Елімнің ертеңіне сенемін!

Сахарбаева Марал Әділгерейқызы

Балам дейтін жұрт болмаса,
Жұртым дейтін бала қайдан болсын!

Мен және қоғам. Қандай байланыс болуы мүмкін? Ата-ана, туған-туыс, көрші, мектептегі достарың, апайларың деп кеңейіп кете береді. Кеңейген сайын, қоғамның бір бөлшегіне айналып бара жатқаныңды байқайсың. Қоғамның бір бөлшегі екеніңді сезіну маңызды ма?

Әрине, маңызды. Жанұяңа, достарыңа, әріптестеріңе керек екеніңді сезіну қандай бақыт! Бала осындай бақытты сезіне ала ма? Сезіну үшін мұғалім қандай іс-әрекеттер жүргізеді? Қалай оқушыны қоғамның ұлтжанды мүшесіне айналдыра алады?

Жаңа бағдарламадағы «Өзім туралы» ортақ тақырып шиыршықталып, кеңейе келе «Отан туралы» тақырыпқа келіп ұласуы білім алушының қоғамның бір бөлшегі екенін дәлелдейтін тамаша әдіс. Рухани құндылықтар негізінде «Қазақстандық патриотизм және азаматтық жауапкершілік», «құрмет», «ынтымақтастық», «еңбек пен шығармашылық», «ашықтық», «өмір бойы білім алу» сияқты бағыттармен жұмыстана отырып, жеке тұлғалық қасиетті дамыту- әр мұғалімнің міндеті. Сондықтан мұғалім сабақ жоспарын әзірлегенде, тапсырмаларды ортақ тақырыпқа бағыттап, өмірмен байланыстырады. Ұсынылған тапсырмаларында оқушы өмір сүріп жатқан уақыт пен қоғамдағы мәселелер сәйкестендіріліп, проблемалық сұрақтарға жауап ізделіп, шешімнің бірнеше нұсқалары ізделеді. Осылай білім алушының ойлау еркіндігі мен белсенділік қасиеттері қалыптасады. Оқушы туған жер деген ұғымның қасиеті мен қадірін түсінеді. Кіндік қаным тамған жер, ұлт, тіл деген қасиетті ұғымдарды саналы түрде қабылдайды.

Патриоттық тәрбие беру өзекті мәселеге айналып тұрған кезде «ортақ тақырыптар» арқылы рухани құндылықтардың мектеп бағдарламасына енгізілуі көңіл қуантады. Бұл шетелді қызықтап, «басқа елдің қаңсығын таңсық көрген» ел асып жатқан жастардың ағынына бөгет болады. Себебі, оқушының елін, жерін сүйіп, қастерлеуі мектеп табалдырығынан бастау алады. Бала ешқашан қоғамнан тыс өмір сүре алмайды, мектеп табалдырығынан бастап қоғаммен бірге өмір сүріп, тыныс алады. Біз, ұстаздар қауымы, рухани құндылықтардың дәнегін баланың өсу, даму кезеңінде сеуіп тастасақ, еліміздің ертеңінен қорықпаймыз. Біздің еліміздің ертеңі-сенімді ұстаздардың қолында. Елімнің ертеңіне сенемін!

 

Сахарбаева Марал Әділгерейқызы
БАҰО «Өрлеу» АҚ
Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ 
аға оқытушы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий