Баланы кітап оқуға баулудағы ата-ананың үлгісі

Ұлы ойшыл Абай атамыз адамға мінез ата-анасынан, ұстазынан және құрбысынан жұғады деген. Дана халқымыз «баланы – жастан» деген ұстаныммен оның тәрбиесі мен біліміне ерекше көңіл бөліп, кішкентайынан өнер-білімге, кітапқа құштар болып өсуі үшін барын салған. Кітап оқып, білім нәрімен сусындап өскен баланың ойлау қабілеті ұшқыр, сөз саптауы жүйелі, есте сақтауы қабілеті жоғары, әртүрлі салада білімі мол, танымы кең болады.

Бала өміріндегі ең басты ұстазы – ата-анасы. Осы ретте, анамның ұстаз ретінде мектепте сабақ берумен қатар, үйде біздерді, бесеумізді жас кезімізден кітап оқуға баулудағы тәрбиесіне шексіз алғыс айтқым келеді. Соның дәлелі ретінде, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын таңдап, бүгінгі күні мемлекеттік қызмет атқарумен қатар, мектепте өз шәкірттеріме “Абайтану”, “Шешендік өнер” сабақтарын жүргізіп, оларды кітап оқуға баулуға өз үлесімді қосып жүргенімді мақтан тұтамын.

Мамандар баланың үш айлық кезінен ата-анасына кітапты дауыстап оқып, ән айтып, кітаптардағы суреттерді көрсетуге кеңес береді. Суреттері бар кітапты оқыған кезде атын атап, суретті нұсқасаңыз, бала сөз бен суреттің өзара байланысын ұғады. Сондай-ақ, кітаптағы әрбір кейіпкердің дауысын, қимыл-әрекетін көрсетіп отырып оқыту керек. Мәселен, қасқырдың қалай ұлитынын, иттің қалай үретінін, түлкінің қулығын сомдасаңыз, бала ойына сөздер мен жануарлар қатар елестейді. Баланы кітап оқуға мәжбүрлемей, керісінше, қызықтыра білу керек.

Ата-анасы баласымен бірге кітап оқуға уақыт бөліп, оны талқылап, пікір алмасса жеткілікті, бала өзі де қызығып, оқуға құштарлана түседі. Уақыт өте келе, ол өздігінен кітап оқуды жалғастыратын болады. Ұл балалар қыздарға қарағанда кітапты аз оқиды, қызығушылықтары да әртүрлі болып келеді. Мүмкіндігінше кітапханаға, кітап дүкеніне баламен бірге барып, оның жасына сай бірге кітап таңдау өте маңызды. Таңдау қиынға соққан жағдайда, кітапхана қызметкері немесе кітап дүкенінің сатушысымен кеңесуге болады. Бастапқыда қысқа мәтінді әңгімелерден, қызықты ертегілерден бастап, бірте-бірте көркем әдебиетке баулу қажет.

Тағы бір көңіл аударар жайт – кітап оқитын бөлме жарық, тыныш және баланың көңілі бөлінетін  нәрселер болмауы тиіс. Әр баланың болмысы мен қабылдауы бөлек, даму ырғағы әртүрлі, дегенмен де оларға бақытты балалық сыйлау – бәріміздің басты міндетіміз. Құрметті ата-ана! Ұлт болашағы өз балаңыздың жас кезінен өнер-білімге, кітапқа құштар болып өсуіне Сіздің үлесіңіздің зор екендігін үнемі есте сақтай отырып, жоғарыда  аталған кеңестерді ескеруді ұсынамыз.

Үміт Мархабайқызы ҚҰТТЫБАЙ,
Білім саласында сапаны қамтамасыз
ету департаментінің бас маманы,
Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий