіберген қателіктерін өзі бақылап, өзі түзете алады. Білім беру жүйесі аталған жоба бойынша бірнеше аймаққа бөлінген.

Мәселен «Күнделікті өмір тәжірибесі» аймағында балалар қоршаған ортаны күту, оның тазалығын сақтап, шаңын сүрту, үстелді жуу, аяқ киімін тазалау, үтіктеу, өздерінің шағын қол орамалдарын жуу сияқты іс-әрекеттерге үлкен қызығушылық танытады. Өз тәжірибемнен байқағаным – тәрбиелеп, оқытып отырған балаларым өздерін жақсы сезінеді, барлық даму бағыттары бойынша оң нәтижеге ие. Үстел үстіндегі қоқысты сыпырып, қалақшаға салып тазартуда немесе бір ыдыстан екінші ыдысқа сұйықты құйып, бір ыдыстан екінші ыдысқа қасықпен ұнтақты шашпай, төкпей салу кезінде балаға қаншама зейін, икемділік керек. Осындай әрекет барысында бүлдіршіндердің ұсақ және күрделі моторикалары нақтыланып, пәндік іс-әрекеттері қалыптасады, сенсорлық және математикалық түсініктері дамиды, адамдармен қарым-қатынастары нығая түседі.

Біздің балабақшада логопедиялық және инклюзивтік топтар бар. М.Монтессори кабинетінде жұмыс барысында мүмкіндігі шектеулі балалар мен дені сау балалар бірлесіп еңбек етеді, қажет болса бір-біріне көмектеседі. Бұл денсаулығында ақауы бар әрбір бала үшін өте маңызды және топтағы балалар арасында да, қоғамда да өз орнын табуға көмектеседі. Мұндай балалар топта мазасызданып, жайсыз мінездер көрсетсе, Монтессори кабинетіне келгенде жақсы жағына қарай өзгеріп сала береді. Өйткені бала өз қалауымен таңдаған аймақта көңіліне ұнаған дидактикалық материалдармен емін-еркін жұмыс істейді, өз көңілін өзі табады. Бұл ортада балалар жасына сәйкес моторлы және сенсорлық дағдыларды қалыптастырады, өмірлік тәжірибеге ие болады, әр түрлі заттар мен құбылыстарды ретке келтіріп, салыстыруға үйренеді.

Педагог баланы бақылап, оған қажет болғанда ғана көмектеседі. Осылайша балалармен тікелей практикалық сабақтар өткізумен қатар ата-аналарымен де шеберлік сыныптарды жүргізіп, Монтессори педагогикасы жөніндегі материалдармен жұмыс істеудің тәсілдері мен әдістерімен таныстырамыз, үй жағдайында жалғастыруға кеңес береміз. Білім беру ұйымдарында Мария Монтессори технологиясын пайдалану арқылы айналасындағы адамдармен байланыс орната білетін, жан-жақты дамыған, жауапты және білімді тұлға қалыптастыруға болатындығына нақты тәжірибелер кезінде көз жеткізіп отырмыз.

Әсемгүл Талғатбекқызы ДОСМАҒАНБЕТОВА, 
№32 “Балдәурен” балабақшасы тәрбиешісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий