Өмірін өлеңмен өрнектеген (У.Қайралапов туралы)

 

Мақтанамын әнші, күйші, ақынмын деп
Ойламаймын елеусіз жатырмын деп,
Ойлаймын еңбегіммен, өнеріммен,
Бір өзім бірнешеуге татырмын деп.

 

Атам Уәйіс Қайралапов Атырау – Маңғыстауға белгілі суырыпсалма ақын, сазгер, күйші болғанын тұстастары, жасы кіші інілері әлі күнге дейін айтып келеді. Атам поэзия әлемінде өзіндік ерекше орын қалдырған. Оған дәлел атамның өлеңдер жинағы (Өлеңім өмірімнің жалғасындай…, Өмірімді өлеңмен өрнектедім.).

 Уәйіс Қайралапов 1927 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жем өзені бойындағы Ақжар деген жерде дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін, кейін Ақтөбе педагогикалық институтының тарих факультетін сырттай бітірген.

Алғашқы өлеңдерін атам 14 жасынан бастап қағаз бетіне түсіре бастаған. Кейіннен Қызылорда педагогикалық институтында оқып жүргенде белгілі тюрколог ғалым, профессор Ә.Қоңыратбаевтың атамның ақын ретінде қалыптасуына үлкен ықпалы тиген.

Институтты бітірген соң, 1947 жылдан бастап  ұстаздық еңбек  жолын Атырау облысында, одан соң Форт-Шевченко қаласында бастаған. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, оқу ісі меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. 

Маңғыстау өңірін аралай жүріп, тарихи оқиғалар, аңыздар туралы ел арасынан мәліметтер жинап, ұстаздық қызметімен қатар, көкірегіне келген көрікті ойларын қағаз бетіне түсірген. Тарихи аңыздарға негізделген «Ақбөбек», «Ақшора – Белтұран», «Елеусіз ердің монологы», «Жамалдың сыры», «Туған жер туралы толғау», «Махаббат ғаламаты» сияқты поэма, толғаулар туған.

 Белгілі драматург Берік Қорқытовпен бірге «Ақбөбек» пьесасын жазды. 1964 жылы Атырау қаласындағы  Махамбет Өтемісұлы атындағы драма театрында «Ақбөбек» пьесасы тұңғыш рет қойылды.  

Атамның өнерсүйер қауымға беймәлім тағы бір қыры – сазгерлігі. Көзі тірісінде көңіл – күйінің шалқар шабыт шеңберінде таси толқыған тұстарында «Сағыныш», «Қуаныш» атты күйлері дүниеге келген. Өкінішке орай, бұл күйлер таспаға түсірілмей қалған. Ш.Әбілтаев «күйді нотаға түсіремін, жазамын» дегенмен, күйдің жайынан хабар қылаң бермей қалды. Күй нотаға түсіріліп, жаздырылса, шығармаларымен қатар халыққа өлмес мұра болып қалар еді.

Уәйіс Қайралапов шығармаларын зерттеуші Толқын Қадыр ақын шығармаларын мынадай топтарға бөледі:

  1. Махаббат лирикасы – «Ақбөбек», «Ақшора -Белтұран», «Жамалдың зары», «Махаббат ғаламаты», «Қаламқас», «Теңге»;
  2. Көңіл-күй лирикасы – «Әулиелер әулеті», «Елеусіз ердің монологы», «Алшекем туралы», «Тағы да Алшекем туралы».
  3. Саяси – әлеуметтік лирика – «Жауыздық қоймасында жатыр қайғы», «Сырларым».

 Ұстаздық қызметін азаматтық борышы ретінде санайтын атам көкірегін кернеген, көңілге түйгенін жүрдек қалам жыр ғып төгіп отырған. Оған дәлел – «Ұстазым» өлеңі мен «Шәкірттермен сырласу» дидактикалық поэмасы.

 Әкем көзі тірісінде үнемі атам туралы естеліктерді, айтқан ұлағатты сөздерін көп айтып отырушы еді. Сөз арасында атамның 1825 жылы декабристер көтерілісінде Сібірге айдалып кеткен декабристердің жұбайларының ерлік адалдық істерінің Маңғыстау өңірі тарихында да нышандары бар екендігін зерттегені, бірақ та қағаз бетіне түсірілмей қалғанын («Дәндәнай» поэмасы) өкінішпен еске алған болатын.

Сондай –ақ, анам атасының өте көпшіл, ақ жарқын мінезді, қонақжай ақылы мол қария екенін, тіпті атасының айтқан «кішкентай балаларды үлкендермен қатар дастарханға отырғызу керек, мәдениеттің өзі осыдан басталады» деген даналық сөздерін балаларына жеткізіп айтып отырады.

  Атам өте балажан болған.  Немерелерін өте жақсы көрген. Мен дүниеге келгенде «Алғашқы немерем туғанда» деген жыр шумағында:

Атыңды кім деп қойсам екен деп,

Аз ғана күндерде талай ойландым.

Немеремнің басы баянды болсын деп,

Атыңды өзім Баян қойғанмын,- деп қуанышын қағаз бетіне түсіріпті.

Атам 1993 жылы 7- желтоқсанда қайтыс болды. Атамның артында қалған немерелері атамызды мақтан тұтамыз.

 

Кайралапова Баян Сабитовна
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті.
«Машина жасау және көлік» кафедрасының оқытушысы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий