Тұрақты тіркестерді қолдану арқылы оқушылардың мақала жазу дағдысын дамыту

Есентаев Нұрлан Амангелдіұлы

«Тұрақты тіркестерді тиімді қолдану арқылы оқушылардың мақала жазу дағдысын дамыту» тақырыбында кәсіби даму мақсатымды нәтижелі жүзеге асыру үшін 8-сынып оқушылары алынды.  Бұл кәсіби мақсатты таңдауымның басты себебі, сыртқы жиынтық бағалаудағы ұсыныстарды жетілдіру мақсатында тұрақты сөз тіркестерін тиімді қолдана отырып, жазба жұмыстарында мақала жазуды жетілдіру болды.  Сабақтың күтілетін нәтижесіне, сабақтың соңында оқушылардан, соның ішінде АВС оқушылардан, оқылым дағдысы бойынша зерттеп, іріктеп оқи отырып, өз ойын жазбаша мақала жанрында тұрақты сөз тіркестерімен көркемдеп жеткізе алу дағдысын дамыту нәтижесі күтілді. «Зерттеп оқу» әдісі, «Сөйлемді тұрақты тіркестерімен көркемдеп перифразалау» әдістерімен берілген тапсырмалар әдейі АВС деңгейдегі оқушыларға арналып жасалды. Тиімді жоспарлау үшін Lesson Study тобындағы әріптестермен бірлесіп жоспар талқыланды. Игеруге тиісті дағдылары таныстырылып,  А, В, С деңгейдегі оқушылардың ерекшеліктеріне шолу жасалды.

Пәнаралық байланысқа да назар аударылып, жұмысқа байланысты Ы.Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» ертегісінің мәтіні таңдалынды. «Төрт сөз тіркесі» әдісімен тапсырманы берудегі мақсат – мәтін ішінде кездесетін (жәрдем беру, үлгі көрсету, адал табыс, несібені бөлісу) тіркестерді дұрыс білетіндігін білу болды.

Зерттеп оқу әдісінің тиімділігі – мәтінді зерттеп, іріктеп оқуында. Оқылымнан кейінгі тапсырмада оқушыларды топқа бөле отырып, мәтіндегі жекелеген сөйлемдерді тұрақты тіркестер арқылы перифразалап жазу әдісін таңдадық.  Перифразалау әдісі сөз тіркестерін қолдануды міндеттеуімен, сөз тіркестерін сөйлемдермен үйлестіре білуімен тиімді болды. Оқушыларды «тұрақты тіркестерді қолданып, сөйлемдерді перифразалай алады» деген дескрипторымен бағаладым.

Сабақты бекіту мақсатында «Әріптерден сөз құрау» әдісі қолданылды. Бес тұрақты сөз тіркесін бере отырып, олардың синонимін тауып, алғашқы әріптерінен сабақ тақырыбына қатысты «ЖҰМЫС» сөзі құрастырылды. Тапсырмада сөз тіркестерінің мағынасын аша білуі, орынды қолданып,  әріптерден мағыналы сөз құрастыра білуі біз үшін басты нәтиже болды.

Басында А деңгейлі оқушының Блум таксономиясы бойынша талдау, жинақтау сатысындағы сұрақтарға жауап беруде қиналмай, жоғары деңгейде жауап беруін күткен едік. Зерттеуге алынған үш А, В, С оқушының жауабынан ілгерілеушілікті байқадым. Кәсіби мақсатыма сай тұрақты сөз тіркестерін тиімді пайдануды талап еттім.  А деңгейдегі оқушым тек сөз тіркесінің мағынасын ашып берсе, В деңгейдегі оқушым мағынасын ашып, басқа сөйлемдермен мысал келтіре білді. Ал С деңгейдегі оқушым, сөздің мағынасын ашып, мысал келтіріп, тұрақты сөз тіркестермен көркемдеп жауап бере алды. Алдыңғы сабаққа қарағанда, В деңгейдегі оқушы «несібені бөлісу» деген тіркесті талдауда анағұрлым даму бар екендігін танытты. Оқушылар өздерінің ойларын түйіндеп, талдау, жинақтау, сөйлемдерді құрастыру, тұрақты тіркестерді қолдана алу дағдысын өз дәрежесінде көрсете алды.

Оқушылар сөз тіркестері арқылы қолданыс тапқан сөйлемдерде өздерінің алдыңғы білімдерімен салыстырып, зерттеп оқуға  дағдыланды. Тек қана біліп, түсініп қоймай, енді оның қандай мағына беретінін,  мәтінді  зерттеп, іріктеп оқу арқылы өмірде қолданып, жинақтау дағдысын арттырып, өздерінің оқу дағдыларын дамытты.

 

Оқушы /   Тапсырмалар мен жауаптар

Тапсырма ретінде берілген сөйлем

Оқушы тарапынан тұрақты сөз тіркестерін қолданып, перифразаланған сөйлем

 

А оқушы

Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?

Жомарт өзің аузыңның салымы бар кісісің сонымен қатар қызыл сирақ адамдарға ат салысып, көмектесіп жүрсіз, сонда да тынбай еңбектенесің, бұның себебі неде?

Әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын.

Айдарыңнан жел есіп өмір сүрсең, ділгір болған адамдарға қол ұшын созуды ұмытамын деп қорқамын. Сондақтан байлыққа бет бақтырмай еңбек ету керек.

Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн.

Менің дәулетім бар бола тұрып еңбек етсем, басқалар да менен үлгі алып еңбегін сауады деп ойлаймын.

Күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен.

Күн сайын ат арылтып тапқан адал нанымды жегенде ғана жаным жай табады.

Құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын.

Тәңірімнің берген дәулетін жаһанды жалпағынан басып жаратсам, оның зығыры қайнап маған қаһарланады деп көзім алақан болады.

В оқушы

Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?

Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа да, жалаңашқа да қол ұшын бердіңіз, сөйтiп тұрып қабырғаңыз қайысып, қалтасы жұқа жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?

Әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын.

Қалтаның қалыңдығына сену қанына сіңсе,  көңiлге жел кiргiзедi. Сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен қу мойын бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп ойласам, жүрегім аузыма тығылады.

Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн.

Қара жаяу емес бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлердің көзі ашылып үлгі алсын деймін.

Күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен.

Қауқарым кетсе де күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, бейнетпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен.

Құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын.

«Раббымның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, құдай жегенімді желкемнен шығарады ма?» деп қорқамын.

 

С оқушы

Жомарт, құдай берген дәулетiңiз бар, ашқа – тамақ, жалаңашқа – киiм, үйсiздерге – үй болдыңыз, сөйтiп тұрып өз басыңызды кемшiлiкке салып, жете алмаған жарлыша отын кесiп, шөп тасығаныңыздың мағынасы не?

Жомарт жұлдызы оңынан туған, маңдайыңның ырысы бес елі, бақ-дәулеті шалқыған адам бола тұра сіз ашқа тамақ, жалаңашқа киім беріп, шала бүлініп, жау жоқта жау сағынып еңбек етіп жүргеніңізде не мағына бар?

 

Әдемi ат, асыл киiм, асқан дәулеттi өне бойы әдет етсең, көңiлге жел кiргiзедi; сол желiккен көңiлмен өзiмнен терезесi төмен бейшаралардан жиренiп, көз салмай, кем-кетiкке жәрдем берудi ұмытармын деп қорқамын.

Менің жүзіктің көзінен өткендей атым, асқан дәулетім болсада мен жібі түзу адам болғым келеді, кедейлердің алдында иығымнан дем алып, көмектесуді ұмытамын деп қорқамын.

Бар бола тұрып мен жұмыс қылсам, мұның кемшiлiк емес екенiн бiлiп, кейiнгiлер әбiрет алсын деймiн.

Тәңірі иемнің берген дәулетін текке құртып, көбісін өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп зәре құтым қашады

Күн сайын өз бейнетiммен тапқан бiр-екi пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды, еңбекпен табылған дәмнiң тәттiлiгi, сiңiмдiлiгi болады екен.

Бейнетің қатты болса, зейнетің тәттІ болады демекші, өзім терлеп тапқан адал ақшама нан алып жесем, соның өзі сіңімді болады екен.

Құдайтағаламның берген дәулетiн өзiмсiнiп, тиiстi орындарына жаратпай, көбiсiн өзiм iшiп-жеп, өзiм тұтынсам, мал берген иесiне күнәлi болармын деп қорқамын.

Құдайдың берген аз-кем дәулетiн ашкөзденіп, несібемді өзіммен бірге жүрген адамдармен бөліспесем дүниені берген иесінен күнәлі боламын деп қорқамын.

 

Сөз тіркестерін қолданып, сөйлемді перифразалау тапсырмасы кезінде оқушылардан көркем әдеби нормадағы ерекше жауаптарды естідік. Тапсырманы қызықты етіп орындай алады деп күткен үмітіміз еселене ақталды. Оқушылар қанша тұрақты сөз тіркесін қолдана алса, соншалықты көп ұпай алды. Топта кейбір оқушылар жауаптан жалтармас үшін өзара жауаптарын ауыса отырып, бір-бірін бағалап, кері байланыстар берсе, мұғалім тарапынан «берілген сөйлемді іріктей алды ма?», «қанша тұрақты тіркес қолдана алды?», «сөйлемді дұрыс перифразалай алды ма?»  деген сияқты дескрипторлармен бағалау жасалды. Оқытудың табыстылығы  оқушылардың жұмыстарында анық көрініс тапты.

Есентаев Нұрлан Амангелдіұлы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий