STEAM жүйесі: Тіл мен тарихты кіріктіріп оқыту технологиялары

STEM білім беру әртүрлі ғылымдарды біріктіруге негізделген пәнаралық және қолдан­балы тәсілдеме ретінде жиырма жылдан астам қолданылып келе жатқан ұғым болып табылады. Пәндік білімнің STEM-ге, оны іс-тәжірибеде қолдана білуге, сыни тұрғыдан ойлауға, оқу міндеттерін шығармашылық тұрғыдан шешуге, дизайнерлік тұрғыдан ойлау дағдыларын дамытуға және топтық жұмыс сияқты кең ауқымды дағдыларға сұраныстың артуы бүкіл әлем мектептерінде STEM білім беруді нығайтуға себеп болып отыр.

Мерей Шамшенова

Дегенмен, технологиялар әлеміндегі өзгерістер мен инновациялармен қатар STEM білім беру де бір орында тұрған жоқ. Бұл тәсілдеме дамытылып, STEAM және STREAM тәсілдеріне айналатын жаңа компоненттермен толықтырылып отырады. Бұл жерде «А» (Arts) өнер мен дизайнды білдірсе, «R» әрпін (Research) зерттеу деп түсінуге болады. STEAM тәсілдемесі инновацияларға қол жеткізу үшін шығармашылық және дизайнерлік тұрғыдан ойлау қабілетін дамытуды маңызды санаса, STREAM тәсілдемесі кіріктірілген жобаларды зерттеулер негізінде жүзеге асыруды ұсынады

NIS-Programme білім беру бағдарламасы бойынша оқу аясында жобалық жұмыс жүргізу STREAM білім беруді жүзеге асыруға көптеген мүмкіндіктер береді, өйткені оқушылар­дың проблеманы анықтау, ақпарат жинау және өңдеу, эксперименттер жүргізу, шыққан нәтижелерді талдау сияқты зерттеу дағдыларын өз беттерімен қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар, жобаларды жүзеге асыру пәнаралық байланысты нығайтуға, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік береді. Оқу үдерісі барысында алған білімдерін біріктіреді, өмірлік маңызы бар нақты проблема­ларды талқылауға қатыстырады.

«STEAM жүйесі бойынша тіл оқыту: технологиялар мен тәжірибе алмасу» атты отандық және шетелдік тәжірибелерге негізделген әдістемелік семинар-тренингке қатысу арқылы қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің Назарбаев Университетінде оқытылу үлгілерімен танысып, тарихи шығармалар мен танымдық оқылымға талдау жасау іс-тәжірибелерімен таныстық. Семинар барысында STEAM жүйесі бойынша қазақ тілін оқытуда мультимедиялық технологияларды, яғни Playposit, Socrative, Google Doc қосымшаларын қолдану жолдары практикалық түрде түсіндірілген болатын. Осы семинардан үйренгенімізді өз әріптестеріміздің арасында көрсетіп, тәжірибе бөлістік. Соның нәтижесінде қазақ тілі мен Қазақстан тарихы пәндерін кіріктіріп 10-сынып оқушыларына «Ұлттық мүдде» тақырыбында тәжірибелік сабақ өткізілді. Кіріктірілген сабақтың мақсаты: STEAM технологиялары арқылы тіл мен тарихты кіріктіру, пәнаралық байланыс арқылы оқушылардың оқу бағдарламасын игеруге мүмкіндік жасау.

Сабақ мәтін құрылымын сақтай отырып, әртүрлі мәтіндегі деректерді салыстырып, маңызды тұстары мен үрдістерді талдап жазу; әміршіл-әкімшіл  саясатқа қарсы халық наразылықтарын салыстырып, талдап оқу мақсаттарына құрылды. Жазылымалды тапсырмасы ретінде «Болжам жаса. Ой жалға» тапсырмасын орындауда «ХХ ғасырдың ІІ жартысында ұлттық мүдде қалай қорғалуы мүмкін?» тақырыбындағы мәтін бөлігін мұқият оқып, одан әрі айтылмақ  ойға болжам жасады. Жазылым тапсырмасын сәтті орындау үшін Қазақстан тарихы пәнінен алған білімдерін саралап, А,В,С дереккөздерімен жұмыс жасады. Негізгі фактті анықтап, деректерге салыстырмалы талдау барысында ақпарат бұрышы толтырылды, тақырып төңірегіндегі білімдерін жинақтады. Бағалау критерийі арқылы топ жұмысын бағалады. Жазылымнан кейінгі тапсырма Socrative мобильді қосымшасы арқылы қорытынды сұрақтарға жауап беру түрінде берілді. Нәтижесі сол бойда белгілі болып, кері байланыс берілді.

Айтолқын Төлешова

Socrative технологиясы ұялы телефон немесе ноутбук арқылы оқушыларға арнайы дайындалған сұрақтарды сол бойда орындап, сол сәтте өз білім дәрежесін анықтауға мүмкіндік береді. Бұл технология оқушылар үшін қызықты әрі өзін-өзі бағалайды. Мұғалім үшін де пайдалы жақтары бар. Біріншіден, сабақтың бастапқы кезеңінде алдыңғы біліммен байланыстыруға, өткен тақырыпты еске түсіруге көмектессе, екіншіден, өтілген тақырыпты жинақтап, бекітуге тиімді технология.

Бұл сабақтың нәтижесінде қолданылған технологиялар екі пәннен бір тапсырма дайындау арқылы оқушылардың дереккөздерді сыни тұрғыда талдау дағдыларын жетілдіре түсті. Мәтін түрінде ұсынылған деректерді қолдана отырып қазақ тіліндегі жазылым алды, жазылым тапсырмасы, жазылымнан кейінгі тапсырмаларды тиімді орындады. Сабақ нәтижесінде оқушылар  оқу үдерісінде алған білімдерін біріктіріп, қолдана білді. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп тұңғыш Елбасы айтқандай, оқушыларға білім беру жолында ақпараттық, жаңа технологияларды оқу үрдісінде тиімді  пайдаланудың маңызы өте зор.

Мерей ШАМШЕНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім
модераторы,
Айтолкын ТӨЛЕШОВА,
Қазақстан тарихы пәнінің  мұғалімі,
Атырау қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий