Оқушыларға антоним фразеологизмдерді қалай қолдану қажеттілігін үйретудің тәсілдері
Антонимдердің де әрбір стиль түріндегі қолданылу дәрежесі әр басқа. Көп мағыналы сөз, омоним, синоним тәрізді антоним де жеке тұрған күйінде стильдердің жалпы қай – қайсысында да қолданыла береді. Мысалы қара мен ақ, іші мен сырты, аз бен көп дегендер өз ара антонимдік қатынастағы, яғни қарама – қарсы мағыналы сөздер. Бұлардың бәрі де жеке – жеке түрінде кез келген стильде жұмсала береді. Бірақ қарсы мәнді мұндай сөздерді қатар алып, қабаттастыра қолдану кейбір стильде (публицистикалық – шешендік, сөйлеу тілі, көркем әдебиет стилінде) ғана мүмкін болады.
Ғылыми, ресми – кеңсе стильдерінде антоним сөздер сирек ұшырайды. Көркем әдебиет стилінде антонимдердің қызметі де айрыша байқалады. Бұл ерекшелік олардың мағыналық табиғатымен байланысты. Өйткені, тіліміздегі осы қарсы мәнді сөздерді ақын, жазушылар өз ара қатар алып, шығарма тілінің көркемдігіне жұмсайды. Антонимдер мағыналары бір – біріне мүлде қарама – қарсы сөздер болғанда, керісінше мағына жағынан бір – біріне жақын, белгілі бір контексте бірін – бірі алмастыруға жарайтын сөздер синонимдер деп аталады. Антоним сөздер лексиканың өзге топтарынан оқшау тұрған құбылыс емес. Олар синонимдермен де байланысып жатады.
Антоним де, синоним де – семантикалық құбылыс. Бірінші мағына қарама – қарсылығына негізделсе, екінші мағынаның жақындығына негізделеді. Осы жағынан алғанда бұлар бір – бірімен шектеседі. Бұл жақындық антонимдік жұп сыңарлары синонимдердің мағына қарама – қарсылығына негізделеді. Мысалы, жуас – асау деген антонимдік жұптың екінші сыңарының («асау») синонимі – тентек. Міне осы сөз «жуасқа» қарсы мағынада қолданылып антоним болады. Сонда жуас – асау, жуас – тентек деген екі антонимдік жұп шығады. Тіліміздегі кейбір синонимдік қатарлар екінші бір синонимдік қатарға қарсы мағыналас болып келеді. Мысалы:
Бірінші: епті, икемді, ыңғайлы. Бұл сөздерге қарама – қарсы синонимдік қатар – олақ, орашолақ, шорқақ. Берілген қарсы мағыналас синонимдік қатардан епті – олақ, икемді – шорқақ деген жұптар шығады. Екінші: мықты, берік, мығым, нық – осал, бос. Бұлардан мықты – осал, берік – осал, нық – бос, берік – бос деген сияқты антонимдік жұптар шығады. Синоним сөздер мағына жағынан бір – біріне жақын болғанымен, үнемі бірінің орнына бірі қолданыла бермейді. Өйткені синонимдерде мағыналық жақындық та, алшақтық та бар. Сондықтан бір синонимдік қатардағы сөздер өзіне қарсы мағыналас екінші бір синонимдік қатарға енген сөздердің кез келгенімен антонимдес бола бермейді. Синонимдер бірінің орнына бірі қолданылғанда таңдап, талғап қолданылатыны сияқты, антонимдік жұп құрғанда да олар таңдап, талғап жұмсалады. Мысалы, «кәрі», «қарт» деген сөздер – синонимдер. «Жас» сөзі бұл сөздердің антонимі. Адам туралы жас – қарт, жас – кәрі деп айта береміз де, мал туралы сөз болғанда жас – кәрі деп қолданамыз да, қарт мал демейміз.
Жас мал – кәрі мал деп қолданамыз. Кір, лас, нас деген синонимдік қатарды алатын болсақ. Бұлардың антонимі – таза сөзі. Бірақ бұл сөздердің кез келгені барлық жерде бірдей «таза» сөзімен жұптаса бермейді. Адам туралы таза адам – нас адам деп айта береміз де, киім туралы тек таза – кір деген жұпты ғана қолданамыз. Ал мекен жай, орын туралы айтсақ, таза – лас, таза – нас деп қолданамыз. Бір сөз әр мағынасында әр түрлі сөздермен антонимдес болуы мүмкін. Мысалы, ашық деген сөз бір мағынасында жасырын (жасырын жұмыс, іс) деген сөзбен антонимдес те, ал екінші бір мағынасында жабық (есік жабық ) деген сөзбен антонимдес. Оң деген сөз бағытты білдіру мағынасында сол деген сөзбен антонимдес (оң – сол) болса, «дұрыс» деген мағынасында теріс деген сөзбен антонимдес (оң – теріс). Қалың деген сөз ыңғайына қарай жұқа деген сөзбен де (қалың қар – жұқа қар), сирек деген сөзбен де (қалың шаш – сирек шаш) антонимдес болады.
Мұнан полисемия құбылысының синонимия құбылысымен ғана емес, сонымен бірге антонимия құбылысымен де ұштасып жататындығын байқауымсызға болады. Антонимдік теңеулер теңеу предметтерінің арасындағы сапалық айырмашылықтарды бейнелі түрде суреттеу үшін қолданылады. Ол сапалық айырмашылықтың суреті біріне – бірі қарама – қарсы жатқан екі заттың немесе құбылыстың образ болып қолданылуы арқылы жүзеге асады. Антонимдік теңеулерді бірнеше топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа тұрақты антонимдік теңеулер жатады. Бұл топқа адамдардың, заттардың бір – бірінен айырмашылығы жер мен көктің арақашықтығына теңеледі. Яғни бұл топтағы заттардың айырмашылығын көрсетуде кеңістік ұғымы негіз болады.
Мысалы: … мен жалшымын. Сен байдың қатынысың. Екеуміздің арамыз жер мен көктей (І. Жансүгіров); Қорқақтық пен батылдықтың арасы жер мен көктей (Ғ. Мүсірепов); Ә, ойлану мен уағданың арасы жер мен көктей емес пе (С. Жүнісов). Бұл теңеулердің барлығына ортақ тұрақты образдар – жер мен көк. Бұл екеуі іркес – тіркес қолданылып, өздері айқындайтын нәрселердің айырмашылығының орасан үлкен екенін көрсетеді. Бірінші топтағы антонимдік теңеулердің схемасы предмет – шылау предмет – образ – шылау образ – белгі. Екінші топтағы антонимдік теңеулерге образ ретінде жұмсалатындар – адамдар. Сондай – ақ адамдар да мұндай теңеулердің предметтері болып та қолданыла береді. Мысалы: Ерше барып, итше қашып жүріп, малын, басын жаудан қорғаудың да мәнісін білмесе керек (Абай); Қатынша қарғама, әке, еркекше боқта. Әйтпесе – саба (С. Мұқанов); Ердің көңілі күнмен тең, Ездің көңілі түнмен тең (Ә. Тәжібаев).
Бұл мысалдардағы теңеулердің көпшілігінің екі мүшесі бір – біріне антоним болып келіп, теңеудің эмоциналды – экпрессивті әсерін мейлінше көтере түседі. Қос мүшенің антоним болуы антонимдік теңеулерде бір – біріне қарама – қарсы екі суреттің органикалық бірлігінен пайда болған нағыз бейнелі, үздік көркем суреттердің дүние келуінің кепіліне айналады. Ерше барып, итше қашып, қатынша қарғама, еркекше боқта, ердің көңілі күнмен тең, ездің көңілі түнмен тең тәрізді теңеулер айтылмыш антонимдік теңеулердің қатарына жатады. Тіл лексикасында қаралатын лексикалық бірліктерден басқа тіл бірліктерінің тұрақты сөз тіркесі деп аталатын неғұрлым күрделі ерекше түрі қалыптасқан. Бұларды тіл білімінің фразеология саласы зерттейді. Фразеология термині (грек. phrasis сөйлемше және logos сөз, ілім сөздерінен шыққан). Қазіргі тіл білімінде екі мағынада қолданылады: тілдің фразеологиялық құрамын зерттейтін саласы; тілдегі фразеологизмдердің жиынтығы. Фразеологизмнің антонимдігі, синонимдігі, көп мағыналығының айқындалар тұсы – контекст. Фразеологиялық антонимдерді контекст ауқымында қарастыру, олардың стилистикалық қасиетін анықтауға, фразеологиялық бірліктердің арасында болуы мүмкін антонимдік өзара қатынастардың формаларын ажыратуға негіз бола алады.
Фразеологизмдердің антонимдік қатынасы көркем шығарма тілінде айқын және нақтырақ болып келеді. Кез келген көркем туынды түрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асып, шығарманың маңызын арттыра түсері анық. Дәл осындай ерекше қасиетті фразеологиялық антонимдер де игереді. Адамның түрлі мінез-құлқына, әлеуметтік жағдайына, өміріне қатысты қарама-қарсы құбылыстарды салыстыру, тіпті табиғат құбылыстарының қарама-қарсы жағы жазушы шығармаларында фразеологизмдер арқылы шебер, дәл беріледі. Тіл білімінде антонимдердің контексте берілу қасиеті туралы пікірлер мен тұжырымдар тек лексикалық бірліктерге қатысты айтылған, топтастырылған. Бұл мәселе туралы Ғ.Мұсабаев, Ж.Мусиннің еңбектерінде тұжырымды тілдік деректер айтылған. Ә. Болғанбаев пен Ғ. Қалиұлы өз еңбектерінде фразеологизмдерде қарама – қарсылықтың берілуінің тек екі түрін көрсетеді: тұрақты тіркестің өз ішіндегі компоненттерді басқа сөздермен алмастыру арқылы: аты шықты – аты өшті; ашық мінез – тұйық мінез. Құрылым – құрылысы жағынан мүлдем басқа сөздерден жасалады: соры сорпа қайнады – көзі ашылды; шөлі қанды – қаны кепті.
Бұл тіркестегі мағына қарама – қарсылығы «бақ» сөзінің қайталануы (Ж. Мусин көрсеткендей) немесе жай ауыстыру нәтижесінде емес (Ә. Болғанбаев көрсеткендей), бір сыңардың антоним болуы нәтижесінде көрініп тұр. Мысалы: «сөз беру – сөз алу» тіркестерін алатын болсақ. Қарама – қарсылық «сөз» сөзінің қайталануынан емес, «алу», «беру» сөздерінің жеке тұрғандағы қарама – қарсы мағынасынан туындайды. Орыс тіліндегі фразеологиялық антонимдер мәселесіне қатысты ғылыми мақаласында М. И. Сидоренко қарама – қарсы мағынадағы фразеологизмдердің жасалуының екі жолын көрсетеді: нағыз фразеологиялық антонимдер. Мұнда антонимдік қасиет фразеологиялық бірліктің мағынасын тұтастай қамту керек. Мысалы: себе на уме (хитрый, скрытный) – душа на распашку (прямодушный, откровенный). Лексика фразеологиялық антонимдер – құрамында антоним сөзі бар фразеологизмдер: белая кость (человек знатного происхождения ) – черная кость (человек не знатного происхождения) Сидоренко, 97 б. Фразеологизмдер жүйесіндегі мағына үйлесіміне тән фактордың өтімінде де, жиі кездесетін түрі – бір фразеологизмнің құрамында антонимдік жұп элементтерінің болуы. С.Сәтенованың пікірі бойынша: осы секілді фразеологизмдерде жұп компоненттердің контрасивті мағынада келуі синоним және ыңғайлас мағыналы компоненттер тәрізді бұлар да мағына, мазмұн гармониясын сақтауға қажетті, фразеологиялық тіркестердің қалыптасуына, тұрақтануына ұйытқы болатын фактордың санатына жатады. Антоним сөздер фразеологиялық бірліктер құрамына компонент ретінде кірігеді.
Мысалы: фразеологизмнің құрамындағы бір жұптың қарама – қарсы мағынада келуі: алды – артын орау (алды – арты);астынан ит жүгіртіп, үстінен құс ұшыру (асты – үсті); күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылу (күндіз – түн); ашса алақанында, жұмса жұдырығында (ашу – жұму). Немесе бір ғана фразеологизм құрамында екі компоненттің антонимдік жұп құру қасиеті де ұшырасады: «Дұшпанның отын сөндіру, достың атын жандыру», «Жақсысын асыру, жаманын жасыру», «Ыстығына күйіп, суығына тоңу». Осы сияқты құрамында антоним компоненті бар бір ғана фразеологизмді антоним фразеологизмдерге жатқызу дұрыс па деген мәселе басын ашып қарастыруды қажет етеді. Мұндай компоненттер фразеологизм құрамына енгенде де антонимдік қасиетті сақтап қалатындығын айтқан Ж. Мусин бұған мынадай үлгідегі мақал – мәтелдерді жатқызады: Ащы еңбектен – тәтті нан. Аздың атасы бір, көптің батасы бір. Қорлық өмірден, ерлік өлім артық. Айырылған азады, қосылған тозады (Мақал).
Нұрбибі Нұрланқызы ТҰРҒЫНБЕК,
“Балдәурен” республикалық оқу сауықтыру
орталығының қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі