Алаштың арда перзентіне тағзым етілді

Қазақстанның тәуелсіздік алуымен отандық тарихқа деген шынайы көзқарас қалыптасып, кеңестік солақай саясаттың салдарынан аттарын атауға тыйым салынған қазақ халқының тарихи тұлғаларының есімдері халықпен қайта қауышты. Соның бір айғағы ҚР Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі жарлығына сәйкес 31 мамыр жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.

Өткеннің шынайы бейнесін жасау тарихқа әділ, риясыз үңілуді талап етеді. Қазіргі тарихи ойдың тәжірибесі көрсеткендей тұлғаны зерттеу ерекше өзектілікке ие болып отыр. Олай дейтініміз, тарихи тұлғаның өмірі мен қызметін тану арқылы сол тұлға өмір сүрген уақыттағы қоғамның саяси-экономикалық және әлеуметтік-мәдени тарихын танып біле аламыз.

Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының міндеттерін іске асыру шеңберінде Отанымыздың тарихи-мәдени құндылықтарын сақтау мен дамытуға, даңқты дәстүрлер мен есімдерді жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар өткізілуде. Бұл қоғамда тұрақты мәдени жадыны қалыптастыру үшін аса қажет.

2020 жылы 28 мамырда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде өткен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың туғанына 125 толуына арналған «Нығмет Нұрмақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі» тақырыбындағы дөңгелек үстел де осы мақсатқа арналды. Университеттің «Қазақстан тарихы» кафедрасы ұйымдастырған іс-шараға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, облыстық архив, кітапхана, Долинка кентіндегі саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің қызметкерлері қатысты. Әсіресе университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттердің белсенділік танытқанын айтқан жөн.

Дөңгелек үстел жұмысы университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор М.К. Ибатовтың құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Тарихын білмеген ұлттың болашағы да бұлыңғыр» деген ғибратты сөзінен бастаған оқу орнының басшысы тәуелсіздіктің тарихи тамырларының тереңде жатқанын айта келе тоталитарлық өктемдіктің зардабын қатты тартқан өткен ғасырдың бірінші жартысында Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуының басында тұрған, сол үшін өлшеусіз үлес қосқан ұлт қайраткерлерінің бірі Нығмет Нұрмақов екендігіне тоқталды. Алаш перзентінің Қазақстан үкіметін басқарып  еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығының дамуында, білімі мен мәдениетінің өркендеуінде зор рөл атқарып, болашақ тәуелсіз мемлекеттің саяси, экономикалық негіздерінің қалануында із қалдырғанын атап көрсетті.

Одан кейін сөз алған Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы жерлестері Н.Нұрмақовтың мерейтойы қарсаңындағы аудан тынысымен таныстырып өтті. Қарқаралыдағы қарқынды істердің бастамасы жиналғандардың көңілінен шығып, дегенмен қайраткерге арналған негізгі іс-шараның алдағы тамыз айына жоспарланып отырғандығы мәлім болды.

Белгілі ғалым, Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы қоғамдық-саяси және қуғын-сүргін тарихының көрнекті маманы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ҒО меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Д.А. Махаттың «Нығмет Нұрмақовтың ұлтшылдыққа айыпталуы» тақырыбында жасаған баяндамасының маңыздылығы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында Қазақстанда жүргізілген реформаларға қарсы күрескен Н.Нұрмақовтың Алаш зиялылары ұстанған ұлттық бағыттың заңды жалғастырушысы болғанын ашып көрсетуінен көрінді. Қазақ байларын тәркілеуге қарсылығы, жерге орналастыру кезіндегі қазақ халқының мүддесін қорғағаны туралы мұрағат деректері негізіндегі ғалымның салмақты қорытындылары Н.Нұрмақовтың ұлтжандылық тұлғасын тереңнен танытты.

Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінде сақталған Н.Нұрмақовтың жеке қорының құжаттары үлкен құндылық болып табылады. Өз кезегінде сөз алған архив басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ж.Ж. Тұрсынова архив қорының құжаттарын жіктеу бойынша мұрағат қызметкерлерінің қызметіне назар аударды, атап айтқанда, Н.Нұрмақовтың жеке қоры хронологиялық және тақырыптық тәртіппен бөлімдер бойынша сәйкестендірілгендігін атап өтті.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың профессоры Н.А. Бейсенбекова құрған тарихи тұлғаны танудың өзіндік мектебі қазақ зиялыларының өмірі мен қызметін зерттеу мен насихаттауда үлкен нәтижелерге жетіп жүргені ғылыми ортаға кеңінен танымал. Ғалымның Н.Нұрмақовқа қатысты жарық көрген еңбектерге терең тарихнамалық талдауы тұлға өмірін зерттеудің жетістіктері мен олқы тұстарын көрсетіп, алдағы уақытта бұл бағытта жетілдіретін мәселелерге қатысушылардың назарын аударды. Баяндама бір жағынан, қатысушы қауымға танымдық тағылым болса, екінші жағынан, оның жас зерттеушілер мен ізденушілерге әдістемелік көмек дәрежесіндегі құндылығын атап өткен дұрыс.

1985 жылы Н.Нұрмақов есімін иеленген Қарағанды қаласындағы мамандандырылған мектеп-интернат ұжымының басшысы С.Сұлтанов өз сөзінде ұлы тұлғалар есімі берілген мектептердің жауапкершілік өлшеміне тоқталып, өздерінің соған лайықты атқарып жатқан іс-әрекеттері мен алдағы міндеттеріне талдау жасады. Шын мәнінде ұлы тұлға есімін иеленудің ұлы мақсаттар қойғызып, салмақты жүк артатынын темірқазық еткен мектеп ұжымының болашақта білім берудің дүниежүзілік, заманауи үлгідегі Н.Нұрмақов атындағы колледж ашу туралы жоспары қатысушыларды елең еткізді.  Мұндай шешімге келуге осыған дейінгі шәкірттеріміздің қол жеткен жетістіктері мен ұстаздар ұжымының әлеуеті, іскерлік, біліктілік сапалары негіз болды дейді мектеп басшысы.

Қарағанды қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы облыстық әмбебап кітапхана биылғы жылы Н.Нұрмақовтың мерейтойына арналған іс-шаралар өткізуде алғашқылардың бірі болып көш бастаған болатын. Қашанда кітапсүйер қауымның көңілінен шығып, жаңа кітаптарды оқырмандарымен қауыштыруға асығып жүретін Дина Базарбайқызы бастаған ұйымшыл ұйым бұл жолы 2020 жылы сәуір айында облыс кітапханашылары арасында өткізген Н.Нұрмақовтың шығармаларына арналған буктрейлер конкурсының қорытындыларымен бөлісті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған Жезқазған қаласы кітапханашыларының шығармашылығынан туған туынды көпшіліктің назарына ұсынылып, жылы лебіздер айтылды.

Долинка кентінің «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі» экскурсиялық-бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы А.С. Дребезговтың «Нығмет Нұрмақовтың туғанына 125 жыл» тақырыбындағы баяндамасы бейнеролик аясында сүйемелденіп, қатысушыларға тұлға өмірі, оның қуғын-сүргінге ұшырауы туралы көрменің құнды құжаттарымен танысуға мүмкіндік берді.

Мәнді де тағылымды өткен дөңгелек үстел жұмысының қорытындысында Қарағанды мемлекеттік техникалық университетің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Н.А. Алпысбаева студенттерге белсенді патриоттық тәрбие беру аясында Ұлы даланың ұлы есімдеріне, атаулы мерейтойларға, қоғамдық-саяси іс-шараларға арналған дөңгелек үстелдер, республикалық және аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізу университетте дәстүрге айналғанына тоқталды. Бұған дейін қазақтың дара даналары Төле, Қазыбек, Әйтеке билерге, Бұқар жырау мен Абылай ханға, Алаш зиялылары Ә.Бөкейхановқа, Ә.Ермеков пен Ж.Ақбаевқа, Ж.Тәшеновке, олардың  өмірі мен қызметіне арналған конференциялар өткен екен. Ал, бүгінгі мемлекет қайраткері Нығмет Нұрмақовқа арналған дөңгелек үстел сол қалыптасқан игі дәстүрдің жалғасы екендігін, ҚР Мәдениет және спорт Министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығына сәйкес Н.Нұрмақовтың 2020 жылы 125 жылдық мерейтойын атап өту белгіленген күннен жоспарға енгізілгенін айтты. Н.Нұрмақов өзінің өнегеге толы өмірі және қызметімен халық жадында мәңгілік қалатын тұлға, оның отансүйгіштік, патриоттық қасиеттері бүгінгі ұрпаққа, жастарға үлгі екендігімен де өзекті дей келе барлық қатысушыларға, келген қонақтарға дөңгелек үстел жұмысының мәнді өтуіне үлес қосқандары үшін университет ұжымы атынан алғыс білдірді. Осы орайда философия ғылымдарының кандидаты А.С. Сағатова басқарып отырған «Қазақстан тарихы» кафедрасының ұжымына рахмет айтып, алдағы істеріне шығармашылық табыс тіледі.

Сайып келгенде, болашақ инженерлер даярлауда олардың білікті ғана емес, отансүйгіш, патриот маман болуларына терең мән берілуі Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхановтың «Халқына қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген аталы сөзінен аттамаған оқу орнының келбетін көрсетіп тұрғандай.

 

Касимова С.С., Даниярова А.Е.
ҚарМТУ Казақстан тарихы кафедрасынын доценттері

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий