Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет
Халық үшін мемлекеттік қызметші қашанда әділдіктің, қарапайымдылықтың имиджі болып келетіні бесенеден белгілі. Мемлекеттік қызметті дамытудың негізгі бағыттарының бірі өзіміз сияқты жастар арасында мемлекеттік қызметшінің оң беделін қалыптастыруға ат салысу, нығайту болып табылады деп есептеймін. Өзгерістерге дайын бұл қоғамда мемлекеттік қызметшінің өз қамы үшін емес, мемлекеттің игілігі үшін қызмет етуі оның кәсібилігіне байланысты болып отыр.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметшілерді кәсібилендіру және олардың тиімді аппаратын қалыптастыру жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын байқауға болады. Осы бағытта мемлекеттік қызметшілерді ақпараттық технологияларды қолдана отырып қашықтықтан оқыту, шетел мамандарымен тәжірибе алмасу мүмкіндіктері ұйымдастырылса деген өз ойымды білдіргім келеді. Яғни, бүкіл әлем бір ақпараттық технологияларға сыйып кететін факторлардан мемлекеттік қызмет бағыты да қалыс қалмауы керек деп санаймын.
Мен 2018 жылы Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне «мен таңдаған мемлекеттік қызмет – адал еңбек» ұстанымымен жетекші маман лауазымына қабылдандым. Мемлекеттік қызметке деген ұмтылысыммен ішкі сенімімнің арқасында білім саласына қатысты нормативтік құқықтық актілерді зерделеп үйрендім, әдептілік пен мәдениеттілік талаптарын сақтай отырып қызмет атқару қажеттігін түсіндім. Бүгінгі таңда өзіме жүктелген функцияларды адал атқару нәтижесінде бас маман қызметіне ауыстым. Сәйкесінше, жауапкершілік те екі еселенді, жақсы нәтижелерге жетуге деген талпынысым одан әрі арта түскендей.
Атқарып жүрген қызметімді «қара тілді қақ жаратын» әділдіктің туы етіп көтеріп, өзімнің кәсіби білімім арқылы белсенділік позициясында көрсету жолында екенімді аса зор сенімділікпен айта аламын. Яғни, кез келген қызметте немесе лауазымда, қандай жағдайда болмасын, мемлекеттік қызмет жолында сенімділік пен мызғымас беріктікті жоғалтпай жұмыс атқару қажеттігін әсте естен шығармадым. Жеткен жетістіктеріммен тоқтап қалмай, армандар мен мақсаттарымды сабақтастырып алға қарай жылжудамын. Жақында мемлекеттік қызметшілер мерекесіне орай ұйымдастырылған «Үздік мемлекеттік қызметші» конкурсына қатысып, бағымды сынадым. Болашақ алда, талап өз қолымда…
Абайша айтсақ, «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүректі жас буын» деп жастарға жауапкершілік жүктеліп, бәсекеге қабілетті болу және ұлтқа адал қызмет ету сенімі тұрғанда, жастардың мемлекеттің мүддесі үшін қызмет атқаратын күш жігері мол болмақ. Президентіміз Қасым – Жомарт Тоқаевтың жастардың бүгіні мен болашағына алаңдаушылық білдіріп, қолдау көрсетуі мен үшін өте маңызды. Әрбір жас қоғамда өз орнына ие болу үшін кез келген креативтік ойға және ортаға араласу қасиеттеріне ие. Себебі патриоттық рух та, рухани ерік-жігер де ортамен араласудан туындайтындығын ұмытпағанымыз жөн. Сөзімді қорыта келе, мемлекеттік қызметтегі әріптестерімді халықтың игілігі үшін адал еңбек етуге шақырғым келеді. Шындығында, адал еңбек – мемлекеттің өркендеуінің кепілі деуге болады.
Аймереке Бахытбекқызы ДОСБОЛАЕВА,
Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны
қамтамасыз ету департаментінің бас маманы