Өзгеріске толы жаңа бағыт

Әрбір күніміз өзгеріске толы кезеңде заман ағымына сай өз ойын ашық айта алатын, сауатты, білімді тұлға тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Осы орайда үздіксіз іздену, үнемі білімді жетілдіру, кәсіби біліктілікті арттыру жауапкершілікті еселеп жүктейтіні анық. Іс-әрекеттегі зерттеуге арналған SHARE жобасына қосылудағы мақсатым – өзгеріске бейімделу болатын. Жаңа бағытта бәрі өзгеше екенін байқадым.

Әрбір кезеңмен жүргізілетін жұмыс жобасымен танысқанда мақсатқа әр қадам арқылы жетудің қағидаларын ұқтым. Бұл жобаға қатысқалы оқушы үніне тереңірек үңілуді, оқушымен feedback, фокусты оқушыға, оның оқуына бағыттауды, тәжірибеде қателесуден қорықпауды, мектеп болмысын өзгертуді, бірлесіп жұмыс істеу арқылы көздеген мақсатқа жетуді ұқтым.

Action research арқылы мәселеге оқушының көзімен қарай отырып, әріптестеріммен біріге отырып, жұмыстың жүйесін құрдық. Таңдаулы сыныптар бойынша сабақтарға қатыстым. Мендегі ерекшелік – барлық назарды балаға бағыттау. Оқушының көңіл-күйі, сабаққа қатысу белсенділігі, назарын аударған сабақтың бөлімі, жалпы қызығушылығын зерделеу сияқты бағыттар бойынша сандық, сапалық мәліметтер жинақтап, әріптестермен өзара тәжірибе алмастым. Ортақ түйін шығарып, оны жүзеге асырудың жолын қарастырдым. Зерттеудің сұрағының нақтылығы, шынайылығы, құпиялығы мен үшін маңызды ресурс болды. Оқушылармен сұхбат достық қарым-қатынаста өрбіді. Бірі мектепке келуге асығатынын айтса, бірі сабақ үлгерімі төмен екенін жеткізді. Олардың ішкі жан-дүниесімен сырласқанда оқуға түрлі кедергілер, таратып айтсақ өз ортасы, ата-анасының қолдауы, жалқаулыққа бой алдыру, мұғалімнің түсіндіру стилі сияқты жайттар тосқауыл болады екен.

Осындай кедергілерді жою мақсатында әр оқушының қажеттілігіне сай сұрақтардың шешімін пән мұғалімдерімен, психологтармен бірлесіп талдадық. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, оқушыға ұтымды әдістерді қолдануды ұсындық. Сынып жетекшісіне де атаулы жұмыстар бағытталды. Оқушылардың қарым-қатынасын жақсарту үшін түрлі шараларды, ата-аналармен бірігіп сайыстар ұйымдастыруды, достыққа бағытталған игі істерді басты назарға алдық. Қарқынды жұмыс өз нәтижесін көрсетті.

Бұл бірлескен жобада нысанаға алған оқушыларымыздың өзгергенін байқадым. Себебі екінші workshop-тан кейін сабаққа қатысқанымда жаратылыстану бағытындағы пәндер сабағына құлшынысы болмай, жазбай отыратын 5-сыныптағы А1, А2 тапсырмаларға қызығушылық танытса, А3, А4, А5 сабақтарда белсенділік танытты. Жалпы сыныптың оқу сапасы өткен тоқсанға қарағанда 40 пайызға көтерілді. Мұғалім мен ата-ана ынтымақтасып, балаға қолдау білдірсе, өзгермейтін бала жоқ деп ойлаймын. Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы! Әрбір өткізілетін workshop маған ой салды.

Біз біріксек, алынбайтын қамал жоқ. Тек өзгерістен қорықпау керек. Осы орайда өз ойымды көрнекті ғалым С.Бичтің сөзімен қорытындылағым келеді. «Әлем өзгеретіндіктен, сіз де өзгересіз және қазіргі сәтте өзгеріссіз қалу өте қауіпті екенін білесіз. Сіз өзгересіз, себебі сіз білім алғанды, білім бергенді жақсы көресіз, тез өзгеретін әлемде балаға бағыт беріп отыратын, білім беретін адам ретінде қажетсіз. Сондықтан сіз де, бала да өзгеру қажет».

Ардақ Алғашбайқызы ЖАЛҒАСБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің
биология пәнінің мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий