Республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

«Білімді ел – Образованная страна» газетінің басшылығы шығармашылық ұжым тарапынан ұйымдастырылған республикалық онлайн байқаудың жеңімпаздарына басты сыйлық ноутбуктер мен арнайы дипломдарды табыстап, алға қойған мақсаттарына жету жолында табыстар тіледі.

Суретте: “Білімді ел – Образованная страна” республикалық газетінің дамыту бойынша директоры Шүленов Мажит Мақсұтұлының жеңімпаз ұстаз Жалғасбаева Ардақ Алғашбайқызын  марапаттау сәті.

– Жаңалықтың жаршысы бола білген, ақпарат ағынымен білімнің тынысын жаңашылдықпен жеткізіп отыратын «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік қоғамдық саяси газетін ақпараттық сайты мен әлеуметтік желілердегі @bilimdinews.kz ресурстарын жіті қадағалап оқимыз. Себебі әрбір жаңа номерінде білім беру мазмұнының жаңаруы, мемлекеттік тілдің жетілуі, мәдени және рухани құндылықтардың қалыптасуы, патриоттық тәрбие жалпы қоғамның дамуына арналған өзекті мәселелер қамтылған, – дейді республикалық онлайн байқаудың басты жеңімпазы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейдің биология пәні мұғалімі ЖАЛҒАСБАЕВА Ардақ бізбен әңгімесінде. – Біздің сенімді серіктестеріміздің біріне айналған басылымдағы маңызды мақалалар мен республиканың барлық аймағындағы әріптестеріміздің тағылымды тәжірибелерімен кеңінен танысу барысында қашықтан білім беру жұмысы басталған сәтте уақыт талабына сәйкес жаңа жобаның негізінде білім бәсекесі ұйымдастырылғанын білдім. «Цифрлық білім беру: Қашықтан оқыту!» республикалық ашық байқауында іріктеуден өтіп көптеген мектеп, колледж, жоғары оқу орындарының оқытушыларынан тәжірибе жинақтадым.

Суретте – жеңімпаз ұстаздың шығармашылық ұжыммен естелік фотоға түскен сәті.

Әр саладағы қашықтан оқу жүйесіндегі оқытушы мен оқушының арасындағы кері байланысқа, жаңа жүйенің маңыздылығына айрықша мән бердім. Қысқа метражды құрайтын бейнероликте қашықтан оқыту барысында өзім қолданатын платформалардың қолдану аясын жүктедім. Байқаудың негізгі критерийлерін орындаудың орны бөлек. Қатысушы үміткерлердің барлығы үшін ең бастысы редакция ұжымының ынталандыру сыйлығы ноутбук болғаны рас. Саналы ұрпақты сандық сауаттылыққа баулитын қашықтан оқыту жүйесінде цифрлық ресурстарды меңгеріп, тәжірибе алмасу мақсатында осындай байқау ұйымдастырған газет басшылығына алғыс білдіремін. Қызмет атқаратын мектептегі әріптестеріммен ортақ мақсаттағы әңгімелесулер барысында талқыға түсіп, түрлі пікір талас алаңдарында жиі айтылатын төмендегідей өзекті тақырыптарға алдағы уақытта осы газетте басымдық берілсе деген ұсыныс ойымды жеткізгенді жөн көремін.

Біріншіден инклюзивті білім берудің ерекшеліктері жан-жақты жазылса. Содан соң отандық білім мен ғылым саласының дамуына зор үлес қосқан көрнекті ғалымдардың құнды еңбектерімен танысқымыз келеді. Мұғалімдердің авторлық бағдарламалары арнайы рубрикамен үздіксіз жариялануын күтетіндер көп. Педагогика саласында қорғалып жатқан ғылыми диссертациялар және сол ғылыми ізденістердің шеңберінде қазақстандық жүйені жақсартуға бағытталған шаралар (PhD) қамтылғанын қалаймыз. Республикалық газеттің ұйымдастырушылығына аса ризашылықпен шығармашылық жұмыстарына табыс тілеймін. Мені қолдаған барша жанашыр жандарға айтар алғысым да аз емес.

Суретте: сол жақта жеңімпаз оқушының анасы, ортадағы Ердос Абылхайыров, оң жақта сынып жетекшісі Іңкәр Бақытбек.

Іңкәр БАҚЫТБЕК, сынып жетекшісі: – «Цифрлық білім беру: Қашықтан оқыту!» атты республикалық байқаудың өтіп жатқандығы жайлы өзіміздің Рудный қаласындағы №13 орта мектеп әкімшілігінен естідік. Бірден сыныбымдағы ең пысық оқушым Ердосқа, оның ата-анасына хабарлап, келесі күні-ақ дайындыққа кірісіп кеттік. Бейнероликтің ұзақтығы небәрі екі минут болғандықтан, оңай болды деп айта алмаймын. Себебі аздаған уақыттың ішіне қашықтан білім беру жүйесінің тоқеретін ғана сыйғызуымыз қажет болды.

Бейнероликті байқауға жіберген соң, апталық басылымның ақпараттық сайтында дауыс беру арқылы жеңімпаз анықталды. Қателеспесем, біздің бейнеролигіміз 4700-ге жуық қаралым мен 800-ге жақын лүпіл жинады. «Тойдың болғанынан, боладысы қызық» дегендей, бейнероликті жіберген соң, қаралым санын арттыру барысы қызық болды. Күн сайын кіріп, қанша қаралым жиналғанын бақылап, қобалжыдық та, уайымдадық та, басқа жұмыстардан алға шығуға барынша тырыстық. Қос жеңімпаздың бірі болғанымыз үшін өте қуаныштымыз. Бұның бәрі – әуелі еңбектің, екіншіден бізге көрсетілген қолдаудың арқасы.

Ердос – алғыр оқушыларымның бірі. Сабақты беске оқиды. Әр сабақта, оның ішінде математикалық жағынан өзін жақсы көрсете біледі. Оқуда ынталы, талапты, достарының арасында беделді әрі сыйлы. Еңбекқорлығы тағы бар. Жеңіске жеткенімізді естігенде төбесі көкке бір елі жетпеді. Осы тұста әріптестеріме, ата-аналар қауымына, барша қолдау көрсеткен жандарға және балалардың қабілетін, жаңа білім жүйесінің тиімділігін көрсетуге мүмкіндік беріп, байқауды ұйымдастырып отырған «Білімді ел – Образованная страна» республикалық басылымына ризашылығымызды білдіреміз. Алдағы уақытта осындай байқаулар көптеп өткізілсе екен деген ниеттеміз. Міндетті түрде қатысып, әріптестерімізді де қатысуға шақыратын боламын.

Ердос АБЫЛХАЙЫРОВ, жеңімпаз, Рудный қаласындағы №13 ОМ 3 «Ә» сынып оқушысы: – Сіздердің тараптарыңыздан марапатталуым мен үшін ең қуанышты сәт. Республикалық байқаудан біздің бейнеролигіміз жеңімпаз атанады деп күтпедік. Бейнероликте қашықтан оқытудың тиімділігі, онлайн сабақ, ақпараттық технологияларды тиімді меңгергендігім жайлы тоқталдым. Одан бөлек карантин кезінде сабақтан бос уақытта үйде немен шұғылдануға болатындағы жайлы да көрсетіп өттік. Яғни сабақ барысы да, сабақтан тыс уақыт та қамтылды. Қашықтан оқыту ыңғайлы болғандықтан, маған ұнады. Дегенмен мектепке барып, ұстаздарыммен, сыныптас достарыммен көзбе-көз сөйлескеннің жөні тіптен бөлек.

Сынып жетекшім Іңкәр апайға алғыс айтқым келеді. Ол кісі маған хабарласып, екінші орын алатын шығармыз деген кезде, бізге үнемі айтатын сөзі есіме түсіп, айтқан едім. Ол – бір істі бастасақ, түбіне жетпей қоймау керектігі, алға биік мақсат қойсақ, соған барынша ұмтылу қажеттігі. Және жеңіске жету әр адамның өз қолында екенін ұмытпау керек дейтін. Ұстазыма, бізді қолдаған жандарға алғыс білдіремін. Енді, міне су жаңа ноутбукке ие болдым. Сабақ барысында пайдама жарайтын болады. Ұйымдастырушыларға көп-көп рақмет.

Жамал ШӘУКЕН, Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий