Ноутбук – ең сүйікті газеттен

“Цифрлық білім беру: Қашықтан оқыту!” республикалық байқауы мәреге жетті. Мамыр айының 20-ы күні түнде байқауға қатысушы үміткерлердің өтінішін қабылдау тоқтатылды. Жеңімпаздарды апталық басылымның қалың оқырманы www.bilimdinews.kz. ақпараттық сайтында дауыс беру арқылы анықтады.  

«Білімді Ел – Образованная страна» республикалық газетінің даму бойынша директоры Мәжит Шүленовтің айтуынша екі минутқа дейінгі қысқа метражды құрайтын және ереже талаптарына сай келетін 41 бейне роликтің қатысуы мақұлданған. Олардың 3 бейне ролигін мектеп оқушысы, колледж бен жоғары оқу орнының студенттері әзірлесе, 1 бейне ролик педагог пен білімгердің бірлескен жұмысы. Қалған 37-і балабақша тәрбиешілері мен мектеп мұғалімдері, колледжер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, яғни педагогтердің тарапынан жолданыпты.

Байқаудың барысында ұйымдастырушылардың шешімімен арнайы сервистік құрылғының көмегімен қашықтан жасанды қаралым жүргізген теріс әрекеті әшкереленген бір бейне дәріс сабағы сайттағы орнатылған жерінен алынып тасталды.  

Қорытынды кезеңде ең көп қаралым жинаған екі жоба жеңімпаз танылды: “Мидың құрылысы мен қызметтері” тақырыбындағы бейнедәріс, авторы Жалғасбаева Ардақ Алғашбайқызы, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектептің биология пәні мұғалімі (Нұр-Сұлтан қ.) және “Қашықтықта оқудың тиімділігі” аталатын бейнетарих, авторы Ердос Абылхайыров, Қостанай облысының Рудный қаласындағы №13 орта мектептің 3 «ә» сынып оқушысы.

Биылғы оқу жылының төртінші жаңа тоқсанын цифрлық тасымалдағыштарды пайдалану арқылы қашықтан білім алуға көшкен кезде «Білімді Ел – Образованная страна» республикалық білімділік, қоғамдық-саяси газеті еліміздің аумағындағы қашықтан оқыту тәжірибесінің тиімділігін насихаттау, ілгері дамуын қолдау мақсатында арнайы байқау ұйымдастырған еді.

Байқау негізінен қашықтан оқуға қатысушы педагогтердің тәжірибе алмасуына көмектесу; олардың көзқарасын білу; жаңа идеялар мен ой-пікірлерін ортаға салатын ашық ақпараттық алаң жасау; қашықтан оқу үдерісінің ерекшелігі мен артықшылығына, қиындықтарына қоғамның назарын аудару; жаңа жүйенің маңыздылығына айрықша мән беруге бағытталды. Қатысушы үміткерлерден екі белгілі бір тақырып бойынша айтарын екі минуттан аспайтын бейне роликке сыйғызу талап етілді. Оған қоса бейне дәрістің қысқаша мазмұны мен қатысушы үміткер туралы ақпаратпен жеке фотосын жолдау қажеттілігі ұсынылды. Белгіленген талаптарға сай келетін барлық материалдар газеттің ақпараттық www.bilimdinews.kz сайтынан орын алды.

Нәтижесінде көп қаралым мен қолдаушы пікірлерді бәсекелестерінен асыра жинаған үздіктер топ жарды. Жеңімпаз бейне роликтердің авторлары газет редакциясының бағалы сыйлығы ретінде НОУТБУК иеленеді! Көшбасшы ондықтың сапынан көрінгендер ынталандыру мақсатындағы электронды дипломмен марапатталады.

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий