Театр: Болмасаң да ұқсап бақ…

Актерлік өнер – адам бойындағы болмысымен қалыптасар белгілі бір кезең мен уақытқа тән тірі образ (кейіп) жасау өнері. Бұл ұғым шабыт күшін шалқытып, қиял қуатын, ыстық сезімді талап ететін ерекше қабілет. Әлмисақта, салт-дәстүрлік рәсімдерден бастау алып, бүгінгі күні жан-жақты өнер түрі болып қалыптасты. Актерлік өнердің адам қабілеті мен бітім-болмысына сай өзіндік маңызды ерекшелігі бар.

Мысалы, кескіндемешілер кенеппен, бояумен, мүсіншілер гипс, мәрмәр, ағашпен жұмыс істейді. Ал актердің жұмыс құралы – өзі, әсем жүрісі, ширақ қимылы, мың түрлі мимикасы, құбылмалы үні, дауысы және психикасы. Сол себепті де театрды тірі организм, синтездік өнер деп даралауымыз бекер емес. Актер адам қашанда өзін тоқтаусыз қалыптастырып, үнемі қимыл ептілігін, дауыс мүмкіндігін жетілдірумен қатар грим техникасын үйреніп, ең бастысы іштей түрленуге тырысады. Осының барлығын бір арнада игеріп тоғыстыра білсе, өз орнын кез-келген ортасында айшықтайды. Бүгінгі күнгі өзім тәлім-тәрбие беріп жүрген шәкірттерімнен де дәл осы мәселені көбірек талап етемін. Себебі бүгінгі талапты да талантты шәкірт, ертеңгі еліміздің келелі келешегі. 

Айтып өткенімдей, актерлік өнердің атқарар қызметі сан-салалы. Ең әуелі көрермендер алдындағы жұмысы, әрбір қойылым сайын жаңарып көрінуі, бір-біріне ұқсамайтын жаңа бейнесі болуы тиіс. Актер мен образ бірігіп кеткендей әсер қалдырса, актерлік өнердің табысты болғаны. Сонымен қоса біз шәкірт тәрбиелеу барысында тек өзіміздің тәжірибемізбен бөлісу, үйрету жеткіліксіз. Сондықтан да алдыңғы аға буын актер-актрисаларымыздың жетістікке жету жолындағы сан түрлі сырларымен де таныстыра отырып қалыптастыру, өнерге деген ынтасын одан әрі қарай түспек. Тәжірибелі өнер қайраткерлері туралы реферат, баяндама жазғызумен қатар сұхбатқа шақырып, жастармен бетпе-бет ой бөлісудің өзі де бүгінгі жас өнерпаздардың қызығушылығын тудырары сөзсіз.

Шәкірттеріміздің көбі еліктеп жүрген, сахнадағы әр бейнесімен кинодағы шынайы келбетіне тамсана қарайтын театр мен киноның бүгінгі абызы Асанәлі Әшімов ағамыз. Бекежанды Асанәлі Әшімов ойнайтынын жұрттың бәрі біледі, бірақ Бекежан-Асанәлі экранға шыға келгенде көрермен өткен ғасырда өмір сүрген жағымсыз кейіпкер Бекежанға деген ызасы мен мүсіркеуін жасыра алмайды, өйткені экранда Асанәлі емес, Бекежан тұрғандай. Дәл осы сияқты актерлік өнердің қиындығы шынайлық пен тапқырлық. Кез-келген өзіне берілген рөлді тапқырлықпен автор мен режиссердің артқан міндетін орындай отырып, образ табиғатын сақтап, әсерлендірудегі актердің еркіндігінен көрінеді.

Сол себепті шынайы бейнені шығару шыдамдылықпен қоса уақытты да талап етеді. Осы жерде айта кететін нәрсе тек актерлік қана емес өнердің кез келген түрі осындай. Қай саланы алсаңыз да қажырлы еңбекпен қайталанбас бейне керек. Мысалы, бәріміз білетіндей В.Суриковтың «Бояр әйел Морозова» картинасында көзін (жанарын) суретші 25 жыл бойы іздеген көрінеді. Бұл картинада бояр әйелдің жалаң аяқ қар кешкен жарлы-жақыбайға, қарапайым халыққа деген көз қарасынан оның қаталдығын, бірбеткей өр көкіректігін, мейрімсіздігін көруге болады…

Екеуі де бір ұғым. Суретші өз кейіпкерінің бейнесін ақ парақта жан бітірсе, актер сахнада сөйлетеді. Міне мұны өнердің құдіреті десе болады! Сол сияқты қазақ ұлттық кәсіпқой театр өнерінің негізін салушылардың бірі Серке Қожамқұловта өзіне берілген «Ленин» бейнесін шығару үшін арнайы Мәскеуге барып зерттегенін тарих беттерінен білеміз. Дәл осындай өмір өткерген, кешегісі мен бүгінгісі арасында қаншама қайраткерлеріміз бар. Осылардың өмірін насихаттай отырып баулу, бүгінгі күнгі өскелең жастарымызға үлкен әсерін тигізеді деген ойдамыз…

Айжан ШАРИПОВА,
№2 өнер мектебі театр бөлімінің
мұғалімі, Нұр-Сұлтан қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий